Еңбектен тапқан абырой
Осынау мағыналы сөзді халқымыздың маңдайына біткен алып Абайдың «Аш қарын жұбана ма майлы ас жемей», - деген өлеңінен алып отырмыз. Абай ақын өмірдің көп мәнінің бірі – адал еңбек деп білген екен. Қарныңды тыр-тыр қасып жатқаннан гөрі, жат жерге кетіп, жалданып болса да мал тап дейді. Сонда ғана адам қатарына ілігетініңді меңзейді. Бүгінгі кейіпкеріміз
![]()
осы сөзімізге арқау болары анық.
Жұмыр басты әр пенде де тірлігінде мына жарық дүниенің қызық-қуанышын көп көрсем, бала-шағамның ортасында ұзақ жүрсем, айым оңымнан туып, жұлдызым жарқырап, жайнап тұрса дейді. Әйтеуір, әрдайым осындай оңды адами тілектің жетегінде болатынымыз рас қой. Мұндай тәтті қиялың мен ой-арманның жолы кейде қысқарып кесіліп те қалуы ғажап емес, әртүрлі сырқатқа бой алдырып, басыңа ауыр сын-сынақ түсуі де мүмкін. Сондайда шыбын жаныңа араша түсіп, ажалдың бетін қайтаратын дүниеде ғажайып маман иелері бар. Дәрігерлік қызметті кие тұтқан бүгінгі кейіпкеріміз Ұлттық медицина және Қазақстан Психо-аналитикалық Ассоциациясының мүшесі «Жан жылуы» психологиялық даму орталығының директоры Темірбаева Салима Сатылғанқызы.
Расымен «Біздің бақытымыздың оннан тоғызы денсаулыққа байланысты» деп Шопенгауэр айтқандай, адамның ең қымбат байлығы – денсаулық. Ал денсаулықтың қорғаны – дәрігер. Басымыз ауырып, балтырымыз сыздай қалса, ақ халаттыларды іздей бастаймыз ғой. Жаны ауырған әрбір адамға қол ұшын беруге дайын тұратын ізгі ниетті жандар ортамызда баршылық. Жағымды өмірдің қызығын
![]()
көруші жан, үлкен жетістікке жету жолында тіршіліктің сан саласын бастан кешкен. Ендеше, артқа сәл шегініс жасап, өткен күндерге көз жүгіртейік.
Салима Сатылғанқызы 1960 жылы қараша айының 20-шы жұлдызында Алматы облысы, Нарынқол ауданы, Сарыбастау ауылында дүниеге келген. Бала кезінен зерек, ұғымтал ол бастауыш сыныптан-ақ өзін санқилы қырынан көрсете бастады. Көп ұзамай алып шаһар Алматы қаласындағы №12 мектепті үздік бағамен аяқтап шығады. Адамдардың денсаулығын сақтап, кез келген жағдайда көмек қолын созуға даяр көңілі жомарт дәрігер болу кейіпкеріміздің үлкен арманы болатын. Дәрігердің еңбегі мен жұмсаған энергияның ең басты бағасы – ауру адамға көрсеткен көмегі. Бала кезден дәрігер болуды мақсат етіп, мектеп бітіре салысымен жас жеткіншек қыз арманның жетегімен 1979 жылы Алматы Медициналық институтына оқуға түседі. Медицина – жауапкершілігі мол, жүгі ауыр саланың бірі. Сол себепті кез келген адам біліктілік пен аса шыдамдылықты талап ететін жауапты мамандықты меңгеру оңай емес екенін мойындайды. Бұл саланың маңыздылығы сол, дәрігердің жұмыс барысында қателесуіне болмайды. Сол себепті ақ халатты абзал жандар үнемі тәжірибелік білімін жетілдіріп, ізденіс үстінде болып, өз саласында ем жүргізудің барлық тәсілін жетік меңгеруі міндетті. Салима да өз уақытында жан-жақты ізденіс арқасында қым-қуат қиын шақтарда барын салып, ізденуге тырысты. Студент кезде дәрігер қыздың батыл қадамдары мен мінезін көпшілік сырттай аңғаратын. Тіпті, оқытушылары да оған үлкен жұмыстарды сенім білдіріп, сеніп тапсыратын. Өзге қатарлас құрбылары секілді емес, өмірге ой торабы жетіскен, сана-сезімі ілкімді істерді көздейтін сауатты маман ретінде мына бір қылығынан да байқауға болатын шығар. Рухани жан азығын толықтыру үшін кітапханаға жиі барып, қолы қалт етсе кітап оқитын. Кітапхананың есігін тоздырып, сағаттап миына тоқитын білімнің ауадай қажет екендігін білсе керек. Кітаптың бетінің қалыңдығына емес, алдымен мазмұнына үңілетін. Жеке кітапханасын толықтырып, сауатын ашу үшін өзін шектеген емес.
