Ердешбаева Роза

Рейтинг:

Ердешбаева Роза

      Дүниеде еңбегі ештеңемен өлшенбейтін, бүкіл адамзат иелері бас иетін бір мамандық иесі болса, ол әрине – дәрігер. Адам өмірінің арашашысы болып жүрген әр дәрігер қоғам алдында ерекше құрмет пен мәртебеге лайық. Дертімен арпалысқан әр жанға дауа болып, ажалмен бетпе-бет келген тағдырларды аман сақтап қалатын бүгінгі күннің қаһармандары да солар. Бар білімі мен күш-жігерін адамдардың денсаулығын сақтау мен нығайтуға, қауіптің алдын-алуға арнайтын медицинаның қай саласы болмасын қоғамға керек. Сындарлы сынақтардан тұратын адам өмірін ақ халатты абзал жандардың еңбегінсіз елестету мүмкін емес. Нағыз мықты дәрігер тек адам тәнін емдеп қоймайды, сонымен қатар, оған моральдық қолдау көрсете алатын мықты психолог та бола алады. Осынау қиын да қастерлі мамандық иелеренің өмір жолының өзі – көпке өнеге. Өмір үшін жанталасқан жанның жүрегіне жылылық орнатып, бойына шипа дарытуға саналы жылдарын сарп еткен күрескер жандар аз емес. Соның бірі адам денсаулығын сақтау саласына сара жолын салып келе жатқан Роза Мадибекқызы.
      Заман көші ілгерілеген сайын медицинаның салалары мен мүмкіндіктері молайып келеді. Роза ханым қоғамның ажырамас бөлігі болып саналатын ана мен бала денсаулығына жауапты маман. Қазіргі заманғы акушер-гинеколог аяқталған жоғары медициналық білімі бар сұраныстағы маман. Ол жүктілік кезінде жүгінген әйел адамдарға көмек көрсетіп, босану процесінде және босанғаннан кейінгі қызмет көрсетуге ғана ат салысып қоймай, сәби мен әйел ағзасының физиологиялық және патологиялық жағдайына да жауапты. Бір сөзбен айтқанда, сан салалы медицинаның ең бір қажетті әрі өте жауапты бөлшегі. Бұл кәсіпті таңдау үшін адамға үлкен жүректілік пен қайсарлық керек екені даусыз. 
      Ердешбаева Роза Мадибекқызы өзгелерге өмір сыйлай отырып, өз өмірін өнегемен өрнектеген маман иесі. Ол 1984 жылы киелі Қызылорда облысында дүниеге келіп, сұлу Сырдың бойында білім алып, бой жетеді. Мектеп табалдырығын аттаған 1991 жылдан бастап алғыр әрі зерек оқушы болып, қатарластарынан оқ бойы озық жүрген бала Роза, ересек өмірде де еліне елеулі азаматшаға айналды. Жас күнінен қоғамдық шараларда белсенділік танытып, ұстаздарының ықыласына бөленіп өседі. Үй ішінде де ата-анасына қолғабыс етіп, болашағынан көп үміт күттірерлік өрен екенін байқата білді. Орыс-қазақ мектебінің орыс сыныбын үздік тәмамдаған жас түлек 2001 жылы Оңтүстік Қазақстан Медицина Академиясына оқуға түседі. Студент Роза емдеу факультетінің озық білім алушыларының қатарынан көрініп, адамзат өміріндегі ең ізгі мамандықты меңгеру жолында аянып қалған жоқ. Табанды, үнемі артық білуге талпынып, талаптанып тұратын мінезінің арқасында жауапкершілігі басым салаға шын жүрегімен бет бұрды. Студент Розаның бойында басқаларға ұқсамайтын ерекше қасиеті бар болатын. Адамдарға көмектесуді өмірлік миссиясы санайтын болашақ дәрігер балаларды өте қатты жақсы көретін. Бала кезінен көпшіл, кішіпейіл болып өскен ол мамандығын да жаңылмай таңдапты. 2008 жылы өзі оқыған жоғарғы оқу орнын өте жақсы бағамен бітіріп, акушер-гинеколог мамандығын алып шықты. Содан бастап ол талай ана мен баланың өміріне араша болып, қаншама сәбидің жарық дүние есігін ашуына себепші болып келеді. Жер бетінде ешбір мамандықтың оңайы немесе маңызы төмен болмайтыны анық. Алайда, табиғаттың ең ұлы заңына қатысып, ұрпақтар сабақтастығын жалғап, ана мен бала өміріне жауапты болудың жүгі әлдеқайда ауыр екені айтпаса да түсінікті. Роза Мадибекқызы – пайдадан арын, мансаптан мамандығын, өзінен өзгелердің өмірін биік қоя білген ақ халатты абзал жан. 
