Ел саулығын ойлаған дәрігер
Медицина – адамзатпен бірге жасап, дамып, түрленіп келе жатқан, өлмейтін мамандықтардың бірі. Ал сол нәзік әрі мамандарынан жүректілік бен сабырлылық, төзімділікті, дер кезінде шешім қабылдауды талап ететін саланың қызметкерлері туралы айту, жазу әрі мақтаныш, әрі абырой. Дәрігер ісі ең жауапты, қиын сондай-ақ адалдықты қажет ететін маман иесі екенін бәріміз жақсы білеміз. Сырқаттанып, ем іздеген талайдың дертіне дауа, көңіліне демеу бола білген, күндіз-түні адам жанының арашашысы болып жүрген ізгілікті маман иелеріне қандай мақтау мен марапат айтсақ та жарасады. Ақ халатты абзал жандар осынау ізгі жандардың науқастарды емдеуде, оларды ауруынан айықтыру жолындағы еңбектері айтарлықтай зор. Жабырқау жанның пәсейген көңілін көтеріп, дертіне дауа іздегенге жаздың жылылығындай пейіл танытып, ерекше көңіл сыйлай білетін, ізгі амалдар мен ізденіс-әрекеттерден жалықпаған жанның бірі деп Жалымбетов Құдайберген Ысқақұлын айтар едік.
![]()
Жаңаөзен халқының денсаулығын сақтауына өзіндік қолтаңбасын қалдырып үлгерген, 2004 жылдан бері қала тұрғындары үшін сапалы қызмет етіп келе жатқан, «Жалымбетов медициналық орталығы» басшысы Құдайберген Ысқақұлы 1950 жылдың 22 қаңтарында Қызылорда облысы, Арал ауданы, Қоскемпір ауылында дүниеге келді. Тарих тасында таңбасы қалып, талай жазушының қаламына арқау болған, сонау жылдардан тіршілік қазаны қайнап келе жатқан Арал өңірінде бақытты балалығын өткізіп, ақ сазаны бауырын балдырына жалатқан құтты мекеннің үмітін арқалайтын балалардың бірі бола білді. Білім ордасының табалдырығын, төскейі малға, төсі жанға толы, суырған құмында береке мен құт қонған Ақасты елді мекеніндегі бастауыш мектебінде аттады. Сол жылдардағы ел экономикасының негізгі тірегі болған колхоздар мен совхоз шаруашылықтарының айдарынан жел есіп тұрған жылдары Ақбасты өңірі де төрт түлік мал мен қысты күні мұз астында тынышып жатса да, жазда ақ бас толқындары жағаға ұрған балық шаруашылығының ортасы еді.
Жалаң аяқ ауыл төсінде жүгіріп өскен балада арман бар ма, қойдың кезегіне бару, өрістен сауынды түйені әкелу, қора тазалау, малды жайғастыру, малға азық-шөп дайындау, отын жинау, су тасу, құдық аршу бала Құдайбергеннің басынан өтті. Ойын баласының қызығы басылмай, көбінесе жаз бойы теңіз үстінде балық аулау, суға шомылу, қаздың балапанын ұстау сияқты істермен айналысуға кететін. Кейде ашулы бурадай буырқанып тулап, кейде шабытты ақынның отты өлеңіне арқау болар түр танытып, бақыты мен берекесін ішіне бұғып жатқан Арал теңізі кейіпкеріміздің балалық шағының куәсі болды. 1967 жылы мектепті бітірген соң 2 жылы ат тасушы болып жұмыс жасады. Сыныптасы Төремұраттың әкесі Мырзалы ағаның қарамағында почтальон болып газет-журнал, хат тасыды. Сол кездегі серіктесі болған Сматұлы Ахмедулла бұрынғы Арал қаласының әкімі болып қызмет атқарып, қаланың дамуына көп үлес қосса, талай ауыр сөмкелер арқаласқан екінші жолдасы Өтениязұлы Орынбай - милиция подполковнигі.