![]()
Салима маңдай терімен келген дүниенің қадір-қасиетін жете түсінді. Сондықтан да болар еңбекке студент кезінен араласты. 1-курстан кейін санитарка болып, 3-курстан институттың соңына дейін мейірбике болып білімін тәжірибеге ұштастырды. Өзін-өзі көрсете білудің арқасында ұжымға тез сіңіп, тіл табысып, ширап, тәжірибе жинақтай бастайды. Студенттік кез көзді ашып-жұмғанша лезде өте шықты. Медицина институтын ойдағыдай бітіріп, өз саласына түбегейлі бет бұрды. Үлкен өмірге қанат қағады. Қызмет еткен жұмысыңды аңсап бару, қуанып қайту, өзіңнің не бітіргеніңді, енді не істейтініңді білу, бұл – нағыз мамандығын сүйген адамның ісі. Мейірімді жүрегі көп жандарға көмектескенді қалап тұратын кейіпкеріміз бұл мамандықты таңдағанына еш өкінбейді. Керісінше, кеудесін мақтаныш сезімі кернейді. Адам өмірін сақтап қалу құдды бір борышына айналғандай. Еңбек жолын 1985 жылы 362 әулие мекендеген киелі аймақ Маңғыстау өңірі, Жаңаөзен қаласындағы дәрігерлік амбулаториядан бастайды. Сонау Алматыдан жолдамамен келген жас маман бұл жерге тез сіңісіп, жауапкершілігі мен сауаттылығының арқасында тез игеріп кетеді. Үздік нәтиже көрсетіп, 3 жылдан соң бөлім меңгерушісі болады. Жас маманның айналасына сыйлы, қызметті ұстанымы көпшілікке ұнаған болуы керек. Бас дәрігердің орынбасары, ВТЭК басшысы лауазымына дейін көтеріледі. Ақ халатты абзал жан ретінде өзіне үміт артқан қаншама науқас жандарға олардың туған-туысқандарына көмек қолын созады. Таңнан қара кешке дейін жанына шипа іздеген науқастың қас-қабағына қарап, ем-домын жасайды. Кешкі кезекшілікте «жедел жәрдем» көлігінде хабарласқан адамдардың мекен-жайына барып, реанимациядағы науқастарды ауруханаға жеткізуге бар күшін сарып ететін.
Өз білгенінді біреуге үйрету, үлкен ғанибет. Сондай-ақ, бойға жиған бар білімді басқа адаммен бөлісу де сауабы мол іс. Осы қағиданы Салима Сатылғанқызы нық ұстанып, шәкірт тәрбиелеуді қолға алады. Тек қана адам емдеу емес, өзінен кейінгі дәрігер мамандарға білгенін үйретіп, білікті дәрігер болуларына жол ашады. Осылайша, интерн-практикант дәрігерлерді білімдерін жетілдіруді мақсатым деп білетін дәрігер жас мамандар даярлауда сүбелі үлес қосты.
