Жабықбаева Нұржамал

Рейтинг:

Риясыз күлкі сыйлаған

      Жұмыр жүректі пенденің тамырында бүлкілдеп соғып тұрған бұл тіршілікте барлық мамандық маңызды. Әрқайсысының өз қызметі бар он екі мүше секілді, қоғамды қалыптастыруда, адамзат өмірін жақсартуда, өркениетке ұмтылуда қызмет етіп келе жатқан әр саланың өзіндік ерекшеліктері, қызметі мен маңыздылығы бар. Бірақ, осы бір мамандықтардың ішінде ұлысы, жауапкершілігі мол мамандықтардың бірі – медицина саласы. Медицина – ішіне үңіліп қарасаң тұнып тұрған ғылым. Медицина мамандарына «мен дәрігермін» деп бір орында тұрып қалуы мамандыққа жасаған қиянат болар еді. Медицина мен ғылым – ажыратылмайтын қос егіздер сынды ажырамас ұғым. Міне, осындай күрделі саланы таңдап, өмір тәжірибесінен туындаған өнегелі өмірі мен сала бойынша жинаған білімін дамытып, тұрғындарға стоматология саласында қызмет етіп келе жатқан, жүзі халықтың алғысы мен рақметімен нұрланған, айбынды да абыройлы, білікті дәрігерлеріміздің бірі – Жабықбаева Нұржамал Зулпихарқызы.
      Ардың жүгін ақ халатына іліп, Алла тарту еткен қабілетін халыққа қызмет көрсету мақсатында жұмсап келе жатқан Нұржамал Зулпихарқызы 1961 жылдың 9 ақпанында Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов ауданы, Коммунизм жолы колхозының «Қазақ» деген ауылында дүниеге келді. Әрдайым қолдаушысы болған әкесі ата кәсіптің жібін үзбей, қысы-жазы мал соңында жүрген, жазда жайлауда, қыста қыстауда колхоздың малын баққан адал еңбек ері. Еңбек – ердің мерейін өсіріп, қанаттандырады емес пе?! Уақытпен санаспай өзінің алдына сеніп тапсырылған малды көбейтіп, қыстан аман алып шығып, көктемде төлдету науқанын өз жоспарында іске асыра білген азамат «Еңбек озаты» медальдарымен марапатталып, үздіктер жиналатын қала Мәскеуде де болып келді. Болат қайнаудан шынығады дегендей, соғыс көрген, өмір көрген ол шыншыл, өте қатал кісі болған.
      - «Әкем соғыс ардагері, өте шыншыл қатал кісі болатын. Біз әкемізді қатты сыйлап өстік. Бұл – анамыздың тәрбиесі, әркез айтып отыратын өсіп-өнетін ұл-қыз әкенің назына қалмау керек деп, сосын болар әкеміз біздер үшін ұлы тұлға. 
      Менің алғашқы ұстазым Орынкүл Есіркепқызына деген құрметім зор, алғысым шексіз, тілге шешен өз орнымен мақал-мәтелдерді жиі қолданып сөйлейді. Маған алғаш қаламсап ұстатып әліппені үйретіп, білімге деген ынтамды өсіріп, оқу озатына айналдырған сүйікті ұстазым, үй жұмысы және сынып жұмысы дәптерлерімізді тексеріп, бес алған балаларға қызыл бояуға боялған 5 жұлдызша, ал 2 алған балаларға қоңыр бояумен боялған тікенектері қадалған кірпі салатын. Мен қорапшамды 5 жұлдызшаға толтырып қоямын, жазғы демалыс кезінде әкем мен анама барғанда көрсетіп қуантамын, содан бір рахаттанамын», - дейді қайта оралмас бақытты шақтарын бір сәт еске алған Нұржамал Зулпихарқызы.
