Бекішев Бектібай

Рейтинг:

Сүйіспеншіліктен басталған сүйікті іс

      Дәрігер мамандығы – бұл әулеттің имиджі, оның атағы мен даңқы. 
      Дәрігер мамандығы – бұл осы әулетте ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан белгілі бір мамандық иелерінің кәсіби шеберлігі десек те болады. Біздің бүгінгі әңгімеміз дәрігерлік мамандықтың қыры мен сырын терең меңгерген және оны өз ұрпақтарының бойында қалыптастыра білген үлкен азамат, Сыр өңіріне белгілі дәрігер-уролог Бекішев Бектібай хақында болмақ. 
      Кейіпкеріміз 1950 жылдың 13 сәуірде дүниеге келген. Адам жанының инженері атанған Бекішев Бектібайдың көп жылдық еңбегі өз кезеңдерінде басшылық тарапынан ескеріліп отырды. Ол әлденеше рет ұжымдық, облыстық, республикалық деңгейдегі марапаттармен марапатталған. Көпбалалы отбасында дүниеге келген десе де, он бала болғанымен төртеуі ғана тірі қалған. Тағдыр талқысына түсіп, әкесінен ерте айырылды дегенімен ер-азаматқа бергісіз рухы мықты, ана мейірімін көрген азамат болып өз тұлғасын қалыптастырған жан. Бектібай мырзаның анасы колхоз жұмысына араласып адал еңбегімен ел ішінде еленген кісілердің бірі. Колхоз басында жүріп, санаулы әйелдердің ішінде ер-азаматтармен қоса қызмет атқарып, шөп, қамыс ору, бөгет салу жұмыстарында еш мойымастан еңбек ете білген. Бектібай мырзаның жадында анасы жалқаулыққа, сылбырлыққа жаны қас адам ретінде сақталған. Өмірде қатал болғанымен ана жүрегі әрдайым баласы үшін басқаша соғатыны хақ.
      Бектібай мырза мектеп қабырғасын тәмамдағаннан кейін оқуға түспей ауыл ішінде жұмыстар атқарады. Бір жылдан соң барып, Семейдің медициналық институтының «Емдеу ісі» факультетіне оқуға түседі. 1974 жылы аталмыш оқу орнын тәмамдайды. Оқуды аяқтағаннан соң, бір жыл Қызылорданың облыстық ауруханасында дәрігер-интерн болып теориялық білімін ұштастырып, тәжірибе жүзінде жүзеге асырады. Интерн білімін аяқтағаннан кейін облыстық аурухананың урология бөліміне дәрігер-уролог болып қызметке тағайындалады. 1978 жылы Бектібай мырзаны Облыстық денсаулық сақтау бөлімінің жолдамасымен қалада ашылған ауруханаға дәрігер-уролог ретінде жұмыс орнын алмастырады. Аталмыш қалалық ауруханада кейіпкеріміз он сегіз жыл нәтижелі жұмыс атқарады. Алғашқы он жылында облыстың бірінші уролог-дәрігері ретінде қызмет етіп, урология бөлімінің меңгерушісі болып қызмет жасайды. Араға он екі жыл салып білім мен біліктің арқасында кейіпкеріміз жоғарғы санатты уролог-дәрігер деген атаққа ие болды. 
      Өзін-өзі жетілдіру, білім мен дағдыларды үнемі толықтыру және әдістемелік нұсқаулықтарды кеңейту – бұл дағдылар өмір бойы дәрігермен бірге жүреді. Өйткені, онсыз тіпті ең талантты маман да шынайы биіктерге және еңбек жетістіктеріне жете алмайды. Аталмыш жоғарғы санаттық атағын Бектібай мырза араға бес жыл салып қорғап келді. Өзінің қанша жылдық тәжірибесі болса-дағы екі-үш жыл сайын білімін жетілдіруден жалыққан емес-ті. Арменияда, Беларусь мемлекетінің Минск қаласында, Мәскеу қаласында біліктілігін жетілдіріп келіп, оталық урология жөнінде таным түйсігін кеңейтіп осы салаға өмір жолын арнаған соң дүниежүзілік мамандардан дәріс алады. Кеңес Одағы кезінде Мәскеу мемлекеті мен Алматы қалаларына бірнеше рет сьезге делегат болып барады. Білім алып келген жас маман үшін облыстық ауруханада қызмет ету өзінше бір ерлік еді десек артық айтпағандық. Сыр өңіріне есімдері танымал жандардың жанында қызмет етіп, болашақ еңбек жолының іргетасын қалау бақыты осы жұмыс орнынан бұйырғанының өзі бақ іспеттес. Кейіпкеріміздің болмысын даралай түсетін асыл қасиеттерінің бірі досқа, туған-туысқа бастысы науқасқа деген адамгершілігі, өн бойынан табылатын кісілігі, кәсіби шеберлігі, алдына келген әрбір науқастың көңілін тауып, аяққа тұрғызам деген ниетін мақсатқа айналдырып, міндеті санап, нәтижелі алып шығатыны кімді болсын тәнті етері хақ.
