Абыройлы мамандық иесі
Дәрігер – табандылық пен терең білімді талап ететін мамандық. Адамды сүйіп, адамға жақсылық жасауға бейімделген адам ғана медицинаға барады. Адам мамандықты саналы түрде таңдайды ғой. Дәрігер болуды арман ететіндер де көп. Алайда, бұл салаға екінің бірі келе бермейді. Дәрігерлікті оқып дипломын алуы мүмкін бірақ, жұмыс жасауға келгенде кейін тартатындар да бар. Бұл адам өміріне жауапты болу ғой. Ең алдымен құлшыныс мықты болуы керек. Бір сөзбен айтқанда әр адам өз ісінің маманы болуы қажет. Қызметтің жауапкершілігіне байланысты міндеттердің ұлғаюы да заңдылық. Дәрігер тек уақытпен келіп кететін қатардағы жұмысшы емес, ол тәулік бойы өзінің міндетін ұмытпай, мезгілдің қай уақыт екеніне қарамастан көмекке ұмтылуы керек. Жалқаулық пен жауапсыздық біздің салада мүлдем кешірілмейді. Ал адал маманның бойы қашанда ізгілікке толы болады. Міне, осындай алғырлығы басым саланы таңдап, медицинаның туын тіктеп, талай тұрғындарға риясыз күлкі сыйлап келе жатқан білікті де білімді мамандарымыздың бірі - Жаухар Жантемірқызы (Имаматдинова).
![]()
Бүгінде өзіне жүктелген міндеттері, өз жұмыс жоспары бар, барлығына бейжай қарамай тиянақты, жауапты жұмыс істеуге дағдыланған, өзінің қызметкерлерінен де соны әрдайым талап ететін, мамандарының бәрі сайдың тасындай іріктелген, жоғары білімді, білікті ұжымда жемісті жұмыс жасап жатқан бүгінгі кейіпкеріміздің өмірі де, қызмет жолы да өзгелерге үлгі. Жаухар Жантемірқызы 1967 жылдың 19 мамырында бұрынғы Кеңес Одағы құрамындағы бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, бір қазаннан ас ішкен көршілес Өзбекстан ССС-де, Қарақалпақстан АССР-нің Нөкіс қаласында дүниеге келді. Бірде ыстық, бірде суық сахара желіндей соғатын тағдырға қорған болған әкесі Жантемір электромонтер болып қызмет еткен қарапайым жан болса, алақаны оттан да ыстық анасы Сәуле үй шаруасында азаматының ақ жағалы болуы үшін қам жасап, балаларының тәрбиелі де адами асыл қасиеттерді бойына сіңіру жолында еңбектене білді. Әр адамның ата-анасы өзіне ғана қадірлі болатыны секілді Жаухардың ата-анасы да өте қарапайым, кеңпейіл адамдар болған. Көрші-қолаңдарымен туыс адамдардай көмектесіп, қолында барын аямай, бөлісіп отыратын.
Бөліну мен шекара болмаған сол кездері қонысы қонған екі елдің тіршілік қазаны біте қайнасқан еді. Осы өңірде мектеп табалдырығын 1974 жылы аттап, білім нәрімен сусындаған Жаухар мектепте сабақты жақсы оқыды. Тек алға ұмтылып, ұстаздың тапсырмасын екі етпей орындап, жақсы баға алатын жас сыныптың, мектептің қоғамдық өміріне белсене араласып, мектепішілік сайыстарда сыныптың көшін алға сүйрей білген дарынды оқушы болды.
