Досқалиев Мирас Талапқалиұлы

Рейтинг:

Сау тіс - саламатты өмірдің кепілі     

      «Егер дәрігер аурумен әңгімелескен соң, әлгі сырқат адам өз бойынан жеңілдік сезбесе, ол – дәрігер емес» – деп ой білгірі Вехтеров айтқандай, жанды емдемей, тәнді емдей алмайтынын білген дәрігер – ең құдіретті дәрігер. Дәрігердің үш қаруы бар: бірі – пышақ, екіншісі – шөп, үшіншісі – сөз» - деген шығыстың ұлы ғұламасы Әбу Ғали ибн-Сина. Шындығында да адам тәнінің қиналысы мен қасіретін жүрегімен сезіне білетін, баға жетпес құндылық адам денсаулығын сақтап қалуға бар білімін жұмсайтын ақ жүректі, ақ халатты жан қандай құрметке де лайық. Алыстаған сайын биіктей түскен тау шыңындай, уақыт өткен сайын мәртебесі мен абыройы артып келе жатқан осы бір сала мамандары туралы көптеп жазсақ та артық етпейді. Медицина үлкен бәйтерек болса, сол ағашы алып етіп, діңін берік етіп отырған тамырлары секілді медицинаның да тамырлары болған оның түрлі салалары. Алпыс екі тамырлы адамзаттың болмысы ерекше. Оны танып білу тек бір мамандықпен ғана шектеліп қалмайды, әр мүше, әр тамырын дөп басатын салалар жеке-дара таусылмас ғылым. Міне, біздің бүгінгі кейіпкеріміз де ел саулығын жаңартып, тамырында тіршіліктің бүлкілі соққан әр жұмыр жүректі пенденің риясыз жарқын күлуіне сеп болып, елдің алғысын арқалап келе жатқан азамат Досқалиев Мирас Талапқалиұлы туралы болмақ.
      Медицина ғасырмен бірге жасап, күн сөнгенше сөнбейтін, ғылым мен білім астасқан ерекше салалардың бірі. Осы бір күрделі саланың ауыртпалығын мойнымен көтеріп, нәзік қызметті жүрексінбей алып, денсаулықтың басты себебі саналатын тіс саласында ұзақ жылдар қызмет етіп келе жатқан Мирас Талапқалиұлы 1992 жылдың 9 тамызында Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы, Чапай ауылында дүниеге келді. Өмір бұлағының бастауы болған тірегі мен Алладан кейінгі қолдаушысы болып келе жатқан әкесі – Талапқали Досқалиев пен жүрегіндегі мейірімі жүзінен нұр болып төгілген анасы – Досқалиева Нәсіп қазіргі таңда зейнеткер. Түгін тартсаң байлығы көрінетін, шөбі шұрайлы, ерке қыздың бұрымындай ирелеңдеп ағып жатқан Жайық пен Еділден нәр алған сұлу өлкеде бақытты балалығын өткізген Мирастың ұлы армандарға қол созуға деген қабілеті ойын баласы кезінен пайда болды. Үлкендердің айтқанын қағып алатын алғыр жас, Чапай ауылы төріндегі іргелі білім ордасы Мұхтар Әуезов атындағы мектептің табалдырығын аттаған сәтте де зеректігімен, дарындылығымен, қарым-қабілетімен өзгелерден ерекшелене білді. Жарқын болашаққа нұр себелеп, сәби қараңғылығын сейілткен алтын жүректі ұстаздарынан тәлім алған жас бастауыш сыныпты осы білім ордасында оқып, жоғарғы сыныптарды Орал қаласындағы №30 жалпы білім беретін мектепте жалғастырды.
