Маржан тістің маманы
Медицина – адамзатпен бірге жасап, жаңарып, өзгеріп, түрленіп, дамып келе жатқан сала. Өмірдің маңызы, тіршіліктің мәні деннің саулығында болатыны секілді жаның аман, тәнің сау болғанда ғана өмір рахатын бар жан-тәніңмен сезініп, саналы ғұмыр кешесің. Осы бір тамырын тереңге жіберген алып бәйтеректей болған медицина сан тармақтардан тұрады. Олардың әрқайсысының өзінің міндеті мен мақсаты, ұстанымы мен емдеу жолдары болады. Өйткені, әлі күнге толық сырын ашып үлгермеген алпыс екі тамырлы адамның ішкі болмысы, тас бүркеніп жатқан тылсым дүние. Сан ғасыр бойы ғылым тереңіне бойлап ақ халатты абзал жандар адамзатты емдеп келе жатса да, қоршаған орта, бір-біріне ұқсай бермейтін әрбір дененің өз ерекшеліктері медицина қызметкерлерін күннен-күнге ізденуге, оқуға, ғылым терезесіне үңілуге алып келеді. Сондықтан, Алладан кейінге адам жанының арашашысы болған дәрігерлерге деген құрмет күннен-күнге артып оларға деген халықтың сенімі ұлғайып келеді. Міне, бұл болмыс пен көріністі жаһанды жұтып жіберетін аждаһадай болған Ковид-19 пандемиясынан-ақ байқауға болады. Осы бір аласапыран кезде өзінің жеке басынан халыққа қызмет ету деген міндетін жоғары қойып, айлап үйіне қайтпаса да, ем іздеп, шарасыз күйде келген жандардың жанынан табылды, емдеді, сауығып шығарды. Қызметім деп емес, азаматтық парызым деп түсінген дәрігерлер қауымы осы бір кеселдің кезінде-ақ өздерінің дәрігерлік тұғырын жоғары ете түсті.
Міне, осындай азаматтық парызын алдына салып кең ауқымды медицинаның кірпияз саласының бірі стоматологияны меңгеріп, заман талабына сай жаңа жабдықтарды қолдана отырып, маржан тіс салып, тұрғындардың риясыз күлкісіне куә болып жүрген «Смағұл-Дент» емханасының тіс дәрігері Мұстафаев Бақытжан Рахымжанұлы туралы әңгіме қозғамақпыз.
![]()
«Әр істің шала білгірі болғанша, бір істің дана білгірі бол» дейді дана қазақ. Осы бір жауапкершілігі тастан да ауыр, сезімталдығы қылдан да нәзік салада қызмет етіп тұрғындардың саулығының кепілі болып келе жатқан дәрігер Бақытжан Рахымжанұлы 1985 жылдың 30 қаңтарында Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Алға ауылында дүниеге келді. Жерін жау тұлпарының тұяғына тигізбеген, ақынының отты жырлары отыз рулы елге тараған текті батырлардың табаны қалған қасиетті топырақта бақытты балалығын өткізген ол кішкентай кезінен-ақ қатарластарының алды болып өсті. Ұғымтал, үлкендердің сөзін тыңдай білетін, бір айтқан сөзін екі етпей орындап тастайтын алғырлығының арқасында аузы дуалы талай қарияның аузынан «Әп, бәрекелді!» деген сөзді жиі естіп өсті. Әрдайым тура жолға бағыттап, кісінің ала жібін аттамауды ұлағат етіп отыратын әкесі Рахымжан мен жүрегіндегі мейірімі жүзінде нұр болып төгілетін анасы Баянның тәлім бесігінде тербеліп, тағылымға толы тәрбиесін көріп өсті. Атадан бата алған ұл жаман бола ма... Ауыл төріндегі Әбу Сәрсенбаев атындағы орта мектептің табалдырығын аттаған сәттен бастап-ақ өзінің алғырлығымен, зеректігімен, зейінділігімен ұстаздарының көзіне түсе білген жас сыныптағы алдыңғы қатарлы белсенділердің бірі болды. Сыныпішілік, мектепішілік қоғамдық-мәдени және спорттық іс-шаралардың бел ортасында жүрген қабілетті жас мектеп бағдарламасын еркін меңгеріп, жанындағыларды бір іске үйіріп алып кететін қабілетімен әрдайым ұстаздарының қолқанаты бола білді.
Талай тарланды тағалап, сұңқарларды қанаттандырған киелі білім ордасынан түлеп ұшқан соң Бақытжан болашағын медицина саласымен байланыстырып, 2002 жылы Ақтөбе мемлекеттік медициналық академиясының стоматологиялық бөліміне оқуға түсті. Қандай ортаға барса да еркін араласып кете беретін, спорттық іс-шараларға құлшыныспен араласатын жас оқу орнының өміріне белсене араласып, өзі таңдаған мамандық саласы бойынша да танымын кеңейтіп, білімін арттырды. Алдына мақсат қойып, сол мақсатқа жету жолында аянбай еңбектенетін Бақытжан білікті де білімді маман болып шығуы үшін барын салып, жан-жүрегімен таңдаған стоматологиялық мамандығын жоғары дәрежеде тәмамдады.
