Ермекбаева (Алибаева) Жұлдыз

Рейтинг:

Дәрігер-ана   

  «Қай жерің ауырса, жаның сол жерде» деген тәмсілді жиі қолданамыз ғой. Әдетте, бұл сөздер саулығымыз сыр берген кезде есімізге орала бастайды және сондай сәттерде бірден ақ халаттылардың көмегіне зәру екенімізді түсінеміз. Өйткені, Жаратқаннан кейін шыбын жанымызды дәрігерге аманаттайтынымыз түсінікті де.
      Кәсіби біліктілігі жоғары, қолы шипалы, сөзі дәру мамандарға бүйрегіміз бұрып тұратынын да несіне жасырайық. Адам өміріне араша түсетін дәрігерлік мамандыққа ешкім де кездейсоқ келмейтіні түсінікті. Жақсы дәрігер атану оңай емес, ал нағыз дәрігер атану тіптен қиын. Иә, ешқандай жұмыстың оңайы жоқ. Әрбір істің өз қызығымен қатар қиындығы да болады. Әдетте тіс дәрігеріне баруға балалар түгілі үлкендер де жүрексініп жатады. Білікті маман Жұлдыз Жұмаәділқызы стоматологиядағы заманауи әдістерді қолдануды жетік меңгерген.
      Өзінің сүйікті мамандығына нағыз берілген ақ халатты абзал жан бірнеше жылдан бері емделушілеріне әдемі күлкі сыйлап келеді. Ермекбаева (Алибаева) Жұлдыз Жұмаәділқызы 1987 жылы Маңғыстау облысы, Қарақия ауданында мұнайшы отбасында дүниеге келген. Ата-анасының тұңғышы. Өзінен кейінгі үш сіңлісі бар. Кішкентайынан ата-әже тәрбиесін алып, анасына көмектесіп, бауырларына қамқор болып өскен Жұлдыз бала күнінен дәрігер болуды арман етті. Ол 1993 жылы 1-4 сыныптарды Жетібай елді мекеніндегі №5 орта мектебінде оқып, 5-11 сыныптарды Ақтау қаласындағы Мұхтар Әуезов атындағы орта мектепте оқып бітірді. Мектеп кезінен өзінің алғырлығымен, ақылдылығымен, сыпайылығымен, әдептілігімен, оқу-білімге құштарлығымен қатарластары арасында дараланып тұратын. Мектептің қоғамдық өміріне белсене араласып, мектепішілік түрлі шаралардан қалмайтын. Ұстаздарының мақтанышы болған Жұлдыз сыныбында көшбасшылық қабілетке ие болатын. Мектепті ойдағыдай аяқтап шыққаннан кейін білімге құштар жас 2004-2010 жылдар аралығында Батыс Қазақстан Мемлекеттік медицина университетінде оқыды. Дипломды жас маман 2010 жылы Жаңаөзен қаласындағы «Стоматология» ЖШС-де тура 10 жыл жұмыс жасады. 6 жылда І дәрежелі дәрігер-стоматолог болып тағайындалды. Қарапайым дәрігерден бас дәрігерге дейін көтеріліп, 2017 жылдан бері ортодонт ретінде елге қызмет жасап отыр. 2020 жылы жеке кабинетті жалға алып, 2021 жылы жеке «StomTime» стоматологиясын ашты. Сонымен бірге «Whiteclinic» стоматологиясында бас дәрігер және ортодонт болып қызмет етіп келеді.
      Ортодонтия – стоматологияның бет-жақ және тіс ауытқуларын зерттейтін саласы. Пластинка, каппа, тренер, брекет, элайнер аппараттарымен емдеу жүргізеді. 2018 жылы «Асыл ана» байқауына қатысып, «Дәрігер Ана» номинациясын алды.