      Арбаның алдыңғы дөңгелегі қалай жүрсе, артқы дөңгелегі де сол жолды басатыны секілді әулеттің ғана емес, ауылдың абыройлы ақсақалы атанып, балдан да тәтті немерелерінің қызығына тоймай отырған әкесі Талапқалидан әділдік пен адалдықты бойына сіңіре білген Мирас өзіне сеніп тапсырылған істі аяғына дейін жеткізбей тынбайтын жауапкершілігі мол оқушы болып өсті. Мектеп бағдарламасын еркін меңгеріп, бала болса да сынып ішіндегі талай игілікті істің бастамашысы бола білген Мирас қандай ортаға барса да еркін араласып кете берді. Осы бір ашықтығы мен досқа деген адалдығы, өзіне артылған сенім үдесінен шыға білудегі алға ұмтылуы мен еңбекқорлығы, ізденімпаздығы боламын деген баланың қанатына су себелеп, белеске беттете түсті.
      Бала арман – перзент жүрегінде қоздап, артынан маздап, өмір отына жылындыратын өшпейтін мәңгілік алау. Алдына мақсат қоя біліп, соған жету жолында аянбай еңбектенетін Мирас орта мектепті үздіктер қатарында бітірген соң, 2010 жылы Орал қаласындағы «Мақсат» медицина колледжінің «Тіс мамандығы» факультетіне оқуға түсті. Боламын деген баланың белін буған ел емеспіз бе, шабамын деген жігітке ат, жанамын деген жүрекке от берген мектептегі ұстаздарының арқасында білім теңізіне еркін жүзген Мирас бұл колледжде де өзінің ізденімпаздығы мен еңбекқорлығынан айырылған емес. Қайта екпін алған көліктей жылдамдық қосып сабаққа да, колледж ішінің қоғамдық өміріне де еркін араласып, өзінің білімін одан әрі жетілдіруде аянып қалмады. Тіс дәрігері болу – нәзіктікті, биязылық пен ептілікті, үлкен жауапкершілікті талап ететін сала. Осы бір тамыры нәзік саланың дәрігері болуды қалаған Мирас үнемі ізденіс үстінде болып, қосымша тәжірибелерден өтіп, стоматология саласының қыр-сырларымен танысты.
      Осылайша, талаптың тұлпарын ерттеп мінген Мирас Талапқалиұлы «Мақсат» медицина колледжінің «Тіс дәрігері» мамандығы бойынша аяқтап, 2013 жылы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің қылмыстық атқару жүйесі комитетінің «РУ – 170/2» мекемесінде тіс дәрігері болып еңбек жолын бастады. Әр саланың өзіндік қиыншылығы, кедергілері мен қызықтары болатыны секілді, медицинаның бұл саласы да өзіндік қиыншылықтарымен ерекше. Бірақ, әрдайым ізденіс үстінде болып, өзін үнемі тәжірибеден өткізіп, таным көкжиегін кеңейтіп отырды. Жұмыс барысында қатып қалған медициналық талаптарды орындаумен қатар алдына келген емделушінің жан дүниесіне де үңіліп, тіс емдеу ісінде ауырсынбай, тезірек жазылып шығып кетуі үшін үнемі ақыл-кеңестерін айтып отырудан бір сәт те жалыққан емес. Бұл бүгінгі кейіпкеріміз Мирас Талапқалиұлының ана мейірімімен тұлға болып қалыптасуына, білікті маман болуына жетелеген, ата-анадан алған тәрбиесінің ұшы еді. «Тәлімді отбасыдан тәрбиелі перзент шығады» деген осы. 
      Одан кейінгі қызметінде Мирас Талапқалиұлы 20104-2016 жылдар аралығында Атырау қаласындағы «Арғын-дент» стоматологиясында тіс дәрігері қызметін атқарып емделушілердің алғысымен қатар, басшылықтың да шексіз шапағатына ие болды. Қолынан іс келетін, бір істі сеніп тапсыра алатын маман қай ортада да сұранысқа ие болатын табиғаттың заңдылығы емес пе, өз ісін ерекше махаббатпен атқарып, тіс емдеу ісі саласында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізе білген Мирас Талапқалиұлы 2016 жылы «Смайл центр» клиникасына шақырту алды. Бұл жас маман үшін таптырмас мүмкіндік еді. Міне, осы бір іргелі клиникада стоматолог-терапевт болып еңбек етіп, одан кейінгі 2021 жылдан бастап «Алихан-дент» клиникасында стоматолог-терапевт маманы болып жұмыс жасап келеді.
