Антына адал дәрігер
Дәрігерсіз өмірді елестету мүмкін бе?! Әрине жоқ! Ол – адам жанының аршашысы. Үлкеннен бастап кішіге дейін дәрігер алдын көреді, оның көмегіне жүгінеді. Дегенмен, дәрігер мамандығын таңдау да оңай емес. Адамның табиғаты әрқалай ғой. Сол сияқты өзінің жанына жайлылық пен күш-қуат сыйлайтын дәрігер таңдайтыны рас. Ал дәрігердің жақсы атқа лайықты болуы қажет. «Науқас адамды ең алдымен дәрімен емес, жылы сөзбен емдеу керек», - деген Ибн Синаның сөзіне сүйенер болсақ, емделушінің дәрігер таңдауы да заңдылық екенін түсінеміз.
![]()
Өзінің өмірін, бүкіл күш-қуатын, білім-біліктілігін, тәжірибесін осы салаға арнаған адамның бойында бұл қасиет міндетті түрде болады. Емін жасап қана қоймай, науқасқа жылылық танытып қоюдың өзі жанға дәру беретіні рас. Білікті маман қашан да үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді жақсы біледі. Себебі, науқастың жағдайының жақсарғаны дәрігер үшін үлкен қуаныш. Сондықтан да қай кезде болмасын адамзаттың ең басты байлығы – оның денсаулығы екені даусыз. «Алғашқы байлық – денсаулық» деген халықтың дана сөзінің өзі осыған кепіл болады. Ақ халатына дақ түсірмей, көпшіліктің ықыласына ие болып, денсаулық сақтау саласында қызмет етіп жүрген Дәуленов Ерболат Шынболатұлы дәрігерлік жолында қаншама адамға өзінің көмегін тигізіп жүр.
Талай жандарға дәрігерлік қызметімен қоса, жылы сөзін де арнай білетін ақ халатты дәрігер бүгінде елдің алғысына бөленіп, әріптестері, ұжымы арасында үлкен беделге ие. Өзінің біліктілігімен, білімімен мыңдаған жанның жүзіне күлкі үйіріп, ел ішінде «алтын қолды дәрігер» деп дәріптеліп, құрмет-қошеметке бөленіп, ілтипаттарын көріп жүр. Өз өмірін маңызды және пайдалы іске арнаған Ерболат Шынболатұлының өмірлік қағидасы «Тек ғана адал қызмет жасау». Расында адал еңбектенбей бақытты өмір сүру мүмкін емес де. Ал, жаның сүйетін іс өзгелерге пайдалы болса, одан асқан пенделік бақыт та жоқ. Батылдық, жан жылуы, өзгелерге жәрдем беру – барлық дәрігерлерге тән қасиет емес пе?!
Дауленов Ерболат Шынболатұлы 1980 жылдың 17 маусымында Ақтөбе облысы, Шалқар қаласында қарапайым отбасында дүниеге келді. Ол 1987 жылы Кеңес Одағының батыры І.Үргенішбаев атындағы №40 орта мектепке барды. Мектеп кезінен оқу-білімге құштар, еңбекқор болды. Әрдайым жан-жақты ізденіп, өзін қызықтырған сұрақтардың жауабын табуға асығып жүретін-ді. Сыныптастарының арасында уәдеге беріктігімен, жан-жақты ізденімпаздығымен дараланып тұратын. Ұстаздары да оған көп үміт артып, жауапты жұмыстарды сеніп тапсыратын. Мектептің қоғамдық өмірінен тыс қалып көрген емес. Түрлі шаралардың ұйымдастырылуына, жоғары дәрежеде өтуіне атсалысып жүретін. Мектебін 1997 жылы ойдағыдай бітіріп шықты. Арман жетегімен 1997 жылы Ақтөбе медициналық колледжіне оқуға түсіп, оны тіс дәрігері мамандығы бойынша 2001 жылы қызыл дипломмен аяқтап шықты. Таңдаған саласына деген қызығушылығының арқасында үнемі өзінің білімін арттыру мақсатында қосымша оқулықтар алып оқып, кітапханаларға жиі барып, жаңалықтармен танысып отыруды да әдетіне айналдырған. Әсіресе, жаңадан шығып жатқан технологиялар мен заманауи медицина жайында жан-жақты зерттеп жүреді. Өзінің қойындәптеріне қажет болады дегендерін жазып алуды да ұмытпайды. Өте білімдар, ойшыл, байсалды, қай кезде болмасын кез келген сұрақтың тұщымды жауабын білетін мықты маманды жұмыс істеген қайсыбір ортасы болмасын лайықты бағалады.
Білімге құштар азамат 2010 жылы Марат Оспанов атындағы Ақтөбе медициналық университетінің стоматология факультетіне оқуға түсіп, оны да өте жақсыға 2016 жылы аяқтап шықты. Тәжірибелі оқытушылардан тәлім алған Ерболат Шынболатұлы өзінің еңбек жолында алған білімін елдің пайдасына жаратып, лайықты марапатталды.
