Ынтымағы жарасқан отбасы
Елдің саулығы мен саламатын қамтамасыз етуде күрделі мамандықтың қыр-сырын терең меңгеріп қана қоймай, сол жолда үнемі ізденісінен танбайтын қажырлы жандардың үлгі-өнегесі ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатынын дәлелдейтін отбасылар мысалын алыстан іздемей-ақ айналамыздан табатынымыз шындық. Бүгін біз сөз еткелі отырған жандар берекелі шаңырақ астында айрандай ұйыған бір отбасының әкесі мен анасына айналып қана қоймай, бір салада қызмет атқаратын Нұржанов Серікбек Қабдығалымұлы мен Нұржанова Гульмира Табаракқызы.
![]()
Серікбек мырза 1962 жылдың қараша айының оныншы жұлдызында Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданы, Қаратал ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Әкесі – Нұржанов Қабдығалым Ұлы Отан соғысының ардагері, оқу ағарту ісінің майталманы, үлгілі педагог. Анасы – Серімжан Допайқызы балаларының бойына еңбекқорлықты, адалдық пен көркем мінезділікті сіңіре білген, білім алыңдар деп, оны жетілдіру жолында үнемі ізгілендіріп, шабыттандырып отырған жан. Кейіпкеріміз 1978 жылы Қаратал орта мектебін тәмамдап, еңбек жолын сол ауылдағы ауруханада от жағушы (кочегар) болудан бастайды. Мойнына алған жауапкершілікті мінсіз атқарып, міндеттеріне қылау түсірмеуге машықтанған Серікбек мырза еңбек жолын 1980-1982 жылдары совхозда жұмысшы болып қызмет етумен жалғастырады. Ата-ана алдындағы жауапкершілікті бәрінен жоғары санай білген жанашыр жан аталмыш жылдары науқас әкесіне қарайласып, анасына қолқабыс етеді. Әрбір ер азаматтың алдына жүктелген Отан алдындағы борышын Серікбек мырза 1982-1984 жылдары Совет әскері қатарында өтеп келеді. Үлгілі тәртібі, өнегелі тәрбиесі арқау болып, әскери комиссариат берген мінездемемен Өскемен медициналық училищесіне «Тіс технигі» мамандығына оқуға түседі. Жалынды жас бойындағы талантты осы ордалы білім ордасында жүріп көрсете білді десек артық айтпағандығымыз болар. Кейіпкеріміз өз кезегінде іргелі оқу орнындағы қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, спорт сайыстарынан жоғары орындарға ие болып, училищенің көркем-өнерпаздар үйірмесінің белсенді мүшесі, домбыра, гитарамен құйқылжыта ән салып көрермендерді баурап алған шығармашыл жандардың бірі болады. 1986 жылы училищенің толық курсын аяқтағаннан соң, Өскемен қаласындағы Облыстық стоматология емханасының ортопедиялық бөліміне мамандығы бойынша тіс технигі болып жұмысқа қабылданады. Серікбек мырза өз мамандығына деген ерекше ықыласын бәрінен жоғары қойған. Араға он жыл салып кейіпкеріміз біліктілігі мен тәжірибесін жинақтап, 1996 жылы Қарағанды қаласына қоныс аударуына байланысты жұмыс орнын ауыстырады. 1996-1999 жылдары Қарағанды қаласындағы ТНПО «Стоматология» бірлестігінің ортопедия бөлімшесінде тіс технигі болып жұмыс атқарып, халыққа стоматологиялық қызметін жасауды жалғастырады. 1999 жылы аталмыш мекеменің аты КГКП «Карагандинское ОСО» болып өзгереді. Серікбек мырза өрелі еңбектің арқасында 1999-2003 жылдары «Жүрек» клиникасында мамандығы бойынша тіс технигі қызметін жалғастырады.
![]()
Өмір атты айдында адам баласы жанына жақын іспен шұғылданған сайын шабыттана түседі десек артық айпағандығымыз болар. Қаншама жыл тіс технигі болып қызмет етіп жүрген жан, өз білімімен еңбек тәжірибесін теория жүзінде жалғастырмақ ниетте ұстаздық қызметке табан тірейді. 2003-2013 жылдары Қарағанды мемлекеттік медицина академиясы жанындағы медициналық колледжіне Тіс протездерін дайындау пәндерінің ұстазы болып қабылданады. Ұстаздық қызметте басқа қырынан танылып, жастарды тек қана болашақ мамандыққа баулып қоймай, зергерліктен де тәлім-тәрбие берді. Тиянақтылық пен ұқыптылықты жаны сүйетін жайсаң жан 2013-2018 жылдары ЖШС «Зуботехническая лаборатория» мекемесінде мамандығы бойынша жұмыс жасап, халыққа қызмет атқарды. Серікбек мырзаны арнайы Германия, Израиль, Ресей мемлекеттерінен іздеп келіп, тіс протездерін жасатып киген адамдар да болды.
