Бухаева Айтөре

Рейтинг:

Еңбекпен келген абырой

      Ұшқан құс та, жүгірген аң да, тіпті, үп еткен жел де біз өмір сүріп отырған қоршаған ортаның бір бөлшегі. Бізге таңсық көрінген нәрсенің бәрі жаратқанның бұйрығымен, адамзатқа қызмет ету жолында жаратылған. Жарық дүниені ашқанда бүтін келген дене бітіміміз, тағдыр қайығы өмір толқындарымен шайқалған шақта, болмысына нұқсан келтіріп аламыз. Қу тіршілік дейтін ит тағдыр жолында жүріп келе жатқанымызда аяғымызға оратылып, қара қазан, сары бала үшін қам жасап жүрген денсаулығымыз сыр беріп, сол кезде ғана ем іздейтініміз жасырын емес. Міне, сол кезде көмекке келетіні осы – медицина. Бір ауыз сөз болғанымен медицина үлкен ұғым, күрделі сала. Әр адамның келбеті бір-біріне ұқсамайтыны секілді, тамырында қан айналып жатқан әр адамның физиологиясы әртүрлі болады. Сондықтан, осы бір саланы меңгеруді ғылым тереңіне бойлап келе жатқан медицина саласы – тек жүректілер мен білектілер, сенімділік пен батылдықты серік еткендер ғана табалдырығын аттайтын жауапкершілігі мол сала. 
      Күмістей күлкі мен маржандай тістің иесі болу кімге ұнамасын. Бірақ жарқыраған тістерге қол жеткізу үнемі күтім жасау мен мықты тіс дәрігерінің көмегін қажет етеді. Бүгінде тісі ауырып, дертіне шипа іздегендерге кәсіби тұрғыда көмектесетін стоматологтардың қатары артып келеді. Осыбір салмағы басым, жауапкершілігі мол бола тұрса да, өзге мамандықтарға қарағанда тұғыры биік орналасқан медицинаның күре тамырына айналған, барлық денсаулықтың кепілі болған стоматология саласында қызмет етіп, «Дені сау ұрпақ – ұлт болашағы» деп білетін ақ халатты абзал жандарымыздың бірі – Бухаева Айтөре Нұрғалиқызы.
      Айтөре Нұрғалиқызы 1972 жылдың 2 қаңтарында Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданы, Форт-Шевченко қаласында дүниеге келді. Алып саялы бәйтеректің діңі берік болуы үшін шыбық кезінде күтіп-бапталатыны секілді әкесінен әділдік пен адалдық, анасына мейірімділік пен имандылықты бойына сіңірген бала Айтөре кішкентайынан қабілетті, алғыр болып өсті. 1979 жылы Т.Г.Шевченко орта мектебінде даярлық сыныбынан өтіп, сәулесі нұрдан жаратылған білім ордасының табалдырығын осы мектепте аттады. Он бес республиканың шаруасы бір қолға біріктірілген сол жылдары экономиканың да негізгі тірегі ауыл шаруашылығы болған сол жылдары ірі елді мекендерде ғана болмаса, орта білім мектебі шағын елді мекендерде жоқ еді. Екінші сыныпты осы мектепте аяқтаған Айтөре Нұрғалиқызы үш қабатты мектеп салынған көрші елді мекен Баутиноға барып оқуын жалғастырды. Үш шақырым қашықтықта орналасқан Аташ елді мекенінен қатынап оқыған Айтөре сыныптағы белсенді оқушылардың бірі болды. Еті тірі, қимылы ширақ, зейінінде зерделілік пен қабілеттілік бар дарынды жас осылайша осы А.Е.Баутин атындағы орта мектепте білім алып, түлеп ұшып, 1989 жылы бітірген соң Алматы қаласына медициналық институтына стоматология факультетіне оқуға түсуге аттанады. 