Кез келген елдің болашағы – оның халқының денсаулығына байланысты екені дәлелдеуді қажет етпейтін шындық. «Ауырмай тұрып денсаулығыңды бағала» дегенді өсіп келе жатқан ұрпақтың санасына сіңіріп, олардың өз денсаулығына деген жауапкершілікті қалыптастыру баршаның борышы. Халық алғысын алған жан бақытты болатыны сөзсіз. Ал дәрігер болу көптің көңіліне үміт сәулесін шашатын, нағыз алғысқа лайықты жан деуге болады. Дәрігер кең ұғымды, қастерлі мамандық. Медицина қызметкері болу адамға денсаулық, тіпті кейде өмір сыйлау деген сөз іспетті. Ауру жас талғамайды ғой. Ал ине мен пышақты өмірлеріне серік еткен ақ халатты, алтын қолды дәрігерлер қауымына бесіктегі баладан төрдегі қарттың баратыны рас. Есесіне дәрігерлердің алатын алғыстары да соншалықты. Қиналғанда көмек сұрап, ауырғанда шипа іздеп алдына барған әрбір науқасқа қолдау көрсететін, өмірлеріне қауіп төнген сәтте араша түсіп, тіпті кейде екінші өмір сыйлап жататын дәрігерлердің еңбегі расында өлшеусіз. Олар денсаулық саласында аянбай еңбек етіп қана қоймай, халықтың ықыласына бөленіп, бір туысындай болып кеткен жандар. Себебі, адамға ем дарытып қана қоймай, науқастың жанын түсінетін, жылы сөзімен дем беретін маман иесі де солар.
![]()
Осы бір абыройлы мамандықты меңгерген Бақытжан Рахымжанұлының алғашқы еңбек жолы 2007 жылы Атырау қаласындағы «Анар» тіс емханасында тіс хирургі болудан басталды. Жас түлек үшін барлығын бірден айналдырып кету әрине қиындық танытатын іс. Бірақ, өз-өзіне деген сенімділігі бар жас маман алдына келген емделушінің жағдайын жасап, қызмет көрсетуде барын аянып қалмады. Нәтижесі де жоқ емес, өзі салған маржан тістен тек алғысқа толы сөздер ғана шығып тұрды. Бұл да жас маманның мерейін өсіріп, алға ұмтылуға, стоматология бойынша білімін дамытып, тереңдетіп, одан әрі де тәжірибе жинақтауға сеп болды. Медицина бір орында тоқтап қалмайтын, сағат тілі секілді әрдайым алдыға жүріп отыратын, сала мамандарының тек алдыға жүріп, танымын кеңейтіп, білімін арттырып отыруды талап ететін күрделі сала. Осыны жете түсінген маман өзін әрдайым қамшылап, әр бес жыл сайын білімін жетілдіріп, сонымен қатар біліктілікті жоғарылатып курстарына қатысып, кәсібилігін арттырып отырды.
Осы стоматологиялық орталықта екі жылдай қыз-мет атқарған соң Бақытжан Рахымжанұлы сол кездердегі Атырау қаласындағы ең беделді стоматологиялардың бірі «Смағұл-Дент» тіс емханасына 2009 жылы дәрігер болып орналасты. Табиғатта әр дүниенің, мүліктің өз орындары мен атқаратын қызметтері бар секілді, медицина дейтін үлкен кемеге отырған әрбір дәрігер өз қызметін дұрыс атқарса, елдің де денсаулығы жақсы болмақ. Өз қызметіне деген ынтызарлығы ерекше маман бұл орталықта да жұмысын абыроймен атқарып, жеке тұлға ретінде де үлкен-кішілермен жақсы қарым-қатынаста болып, абырой биігіне көтеріле білді. Өз ісінің білікті маманы қандай ортада да керек-ақ. Сондықтан Бақытжан Рахымжанұлы әрдайым үлкен ізденіс үстінде болып, қызметіне жауапкершілікпен қарады.
Міне, осы бір халықтың көңілінен шыққан емханалардың бірінде әлі күнге халыққа сапалы қызмет көрсетіп келе жатқан Бақытжан Рахымжанұлы «Смағұл-Дент» тіс емханасында халықтың алғысына бөленіп, ең беделді дәрігер болып жұмысын жалғастырып келеді. Алғашқы келген жылдары шағын ғана орталық болған емхана, бүгінгі таңда үлкен орталыққа айналды. Осы емханада ұзақ жыдар қызмет етіп, тұрғындарға жарқын күлкі сыйлап, адал атқарған еңбегінің арқасында түрлі марапаттарға ие болды. Атап айтар болсақ: - Ұзақ жылға адал еңбегі үшін Қазақстан Республикасының Стоматология ассоциациясының Грамотасы;
- «Ең көп емделушілер қабылдаған дәрігер» ретінде «Смағұл-Дент» тіс емханасының «Құрмет Грамотасы» сынды марапаттарды алған.
Сонымен қатар медицинасы дамыған көптеген шет елдің мамандарымен тәжірибе алмасып келе жатқан Бақытжан Рахымжанұлы жұмыста білікті дәрігер ғана емес, отбасында арқа сүйер азамат, үлкен бір әулеттің ұрпағын жалғап отырған асқар тау әке. 2010 жылы Гүлжан есімді бойжеткенмен отау құрып, бүгінгі таңда Жанель, Анель, Нұрислам есімді алтын асықтай ұл-қыз тәрбиелеп отырған қамқор әке, адал жар.
Иә, дүниеде адам емдеуден артық өнер жоқ шығар, сірә. Қиын да күрделі тіс маманы болу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Оған үлкен жүрек пен темірдей төзім керек-ақ. Тіс дәрігеріне икем керек. Яғни, қолы епті, саусақтары майысып тұратын, ұсақ нәрселерді іліп әкететін қасиеті болуы керек. Себебі, стоматология ұсақ-түйекке жақын жұмыс. Сондықтан да бұл салаға келетін адамға аса күшті шыдамдылық қажет-ақ. «Адал түрде ерінбей еңбек етіп, білгеніңді кейінгі ұрпаққа қалдырып, үйретіп кетуді» өмірлік ұстаным етіп алған, осы бағытта жұмыс жасап келе жатқан Бақытжан Рахымжанұлының деніне саулық, отбасына бақыт, кәсібіне табыс тілейміз!