Стоматологтар жанұясы
Жыл өткен сайын дамып, түрленіп, халыққа қызмет көрсету барысында жаңа технология мен құрал-жабдықтарға қол жеткізіп келе жатқан қазақ медицинасы айтарлықтай белеске көтерілді. Аталарымыз аттың жалында, түйенің қомында көшіп жүрсе де қазақы емдерін қолданып, ауруына шипа етсе, табалдырықтан аттаған жиырма бірінші ғасырдың алғашқы жиырма жылдығында қазақ елінің медицинасы да көш ілгері жүрді. Жас мамандар медицинасы дамыған елдермен тәжірибе алмастыра отырып, тұрғындарға сапалы қызмет көрсетіп келе жатқанының арқасында халықтың да саулығы айтарлықтай көтеріліп келеді. Оны күнде көзбен көріп, ықыласымыз ауған дәрігерлерге алғысымызды айтып жүргеніміз куә. Біздің бүгінгі кейіпкерлеріміз, осы бір ақ халатты абзал жандардың сапын толықтырып, алпыс екі тамырлы адамның тәніндей, бірнеше тармаққа бөлінетін медицинаның тіс саласында, яғни, стоматология саласында еңбек етіп келе жатқан ерлі-зайыпты дәрігерлер.
![]()
Кейіпкерлеріміз туралы және олардың халыққа жасап жатқан қызметі туралы кеңінен баяндап өтсек. Бахтияров Эрик Мурадимович еліміздің қазыналы да берекелі өңірлеріміздің бірі Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы, Жәнібек ауданы, Ұзынкөл ауылының тумасы. Әкесі – Бахтияров Мұрадым Айпқалиұлы мал дәрігері болып қызмет атқарған. Қазіргі кезде зейнет жасында. Анасы – Бахтиярова Бақытжамал Дүйсенбайқызы мамандығы есепші (бухгалтер), алайда үй шаруасында отбасының берекесін келтіріп отырған жылы жүзді жан. Эриктен кейінгі ұлдары Бахтияров Артур – жеке кәсіпкер.
Тарих тасында қилы тағдырлы батырлар, азаттық үшін ту көтерген күрескерлерімен аты қалған өлкенің жасыл жегінде бақытты балалығын өткізген Эрик білім ордасының табалдырығын да осы Ұзынкөл ауылында аттады. «Тау баласы тауға қарап өседі, қыр баласы қол созады аспанға» деп отты жырлары отыз рулы елге тараған ақындар айтқандай, Эрик те бала кезден алғыр, айтқан сөзді қағып алатын қағілез, ұстаз тапсырмасын екі етпейтін тілалғыш болуымен қатар өзіне сеніп тапсырылған істі аяғына дейін жеткізбей тынбайтын жауапкершілігі мол шәкірт болып өсті. Мектеп – болашақтың сүрлеуіне өзінің нұрын төге білетін, сәби жүрегіндегі қараңғылықты жойып, сауаттылығын арттыратын, келешек білікті бір маман иесі болып, елге қызмет етуге шақыратын киелі білім ордасы. Кейіпкеріміздің де дәрігер болу арманы осы мектеп қабырғасында жүргенде оянды.
Жалыны жүректі шарпыған жас мектепті үздіктер қатарында бітірген соң әкесінің бағыт-бағдарымен 2004 жылы ҰБТ тапсырып Ақтөбе қаласына аттанып, еліміздегі медициналық мамандықтарды оқытатын іргелі оқу орындарының бірі Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан Медициналық университетіне келіп оқуға түсті. Ақылы негізде оқыған Эрик жақсы оқығанына байланысты 3 курстан кейін грантқа ауысады. «Жастық шақ – білім іздеу нақ дер шағың» демекші, үнемі алға ұмтылып, бір істі бастауға дайын тұратын, қандай орта болса да еркін араласып кетіп, белсенді қимыл жасайтын Эрик оқу орнының ішкі қоғамдық өмірімен тығыз қарым-қатынаста болды. Медицина – оқып-тоқып, танып-білумен қатар, үлкен тәжірибені, ерекше қабілетті, үнемі ізденіс пен үлкен еңбекті талап ететін, жауапкершілігі ауыр сала. Бірақ, өз-өзіне деген сенімділігі басым, әрдайым алдыңғы орындардан көрініп жүретін, таңдаған саласының білікті де білімді маманы болып шығуға бар күшін салған Эрик үшін қиын болмады. Өзінің қарым-қабілетін көрсетіп, білікті маман болып шығу жолында аянбай, өзін қайсарлық және өжеттілікпен жиі қамшылап, сала бойынша танымын кеңейте түсті. Осылайша, 5 жыл білім алып 2009 жылы дипломын қолына алады. 2009-2010 жылдары интернатурада оқып жүріп, қосымша БСМП облыстық ауруханасында жұмыс жасайды.