      1968 жылы мектеп табылдырығын аттаған Нұржамал Зулпихарқызы алғыр, зерек, зейіні мол оқушылардың бірі болды. Ата-анадан алған тәлім-тәрбиесін бойына сіңіріп, сол кісілердің үмітін ақтау жолында аянбай оқып, ізденіп, мұғаліммен жүйелі жұмыс жасап, үйге үнемі ата-анасын қуантуға бес алып келіп отыратын сыныптағы белсенді оқушылардың бірі болды. Экономиканың негізгі тірегі мал шаруашылығы болған сол жылдары кейіпкеріміздің ата-анасы да шалғай жерлерде, мал өрісіне ыңғайлы жерлерде көшіп-қонып жүрді. Бұл қызының оқуына кедергі болмас үшін әкесі Зулпихар Нұржамалды мектеп-интернатына әкеліп тапсырады. Осы жерде оқып, білім нәрімен сусындай түседі. Бұл жас талапкер үшін қиын болмады, қайта білімге деген құштарлығы артып, ертеңгі күні үлкен маман болып қалыптасуы үшін үнемі ізденіс үстінде болды. Өйткені, Нұржамал Фрунзе (қазіргі Бішкек) қаласында КИРГУ-да оқитын ағасы мен Алматыдағы ЖенПИ-де математика факультетінде оқитын әпкесін үлгі тұтты.
      Мамандық таңдауда қателеспеу – тікелей әр ұланның болашағына әсер етеді. Бұл жағынан келгенде Нұржамалда таңдау еркіндігі болады. Бұл туралы кейіпкеріміздің аузынан естісек: 
      - «Орынкүл Есіркепқызы менің алғашқы ұстазым. Апайыма деген құрметім зор, алғысым шексіз, тілге шешен өз орнымен мақал-мәтелдерді жиі қолданып сөйлейді. 7-сыныпта оқып жүрген кезімізде, ауылдық стационарлық-амбулаторияға екі жас маман келді, жұбайы педиатр-дәрігер, күйеуі дәрігер-стоматолог, сол кезден бастап мен тіс дәрігері болғым келді. Оған екі себеп болды: біріншіден, менің тісім қисық еді соны түзеткім келді, көркем болғанын қатты қаладым, екіншіден, ауылдың беделді адамдары алтын тіс салдырып ерекшеленді, жас мамандарымыз халықтың қалаулысына айналды. Тұрмыс жағдайы әп-сәтте байып салауатты өмір сүрді, осының бәрі маған ой салды, мен де стоматолог болып, әкем мен анамды ақ қар көк мұз кешкен бейнеттен құтқарғым келді.
      Мен мектеп бітірген жас түлек мақсатыма жету үшін Алматыға оқуға тапсыруды жоспарладым. Жас талапкерлердің құжаттарын қабылдауға санаулы күндер қалған болатын. Жолға шықпас бұрын асқар тау әкемнің ақ батасын алып шықтым. Сол кездегі әкемнің қатты толғанысы әлі көз алдымда... содан бері 43 жыл 7 айдың жүзі өтіпті. Енді өткеніме қарасам сол түннен бастап осы күнге дейін әкемнің ақ батасы менің өмірлік жол сілтеушім болған сияқты...», - дейді әкенің ақ батасымен көгерген Нұржамал Зулпихарқызы. 
      Осылайша, 1978 жылы АГМИ-ның «Стоматология» факультетіне қабылданған жас оқу орнымен біте қайнасып, өзі таңдаған мамандық жолында ізденіске түсті. Жақсы маман болып шығу үшін көп нәрсені біліп, ойға тоқып қана қоймай, кең ұғым, терең түйсік, мейірбандық пен өз ісіне деген адалдық, үлкен жауапкершілік және тынымсыз еңбек керек. Осыны сана түйсігімен ұғынған Нұржамал Зулпихарқызы үнемі ізденіс үстенде болып, білікті маман болып шығу жолында барлық мүмкіндіктерді қолдана білді. Нәтижесінде, 1984 жылы тіс мамандығы бойынша дипломын қолына алған жас Жамбыл қаласында Облыстық тіс емханасында дәрігерлік қызметін бастады. 
      Нұржамал Зулпихарқызының өнегеге толы өмірі туралы өз сөзіне кезек берсек. Себебі, басынан өткен жан ғана өмір туралы, өнеге туралы жүректен-жүрекке жеткізіп айта алады.