Білікті маман 2001-2003 жылдары Шалқар қаласындағы «Ақниет» стоматологиясына тіс дәрігері болып орналасып, беделді жұмыс жасады. 2003-2004 жылдары «Нұрхан» тіс емханасында да еселі еңбек етіп, емделушілердің ыстық ықыласына бөленді. Өзін іздеп келетіндердің қатары көбейіп, «Алтын қолды дәрігер» атанып үлгерді. Расымен де Ерболат Шынболатұлы аса сабырлы, шыдамды, қандай да адамның мінезіне төзімді азамат. Себебі, тіс ауруларының түр-түрі кездеседі. Адам мінезі де әрқалай. Біріне айтып түсіндіріп болғанша, жанын шүберекке түйіп, айтқанды орындамай жатады. Жалпы адамның тісін емдеу ісі өте нәзік те қиын шаруа.
![]()
Рас, адам жаны қай жері ауырса сол жерде болады дейді ғой. Тіс емдеу барысында емделушінің ойын басқа жаққа аударып, ыммен ғана жауап қататындай етіп сұрақ қойып, ебін тауып, емін жасаудың өзі үлкен өнер. Қорқынышпен отырған адам өз ойымен-ақ әуре болып, жазым болып қалу қаупі зор. Ал адамның ойын бөліп, барынша басқа жаққа бұрып, емделушінің тілін тауып, ем жасай білу екінің бірінің қолынан келмейтін іс деуге болады. Бұл орайда үлкеннің де, кішінің де көңілінен шығып, нағыз дәрігер атанған азаматтың абыройы расымен де жоғары. Ол 2004-2016 жылдар аралығында Ақтөбе қаласындағы «Денсаулық» клиникасында терапевт-стоматолог болып қызмет атқарды. Бұл қызметте де ол өзін жан-жақты қырынан көрсете білді. Ал 2016 жылдан осы уақытқа дейін «Нұргүл» клиникасында дәрігер-стоматолог болып абыройлы қызмет атқарып келеді.
Білімді маман әр кездері әртүрлі білімін арттыру курстарына қатысып, өзінің біліктілігін шыңдап отырады. Атап айтқанда «Решение проблем в эндодонтий» семинар шеберлік-класына қатысып Сертификат алды. «Базовый курс по имплантации» «Дентальная имплантация в сложных клинических случаях» семинарға қатысып Сертификат, аймақтық санитарлық-эпидемиологиялық сертификаттау және оқыту орталығының сертификаты, «Нессъемное протезирование с нуля» курсынан Сертификат, «Ключи к успеху эндодонтического и постэндодонти-ческого лечения» оқу курсынан Сертификат, «Фексирование протезирование. От планирования лечения до фиксации металлокерамических реставраций. Клинические случай» лекциядан Сертификат, «Терапевтическое лечение пародонта» семинар қатысушысы болып Сертификат, «Вениры основы эстетической и функциональной реабилитации пациентов с использованием непрямых кермаических реставрации» курсынан Сертификат, «Коффердам – это легко» курсынан Сертификат иегері. Ол алдағы уақытта әлі талай курстарға, семинар сабақтарға қатысып, өзінің білімін жетілдіріп отыруды көздейді. Мақсаты жаңаны біліп ғана қоймай, іс жүзінде пайдаланып, өзінің соңынан ерген жас мамандарға да үйретуді ойлайды. Айта кету керек, Ерболат Шынболатұлы – нағыз ұстаз. Себебі, қазірдің өзінде осы салаға қызығушылығы бар жастарға өзінің ақыл-кеңесін айтып, саланың қиыншылықтары мен артықшылықтарын әңгімелеп беруден жалықпайды. Жанында жүрген жастарға да айтар ақылы көп. Ел-халықтың ыстық ықыласына бөленіп жүрген азаматтың жары – Дауленова Айжанмен бірге бақытты отбасында бес бала тәрбиелеп өсіріп отырған өнегелі ата-ана. Айжан университетте аға оқытушылық қызметін атқарады.
- «Отбасының бірлігі мен бақыты екі адамға да байланысты. Жарым Айжан оқытушы болғандықтан оның да қызметі жеңіл емес. Сондықтан да біз бір-бірімізді толықтырып отырамыз. Кез келген шаруаны бөлісіп жатпаймыз. Әрі үйдегі сырды сыртқа шығарудан да аулақпыз. Бақыттың өзі тыныштықты жақсы көреді ғой. Бақытты отбасымның сыры бір-бірімізді сөзсіз түсіне білуде. Ал қызметіме келер болсам, әрине, дәрігер атану оңай. Қолыңа диплом алып шығып, ақ халатты дәрігер атану кімге болмасын қуаныш сыйлайды. Дегенмен, сол саланың ыстығы мен суығына төзіп, басынан бастап еңбек ету екінің біріне бұйыра бермейтін бақ. Жылдар бойы өзіңді-өзің сынайсың, одан соң ел сынайды. Сынақтан абыроймен өту ол дәрігердің бақыты, жылдар бойы төккен еңбегінің, маңдай терінің лайықты өтемі», - дейді кейіпкеріміз Ерболат Шынболатұлы.
Халықтың құрметіне бөлену елге ерінбей еңбек еткен адамға тән қасиет. Адал еңбек ету қажеттіліктен тумайды. Ол – үлкен азаматтық жауапкершіліктен туындайды. Ел сенімін ақтаудың қаншалықты маңыздылығын, қолынан іс келетін азамат ғана мойнына алады. Ал біз әңгімеге арқау еткен Ерболат Шынболатұлы расымен де ақ халатты абзал азамат атына шын лайықты. Денсаулық саласында шаршап-шалдықпай әлі талай жылдар бойы елге абыройлы қызмет ете беріңіз.