      Арман – биікке ұмтылған талапкердің талмайтын қос қанаты, жігерін жанып, қуаттандыратын, ұмтылдыратын ерекше күш. Оқуға түсу жолында кедергілер болмай қалған жоқ. «Тас түскен жеріне ауыр» дегендей оны қалай жеңді, өзінің көздеген оқуына қалай түсті, бұл туралы кейіпкеріміздің өз сөзіне үңіліп көрсек:
      - «Әкем 18 жасынан бері теңізде жұмыс істегендіктен бе екен ол кісіге сусыз жерде жүру қиынға соғатын. Анам кішкентай балалары болғандықтан ешқайда шыға алмайтын. Сонымен, маған жақын маңға оқуға түсуімді, болмаса ауылда жұмыс жасай беруімді өтінді. Бірақ, тіс дәрігері болуды мен 7-сыныптан бері армандап келгем, қалайда оқуға баруға бел будым. Сөйтіп, 1989 жылы Алматы қаласына аэропортты бір ай торлап жүріп, әрең дегенде Шымкент арқылы ұшатын ұшаққа билет алып (поезд жүретінін білмеймін бе әлде төрт күн жүреді деген соң ерте жете қояйын дедім бе екен...) таңда Алматы қаласына жеттім. Баратын институтымның мекен-жайын «Қазақстандағы оқу орындары» деген кітапшасынан (брошюра) алдым. Сол кездегі мекен-жайы Космонавтов 29 деген болатын. Таңда ұшақтан түсіп таксимен қаланың орталығына жеткеннен кейін таксимен медициналық институтты таба алмай, түскі кезде әрең дегенде тауып бардық. Қолымда чемоданым, өзімнен 5 см. аласа, әйтпесе, өзіммен бірдей соны арқалап жүріп, қабылдау комиссиясына кезекке тұрдым. Кезекке тұрдым деген атағы болмаса, таныс-тамырлары бар адамдар оңымыздан да, солымыздан да кіріп жатты. Ақырында алтының шамасында комиссия мүшелеріне де жетіп, құжаттарды тапсырып, жатақханаға жіберді. Жатақхана коменданты сағат 18:00-де кетіп қалады екен. Мен қабылдау комиссиясынан шығып, такси ұстап жатақханаға барғанда, комендант кетіп қалған екен. Тек жатақхана есік алдындағы вахтада орыс кемпірлер отыр. «Комендант ертең келеді, оған дейін сізді кіргізе алмаймыз» дегенде көзімнен жас атқып шығып кетті, бірақ ешкімге көрсетпедім. Содан жатақхананың алдында, орындықта түнеп шығамын деп ойладым да, орындыққа жайғасқанмын. Бірер сағаттан кейін жатақханадан бір қыз шығып келді. Таныстық. Аты Гаухар. Талдықорғанның қызы екен. Таныса отырып өзімнің жағдайымды айттым. Ол қыз: «ой жындысың ба? қазір сені бірдеңе қылып ішке кіргіземін. Таңертең комендант келмей тұрып шығып кетерсің», - деді де вахтадағы орыс кемпірмен сөйлесіп бөлмесіне кіргізді. Мен қуанып кеттім. 
      Ертесіне жатақханаға орналастым. Сөйтіп емтихандарға дайындалып, қосымшаларға бардым. Химиядан бірінші емтихан болды. Мен сол бірінші емтиханнан құлап қалдым. Енді не істеймін? Ауылға қарай қалай барамын? - деп ертесіне Алматыны аралап жүріп, екі-үш техникум институттарға бардым. Біреулерінің жатақханалары уақытша жабық, ал біреулері жөндеуде болды. Ауылға қайтуға бел буып аэропортқа бардым. Барсам «баяғыдай» билет жоқ. Содан, Ақтауға билет іздеп тұрған студент (атын ұмыттым) неге поездға билет алмайсың деп түсіндіріп айтып екеуіміз теміржол вокзалына бардық. Поездға билет алып, Форт-Шевченко қаласына қайтып келдім. 