![]()
Арман – түлек талғамайды, басқаша айтсақ, арман – ұшамын деген сұңқарға қанат бітіріп, шабамын деген жігітке арғымақ болатын, талапты жанды төр биігіне шығаратын, ұмтылғанды ұлар шыңдағы шыңға алып шығатын ерекше нәрсе. Бала кезінен ізденгіш, еңбекқор, талапкер бола білген Құдайберген де алдына арман-мақсат қойып, арманға жету жолында аянып қалмады. Нәтижесінде, 1969 жыл Алматы мемлекеттік медицина институтының «Емдеу ісі» факультетіне түсіп, институтты жоғары шәкіртақы алып, жақсыға бітірді.
- «Рас, жан алқымға келгенде Жаратқанға жалбарынатынымыз бар. Алладан кейін қу жанымызды ақ халатты абзал жандарға аманаттаймыз. Соларға сенеміз. Жанымыздың амандығын жаратушыдан сұрап жалбарынсақ, дұрыс шипа-емін жасайтын ақ халат киген дәрігерге үміт арта қараймыз. Адам тағдыры қолдарына табысталғанын асқан төзімділікпен қабылдап, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын абзал жандар қашан да елдің құрметіне бөленеді. Өзінің ісіне жауапкершілікпен қоса алдына келген дерттіге асқан жанашырлықпен қарайтын дәрігерге еріксіз бас иетінің рас. Дәрігер деген кең ұғым, қастерлі мамандық десек, олардың атқаратын жұмыстары да ауқымды. Қызығы мен шыжығы қатар жүретін осынау маңызды салаға бүкіл өмірін арнап келе жатқан абзал жандар жайлы кеңінен тарқатып жазуға болады. Анығында нағыз дәрігер сырқаттың тәнін ғана емес, сондай-ақ жанын да емдейді», - дейді.
Міне, осындай адамзат үшін маңызды саланың маманы бола білген Құдайберген Ысқақұлының алғашқы еңбек жолы Жаңаөзен қаласында басталды. Үздік түлегін шаруасы кенже қалған өлкеге жіберіп, жағдайын көтеруді ойлайтын оқу орындарының сенімі бар емес пе, кейіпкеріміз де Жаңаөзенге арнайы жолдамамен келді. Осы жерде қызмет ете жүріп, қатардағы хирургтен медициналық бірлестіктің бас директорына көтеріліп, 1982 жылы КСРО Денсаулық сақтау ісінің үздігі атағын алды. Хирургиядағы 10 жыл ішінде күрделі оталар жасап, тәжірибелі маман ретінде қалыптасты.
![]()
1988 жылы Құдайберген Ысқақұлы басшылық қызметке ауысқан жылдары іргесі мызғымас деген КСРО-ның қабырғалары сызат беріп, тарихи оқиғалар бастау алып жатқан кез еді. Бір орталыққа бағынған жүйені қайта құрамыз деп Мәскеу түрлі болжам жасап, жоспар құрып жатқанда, тәуелсіздігін ойлаған шағын мемлекеттер шекарасын анықтап алу мақсатында түрлі жұмыстар жүргізіп, КСРО-ның тағдыры сиырқұйымшақтанып бара жатты. Өз күшіне сенген алып империя ауылшаруашылығымен қатар медицина саласына да өзгерістер, түрлі механизмдер енгізіп жатты. Бірақ, тамыры үзілген бәйтерек бас көтеріп тұра ала ма, ақыры КСРО ыдырап, тәуелсіздік алған Қазақстанның да түрлі саласы, басшылықтың қарым-қабілеті, тығырықтан шығу жоспарларына тәуелді болып қалды. Бір орталыққа бағынған жүйенің жібі сетінеген соң, көптеген үлкен-үлкен кәсіпорындар, фабрикалар мен мәдениет ошақтары жабылып қалған соң, ел ішінде де тоқырау басталды.