      Өзінің өмірлік серігін жаңылмай жолықтарған жас бойжеткен 2005 жылы тұрмыс құрады. Отбасылық өмір деген белеске бірге қадам басқан ол зайыбымен бүгінде үш перзентті тәрбиелеп отырған үлгілі ата-ана. Жұбайы да оны үнемі қолдап, қиындық пен қуанышта қатар демеп келеді. Осындай махаббат пен мейірімнің жылы ұясында өсіп жатқан Шырын, Дарын, Дамина есімді балдырғандардың да бойында жақсы қасиеттердің қалыптасып жатқаны сөзсіз. Кейіпкеріміз жұмыстан тыс уақытында балаларымен уақыт өткізіп, олардың қызығушылықтарына көңіл бөлгенді, отбасылық демалыс ұйымдастырғанды жақсы көреді. «Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен ана» деген әдемі тіркес дәл Роза ханымға арнап айтылғандай. Өз жүрегінің кеңдігі мен мамандығына деген махаббат Роза ханымды әрдайым жаңа биіктерге жетелеп келеді. Оның ашық-жарқын жайдары қалпы мен өте әділ мінезі әріптестеріне де жақсы таныс. 
      - «Табиғат әйел затына тылсым әрі теңдессіз бақыт берген. Біз дүниеге перзент әкелу деген абыройлы жүкті көтеруші, адамзаттың ұлы көшін жалғастырушымыз. Мен өзім де - анамын. Сондықтан, сәбилі болуды күтіп жүрген жандарға тек дәрігер ретінде ғана қарамаймын. Мен олардың әрқайсысына рухани серік болып, достық қолдау көрсеткім келеді. Әр ана өмірге дені сау, мықты ұрпақ алып келсе екен деген тілекпен жұмыс істеймін. Қолдарына сәбиін алып еміренген анаға, бүлдіршіндерін көріп қуанған отбасыларға қарап жұмыстың барлық ауыртпалығын ұмытып кетуге болады», - дейді білікті дәрігер. Өзінің алғашқы еңбек жолын бастаған жылдан бастап-ақ жас дәрігер өз міндетін мүлтіксіз әрі құлшыныспен атқаруға тырысты. Гинеколог-репродуктолог болып жұмыс істеп жүріп, ол өзінің еңбек жолына жетерлік мол тәжірибе жинады. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін салаға шын жүрегімен кіріскен дәрігердің біліктілігі күн өткен сайын шыңдала түсті. Сол жылдары Қазақстан жоғары оқу орындарының студенттеріне шет елдерде білім алуына мүмкіндік беретін бағдарлама арқылы Израиль мемлекетіне және Мәскеу қаласына барып тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды. Кәсібилігін арттыруға берілген бұл мүмкіндікті оңтайлы пайдалана білген Роза ханым осы жылдарын біліктілігін арттыруға бағыттайды. Шеберлігін шыңдап келген дәрігер елімізге оралып «Үздік гинеколог» атағына ие болды. Қызметтегі биік жетістігімен шектеліп қалмай, дәрігер өзін ғылым саласы бойынша да сынап көреді. Талмай ізденіс пен тынымсыз талпыныстың арқасында магистр дәрежесінен кейін, 2018 жылы PhD докторлық атағын қорғап шығады. 
      Роза ханым ешқашан ерінбейтін еңбекқор жан. Еңбекке деген құлшыныс – оның жұмысында ғана емес, күнделікті өмір салтына айналған. Дәрігерге дүниедегі ең қымбат нәрсе – денсаулық деген ұлы қазына тапсырылады. Роза ханым да мейірімділікпен, ізгілікпен, жігерлілікпен өзінің бар білім мен іскерлігін, жан дүниесін осы салаға бағыттаған. Үнемі өзінің кәсіби біліктілігін арттырып, зор ықыласпен өзінің саласына сәйкес ғылыми еңбектерді тынымсыз ақтарып, теорияны тәжірибемен ұштастыра білген дәрігер үшін әр адамның тәні мен жанына қатар шипа дарыту – бұлжымайтын қағида. 