Мектеп – сәби қараңғылығын сейілтіп, боламын деген баланың белін буатын, үлкен өмірге басталатын алғашқы табалдырық. Білім ордасында жүріп, өзінің жақсы жақтарымен көзге түсе білген Жаухардың арманы медицина саласында қызмет ету болатын. Шығамын деген талаптыға тау биік болмайды. Өзіне деген сенімділігі басым, болашақ үлкен азамат болып қалыптасуды көздеген жас 1984 жылы білім ордасынан түлеп ұшқан соң, жүрегінде бүр жарған арманының жетегіне ерді. Жетістік тауына еңбектене білгендер ғана шығатыны секілді, оқушы үміті ақталуы үшін арман қуып үлкен қалаға аттанды. Бірақ, таңдайға түскен тәтті тілектерді арнаса да, жұмыр жүректі пенденің айтқаны бірден орындала берген бе... Алғашқы жылы оқуға түсе алмай, ауылға қайтып келеді. Арманның жалыны алыстан көрінгенімен, шарпуы ыстық, үміттенген жанды тек ілгері сүйрейтін ерекшелігі бар емес пе? Жастайынан еңбекке араласқан ол ауылға келген соң балабақшада тәрбиешінің көмекшісі болып жұмыс жасады. Табиғаты ерекше әйел заты үшін баламен жұмыс, ерекше махаббат пен мейірімділік туғызады емес пе. Көмекшілік жұмысында барын салып, өзіне тапсырылған жұмыстарды уақытылы орындай біліп, періште көңілді сәбилердің сүйікті ұстазына айнала білді.
![]()
Жер ананың төсіне бір қар қондырып, 1985 жылы Өзбекстанның Самарқанд қаласына аттанған Жаухар Медициналық университетке құжат тапсыруға келсе, Дағыстан медициналық институтының стоматология факультетіне талапкерлерге жолдама жарияланған екен. Бұл алыстан ат артып келген талапкер үшін үлкен мүмкіндік болды. Осылайша, құжаттарын өткізіп, емтиханнан сүрінбеген Жаухар Жантемірқызы Дағыстан Республикасының бас қаласы Махачкалаға студент болып аттанды. Жоғарғы оқу орнының ізденімпаз жасқа бергені ұшан-теңіз еді. Білемін, танимын, зерттеймін деген талантты жастарға арналған мүмкіндіктерін толық пайдаланып, өзі таңдаған тіс дәрігері болып шығу жолында аянып қалмады. Жоғарғы оқу орнының ішінде жүріп, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып қана қоймай, студенттік шақтың қайталанбас қызықты сәттері мен өмірлік сабақ болған тәжірибелерінен де сүрінбей өтті.
Осылайша, іргелі оқу орнын 1990 жылы тәмамдаған соң жас маман өзінің кіндік қаны тамған Нөкіс қаласына келіп, осы өңірде екі жыл еңбек етті. Білімді, жақсы ұстаздардан тәлім алған Жаухар Жантемірқызы өз жұмысын жандандыра білді. Әрине, дәрігер болу оның ішінде тіс дәрігері болу оңай емес. «Еңбексүйгіш елдің еңсесі биік» деген ғой. Бұл тұрғыдан келгенде біліктілік пен шыдамдылықты қатар талап ететін жауапты мамандық иесіне жұмыс барысында еш қателесуге болмайды. Сондықтан да жас маман ұдайы тәжірибелік білімін жетілдіріп, ізденіс үстінде жүреді. Ерінбей еңбек етіп, өзіне де, еліне де зор пайдасын тигізген ақ халатты абзал жанның әріптестерінің арасында беделі биік, абыройы асқақ. Өз мамандығына жан дүниесімен берілген білікті дәрігер болу жолында өзін жиі қамшылады.
Өткен ғасырдың тарих беттерінде ақтаңдақ болып қалған тоқсаныншы жылдары қазақ елінің тарихы үшін өзгерістерге толы болды. Ең үлкені – аталарымызға арман болған Тәуелсіздікке қол жеткізуі еді. Осы сәтте, нәубет жылдары тарыдай шашырап кеткен қандастарымызды елге алып келу мақсатында түрлі жұмыстар жүргізіліп, тағдыр қамшысы бата тиіп, шет асқан талдай жанның елге оралуына үлкен мүмкіндіктер жасалып жатты. Солақай саясаттың үдере соққан қысы кімнің арқасын осып өтпеді десеңізші... Қара қазан, сары баланың қамы үшін тау асып кеткен қандастарымыздың басын көтеріп бір білекке жұмылған бес саусақтай туған жерге келіп жатты. Оның үстіне коммунизмнің ұранын жиі шырқатып он бес республиканы тізгінде, ел мен шекара жоқ деп жетпіс бес жыл сананы тоңазытып тастаған биліктің шырмауы да үзіліп, қасқалдақ қанды қазақ бас көтеріп, ата жұртқа ағылды. Міне, осындай туған ердің топырағына бауырын басып, тілеуі мен амандығын алып келген жандардың сапында болған Жаухар Жантемірқызы да болды. Осылайша, 1992 жылы ата жұртқа табаны тиіп, тәуелсіздіктің туын көтерген елдің азаматы болған ол стоматологиялық кәсібін қайта жалғады.