Бұл өз елін ойлайтын, халық үшін қызмет етуді мақсат тұтқан ұйым басшыларына келген үлкен сынақ еді. Осы сәтте бірі қызметін тастап кәсіпке кетіп жатса, жауапкершілік жүгін бар болмысымен сезіне білген азаматтар, үкіметке көп жәутеңдемей қолда барымен базарлап ісін жалғап жатты. КСРО ыдырады, тоқырау басталды деп ауру да тоқтап тұрмайды ғой денсаулық саласын тоқтатпау жолында Құдайберген Ысқақұлы да аянып қалмады. Егемендік дамудың жолына түскен елдің көңілінен шығудан гөрі, жоспар орындап қалған басшылықтың көңілінен шығу қиын болды. Көптеген жаңа бастамалар шешімін таба алмай жатты. Ойдағы істерді іске асыру үшін қызметті ауыстыру керек болды.
Осындай ел тағдыры таразыға түскен сындарлы шақта Құдайберген Ысқақұлы Ақтөбе облыстық Денсаулық сақтау басқармасына басшының орынбасары болып ауысты. Қызмет ауыстырғанмен, халыққа қызмет ету міндеті ауыспады. Қайта жауапкершіліктің үстіне, жауапкершілік жүктеліп, нардың да белін қайыстырар аманаттар мен міндеттер азаматтың мойнына ауырлығын танытып, артыла берді. Бұл кезең өте қиын кезең еді, жаңадан егемендік алған мемлекетте қаржы жетіспеушілігі дәрігерлердің жағдайын күрт өзгертті. Ауруханалар босап қалды, ауру көбейді. Дәрігерлер жұмыстарын тастап, базар жағалап кетті. Министрлікте күн сайын өзгеріп жатты. Қарапайым халыққа пайда бермейтін реформалардан дәрігерлер де, тұрғындар да шаршап кетті. Қаржылық жағдайды жақсарта ма деп құрылған міндетті медициналық сақтандыру қоры құрылмай жатып тоналып, басшысы шет елге қашып, халық алданып қалды. Қаражат жоқтықтан ауруханалар жабылып, дәріханалар жекешеленіп жатты. Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасында басшылық қызмет атқарған 6 жыл Құдайберген Ысқақұлының болашағына елеулі өзгерістер енгізді.
Осындай қарбалас шақта, Құдайберген Ысқақұлы 1996 жылы Денсаулық сақтау министрлігінің комиссиясының құрамында Финляндия, Англия мемлекеттерінде іс сапарда болып, денсаулық сақтау саласын жекешелендіру мен реформалау әдістерін игерді. Маңғыстау, Ақтөбе облыстарында тұрғындарға алғашқы медициналық көмек ұйымдастыру жүйесін (аймақтық медицина бірлестігі, акушерлік-педиатрлік-терапевтік кешен) құрды. Адамның денсаулығын «жан» деген қасиетті ұғыммен байланыстыру кез келген дәрігердің маңдайына бітпейтін бақыт. «Жан, тән және рух» деген проблемамен жақын танысу үшін 2005 жылы Қазақстан халық және рухани емшілер мекемесіне келіп, сынақтан өткеннен кейін мүшелікке қабылданды. Халық емшілігімен ресми медицинаның бірлігі мен айырмашылықтары туралы зерттеу жүргізді.
М.Нострадамус, «Құртқа Тәуіп» қоғамдық академияларының мүшелігіне қабылданып, академигі атағын алды. 2017 жылы Құртқа Тәуіп қоғамдық академиясының 1 жылдық мерейтойына арналған конгрессте профессор дәрежесін алуға халықаралық аттестациялау және аккредитациялау комитетіне ұсыныс жасалды.