![]()
Маңғыстау – кім-кімді де қызықтырып әкететін, терең тарихи өлке. Қазір егемен еліміздің ең бай өңірі, экономикалық даму тұрғысынан көшбасшы болып отырған қазыналы «Жеті жұрт келіп, жеті жұрт кеткен» киелі өңірде 10 жылдай еңбек етті. Өміріне жетерлік тәжірибемен алмасып, көп ұзамай жоғары дәрежелі дәрігер-терапевт мәртебесін алды. Қызметінде алға өрлеп, биік белестерді бағындыруына себепші болған ол осынау өңірге, алғашқы еңбек жолын бастаған жұмыс орнына, өзімен қызметтес болған әріптестеріне алғысын жаудырып, отбасымен оңтүстікке бет алады. Бәлкім, туған жерін жақын көріп, отбасымен тұруға қолайлы дегені шығар. 1995 жылы Алматы қаласына отбасымен қоныс аударады. Қызметінен қол үзгісі келмейтін кейіпкер еңбек жолын Тастақ шағын ауданының №8 қалалық емханасында жалғастырады. Әрине, Тастақ ауданының тұрғындары Салима Сатылғанқызын қуана қарсы алды. Кішігірім аймақта медицина институтына түсіп, адам өміріне араша түсетін нағыз өз ісінің маманы жеткіліксіз болатын. Дәрігерге бұл жерді де жатсынбай, бірден адамдарға ем қабылдауға кірісті.
Әйел – отбасының ұйытқысы, тыныштықтың шырақшысы. Кейіпкеріміздің алып жүрген қызметі бір төбе болса, шаңырағының түтінін түзу түтетіп, айрандай ұйып отырған отбасының сәулесі іспеттес екендігін де айта кеткен жөн. Білікті маман дана әйел ғана қызметі мен отбасын қатар алып жүретіндігін жақсы түсінеді. Бүгінде Бозжігіт мырзамен отау құрып, шаңырақ көтергендеріне 40 жылдай болды. Кәсібінде береке тауып отырған кейіпкеріміздің отбасы да көпке үлгі. Барға – шүкіршілік, жоққа – сабыр, азға – қанағат ететін қасиеттерінің арқасында үлкен іргелі шаңыраққа айналды. Әрине, тек екеуінің соқа басы ғана емес, тәңір нәсіп еткен балаларымен бірге жетілді. «Бақыттың төресі – бала сүю» дейді ғой халық даналығы. Өйткені, бала – бауыр етің, түтініңді түтетер,
![]()
тамырыңды таратар болашағың, арманыңа жетелер басты мұратың. Өмір қуанышың, көңіл мақтанышың. Қызықтап қуанарың. Мамандығының майын тамызып, шаңырағының ұйтқысы болып отырған аяулы жар отағасымен алтын асықтай 3 ұл сүйді. Саналы ұрпақ тәрбиелеп отырған мәуелі бәйтерек десек те жарасады. Бүгінде ұлдары ер жетіп, әр салада абыройлы қызмет атқарып жүр. Үлкен ұлы – Ернар мұнай саласында қызмет атқарса, екінші ұлы – Ержайнақ ішкі тәртіпті сақтайтын прокурор, ал кішісі – Еділ заман талабына сай программист мамандығын алған. Қазіргі таңда, Ұлттық Армияда программист, аға лейтенант. Бұл әулетті көңілдері суат болып тасып, ниеттері шуақ шашып, ықыластары арнасынан асқан, ынтымағы жарасқан жандар десек артық болмас. Бүгінде ұлдары өз алдарына отау тігіп, немере сүйіп, дидарлы әже атанып отыр.
