Алғыс арқалаған азамат
Медицина – жер бетіне күн шуағын шашқалы адамзатпен бірге жасап келе жатқан күрделі салалардың бірі. Дәрігерлік – тек өз саласының білікті маманы болуды ғана талап етпейді, ол – ғылымен ұштасып жатқан, адами асыл қасиеттерді бойына сыйдырған маман иесі ғана шыға алатын аласармас асқар таудың бір шыңы. Осы бір ардың жүгін ақ халатына іліп, танымы мен тәжірибесіне, білімі мен біліктілігін ел қызметіне жұмсап келе жатқан медицина қызметкерлері туралы аз жазылып жүрген жоқ. Десек те, жаһандық пандемия кезеңінде жанқиярлық пен адалдығын, ерліктерін көрсете білген осы бір сала қызметкерлеріне деген құрмет көрсетіліп, риясыз алғыс жиі айтылып келеді. Біздің де бүгінгі кейіпкеріміз маржан тіс саласында қызмет етіп келе жатқан – Әділ Шайхималыұлы.
![]()
Қандай салада қызмет етсең де, болашақ арманыңда кім болғың келсе де ер жігіт үшін халыққа деген қызмет бірінші орында тұру керек. Алаштың арысына айналған Мағжан Жұмабаев жырлағандай, арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты жастарымыздың бірі, білікті маман, стоматология саласының үздігі Әділ Шайхималыұлы 1996 жылдың 20 ақпанында Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданы, Жетікөл ауылында дүниеге келді. Бірнеше елдің бірлестігін нығайтып аққан Сырдариядай бүгінгі елдің алғысына бөленген стоматологтың өмірге құштарлығын арттырып, арқасынан қағып, әрдайым қорғанышы бола білген әкесі Шайхималы Жетікөл ауылында көлік жүргізушісі болып еңбек етіп, абыройлы қызметінің арқасында кейін гараж меңгерушілігі қызметіне тағайындалып, зейнеткерлік жасқа шығар алдында яғни, соңғы он жылғы уақытта электрик болып жұмыс істеді. Ал айналайыны оттан да ыстық анасы – Асыл Утепбергенова көп жылдар бойы Сырым ауданында телеграф-байланыс торабында бірнеше жыл жұмыс жасап қазіргі уақытта зейнет жасында. Тамырын тереңге жайған текті әулеттен төрт перзент өрбіген олар бүгінгі таңда әрқайсысы бір-бір әулеттің отанасы мен отағасы. Үлкен әпкесі Жұмазия электр энергия саласында жұмыс істесе, екінші әпкесі Нұрзия, көп жылдан бері педагогика саласында келешек ұрпаққа білім беру жолында қызмет етіп келеді.
Көгінде қыраны қалықтап, таңғы шуағын жазық далаға төккен қазақ даласының қай өңірі де дарындылар мен тектілерге, парасаттылықтың үлгісін көрсетіп кеткен ұлы тұлғаларға толы. Бала кезінен ерекше, ойы озық, зеректігі басым болып өскен Әділ ел шетіне келген жауға ата жұрттың топырағын таптаттырмай, батырын бассыз, тұлпарын тұяқсыз қайтарған білекті де жүректі тұлғалардың табаны тиген қасиетті топырақта бақытты балалығын өткізді. Үлкен армандардың қанатына қондырып, үлкен азамат болып қалыптастыруға шақыратын білім ордасының табалдырығын Бөрлі ауданы, Ақсай қаласындағы Қызылтал орта мектебінде аттап, осы іргелі білім ордасында білім нәрімен сусындады. Тілалғыш, ұстаз тапсырмасын қағып алатын зейінді де зерек оқушы қай мұғалімнің де мақтанышы емес пе, өзінің сабақты толық меңгеруімен сыныптың, мектептің қоғамдық өміріне белсене аралысуымен көзге түскен шәкірт, сыныптағы үздік оқушылардың көшін бастады.
![]()
Иілуге бейімделгіш жас шыбық қалай ексең, баптасаң солай болатыны секілді, өмір көрген, тәжірибесі мол ұстаздарынан тәлім алып, білімге деген ерекше құштарлығы басым болған Әділ одан жоғарғы 10-11 сыныптарды Сырым ауданының Аралтөбе орта мектебінде жалғастырды. Қандай ортаға барса да еркін араласып кете беретін ашық мінезді, әке тәрбиесі, ана тәлімімен бойына сіңген үлкенге деген құрмет пен кішіге ізеті, қандай ортаға барса да Әділді алға сүйреп, достары арасында беделін өсіре түсті. Бастаған ісін аяқсыз қалдырмайтын, қандай күрделі тапсырма болса да жүрексінбей қолына алып кете беретін, өзіне сенім артқан азаматтың үмітін ақтай білетін қабілетті жас білім ордасынан түлеп ұшқан соң 2013 жылы облыс орталығы Орал қаласындағы «Мақсат» медициналық колледжіне оқуға түсті.
Арман – өмірдің табалдырығын аттаған әрбір жұмыр жүректі пендені алға сүйреп, өмірден өз орнын табу жолына жетелей білетін ерекше қасиет. Әділдің бала арманы болды. Ол туралы кейіпкеріміз былай дейді:
- «Менің бала кезімдегі арманым – денсаулық сақтау саласында еңбек ету болды. Бүгінде осы үрдістен шықтым деп ойлаймын. Бойымдағы батылдық, еңбексүйгіштік, жігерлілік осы салаға жетеледі. Аз ғана уақыт ішінде біраз тәжірибе жинақтап, тұрғындарды, науқастарды емдеп келемін. Мен үшін ең үлкен марапат бұл алдыма келген науқастарымның алғысы деп білемін», - дейді абыройлы мамандықты игергенін мақтан тұтатын Әділ Шайхималыұлы. Осы медициналық колледжін 2016 жылы «Дантист» мамандығы бойынша диплом алып шықты.