      - «Бүгінде, адамдардың дәрігерге қаралу мәдениеті айтарлықтай өсті. Тісі енді жарып шыққан баладан, еңкейген қарияның дәрігер үстелінен табылатыны көңіл қуантады. Жалпы медицина мамандықтарының ішінде адамдарға ерекше сенімділік пен әдемі күлкі сыйлайтын сала – тіс емдеу саласы дер едім. Тіс күтіміне аса назар аудару қажет. Соңғы медициналық ғылыми жаңалықтар адам дертін күннен-күнге оңай әрі еш жағымсыз сезімдер арқылы емдеуге мүмкіндік беруде. Әлеуметтік жағдайыңызға байланысты түрлі қолжетімді бағадағы жасанды тістер мен винирді қоя аласыздар. Рас, дәрігер атану оңай дүние емес, күндіз-түні көз майыңды тауысып, адам табиғатын терең түсіне білу әркімнің қолынан келе беретін шаруа емес. Осы орайда, бүкіл науқасқа мейірімділік таныта отырып, жұмысыңды талапқа сай ешбір артық эмоциясыз орындауың да қажет. Заман дами келе ауруды емдеу тәсілдері де жаңалануда. Әрбір дәрігердің жүрегінде алдына келген ауру адамды дертінен емдеу жіті назарда тұрады. Ауырып тұрған жеріне көңіл аудартпас үшін үстелдегі науқасыма ем барысында барынша қызықты әңгіме айтып, көңілін басқа нәрсемен аулауға тырысамын.
      Жас пен кәрі кісілердің тісін емдеп қана қоймай, әдеттегі тіс дәрігерінен кейінгі жағымсыз сезімді сейілту мақсатында осындай психологиялық тәсілдерді қолданамын. Тістегі ақау адам ағзасындағы бар ауру-сырқаудың бастауында тұрады. Оған салғырт қарауға болмайды. Тісіңіз сау болса да, жарты жылда бір рет тіс дәрігеріне қаралып, профилактикадан өтіп тұру артықтық етпейді. Бүгінде өзіммен бірге қол астымда сенімді шәкірттерім мен қызметкерлерім бар. Адамдардың көңілінен шығып, қалауын орындап, алдыңғы қатарлы қызмет көрсетіп келеміз», - дейді кейіпкеріміз.
      Жұлдыз Жұмаәділқызының жолдасы өзінің бірге оқыған курстасы болған азамат. Ол қалалық ауруханада І дәрежелі оташы-хирург әрі проктолог дәрігер болып қызмет атқарады. Жолдасы екеуі екі ұл тәрбиелеп, өсіріп отыр. Үлкен ұлы кішкентайынан-ақ салауатты өмір салтын ұстанады. Қазіргі кезде киокушинкай-каратэдодан ІІ дәрежелі «сары белбеу» спортшы, гимназияда 6-сынып оқушысы. Сонымен қатар шахматты да жақсы ойнайды, ментальды есепке де жүйрік. Ал кішкентайы 2-сыныпта орыс мектебінде оқиды. Ол өзінің спортқа деген қызығушылығы барын байқатып келеді. Үлгілі отбасы «Мерейлі отбасы» атты ұлттық байқауға қатысып, ІІІ орынды жеңіп алған. Жұлдыз ханым отбасымен бірге саяхат жасап, әр елдің мәдениетімен танысып, аралағанды ұнатады.
      Бір әулеттің ибалы келіні, аяулы жары, ардақты анасы болып отырған Жұлдыз Жұмаәділқызы ата-енесімен бірге тұрады. Ол кісілерден үнемі қолдау тауып, ақыл-кеңесін ескеріп жүретін Жұлдыздың айтар алғысы шексіз. Ата-енесі зейнеткер немерелерінің қызығын көріп, соларға өнегелі тәлім-тәрбиесін беріп отырған кісілер.
      Қызметте де, отбасында да берекесінен айнымаған кейіпкеріміз қандай марапатқа болса да лайықты жан. Алайда, халықтың алғысын барлық марапаттардан да жоғары санайтын Жұлдыз дәрігер өз ісінің адал маманы. Осындай табанды да жан-жақты ізденімпаз, қайтпас қайсар мінезді заманауи дәрігерге тек сәттілік тілейміз.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...