      Бектібай мырзаның жұбайы Гүлстан Тұрашбекқызы. Жас жұбайлар 1974 жылдың қараша айында отбасын құрған. Гүлстан ханым мейірбике қызметін жанына серік еткен жан. Бектібай мырза Гүлстан ханыммен үш ұлды өмірге әкеліп, әкелік тәрбиесімен аналық мейірімін төккен. Бір-біріне жалау болған жас отбасы өз кезегінде қиындықтарға да ұшырағандарын жасырмайды. Пәтер жалдап тұру оқиғасы бұл жандардың да бастарынан өткен. Бүгінде әр баласын білім нәрімен сусындатып, бір-бір шаңырақ қылып жетілдіріп, ел азаматтары етіп тәрбиелей білгендіктері осы кейіпкеріміздің арқасында демекпіз. Қызмет жолында да, өмірлік жолдасын табуда да жаңылмай, абыройлы еңбек еткен Бектібай мырза 2007 жылдың 9 қарашасында өмірден озды. «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» демекші, артынан өшпес із қалдырған Бектібай мырзаның атын ұрпақтары мәңгі есінде сақтайды.
      Үлкен ұлы Берік ата жолын қуып дәрігер-уролог қызметінде болып, емхана меңгеруші ретінде әкесімен әріптес болған еді. Берік мырза 1975 жылдың тумасы. Жолы болғыш жігіт 2007 жылы «Kcell» ұялы байланыс операторының 5 миллионыншы тұтынушысы болып, бір сәтте автокөлік иесі атанған жанның бірі. 2000 жылдары Берік мырза Қызылорда облысына қарасты онкологиялық орталықта онколог-хирург болып қызмет атқарды. Одан бөлек қарттар үйі мен аналар үйінде кеңес беріп, қала ішінде орналасқан іргелі оқу орны медициналық колледжде дәріс берді. Дегенмен, жазмыштан озмыш жоқ демекші, дәрігер Берік шілденің 30-на қараған күні 2011 жылы дүниеден озды. Алайда, артынан өзінің жалғасы ретінде ұрпақтары қалды. Берік мырзаның бүгінгі таңда үлкен ұлы Беклан Қытайдың Ханьчжоу провинциясында халықаралық қатынастар мамандығы бойынша білім алуда. Өзі бірнеше тілді жетік меңгерген жеткіншек болашақта ел игілігі үшін еңбек етуді місе тұтып жүрген жандардың бірі. Екінші ұлы Алижан ата жолы мен әке жолын жалғауды мақсат тұтып жүрген бүгінде 10-сыныптың оқушысы.
      Бектібай мырзаның екінші баласы Ерлан мұнай саласында қызмет етсе, үшінші ұлы Азижан ҰҚК-де подполковник болып ел игілігі үшін еңбек етуде.
      Кейіпкеріміздің ерен еңбегінің бірі қағаз бетіне түсіре білген мақалаларында. Қазіргі таңда көптеген адамдарда кезігетін «бүйрек зәр жолдарына бітетін тастар» жөнінде жазылған бірнеше мақалалары басылым беттерінде жарық көрді. Осы тақырып аясында кейіпкеріміз он шақты мақала жазған. Бектібай мырзаның әріптестеріне көмек қолын созған дүниесінің бірі тәжірибе жүзінде сирек кездесетін науқастар жөнінде мақалалар жазғандығы.
      Дəрігер болып жұмыс істеу оңай емес. Дәрігер болу үшін бейімділік, икемділік, қабілеттілік қасиеттері аздық етеді. Дəрігер болып жұмыс істеу аса білімділікті, сабырлылықты, еңбекқорлықты талап етеді. Міне, осы бір сөздердің нағыз иесін бүгін тапқандаймыз. Мамандығын сүйе білген Бекішов Бектібай мырза қиын кезеңдерде де өз жұмысын тастамағаны оның өз мамандығын сүйетінінің айғағы.
      Нағыз маман иесі, ерен еңбегіңізге, шипалы алақаныңызға, мейірімді жүрегіңізге алғысымыз шексіз!
      Еңбегіңіз халыққа қуаныш сыйлап, өзіңізді нұрға бөлесін!
      Дәрігер, Сізге рақмет!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...