Бір орталыққа бағынған жүйенің шырмауынан шыға алмай қалған заводттар мен фабрикалар, бір қазанға қол салған колхоздар мен совхоздардың шаңырағы шатқаяқтап, шайқатылып, ыдырап жатқанда қазақ елінің де экономикасы мәз емес еді. Мәдени ордалардың есігіне қара құлып салынып, білім мен медицина шықпа жаным шықпамен отырғанда, Жаухарда түрлі жұмыстың басын шалуға тура келді. Бірақ, алыстаған сайын шоқтығы биіктей түскен Алатаудың Хан Тәңіріндей уақыт өткен сайын ел экономикасы да жолға түсіп, елдің жүзіне қан жүгірген жылдары өз кәсібіне қайта оралды. 1994 жылы Алматы облысы, Іле ауданына қарасты аудандық емханада өз мамандығы бойынша тіс дәрігері болып орналасып, осы жерде 16 жыл еңбек етті.
Адамның ажары бетінде емес пе? Адамдарға әдемі күлкі сыйлау біз үшін баға жетпес бақыт. Әрбір науқасыңның рахмет айтып, сап-сау маржандай тістерімен күлімдеп шығып бара жатқанын көргенде, біздер үйімізге қуанып қайтамыз. Еңбектің өтемі деген сол емес пе, ата-ананың тәлімді тәрбиесін көріп өсіп, бала күнінен білімге, адал еңбекке құштар болған Жаухар 2006 жылы жеке клиникада еңбек етті. Араға екі жыл салдырып, 2008 жылы өзі де кәсіпкерлікке бел буып жеке клиникасын ашты. Өзінің жұмыс орнын кеңейтіп, одан әрі дамытып, келушілерге сапалы қызмет көрсету жолында аянбай еңбек ете білген дәрігер білімін арттырып отыруды екінші орынға қалдырған емес. Үнемі білімін толықтырып, өзінің де, қарамағындағы қызметкерлердің де тәжірибелі маман ету мақсатында жұмыстар жүргізіп отырды.
Бүгінгі таңда халыққа қызмет көрсетіп, алғысына бөленіп келе жатқан шағын тіс емханасында 3 тіс дәрігері мен 2 медбике тұрғындарға қызмет көрсетеді.
- «Осы тірліктерді өзімнің мандай тер еңбекпен жасап жатырмын. Мемлекет тарапынан көмек алғаным жоқ. Мен аудандық ауруханада, жеке клиникада істегенімде де ешқандай марапат алған емеспін. Оған өкінбеймін. Менің қызметімді халық біліп, әрбір емделушілерімнің ақ тіліктерін алу мен үшін марапат», - дейді дәрігер. Халықтың алғысының арқасында дамып, жасап келе жатқан Жаухар Жантемірқызы өмірлік жолдасы – Әмір Марат Нағашыбайұлы екеуі 3 ұл, 1 қыз өсіріп отырған бақытты жанұя.
Дәрігер деген расында ең үлкен әрі қастерлі мамандық. Осы қарусыз майданда адам өмірімен арпалысып жүрген ақ халатты абзал жандардың еңбегі орасан зор. Себебі, өздеріне артылған сенімге селкеу түсірмей, өзгенің денсаулығына алаңдап жүретін жандардың есімі ардақтауға лайықты-ақ. Адамгершілігі мен парасаты, білімі мен біліктілігі жоғары, ар-ожданы таза, ерінбей-талмай ел үшін еңбек етіп, халықтың алғыс-сауабын арқалаған ақ халатты абзал жан Жаухар Жантемірқызының кәсібіне табыс тілеп, елдің ыстық ықыласына бөлене беріңіз деген тілек білдіреміз!