      Оқуға түсе алмағаныма әкемнен ұялдым. Ол шілде айының соңғы күндері болатын. Ауылға келген соң күнде таңертең ерте тұрып жұмыс іздеуге кірісемін. Әкімшілік пен мекемелерге бардым. Жұмыс іздегенде тек қана тазалықшының жұмысын іздеп жүргенмін. Себебі, келесі жылы қайтадан медициналық институтқа түспек ойым бар. Сөйтіп жүргенде бір аптадан кейін көрші апай: «Мен бала күтімі демалысына шығамын, менің орныма адам керек. Бак.лабораторияға ешкім жүргісі келмейді. Иісі бар. Анализдің соңын тазалайсың», - деп алдын ала ескертті. Бірақ мен үшін жұмыстың табылғаны жағымды жаңалық болды. Ертесіне Форт-Шевченко қалалық санэпид станциясының бас дәрігері Гүлмаржан Молдашова апайға бардым. Ол кісі «кішкентай қыз бері кел» - деді де, бірнеше сұрақтар қойды. Өте қатал, бірақ, әділ басшы болатын. Апайдың сынағынан өтіп, жұмысқа кірістім. Ұжымдағылар барлығы менен үлкен, мені «кішкентай қыз» дейтін. Түскі асқа шықпайтынмын. Химия оқимын. Лабораторияның ішін айнадай етіп тазалап қоятынмын. Басымдағы қалпағым крахмалданып аппақ болып тұратын. Облыстан келген комиссиялар мені медбике деп ойлап қалатын. Олар да менің тазалықшы (санитарка) екенімді білгеннен кейін, училищеге оқуға түсуімді сұрады. Жұмыс жасап жүріп, бак.лабораториядан шығатын жағымсыз иістер әртүрлі средалардың иісі екенін білдім («Среда» деген микробтарды өсіретін қоймалжың). Ұжымның маған риза болғаны соншалықты келесі жылы оқуға кететін кезде тіпті жібергісі келмеді. Маған Гурьев қаласындағы медициналық училищиеге (сол кездегі Гурьев облысы) түсуге жолдама беретіндігін айтты. Мен жоғарғы оқу орнына түсемін дегенмін. Онда Қарағанды қаласындағы медициналық институтқа жолдама алып берейік, сол жерден санитарлық дәрігер болып шығасың деді. Бірақ мен Алматыға барып, стоматология факультетіне түскім келді. Содан 1990 жылы жаз айында Алматы қаласына жолға шықтым», - деп таңдаған мамандығына жету жолында көрген қиыншылықтары мен қимай қоштасқан ұжымы туралы айтып берген Айтөре Нұрғалиқызының үміті алдамады, қалаған мамандығына оқуға түсті.
      Осылайша, былтырғыдай емес қимылы ширақ, қала өміріне еті үйренген, керек кезінде жұлып алатын Айтөре Нұрғалиқызы 1990 жылы С.Асфендияров атындағы Алматы мемлекеттік медициналық институттың І курс студенті атанып шыға келді. Бір жылдай болса да өмір көргені бар, ауылдағы ата-анасына салмақ салғысы келмей, оқу оқи жүріп, өзі де қосымша табыс тауып, сонымен қатар университеттің де өміріне белсене араласты. Бір іске жанындағыларды үйіріп алып кететін ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында, қоғамдық жұмыстарға белсене араласуымен қатар, кафедралық жарыстарға да қатысып, жүлделі орындардан көріне білді. Өзінше тырысып, студенттік қам жасаумен жүгіріп жүрсе де, сол жыдардағы елдегі жағдай мәз емес еді. Қабағымыз тыжырынбай айта алмайтын тоқырау жылдары қиындықты бірге көрген, бір нанды бөлісіп жеген достарының арқасында, кейіпкеріміз де қиыншылықтарды көппен бірге өткізді. Бірақ, жоқшылық тамақты кептірген жылдар тек бір-екі жылмен аяқталып қалмады. Десек те, тірі адам тіршілігін жасап, әркім өз әлінше қарманып жатқан кезеңде, яғни, 1995 жылы университетті «Стоматология» саласы бойынша бітірген Айтөре Нұрғалиқызы өзінің туған жері, Форт-Шевченко қаласына қайтып келді. Бір қазаннан ас ішіп, ұжымдық шаруашылыққа тірлігі байланған ауыл тұрғындары да, тігерге тұяғы қалмаған соң қалаға үдере көшіп, ала дорбасын арқалып базар жағалап кеткен еді. Бірақ, өзінің ұстанымында туған жерге қызмет етуді алдына мақсат етіп алған жас маман ауылға келгеннен кейін алты айлап айлық алмаса да қызмет етіп келе жатқан Түпқараған аудандық емханасына стоматолог-дәрігер болып орналасты. 