      Ана мен бала денсаулығы – қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі. Ұлт байлығын сақтауда Роза Мадибекқызының қосып отырған үлесі аз емес. Ол ұзақ жылдар бойы жинаған тәжірибесі мен кәсіби қабілетін ұштастыра отырып бүгінде жеке клиникасын ашып, басқарып отыр. Мемлекеттің басты байлығы саналатын халық санының өсуіне жағдай жасап, ана мен бала саулығына жағдай жасайтын гинекологиялық орталықтың қазіргі тынысы көңіл қуантарлық. Аталмыш орталықта ең білікті кадрлар қызмет көрсетіп, заманауи технологиялық жабдықтар қолданылады. Орталықта тек жүкті әйелдер мен жаңа туылған сәбилерге ғана емес жалпы қыз балалардың денсаулығын жақсарту, тексеру, кеңес беру және профилактикалық шаралар жасау да қарастырылған. Мамандығын жетік меңгерген дәрігерлер келушілерге дәл диагноз қойып қажетті шараларды дер кезінде қолдануға дағдыланған. Бұл жерде процедуралардан кейінгі физиоемдеу және қалпына келтіру қызметтері де көрсетіледі. Орталықта емдеу-диагностикалық шараларын мүлтіксіз орындап көптеген қауіпті аурулармен де күресіп келеді. Роза Мадибекқызы негізін қалаған жеке клиникада бейнеэндоскопиялық аппаратуралармен, лапаротомиялық жолмен шұғыл дәрігерлік жәрдем беріп және қала халқына жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетіледі. Мекеме халықаралық стандарттар мен талаптарға сай жұмыс істейтінін де ескеру керек. Гинекологиялық бөлімше амбулаториялық қабылдауға және күрделілігі түрлі деңгейдегі гинекологиялық оталар жасауға бағытталып жабдықталған. Бөлімшеде емделушілердің отадан кейін жақсы тынығып оңалуы үшін бір кісілік жайлы палаталар қарастырылған. Ұжымдағылар науқастарды оңалу процессіне де бейжай қарамайды. Білікті дәрігерлер қыз-келіншектерге түрлі кеңестер беріп, денсаулығын ұдайы бақылауда ұстауға тырысады. Роза ханымның өз мамандығына деген адалдығы, жұмысына деген жауапкершілігі және көшбасшылық қабілеттерінің арқасында осындай мықты орталық халық игілігі үшін жұмыс істеп келеді. Әйел затының нәзік болмысын танып, оның табиғи ерекшеліктерін терең зерттеп, өзіне жүгінген әр жанға шынайы көмек көрсетуді өмірлік мұратына айналдырған басшыға тұтас ұжым мүшелері де дән риза. Адам жаны мен тәнін қатар емдеп, тағдырына жауапты болатын дәрігер деген мамандықтың жүгі қаншалықты ауыр болса, дәрігерлік қызмет көрсететін үлкен ұжымды ұйыстырып, ұйымдастыра білу де үлкен шеберлік пен шыдамдылықты талап етеді. Әріптестерінің арасында сыйлы, жұмыста нағыз кәсіпқой маман бола жүріп, ол өмірде адамзаттың бәрін өзіне бауыр санайтын мейірбан жан. «Шетелдік тәжірибеден өтіп, басқа елдерді аралап жүргенде қыз-келіншектерге жасалатын жағдай, ана мен бала денсаулығы үшін көрсетілетін көмектің деңгейін көріп қатты таң қалдым. Алтын құрсақты әр ана жүктілікке дейін де, кейін де ерекше күтім мен көмекті қажет ететіні түсінікті. Сондықтан, елге оралып, тәжірибемді шыңдаған соң сапалы қызмет ұсынатын жеке гинекологиялық орталық ашуды өзіме мақсат етіп қойдым. Мәселе, бұл қызмет түрінің ұдайы өзекті және сұраныста болуында емес. Мен өз елімізде ана мен балаға жақсы жағдай жасалуына алаңдаушылық білдіргендіктен осындай қадамға бардым. Бір жағынан бұл менің дәрігерлік парызым», - дейді Роза ханым. Жалпы алғанда, клиниканың санитарлық жағдайы, қызмет көрсету сапасы және келушілерге ұсынылатын медициналық көмектің деңгейі өте жоғары. Сондықтан, қаншама ана мен сәбилі болған шаңырақ иелерінің алғысына бөленіп келе жатқан дәрігер өзінің ізгі мақсатына жетті десек те болады.  
      Кез келген өркениетті мемлекеттегі аса маңызды қоғамдық саланың бірі – медицина саласы. Себебі, әр елдің басты байлығы саналатын халықтың денсаулығы мықты болмай – мемлекеттің мықты болуы мүмкін емес. Оның ішінде, ана мен бала жағдайы жақсы елдің – болашағы да жарқын болады. Статистикаға сәйкес, әрбір екінші әйел гинекологиялық науқасқа шалдықса, әрбір бесінші әйелге онкологиялық патологияға диагностика жасалынады екен. Ұрпақ саулығы, ұлт келешегінің кемел болуы - әйел денсаулығынан басталатыны сөзсіз. Осы өзектілігі төмендемейтін өмірлік маңызы бар мәселені шешуге адам ретінде де, маман ретінде де үлесін қосып жүрген Роза Ердешбаева елеулі еңбек етіп келеді. Еңбек етпей бақытты өмір сүру мүмкін емес. Ал, жаның сүйетін іс өзгелерге пайдалы болса, одан асқан бақыт жоқ шығар. Жүрегінің жылуы мен кәсіби қабілетін қатар ұстап өзгелерге жәрдем беру – оның азаматтық қағидасына айналған. Антына адал абзал жанның алдағы кәсібіне де, өмір жолына да тек жақсылықтар тілейміз!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...