Түн қараңғылығын жарық еткен ай нұрындай, болашағын жарқын еткен медицинаның стоматология саласын меңгеріп шыққан соң Эрик Мурадимовичтің еңбек жолы 2010-2015 жылдары «Сауап» стоматологиясында тіс дәрігері, одан кейін «Мастер Дент» стоматологиясында «хирург-ортопед» болудан басталды. Тіс дәрігері болу – үлкен жауапкершілік, оған да терең білім, таным мен сергектік, сабырлылық пен тез әрі дұрыс шешім қабылдай білетін қабілет қажет. Осындай қасиеттер бір бойынан табыла білген кейіпкеріміз оқып-білгені мен көріп-түйгенін тәжірибеде қолданып, ауруы жанын меңдеген бір адамға көмектессем деген арманы орындалып, уақыт өте сенімі мен арманы да өрлеп келе жатты.
Одан кейінгі қызметінде «Денсаулық» клиникасында, «Элит Дент» стоматологиясында қызмет атқара білді. Жеке кәсіп – заман талабы. Ол жерде тұрғындарға көрсетілер қызметтің жоғары болуы, талап пен жаңа технологияның, соңғы үлгідегі жабдықтардың кеңінен қолдануы етек алып, бәсекелестікке қабілетті болуы үшін дәрігер бар тәжірибесі мен білімін салады. 2017 жылы Астана қаласына «Рахат» стоматологиясына жұмысқа шақырылды. Біліктілігін арттыру мақсатында Израиль, Корея, Түркия және Ресей мемлекеттерінде білім алған дәрігер қазіргі кезде БМЦ УДП РК (Президенттік аурухана) орталығында стоматолог-ортопед болып жұмыс жасайды. Оған қоса, жекелеген клиникалар мен ауруханаларда тәжірибе жинап, өзінің таным көкжиегін кеңейте білген Эрик Мурадимович жеке кәсіпке бет бұрып, 2020 жылы «Oral Dent» стоматологиясын ашып, бүгінгі таңда басшылық етіп келеді.
Адам жанына араша түсетін дәрігер мамандығын таңдау үлкен жауапкершілікті талап етеді. Тек бір адамның ғана емес, бүкіл адамзаттың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін медицина өкілдерінің мойнына артылар жүктің өлшеусіз екені айтпаса да түсінікті. Осы салада қажырлы еңбек етіп, адамдарға әдемі күлкі сыйлап келе жатқан ақ халатты антына адал азаматтың біріне айналған стоматолог, имплантолог, ортопед, хирург Эрик Мурадимович бүгінгі таңда халықтың ықыласына бөленді десек артық айтқандығымыз емес.
Иә, медицина тілі – қиын тіл. Аса жауапкершілік пен ержүректілікті талап ететін бұл саланы таңдауға екінің бірінің жүрегі дауалай бермесі анық. Әр саланың қызығы мен шыжығы қатар жүреді. Алайда, түрлі ауыртпалықты көре, біле жүріп адам үйренеді, маманданады. Жауапкершілікті түсінеді. «Тісі ауырғанның көңілін сұрамайды» деген ғой дана халқымыз. Адамның жаны ауырған жерінде болады. Тікен кіргенде ыршып түсер жанды қақтырған тіс дертіне жан төзер ме?! Тісі дуылдап, жай таптырмай, жаны көзіне көрінген адам қу жанын шүберекке түйіп келеді. Тіс дәрігерінен медет күтері сөзсіз. Міне, осы салада еңбек етіп келе жатқан дәрігер Эрик Мурадимовичтің жары, әріптесі Бахтиярова Ақмарал Баймұратқызы да азаматы арқалаған ауыр жүктің бір шетін көтерісіп келе жатқан, стоматология саласында қызмет етіп келе жатқан дәрігер. Азаматының арын таза ұстап, ақ жағалы болуы үшін шаңырағының берекесін кіргізіп, ұрпағын жалғап келе жатқан Ақмарал Баймұратқызын кеңінен таныстырып өтсек.