Медицина – жас маманға үлкен жауапкершілік қана жүктеп қоймайды, маман иесінен әділдікті, тазалықты, нәзіктік пен қамқорлықты, мейірімділікті, шешім қабылдаушылық пен сабырлылықты, төзімділік пен салаға сай парсаттылықты талап етеді. Осы бір талап үдесінен шығу жолында аянбай еңбектеніп, ізденіп, өз ісінің білікті де білімді маманы болу үшін өзін жиі қамшылаған Әділ Шайхималыұлының алғашқы еңбек жолы Ақсай қаласындағы «ДентАрт» тіс емханасында стоматолог-терапевт болудан басталды. Ісіне нық, білмеймін демейтін, өзіне сеніп тапсырылған істі шыр айналдырып алып кететін, алдына келген емделушілерге тиімді көмек көрсете білген жас аз ғана уақыт ішінде мол тәжірибе жинап үлгерді. Осы қызметті абыроймен атқарып келе жатқан Әділ Шайхималыұлы әскер қатарына шақырылды. Отан алдындағы азаматтық борышын өтеу – ер азамат үшін үлкен жауапкершілік, кейінге ысырылмас іс. Өз саласын жақсы көрсе де, келушілерге сапалы қызмет ету жолында барын салса да, өзінің азаматтық борышын бірінші орынға қоя білген Әділ 7 айлық медициналық қызметтен соң, Астана қаласына әскерге аттанып кете барды.
Әскер – түз тағысына салынатын тазыны жолға салып бүркітшінің ауыздағаны секілді, Отан үшін деп жүрегі соққан әр азаматтың үлкен азаматтық өмірге тұсауын кесетін, буынын қатайтып, жүректі жауынгер болуға тәрбиелейтін үлкен өмір мектебі. Осы өмір мектебінен Астана қаласындағы Ұлттық Ұланның елордалық жедел бригадасы 5573 әскери бөлімінде әскери дайындықтан өтіп, ұлттық ұран қатарында жүріп патриоттық сезім мен тәртіпке деген жауапкершілігі артты. Әскери борышын өтей келе, әскер қатарында сарбаз үшін тәртіп пен елжандылықтың басты қасиет екенін түсінген Әділ Шайхималыұлы ол жерде де өзінің жүректілігі мен шапшаңдығын қызмет барысында дәлелдей білді.
Қайнаудан шыныққан болаттай, әскерден мықты жігіт болып оралған Әділ Шайхималыұлы Отан алдындағы парызын өтеп елге келген соң, стоматологиялық қызметін қайта жалғастырды. «Көп уақыт өтпей, стоматолог-хирург болып тағайындалдым. Жұмысымды атқара отырып имплантация саласын бағындыруға мақсат қойып отырмын». - деп жауапкершілігі мол салада қызмет етіп келе жатқан Әділ Шайхималыұлы өзінің білім-біліктілігін арттыру жолында үнемі біліктілікті арттыру курстарына, ғылыми конференцияларға қатысып отырады. 2019 жылы International Centre Medical Education «Yes!» оқыту ұйымының «Тіс дәрігері» циклі бойынша стоматология медициналық бойынша қайта даярлық курсынан өтіп, Орал қаласында өткен хирург-имплантолог, дәрігер Чауш-Оглы Омар Исмаиловичтің семинарына қатысып, арнайы сертификатқа ие болған дәрігер-стоматолог Әділ Шайхималыұлы «Osstem» оқу орталығынан шеберлігін шыңдап, базалық курстан өтіп, сертификатын иеленді.
«Ер дәулеті – еңбекте» қандай ортаға барса да абырой биігіне көтеріле білген Әділ Шайхималыұлы көптеген жетістіктерге жетіп, адал атқарған қызметінің бағасы ретінде Алғыс хаттар, Дипломдармен марапатталды. Атап айтар болсақ:
- «Отан алдындағы борышын өтеу кезінде жауынгерлік міндеттерін адал атқарғаны үшін өзіне жүктелген тапсырмаларды үздік орындағаны, сондай-ақ, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде, Ұлттық Ұлан жауынгері ретінде үлгілі қызмет көрсеткені үшін» Мадақтама;
- 2017 жылы «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесінің өту аясында тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуі бойынша жауапкершілікпен қызметті атқару мен жеткен жетістіктері» үшін Мақтау Грамотасы;
- Сондай-ақ, қоғамдық жұмыстарға да белсене арласа жүріп, «Әскери борышын үлгілі орындағаны үшін және Қазақстан Республикасының Ұлттық Ұланының үлгілі-көрсетілімді оркестрі мен ән-би ансамблінің Тәуелсіздік пен тыныштық күзетінде 25 жыл» атты Гала-концертіне белсене қатысқаны үшін Мақтау грамотасы сынды марапаттардың иегері.
Қай саланың маманы болса да білікті болу – міндет, халыққа қызмет көрсету – парыз. Жас болса да медицина саласында қызмет етіп, жетістіктерге қол жеткізіп, ғылымның тереңіне шам алып түсіп, тұрғындарға сапалы қызмет көрсетіп келе жатқан Әділ Шайхималыұлы сынды елдің үміт артар ер-азаматтарының қатары көп болсын дегіміз келеді. Кейіпкеріміздің деніне саулық, отбасына амандық тілейміз!