Ұлы мақсаттарды өз алдына ұлы ғана адам қояды
Ежелгі грек дәрігері Гиппократ өз сөзінде: «Дәрігер арыстандай айбатты, қыз-дай икемді, анадай мейірімді болуы қажет», - деген.
![]()
Ұлы медицина реформаторының бұл сөзімен келіспеу мүмкін емес. Күнделікті күйбең тіршіліктің соңында жүріп кейде денсаулықтың қадірі мен маңызын ұмытып кетіп жатамыз. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде», - деген қазақтың жақсы бір сөзі бар. Адам өміріне араша түсетін мамандық иелерін – ақ халатты абзал жан иесі деп құрметтеп, қадірлей білгеніміз жөн-ақ. Бірақ, өкінішке орай, осы кісілердің өміріміздегі алатын орнын кейде жоққа шығаратындаймыз. Әйтпесе, іңгәлаған сәби боп өмір есігін ашқан сәттен бастап біз үшін тер төгетіндер осы дәрігерлер емес пе? Білікті дәрігерлердің бізге ауадай қажет екенін есімізге салған 2020 жыл және онымен бірге келген індет. Сол кезден бастап қарусыз майданға түскен жауынгер сияқты біз үшін өз өмірлерін тәуекел етіп жүргендерін де білеміз. Сондықтан да, ізгілік пен мейірімділікті өзіне ту еткен дәрігерлеріміздің қадірін түсіне білу барлығымызға шарт. Медицина саласы үлкен бір мектептей, әртүрлі бағыты, бағдары бар, соның бірі – стоматология. Бүгінде қала ішіне көз салып қарап өтсек көптеген тіс емханаларын кездестіріп жатамыз. Бұл дегеніміз – елімізде осы саланың әлдеқашан дамып, алға жылжып кеткеніне дәлел. Кішкентай кезімізде тіс дәрігерінен қорықпай өскен бала жоқ шығар, алайда, қазір керісінше тіс дәрігерлерінің кәсібиліктерінің арқасында бұл маман иелері бүкіл адамзат үшін ең беделді кәсіп иелері. Стоматология денсаулық сақтау саласының бір бөлігі болғанымен, ең жоғарғы мансапқа ие. Бұлай болудың да себебі бар. Өйткені, күн өскен сайын тіс дәрігеріне деген сұраныс артып келеді және стоматологтар арасында бәсекелестік басым болып бара жатыр. Сол үшін де бұл саланы таңдаушыларға үлкен ерік пен мықты жігер керек. Міне, осындай қиындығы мен дағдарысы көп жолмен жүріп келген, халықтың жүрегіне өзінің мықтылығымен, күш қайратымен, жұмысына деген үлкен сүйіспеншілігімен жол таба білге
![]()
н жан – Божбанбаева Баянкүл Егізбайқызы. Жүрегіне тек жақсы қасиетті тізбектеп бар бойына ілтипаттылық пен мейірімділікті, адамгершілік пен әдептілікті жинап алған Баянкүл Егізбайқызының бүгінде абырой атағы асқақтап тұр. Божбанбаева Баянкүл Егізбайқызы 1962 жылы 1 желтоқсанда Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданында дүниеге келген. Ол 1970-1980 жылдар аралығында №51 М.Қаратаев атындағы орта мектепті аяқтайды. 1980 жылы арман жетегіне еріп, Алматы мемлекеттік медицина институтына оқуға түсіп, 1985 жылы дәрігер-стоматолог мамандығын бітіріп шығады. 1986 жылдан бастап алғашқы еңбек жолы Қызылорда облыстық емханасында бастау алады. 1987 жылы Жаңақорған аудандық емханасына тіс дәрігері маманы болып жұмысқа орналасады. Аудандық емханада 2000-шы жылға дейін талмай еңбек етіп, талай жанның алғысын алып, талай адамның ауруына ем таба білді. Сол жылы өзінің жұмысына деген құштарлығының жемісінде кәсіпкерлік бағытта «Баян-Сұлу» ЖШС құрып, «Божбанбаева» тіс емханасының директоры атанды. Уақыт шекті болғанымен, білім шексіз ғой. Сол секілді Баянкүл Егізбайқызы осы жылдар аралығында тәжірибе жинақтау мақсатында түрлі оқу-семинарларынан өтіп, білімін