«Адам ағзасы физикалық денеден, жан және рухтан тұратынына ешқандай күмән болмауы тиіс. Сондықтан денсаулықты сақтау немесе дертті дауалау алдымен адам жанын сауықтыру арқылы жүру керек. Толыққанды емдеу шараларын жүргізу үшін ресми медицина психопрофилактика және психотерапия әдістерін кеңінен пайдалану шарт», - деген Құдайберген Ысқақұлы, ресми медицинаның жетістіктерін мақтанышпен айта отырып, кемшіліктерін де жасырмайды. Хирургия мен клиникалық фармакологиядағы таңқаларлық табыстар денсаулықтың барлық проблемаларын шеше алмағанын қинала баяндайды. Науқастардың емші, тәуіп іздеп кету сырларын зерттеген ол Қазақстан халық емшілер орталығының мүшесі болды. Қытай халық медицинасының қалыптасу жолдарын зерттеп, дерттің дауасын басқаша жолмен іздеуді ұйғарды. Өзінің жеке клиникасында ресми медицина мен халық медицинасын ұштастыру арқылы үлкен нәтижеге қол жеткізді.
Иә, дәрігер болу оңай емес. Ол үшін алдымен қанша жыл бойы медициналық жоғары оқу орнында оқиды, қатал тәртіпке көніп, ұзақ жылдар тәжірибе жинақтайды. Одан кейін барып дәрігер атанады. «Дәрігер» атану оңай емес, ал нағыз «дәрігер» болу одан да қиын. Дәрігерге тән қасиет алдымен жүректілік сонан соң мейірімділік. Сонымен бірге, кәсіби деңгейін өмір бойы жоғарылатып тұруы қажет. Үнемі ізденісте болып, тұрғындарға көмек көрсетіп, алғыстарын алу олардың басты мақсаты болып табылады. Дәрігер бұрыннан айтып келе жатқанымыздай арыстандай айбатты, қыздай икемді, анадай мейірімді болуы керек. Егер осы аталған қасиеттердің барлығы мамандық иесінің бойынан табыла білсе, ол үздік дәрігер атына шын лайықты болмақ. Осы мақсатта Құдайберген Ысқақұлы лайықты еңбек ете білді.
Сонымен 2004 жылы «Жалымбетов медициналық орталығы» құрылды. Жаңаөзен халқының денсаулығын сақтауына өзіндік қолтаңбасын қалдырып үлгерген Құдайберген Жалымбетов басшылық ететін «Жалымбетов медициналық орталығы» 2004 жылдан бері Жаңаөзен қаласы тұрғындары үшін сапалы қызмет етіп келе жатыр. «Жалымбетов медициналық орталығы» – көпбейінді, заманауи технологиямен қамтамасыз етілген, жоғары дәрежелі бастапқы және мамандандырылған медициналық көмек көрсете алатын, интеллектуалды мамандары бар жекешеленген емдеу-сауықтыру мекемесі. Медицина орталығында жылдан-жылға қызметкерлер саны көбейіп келеді.
Жоғары экономикалық білімді, «КСРО Денсаулық сақтау ісінің үздігі», жоғары дәрежелі оташы, гирудотерапевт, уролог-андролог, маммолог және ультрадыбыспен зерттеу, эндоскопия, криохирургия саласының тәжірибелі маманы, сонымен қатар денсаулық сақтау саласына еңбегі сіңген ұйымдастырушы-әдіскер, экономист-менеджер Жалымбетов Құдайберген Ысқақұлы – табиғи дарынды дәрігер-емші.
1996-2003 жылдары Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының экономика және реформалау бөлімінің бастығы, емдеу ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарған Жалымбетов Құдайберген 2004 жылы Жаңаөзен қаласында жеке медициналық орталығын ашып, халыққа қызмет көрсетіп келеді. Қазіргі таңда осы емханада 8200 қала тұрғындары өз қалауымен тіркеліп мемлекеттік тапсырыс бойынша тегін кепілдендірілген бастапқы медициналық санитарлық көмек алуда.