Өн бойынан өнер тұнған кейіпкеріміздің өресі әрдайым биік бола білді. Сөзіміздің дәлелі, Серікбек мырза мемлекеттік мерекеге орай ҚММА атынан алғыс жарияланды;
- Дұрыс үйлестірілген іс-әрекеттерді орындағаны үшін, Азаматтық қорғаныс оқу-жаттығуы кезінде бағынысты бөлімшелерді шебер басқарғаны үшін «Құрмет грамотасы»;
- ҚММА жанындағы медициналық колледждің мемлекеттік аттестациядан сәтті өтуіне байланысты Диплом;
- Қарағанды қалалық мәслихатының педагогикалық қызме
![]()
тіндегі, өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі сіңірген еңбегі, мемлекеттік жастар саясатын дамытуға қосқан өлшеусіз үлесі үшін «Алғыс хат»;
- Шашка ойынынан I-II орын алғаны үшін ҚММА Диплом;
- № ҚММА волейбол жарысында ІІ орын алғаны үшін Диплом;
- Шаңғы жарысында 36-45 жас аралығындағы ІІІ орын үшін марапаттарға ие болғаны үшін Диплом берілді.
Серікбек мырзаның өмірлік жары, еңбек жолындағы әріптесі Нұржанова Гульмира Табаракқызы. Гульмира ханым 1966 жылдың желтоқсан айының төртінші жұлдызында дүниеге келген. Гульмира ханым еліміздің Шығыс өңіріндегі Қатонқарағай ауданы, Қызыл Жұлдыз ауылының тумасы. Бүгінде дәрігерлер Қарлығаш пен Нұрлан есімді ұл-қыздарынан немере сүйіп, тәрбиелеп отырған ата-әже. Қызығы сол қос балапаны да ата-ана жолын жалғастырып, Қарлығаш тіс технигі, педагог-психолог мамандығын игерсе, Нұрлан бүгінде тіс технигі, финансист, ағылшын тілінің мұғалімі, мемлекеттік жергілікті басқару сынды мамандықтардың иесі.
Гульмира ханым 1984 жылы Өрел орта мектебін үздік тәмамдап, болашақ мамандығына таңдау жасап, Өскемен жерінде орналасқан Өскемен медициналық училищесіне оқуға түсіп, 1987 жылы аталмыш оқу орнын ойдағыдай аяқтап «Тіс дәрігері» мамандығын иемденіп шығады. Алғаш еңбек жолына кіріскен жас маман 1987-1993 жылдар аралығында Өскемен қаласындағы Облыстық стоматологиялық емхананың профилактикалық бөлімшесінде тіс дәрігері болып қызмет атқарады. Білімін жалғастыру ниетте Гульмира ханым 1993 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина институтына оқуға түсіп, 1998 жылы «Жалпы тәжірибелі дәрігер-стоматолог» деген дипломды үздік деген бағамен алып шығады. Бір орында тұрақтамай мамандығын жетілдіру мақсатында кейіпкеріміз 1998-2000 жылдар аралығында Ортопедиялық стоматология кафедрасы жанынан 2 жылдық клиникалық ординатураны оқып шығады. Еңбек жолын 2000-2002 жылдар аралығында «Жүрек» клиникасында дәрігер-стоматолог болып жұмыс жасап жалғастырады. Гульмира ханымның отбасында білікті әрі тәжірибелі ұстаздар аз болмаған. Оған дәлел атасы Дүйсенбі Досбердіұлы «Ленин атындағы орденнің» иегері, латын, араб тілдерін жетік білген өте сауатты жан болып, Қызыл Жұлдыз ауылының қой өсіретін шаруашылығын басқарған, өз кезегінде халық жауы деп танылып кейін ақталған, қазақ халқының патриот ұлдарының бірі болған.
![]()
Әжесі – Тамаш Жайлаубайқызы Сұлтанмахмұт Торайғыровпен Шыңғыстай ауылында Абдикерим болыстың ашқан мектебінде бала оқытқан. Бұл сөздерді айту барысында кейіпкеріміз де өз өмірінде медицина саласына қарасты ұстаз болуды місе тұтып, 2002-2008 жылдар аралығында Қарағанды мемлекеттік медицина академиясы жанында орналасқан колледжде студенттерге Ортопедиялық стоматология мамандығы бойынша дәріс береді. Колледж қабырғасында ұстаздық қызметті абыроймен ала жүріп, жолдасы Серікбек мырза мен қыздары Қарлығашпен әріптес ретінде бірлесе отырып, оқу ағартушылық жұмыстар жасап, қазақ-орыс тілдерінде «Стандарты по технологии изготовления съёмных протезов», «Алмалы-салмалы протездерді дайындаудың протездері», «Тістердің сауытты бөлігінің анатомиясы және оларды пішіндеу негіздері» деген төрт оқу құралын жазып, баспадан жарық көрді.