шыңдап, көптеген сертификаттарға ие болды. Бұл дегеніміз жұмысына деген сүйіспеншілігі мен махаббаты деп білеміз. Дәрігерлікпен қатар, жеке кәсіпкерлікті де қатар алып жүрген жан Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев университетінде оқып, «Экономика саласының менеджері» бағытында біліктілігін арттырып, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасымен «Іскерлік байланыс» аясында конкурс жеңімпазы атағына ие болды. Сондай-ақ, АҚШ-та кәсіби біліктілігін арттырған өз саласының нағыз маманы атағына ие болған Баян Егізбайқызының жеке тіс
![]()
емханасында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында Германиядан «аға-сеньор» профессор Христиан Шмидт келіп, өз тәжірибесімен бөлісіп, кәсібилігін танытты. Нағыз маман ретінде тәжірибе жинақтау, өз саласын дамыту ғылым жолындағы ізденімпаздықтың көрінісі. Дәрігерлікті, кәсіпкерлікті дамытып, білім саласына да айтарлықтай үлес қосып жүр. 2013 жылдан бастап «Нұрдәулет-С» балабақшасының құрылтайшысы атанды. 2018 жылдан бастап Жаңақорған аудандық Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы, 2021 жылы Жаңақорған ауданы бойынша «Аналар кеңесінің» төрайымы болып тағайындалды. Бұнымен қоса, «Нұр Отан» партиясының белсенді мүшесі атағына ие болды. Көрген жанға үлгі боларлықтай шыңдарды бағындырғанымен қатар Швейцария мемлекеті Базель қаласында өткен бүкіләлемдік әйелдер самитінің делегаты. 2019 жылдан бастап Алматы бизнес менеджменті университетінің тыңдаушысы болып бекітілді. Бұл кісінің еңбегін бағалау да бір мәртебе іспеттес. Қоғам белсендісінің шәкірттері қазіргі уақытта аудан тұрғындарына сапалы қызмет көрсетіп, ұстаздан озған шәкірттей болып жүргені рас. Сондай-ақ, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Алғыс хатымен», 2020 жылы ҚР Президенті Қ.Ж.Тоқаевтың «Алғыс хатымен», 2011, 2016, 2018, 2019, 2020, 2021 жылдары Қызылорда облысы әкімінің «Алғыс хаттарымен», 2015, 2019, 2020 жылдары Жаңақорған ауданы әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды. 2015 жылы Бейбітшілік әлемі Халықаралық қазақ творчествалық бірлестігінің «Авиценна» медалінің иегері. Стоматология саласындағы қарқынды еңбегі үшін «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» төсбелгісінің иегері. Мақтауға тұрарлық дүниелерге қол жеткізу Баянкүл Егізбайқызының есімімен қатар тұр. Отбасының аяулы анасы, ардақты жары, асыл әжесі. Үш ұл мен бір қызды өмірге әкеліп, төрт немеренің қызығын көріп, тәлім-тәрбиесімен сусындатқан ардақты жан. Өз өмірін білім мен оқуға арнап, тынбай еңбек етіп, шаршамай шапқылап, білімді маман иелерін тәрбиелеп, жетілдірген Баян Божбанбаеваның адамдармен жұмыс жасаудағы басты қағидасы біреу, ол – адал еңбек ету. Берік отбасы, берік ұлт, берік мемлекет деген ұранмен өзінің депутаттық өкілеттігін бастасам деген ойы отбасы мәртебесімен ұштасып жатыр. Атқарған істері, оқыған білім жолы кез келген адамға үлгі боларлықтай. Халқына қалтқысыз еңбек ету, елеулісі бола білу дегеніміз міне, осындай болады екен. Қоғамның алдында қадір-қасиеті қашанда жоғары тұратын Баянкүл Егізбайқызына кәсіби үздік екендігін дәлелдей білгені үшін бас иеміз, құрметпен қараймыз. Біз сіздің асқақ абыройыңызға нұқсан келмей әлі талай марапат пен қошеметке ие бола берсеңіз екен дейміз!
![]()
![]()