Сонымен қатар жас мамандарды тәрбиелеуге баса назар аударып, бойындағы бар күшін осыған жұмсады. Соның арқасында білікті, өз жұмысын жауапкершілікпен атқаратын бірталай жас дәрігерлер мен медбикелердің үлкен шоғырын қалыптастырды. Олардың көбі қазіргі күнде қаладағы емдеу орындарында абыройлы жұмыс жасап, өзінің еңбек жолын жалғастырып жүр. Республика көлемінде жақсы атаққа ие болып жүргендер де аз емес.
«Дәрігердің жақсысы дертіне дерт қоспағаны» дейді дана халық. Бұл тұста Құдайберген Ысқақұлының жасап отырған еңбегі көптің көңілінен шыға білуде десек болады. Басы ауырып, балтыры сыздағандарға көмек қолын созып отырған бірлігі мен берекесі жарасқан ұжым. Талай науқасты аяғынан тік тұрғызып, дертінен құлан-таза сауықтырған дәрігерге қаралғысы келетін сырқаттардың қарасы қалың екенін де айта кеткеніміз жөн болар. Өйткені, аса күрделі науқастың өзін сауықтырып жазатын маманның біліктілігіне ел сенеді, қолының жеңілдігіне күмән келтірмейді. Адам өміріне арашашы болуды басты міндеті деп біліп, сол кәсіби һәм адами ұстанымынан айнымаған абзал азаматтың өмір жолы тағылымға толы. Білімін жетілдіріп, үнемі ізденісте жүреді. Дана халқымыз: «Жігіттің төсін айтпа, ісін айт» дейді. Құдайберген Ысқақұлы медицина ғылымындағы қазіргі инновациялық технологиялардың тиімді тұстарын тәжірибеге енгізуді батыл қолға алып, заман талабына сай еңбектенуді талмай насихаттап жүрген білімді маман. Мұны әріптестері де, емделушілері де ерекше ықыласпен айтады. Жанына дауа, деніне шипа іздеп келген науқас жандарды шынайы ықылас-пейілімен, жылы шырайымен, жақсы сөзімен қарсы алып, оларға жандарына батқан дерттен бір мысқал болса да айығып кететіндей жағдай жасайды. Бар қажыр-қайратын, білімін, адал еңбегін, ақ пейілін ауыр дертті адамдардың айығуына арнаған абзал азаматтың еңбегі атаусыз қалмады.
Қол жеткізген жетістіктері мен марапаттарын атап өтсек:
✦ 1984 жылы «СССР денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісі;
✦ 2008 жылы Маңғыстау облысының дамуына қосқан үлесі үшін Маңғыстау облысына 35 жыл төсбелгісі;
✦ 2008 жылдан бастап Қазақстан Республикасының халық және рухани емшілер мекемесінің толық мүшесі;
✦ 2011 жылы Маңғыстау облысының дамуына қосқан үлесі үшін Маңғыстау мұнайының 50 жылдық медалі;
✦ «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы» медалі;
✦ «Қазақстанның жұлдызды емшісі» орденінің жүлдегері;
✦ М.Нострадамус, Құртқа Тәуіп атындағы қоғамдық академиялардың академигі;
✦ 2013 жылы халықаралық «Экология» академиясының академигі атағы мен Медицина докторы кәсіби дәрежесі берілді;
✦ 2013 жылы Маңғыстау облысының дамуына қосқан үлесі үшін «Маңғыстау облысына 40 жыл» медалі;
✦ 2019 жылы Ресей Аккредитациялық және аттестациялық комитетінің шешімімен медициналық оңалту саласының профессоры деген атақ берілді;
✦ «Жаңаөзен қаласының Құрметті азаматы»;
✦ 2014 жылы «ГИППОКАРТ» медалі;
✦ «Н.И. Пирогов» медалі;
✦ 2015 жылы Қазақстан Конституциясына 20 жыл медалі;