      Дәрігерлік міндет пен елге қызметті жеке басының мүддесінен жоғары қоя білген Айтөре Нұрғалиқызы дәрігер болып жұмысқа орналасқанына қуанды, бір жағынан қиналды. Студенттік кездегі көрген қиыншылық өте шығып еді, енді, жұмыс барысындағы жайт тіптен бөлек. 1994 жылы тұрмысқа шыққан соң, тіптен басқаша болды. Жанұялық өмірдің өзіндік жауапкершілігі мен салмағы бар, оның үстіне карточкалық режим күн тәртібінен түспейтін мәселе болып тұрған сол жылдары, оның үстіне сананы тұрмыс билейтін жалақысыз қызмет ету оңай емес еді. Бірақ, ел қызметін алдыңғы орынға қойған ол дәрігерлік қызметін бастап кетті. 
      Тоқырау тек, қоғамдық өзгерістерді тоқтатып қана қойған жоқ ғылымның да аяғынан шалып, көптеген кедергілерді туғызды. Университетті кеше бітіріп келген жас маман, жанында білмегенін сұрап, жол бағдар көрсетіп жіберетін ешкім жоқ, елдегі жағдай да мәз емес, Айтөре Нұрғалиқызының алғашқы жылдары өте ауыр болды. Бірақ, әке тәліміндегі адалдық пен ана тәрбиесіндегі сабырлылық пен шыдамдылықты серік еткен ол барын салып кеңбек ете білді. Стоматология саласына керек-жарақтардың жетіспеушілігі өз алдына тозғандары бар, барымен базар етіп алдына келген емделушілерге көмек көрсете білді. Білмеген сұрақтарын сөйлесу пунктіне барып, ұстаздарынан сұрап, стоматология саласындағы кітаптарын үнемі жанынан тастамай жүрді. Ақылдасып, кеңесіп отыратын дәрігердің болмауы Айтөренің қайсарлығын қайрап, жігерін жанып, одан әрі стоматология саласының түрлі кедергілерден өз күшімен өтуге итермеледі. Бірақ, әрдайым позитивті ойлап, кез келген нәрсенің жақсы жағын көретін Айтөре Нұрсұлуқызы күн-түн демей стоматологиядан өзге де медициналық кітаптарды оқып жүріп, бұл қиындықты да еңсере білді. Осылайша, арпалысты жеңіп, тәжірибе жинап үлгерген сол жылдары бала күтімімен отырған дәрігерлер де жұмысқа шығып, өмір арбасы өз екпінінде айналып кете барды.
