Биік белесте
Адамның қолынан келмейтін іс жоқ. Адам алдына мақсат қойып, оған жету жолында түрлі кедергілерді жеңіп өтуі шарт. Олай болмаған жағдайда мақсат та, арман да жәй ғана қиял болып қалады. Иә, әр адам өз елінің өркендеуіне үлесін қосады. Отаны үшін бар
![]()
күш-жігерін жұмсаған адамның ерен еңбектерін кейінгі ұрпақта үлгі етеді. Мира Мырзабайқызы өзінің нәзік болмысына қарамастан ер мінезді, талай істі атқарған жан. Оның жаны жаңалыққа құмар. Жан-дүниесі шартарапты аралап кетеді. Бір ғана ой, бір ғана іс оны жалықтырып жіберетіндей. Бірде туған жердің топырағын аңсап келсе, келесіде тарихы бөтен, салты бөлек, діні мен тілі бөлек басқа әлемнің ортасында жүреді. Шығармашылыққа жақын жан сол көрген-білгендерін көңіліне тоқып, күнделігіне жазып жүреді.
Бакибаева Мира Мырзабайқызы Қызылорда облысы, Жаңа Қазалы станциясында 1976 жылы дүниеге келген. Алматы қаласында «Экономика» саласы және «Дінтанушы-теолог» мамандығы бойынша жоғары оқу орындарын тәмамдаған.
Мира 1998-2001 жылдар аралығында Алматы облыстық территориялдық орман және биоресурстар жөніндегі басқармада кадр бөлімінде қызмет атқарды. 2001 жылы Түркия еліндегі Халықаралық «EKSIM» холдингінің Қазақстандағы «INTER TRADE» жеке шаруа серіктестігінде менеджер маманынан басшылық қызметке дейін жоғарылап, 2012 жылға дейін басшылық қызметті абыроймен атқарды.
1997-1998 жылдары тарихи шежіре және дін тақырыптарына қызығушылығы артып, өз бетінше ізденуді бастады. Ізденіс барысында әлемнің түрлі елдері мен қалаларына саяхаттаған. 1998 жылы тарихы терең қалалар Отырар, Түркістан, Ташкент өңірлерін аралады. 2005 жылы Мекке-Мәдинеге жол тартып, қасиетті Құран түскен Нұр тауы мен Сәуір тауларына саяхаттады. 2006 жылы Палестина, Израиль орталығы Иерусалимге табан тіреп, одан әрі
![]()
Тель-Авив, Эльад, Лод қалаларында болды. Мысыр жеріндегі Каир қаласы мен Мұса ғ.с. Алла-Тағаламен сөйлескен Тур және Синай тарихи тауларын аралады. Иран мемлекетіндегі Тегеран, Исфахан, Қом, Қоашан, Үндістанның Дели, Бангалор қалаларында болып, ізденді. Шығыстағы Қытай мемлекетіне де саяхат құрды.
Ол 2003 жылы қызмет бабымен Еуразиялық экономикалық қауымдастықтың (ЕурАзЭҚ) Интеграциялық Комитетінің штаб-пәтері Мәскеу қаласында өткен екінші форумының жиынына қатысты. 2006 жылы өзін-өзі жетілдіру мақсатында «Родина» білім беру орталығында оқып, психолог-практик мамандығы бойынша толық білім алды. 2007 жылы әлемдік білім беру саласындағы «Erickson International (Canada) профессионал-коуч» орталығының модульдік курсын толық аяқтап, «Erickson Solution Focused Coach Certificate» (ESFCC) және «Accreditied Coash Traning Program International Coach Federatin» атты сертификаттармен марапатталып, «Coach Qualification» квалификациясын иеленді. 2008 жылы Шет тілдер және іскерлік карьера университетінің «Тарих» және «Дінтану» мамандықтары бойынша теолог мамандығын иемденді.
2014-2015 жылдары ізденіс үстінде шетел мемлекеттеріндегі танымал ұстаздардан нумерология, астрология, кармология, Цигун сынды түрлі ілім-білімдерді игерді.
2017 жылдан бері өмірден көргендері мен жиған білімдерін және түйген ойларын Instagram парақшасы арқылы жалпы жұртпен бөлісуде. Қазақ қыз-келіншектерінің құқықтарын қорғауға бағытталған дәрістерімен кең танымал. Ұлттық салт-дәстүріміз бен байырғы дала заңымызды сонымен қатар, дін және психология ілімдерін ұштастырып олардың дұрыс және бұрыс тұстарын айқындап насихаттап жүр.
2021 жылдан Түркия мемлекетінің Алания қаласындағы Қазақстан мәдениет және білім қауымдастығының мүшесі болды. 2021 жылы «Адам өз өмірін өзі игеруі шарт» деген мақсатпен «Ниет» атты туындысы жарық көріп, қазақ қоғамына жол тартты. 2021 жылы дін мен дәстүрді байланыстырып, адам ақысы туралы және қыз-келіншектердің құқықтарын қорғау мәселелерін ескере отырып, «Ханым хақысы» кітабы жарыққа шықты. 2021 жылы халықты ояту мақсатында философиялық ойларының жиынтығын «Оян, адам!» деген атпен кітап етіп шығарды.
Қазақта қайсар қыздар көп. Мира сол қайсар қазақ қыздарының жалғасы. Бойындағы таусылмас табандылық пен қайрат-жігерінің арқасында биік белестерді бағындырып келеді. Оның өмір жолындағы жеңістері мен жемісі көпті сүйсінтеді. Қаламы қарымды қаламгер ретінде ол өз ортасында ғана емес тұтас қазақ елінің мақтанышы деуге әбден-ақ лайықты!