Гульмира ханым 2005-2006 оқу жылында оқытушылар арасында болған конкурстан сүрінбей өтіп, «колледждің үздік оқытушысы» номинациясын иемденеді. Аталмыш жылдағы конкурста «колледждің үздік топ жетекшісі» атанып, жетекшілік еткен 301 КСО тобы «Үздік топ» атанады. Кейіпкеріміздің еңбек жолында өзгерістер еніп 2005-2013 жылдар аралығында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінде орта медициналық қызметкерлерін Аттестациялау жөнінде комиссия мүшесі болып сүбелі қызмет атқарады. 2008-2016 жылдары Қарағанды қаласындағы «Стома на Востоке» стоматологиялық клиникасында дәрігер-стоматолог болып қызметін жалғастырады. Гульмира ханым әмбебап дәрігер. Оның қолынан тістерді емдеу, жұлу, тіс протездерін салу, дентальды имплантация жасау, орнатылған имплантқа тіс салу, балалардың тістерін емдеу, плазмолифтинг сынды жұмыстарды шебер атқара алады. Сонымен қатар, 2016–2020 жылдар аралығында кейіпкеріміз Гиппократ медициналық фирмасында жұмыс атқарса, бүгінде Гульмира ханым «Таш-Дент» стоматологиясында жеке кәсіпкерлікпен шұғылданады. Қазақстан стоматологтар қауымдастығының мүшесі, Қазақстан имплантологтар ассосациясының мүшесі Гульмира дәрігер еш уақытта білімін жетілдіре түсуден қашқан емес. Сөзіміздің дәлелі, еліміздің білікті ғалымдарынан дәріс алып, көршілес Ресей, Украина, Америка, Израиль, Оңтүстік Кореядан келген әріптестермен білім мен білік тәжірибесін арттырғандығы. Тіс емдеу – зергерлік жұмыс. Кейіпкерімізге бұл қасиет ата-анасынан дарыған іспетті. Себебі әкесі – Табарак Дүйсенбіұлы темірден түйін түйген ұсташы болса, анасы – Жамал Тыштықбайқызы он саусағынан өнер тамған ісмер болған.
Гульмира Табаракқызының еңбегі еленбей қалған кездері болмаған. Әрдайым еңбегінің жемісін көріп жүрген азаматша өз кезегінде Қарағанды облысының стоматологиясына қосқан жоғары білікті еңбегі мен үлесі үшін КОСО грамотасымен;
![]()
- Жұмыстағы жоғары көрсеткішімен шығармашыл таланты және мамандыққа адалдығы үшін КОСО грамотасымен;
- Қарағанды қалалық мәслихатының педагогикалық қызметтегі еңбегі, жас ұрпақты тәрбиелеу, мемлекеттік жастар саясатын дамытуға қосқан үлесі үшін «Алғыс хатымен»;
- ҚММА жанындағы медициналық колледждің үздік оқытушысы грамотасымен;
- ҚММА жанындағы медициналық колледждің «Үздік медициналық колледж тобының үздік жетекшісі» грамотасымен;
- Мемлекеттік аттестациядан сәтті өтуіне байланысты грамотамен;
- ҚММА спартакиадаларында «Волейбол жарыстарында» ІІ орын алғаны үшін грамота;
- ҚММА спартакиадаларында «Ату жарыстарында» орын алғаны үшін арнайы грамотамен;
- «Ұстаздар күні» мерекесіне орай «Алғыс хатпен»;
- «Оқушылардың сәндік-қолданбалы өнер» көрмесіне белсенді қатысқаны үшін «Алғыс хатпен»;
- «Медициналық қызметкерлер күніне» орай «Алғыс хатпен»;
- ҚР Тәуелсіздік күніне орай арнайы «Алғыс хатпен»;
- «Адал еңбегі үшін» медицина қызметкерлері күніне арналған грамотасымен;
- «Стома на Востоке» ЖШС басшылығынан «Алғыс хатпен»;
- 2006-2007 оқу жылында «Табысты педагогикалық қызметі үшін» алғыс хатымен марапатталды.
Шыдамдылық, табандылық және жетістікке жетуге деген керемет ықылас кімді болсын биік шыңдарды бағындыруға жетелейтіндігі сөзсіз дүние. Осы ретте, мейірімді жүрекпен мейірбандылық танытып жүрген ұлы жүрек иелерінің еңбек жолына сәттілік, отбасына амандық, дендеріне саулық тілеп, Гульмира Табаракқызының басқарып отырған ұйымы әлі талай бел- белестерді бағындырары сөзсіз.
Болашақта отбасының дәрігерлер династиясы өз жалғасын табарына сенім білдіреміз!