      - «Жалпы емхана ұжымы, онда әр түрлі саладағы дәрігерлер мен мейірбикелер, кіші буын қызметкерлер жұмыс жасайды. Жұмыс жасау барысы бірнеше кезеңге бөлінді десе болады. 1995 жылдан 2000 жылға дейінгі аралықта айлық алу қиындау болды. Айлығымыз 2 мың теңге болатын. 2000 жылдан бастап қаламызға шетелдік компаниялар келе бастады, жаңа жұмыс орындары ашылып, халық жұмысқа орналасты. Бұндай кезде емхана жұмысы көбейді. Емханада, стоматологиямен қоса салауатты өмір салтын насихаттау бөлімшесі ашылды. Бөлімшеде қосымша жұмыс жасадым. Бірақ жалақы алмадым. Жұмыстың ұнаған себебі, жыл сайын жетілдіру курстарына жібереді. Ол жерде әр қаладан келген дәрігерлермен тәжірибе алмастыру арқылы, біліктілігімді жетілдірдім», - деп қиындық көрсе де медициналық білімін жетілдіру мен мол тәжірибе жинауды мақсат тұтқан Айтөре Нұрғалиқызы 2005-2006 жылдар аралығында 9-10 сыныптарға алғашқы көмек көрсетуден «Оқу – өндірістік комбинат»-да сабақ берді. Қазіргі таңда сол оқушыларымның көбі дәрігер және медбике болып жұмыс істейді.
      Осы берекелі медициналық мекеме болған Түпқараған аудандық емханасында 2018 жылға дейін жұмыс жасап, әр түрлі ұйымдастыру жұмыстарын атқарып, 2000 жылдардан Түпқараған аудандық ауруханасының кәсіподақ ұйымының төрайымының орынбасары, содан кейін кәсіподақ ұйымының төрайымы болып жұмыс атқарды. 2018 жылдан бері жеке кәсіпкерлікке бет бұрып, стоматология саласында халыққа сапалы қызмет көрсетіп келе жатқан Айтөре Нұрғалиқызының ұжымы шағын, бір дәрігер, бір мейірбике, бір санитарка жұмыс жасайды. Демалыс кездері стоматология саласында оқып жатқан студенттер келіп, тәжірибеден өтіп тұрады.
      Саналы ғұмырын стоматология саласына арнап, осы бір таңдаған мамандығына жету жолында барлық кедергілер мен қиыншылықтарды жеңе білген стоматолог-дәрігер Айтөре Нұрғалиқызының еңбегін басшылық пен ем алушы халық бағалай білді. Атап айтар болсақ:
      ✦ 2000 жылы Денсаулық сақтау қызметкерлерінің төл мерекесіне байланысты еңбектегі табыстары және емхана жұмыстарына белсене араласқаны үшін «Алғыс хат»;
      ✦ 2009 жылы ҚР Тәуелсіздік мерекесіне орай Г.Молдашова атындағы сыйлықтың иегері;
      ✦ 2012 жылы Медицина қызметкерлері мерекесіне орай Түпқараған аудан әкімінің «Алғыс хаты»;
      ✦ 2016 жылы «Казахстанский отраслевой профсоюза работников здравоохранения» «Алғыс хат»;
      ✦ 2018 жылы ҚР халқының денсаулығын сақтау ісіне сіңірген айрықша еңбегі үшін омырауға тағатын «5 жылдан бері біріңғай Қазақстан стоматологтар қауымдастығының мүшесі» төсбелгісінің иегері.
      Қай салада болсын, қандай қызметте болсын елге қызмет ету, перзенттік борышың мен қызметтік міндетіңді өтеу – парыз! Осы бір бала танымында стоматолог боламын деп бастап, сана-түйсігінде адал да сапалы қызмет ету болып қалған стоматология саласында еңбек етіп келе жатқан Айтөре Нұрғалиқызына елдің берер батасы мен айтар алғысы шексіз! Түрлі қиындықтар мен сынақтардан сүрінбей өтіп, қайнаудан шыныққан болаттай болған, күн өткен сайын адал еңбегінің арқасында абырой биігіне көтеріліп, құрмет төріне шығып келе жатқан 
стоматолог-дәрігеріміздің кәсібіне береке тілейміз!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...