Салима Сатылғанқызының еңбегіне көпшілік әлдеқашан жоғары бағасын беріп қойған. Бірнеше рет мақтау грамотасымен, құнды сыйлықтармен және ақшалайда сый-сияпатқа бөленді. Төңірегіне арай төгіп, халқынан алғыс алған азаматшаның беделі асқақтады. Шаруасының тасын өрге домалатып, кәсібі алға жылжығаннан кейін тек бір саламен шектеп қалу белгілі бір деңгейде дамуына кері әсер етеді. Сондықтан да білімді жан-жақты дамытып отырған дұрыс. Араға 4 жыл салып, білімін жетілдіру үшін АГИУВ-тың (Алматинский государственный институт у совершенствования врачей) курсын оқиды. Аталмыш курстан психиатрия және психологияны жетік меңгерді. 10 жылдан астам уақыт шәкірт тәрбиелеп, Алматы қаласы Рузуддинов медициналық стоматологиялық колледжінде, С.Асфендияров мединститутында психология және медицина аға оқытушы болып қызмет атқарды. Қазақстанның барлық қалаларына сапарлап, түкпір-түкпірдегі ауыл-аймақтарға дейін барды. Рухани жаңғыру саласында 10 жылға жуық уақыт семинарлар, тренингтер өткізді. Қатысушылар пайдалы ақпараттардан соң өмірлерінде орын алған тамаша өзгерістер барын жасырмады. Мұның өзі жеңіспен пара-пар. Жас психолог мамандарға біліктілікті жетілдіру үшін үйрететін курстары тағы бар. Бұл бағытта да жеткен жетістіктері ұшаң-теңіз. Басты мақсат – жас мамандарға көмек көрсету және ұжымда психологиялық ахуал қалыптастыру, кәсіби құлшынысын арттыру, жігерлендіріп көңіл-күйін көтеру.
«Еңбек еткеннің ісі – оң, бағыты мұратты» деп бекер айтылмаса керек. Осы уақытқа дейін маңдайы жерге тимей жүгірген еңбегі
![]()
бағаланып, 2018 жылы «Білім беру саласының үздігі» медалімен марапатталды. Қазіргі таңда, Ұлттық медицина және Қазақстан Психо-аналитикалық Ассоциациясының мүшесі. Мінез-құлқында ауытқуы бар балалар және ересек жандарға арналған «Жан жылуы» психологиялық даму орталығы бар. Жас мамандардың психологиялық білімдерін дамыту және жетілдіру саласында аянбай еңбек етуде. Білім алушының және ұжымның жалпы психикалық, әлеуметтік және психологиялық дамуын бақылау, жас және жеке психологиялық мүмкіндіктерінің дамуына қолайлы жағдай туғызу мақсатында жұмыстанып келеді. Бүгінде мұндай орталықтарға екінің бірі зәру. Халқына пайдалы ілімнің оң септігін тигізетіндігін әбден ойласа керек. Сұраныс жоғары. Жекелей және топтық психотерапия жүргізеді. Ол алдымен бір Аллаға, қала берді ақылына, ары-бері ойланып қолға алған ісінің нәтиже беретініне имандай сеніп, әрекет етті. Қазір бейнеттің зейнетін көріп отыр.
Дәрігер-эксперт – бұл жан-жақты әрі қызықты жұмыс. Жас мамандарға көп жылдан бері жинаған тәжірибесін үйретіп келеді. Қаралушыларымен сөйлесіп медициналық қызметтің олқы тұстары туралы ой бөліседі. Заман талабына орай медициналық көмек көрсетудің сапасын арттыруға барынша үлес қосқысы келетіндігін жасырмады. Әрине, осындай берері көп нағыз білікті маманның шәкірттері де осал болмасы анық.
- «Дәрігер мамандығының қыр-сырын қанық біліп, анық сол жолды таңдау үшін үлкен жүрек керек. Ақ халатты киіп алу шарт емес, әрбір дәрігер адам өмірінің арашашысы екендігін білуге тиіс», – дейді ел тілегін жанына демеу етіп, Гиппократ антына адал дәрігер.Бағалай білген кісілерге медицина қызметкерлерінің тұғыры таймас биік тұлға. Жалпы, медицина қызметкері болу адамға жарық сыйлау деген сөз іспетті. Сондықтан, тек ісімен ғана емес жүрегімен емдей білетін Салима ханым сияқты ақ халатты абзал жандарымыз көп болса екен деп тілейміз.
Отбасыңызда ырыс-береке молайып, ғұмырыңыз бақытты болсын!