✦ ҚР Денсаулық Сақтау Министрлігі ҚР халқының денсаулық сақтау ісіндегі еңбегі үшін Қазақстан Республикасының халық емшілерінің магистрі ордені;
✦ Қазақстан Республикасының Ұлттық бизнес-рейтинг оргкомитетінің Ұлттық сертификаты «Гордость медицины» және «Гиппократ» төсбелгісі;
✦ 2015 жылы Ардагер дәрігерлер ассоциациясының «Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 70 жылдығы» медалі;
✦ 2015 жылы Жалымбетов Құдайберген ҚР Тәуелсіздігі мерекесіне орай Маңғыстау облысы әкімі мен облыстық мәслихат хатшысының «Құрмет грамотасы»;
✦ 2015 жылы ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің ҚР Тәуелсіздік мерекесіне орай «Құрмет грамотасы»;
✦ 2015 жылы Ресей Марапаттау Комиететінің шешімімен АВИЦЕННА ордені;
✦ Ұлттық бизнес рейтингі бойынша «Сапа жұлдызы» ордені;
✦ 2016 жылы Ресей Марапаттау Комитетінің шешімімен Гиппократ ордені;
✦ ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесіне орай 2016 жылы Ұлттық бизнес-рейтинг оргкомитетінің шешімімен «Экономика мақтанышы – 2016» ордені;
✦ 2017 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық бизнес-рейтинг оргкомитетінің «Жыл көшбасшысы – 2017» ордені сынды дәрежелі марапаттар алған.
Теңіз жағасында балықпен қоректеніп, малдың сүт-саумалын ішіп өскендіктен бе, бала кезде ешқандай аурулармен ауырмағанын мақтанышпен айтатын Құдайберген Ысқақұлы 1972 жылы курстасы Мыңболды Бакешқызымен отбасын құрды. Жолдасы Жалымбетова Мыңболды Бакешқызы жоғары дәрежелі дәрігер-терапевт, ұлы Самат – мұнайшы-экономист, Ақтөбе қаласында жеке кәсіпкерлікпен айналысады, қызы Нұргүл – Өскемен қаласында дәрігер-эндоскопист, Айгүл – экономист-менеджер, неміс тілі маманы. Немерелері: Ақбота, Дарын, Дархан, Батырхан, Нұртас, Ерасыл, Алтай, Елтай, Ақкербез, Кәусәр ата-әжесіне құрметпен ізет етеді.
Жер бетінде дәрігерлік мамандықтан абыройлы, құрметті мамандық жоқ-ау, сірә. Дәрігер болу үшін адамға ем дарытып қана қоймай, оның жанын түсінетін, жылы сөзіңмен дем беретін маман иесі де болуың керек. Сол салаға күллі ғұмырыңды арнап, адал жүрекпен, шын көңілмен еңбек жасауың қажет. Сонда ғана халықтың сыйлысы, құрметтісі боласың. Адам баласы жер бетіне пайда болғаннан бастап аурудан алыс болмаған. Науқастанған адамның ем алуы үшін дәрігерге жүгінуі жылдар бойы бұзылмай келе жатқан құбылыс. Адамдардың сырқаттануы мен дәрігерлерге деген мұқтаждығының тарихи төркіні тереңде. Тіпті пайғамбар (с.ғ.с) Мұхаммедтің өзі аурудың алдын алуға аса мән беріп қана қоймай, амалын көрсетіп, дәрігерлерге ерекше құрмет көрсеткен. Иә, жер бетінде дәрігерлік мамандықтан абыройлы, құрметті мамандық жоқ-ау. Бірақ оның құрметінің салмағы қаншалықты ауыр болса, жауапкершілік жүгі де соншалықты ауыр. Сондықтан кез келген адам ақ халат киіп, ант қабылдап, адам жанын ажалдан арашалай алмайды. Дәрігер болу үшін науқасқа ем беріп қана қоймай, оның жанын түсінетін, жылы сөзімен дем беретін маман иесі болуың керек. Сонда ғана дәрігер атағын абыроймен алып жүруге мүмкіндік туады. Нағыз бақыт дегеннің өзі осы болар.