Медицина деп аталатын үлкен ғимараттың, стоматология деп аталатын бір қабырғасындағы кірпіші болып қаланып, Гиппократ антына адалдық танытып келе жатқан Ақмарал Баймұратқызы Ақтөбе облысы, Қандыағаш қаласында дүниеге келді. Әкесі – Нұрлыбаев Баймұрат ауған соғысының ардагері, жеке кәсіпкер. Анасы – Нұрлыбаева Құндыз дәрігер, фельдшер. Ақмаралдың алдында әпкесі Назгүл Утегенова білікті маман, экономист. Өзінен кейінгі інісі Нұрлыбаев Бибарыс Баймұратұлы – болашақ тіс дәрігері.
Тоғыз жолдың торабында орналасып, ел экономикасының негізгі тірегіне айналған құтты мекен Қандыағаш қаласында өсіп, осы өңірде мектеп табалдырығын аттаған ол мектепті бітірген соң жолдасы секілді, Ақтөбе қаласындағы Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан Медициналық университетіне оқуға түсті. Үздік оқығандықтан Ақмарал да 3 курстан кейін грантқа ауысады. Армандар орындалатын құтты да бақ мекенге айналған Ақтөбе қаласында жүріп, таңдаған мамандығының қыр-сырымен танысып, уақытын сала бойынша кітапханаларда өткізіп, нағыз маман болып шығу жолында аянбай ізденіп оқыды, еңбектене білді. «Талпынған жетер мұратқа» дегендей, медицина теңізінің айдынында құлаштай жүзген Ақмарал Баймұратқызы оқуын тәмамдап, шет елдерде білім алып біліктілігін арттырған. Алғашқы еңбек жолын 2010 жылы «Денсаулық» клиникасында бастады.
Расында, дәрігер болу үлкен мәртебе. Мамандық таңдау үшін адам ең алдымен бірінші өзін, екінші өзінің бейімі мен өмірдегі қажет болар орнын таба білуі керек. Демек ол – қоғамға пайдалы, маңызды үлес қоса алатынын сезіне білу тиіс. Нәтижесінде, өз ісіне сенімді, мамандығын дұрыс таңдаған адам ғана әрқашан жетістікке жете алады. Адам өз еңбегінен қуаныш тауып, қанағаттанарлық болса, бойына күш бітіп, шабыты артып, зор ықыласпен өз ісінің биігіне шыға алады. Медицинаның атасы Гиппократтың: «Дәрігер арыстандай айбатты, қыздай икемді, анадай мейірімді болуы керек» деген ұлағатты нақыл сөзінде үлкен мағына жатыр.
Қандай ортаға барса да еркін араласып кете беретін ашықтығы, еркіндігі, үлкенді сыйлай біліп, сөздерін тыңдай білуі, кішіге де көрсетер ізеттілігі, жұмыс барысында өзін кәсіби маман ретінде ұстай білуі, ұжыммен етене жұмыс жасап, талапқа сай олардан жұмысын талап ету, ортасында беделін өсіріп, абыройын асқақтата түсті. Болмай қалады деп мойыған жоқ, жұмыс барысында кездескен қиындықтарды табандылық таныта отырып жеңіп шығып, өзі де жаңарған қоғамда заманауи әдістер мен тәсілдерді жаңа технологияларды қолдана білді.
Одан арғы қызметінде 2014 жылы «Элита Дент», 2018 жылы «Сымбат» стоматологиясында, бүгінгі таңда «Oral Dent» стоматологиясында терапевт-ортодонт ретінде халыққа қызмет етіп келеді. Бір топта бірге оқыған Ақмарал мен Эрик 2011 жылы шаңырақ көтереді. Қос дәрігер отбасында Аделя, Ибрагим, Ақбота есімді ұл-қыздарын тәрбиелеп отырған бақытты ата-ана. «Орал-Дент» жеке клиникасын ашуда Эрик мырза жұбайы екеуі қиындықтарды жеңіп, еңбектің арқасында армандарына қол жеткізіп, қазіргі таңда халыққа адал қызмет етуде. Бұйыртса, тағы 2 филиалдарын ашып, жұмыстарын жандандырғысы келетін дәрігерлердің бағындырар белестері әлі алда.
Қандай салада жүрсең де, қандай қызметте болсаң да өз ісінің білікті маманы болу, еліңе титімдей де пайдаңды тигізу, жүрегі елім деп соққан, отанның жылуын сезінген әрбір жұмыр жүректі перзенттің парызы. Ендеше, осы бір тәуелсіз елдің дамыған медицинасының ілгерілеуіне өзі үлестерін қосып, адами асыл қасиеттерді алдыңғы орынға шығара білумен қатар маржан тіс саласында елге сапалы қызмет көрсетіп келе жатқан стоматологтар жанұясына елдің айтар алғысы шексіз. Дәрігерлер отбасына денсаулық, кәсібіне табыс пен береке тілейміз!