      - «Негізгі стоматологиядағы бағытым күрделі эндодонтиялық ем, тістер рестоврациясы. 
      Науқастарға күрделі эндодонтациялық ем жүргізіп, тістерді қайта қалпына келтіремін. Осы салада әлі күнге дейін білім ізденіп келемін», - деп саналы ғұмырын, тіс емдеу мен қатар ғылым жолына арнауды мақсат еткен Мирас Талапқалиұлы әрдайым өзін жетілдіріп, толықтырып, дамыған заманмен, ғылыммен бірге алдыға жылжып, соңғы үлгідегі стоматологиялық жабдықтарды меңгеріп келеді. Бұл да болса кейіпкеріміздің өз ісіне деген ерекше сүйіспеншілігімен қатар, ажырамайтын тырнақ пен еттей болған медицина мен ғылымның тізгінін қолына ұстағанының бір көрінісі. 
      Қызметін медициналық талаптар бойынша орындап, емделушілер алдында ғана емес ұжым алдында көтерілген күндей беделі биіктеп келе жатқан Мирас Талапқалиұлының мерейін өсірген, қол жеткізген жетістіктеріне үңіліп көрсек:
      - 2015 жылы стоматология бойынша білімін арттыру мақсатында Мәскеу қаласындағы халықаралық конгресте білім алды. Сол оқуда медицина ғылымдарының докторлары: Михаил Саламонов (Израйл), Давид Зоннтаг (Германия), Юрий Малык (Германия), Алексей Бомчин (Ресей), Тамара Шпак (Ресей) профессорлар: М.Никаша, Джанглуко Платина (Италия), Морло Зуало (Бразилия) сынды профессорлар мен докторлардан «Эндотонтиялық» білімін жетілдірді;
      - 2016 жылы стоматология саласындағы көп жылғы адал еңбегі үшін және халыққа стоматологиялық көмек көрсетуді ұйымдастыруға қосқан үлесі үшін Атырау облысы, Қазақстан стоматологиялық Ассоциациясы қауымдастығының «Құрмет Грамотасы» марапатын алған.
      Өмір тәжірибесімен қатар, медицина тәжірибесін мол жинаған Мирас Талапқалиұлы артынан ерген стоматология саласының табалдырығын аттаған студенттер мен жас мамандарға көмектесіп, тәжірибесімен, оқып-жиған білімімен бөлісіп, жұмыстың бағыт-бағдарымен бөлісіп келеді. Жұмыста тәжірибелі маман бола білген кейіпкеріміз отбасында арқа сүйер азамат, асқар тау әке. Отбасы туралы жазбасына кезек берсек:
      - «Өмірлік жолдасым Құралова Көркем Нұрымғалиқызы 1995 жылы дүниеге келген. Медбике болып қызмет етеді. Жұбайым екеуіміз «Арғын дент» стоматологиясында танысып, 2017 жылдың қаңтар айында шаңырақ көтердік. Қазіргі таңда бір ұлымыз, бір қызымыз бар. Талапқали Адина Мирасқызы, Талапқали Ибраһим Мирасұлы».
      Тәннің саулығы, салауатты өмірді – адам деп есептесек, стоматология осы дененің жүрегі. Өйткені, тіс сау болса денсаулық та тамаша, салауатты өмір де бола бермек. Ендеше, стоматология саласында еңбек етіп, мәңгілік ел болуға ұмтылған жас елдің денсаулығын көтеру жолында, халыққа қызмет етіп, адалдығы мен әділдігін, адами асыл қасиеттерін көрсетіп келе жатқан Мирас Талапқалиұлының деніне саулық, отбасына амандық, еңбегіне табыс тілейміз! 
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...