      - «1985 жылдың күзінде темір жол ауруханасына жұмыс орнымды ауыстырдым. Темір жол ауруханасының комсомолдар ұйымының бірінші хатшысы, жолдастық соттың төрағасы, аудандық соттың бағалаушысы болып қоғамдық жұмыстар атқарып жүрдім. 1996 жылы болатын, алғаш рет түсіме тұңғыш елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев кірді. Түсімде Нұрсұлтан Әбішұлы көкпеңбек тауға шығып барады, жанында екі қария ақсақал бар. Мен арттарынан ілесемін, арттарында келе жатқан мені көріп қарайды, мен тоқтап қаламын сосын әрі қарай көтеріле береді, қалып қалмайын деп мен де арттарынан жүгіре басып келемін. Шығып келе жатқан таудың басы теп-тегіс жазық, шығып маған көрінбей қалды, адасып қалмайын деп жүгіріп шықсам, ортасында президентіміз, екі жағында екі ақсақал, ортасында дастарқанда ас жайылған, халқымыздың жағдайы мен мемлекетіміздің қамын ойластырып әңгіме айтып жатыр екен. Мен не істерімді білмей ыңғайсызданып тұрып қалдым. Сол кезде маған қарап: «Кел, бізбен бірге дастарқанға кел!» деп шақырады. Қатты қуанып кеттім де, жүгіріп барып Елбасына қарама-қарсы отыра кеттім. Бірге ас ішіп дастарқандас болғаныма бақыттымын. Өте әсерлі түс, таң бозарып қалыпты, оянып кеттім. Сосын көп ұзамай Елбасының жеке кәсіпкерлік туралы жарлығының аясында Жамбыл қаласында (қазіргі Тараз қаласы) бірінші болып жеке стоматология клиникасын аштым. Алғашында ғимаратты да, керек жабдықтарды да жалға алдым. Клиникамда ең алғашында 4 дәрігер, 2 тіс технигі, 4 медбике, 1 санитар, 2 администратор, 1 бухгалтер, яғни, өзіммен қоса 15 адам жұмыспен қамтылды. Бірте-бірте ғимараттарды да, жабдықтарды да сатып алып штаттарда көбейе бастады. Жеке клиника болғандықтан, бәсекеде тұра алатын, кәсіби денгейі жоғары, техникалық жабдықтары жаңа өмір талабына сай болуы керек, бұның бәрі қаражатқа келіп тіреледі. Осы мәселелерді дер кезінде шешіп, ұйымдастыру жолында демалыссыз ұзақ жылдар жұмыс жасадым.
      Жеке отбасыма келер болсам, 1988 жылы тұрмыс құрдым, 1989 жылы үлкен қызым Лаура дүниеге келді. Бүгінде екі қызым Лаура, Інжу-Маржан, күйеу балам, Бахтияр, Мансұр есімді немерем бар. Екі қызым да, күйеу балам да тіс дәрігерлері. Міне, осылай жылдар жылжып, өмір өтіп жатты. Анам 85 жасында дүниеден қайтты. Сүйікті жеке кәсібімді ашқанымда, үлкен қызым Лаура бірінші сыныпқа барған еді. Енді міне зымырап өте шыққан қызығымен қиындығы мол жылдар. 2006 жылы Лаура қызым үштілді тереңдетілген, ағылшын тілінде мамандандырылған мектебін бітіріп, аттестатын алды Тараз қаласында тұратынбыз. Қызымды алып Алматыға, өзімнің мамандығым бойынша білім алған алтын ордама, қазіргі ҚазҰМУ С.Д.Асфендияров атындағы университеттің стоматология факультетіне алып келдім. 2006 жылы студент болып қабылданды. Озат студенттердің бірі, өз оқу тобының көшбасшысы болды. Оқу орнын бітіргеннен кейін, бір жыл балалар тіс емдеу кафедрасында оқу ісінің меңгерушісі болып қызмет атқарды, 2013 жылы мемлекеттік грантпен «Денсаулықты сақтау басқармасы» факультетіне магистратураға түсіп, 2015 жылы ғылым магистрі атағын алды. Бүгінде білікті маман яғни, Алматы қаласындағы 10 топ маманның бірі.
      1998 жылы кіші қызым Інжу-Маржаным Тараз қаласында ағылшын тілінде мамандандырылған дарынды балаларға арналған орта мектебіне бірінші сынып оқушысы болып қабылданды. Аталған мектепті 2009 жылы бітіріп, Алматыға аттандық. Сосын КРМУ-дың стоматология факультетінің студенті болып қабылданды. Сол жылы Тараздағы кәсібімді тоқтатып, екі қолға бір жұмыс табылады, мен сияқты маман жерде жатқан жоқ деген оймен қыздарымның қасында болайын деп Алматыға көшіп келдім. Үй-жайымды, клиникамды жалға тастап кеттім. Жалға алған кісілер үйімді жеке кәсіби мектепке айналдырды, клиникамды жеке балабақша жасады. Алғашында Алматыға келгенде, бірге оқыған курстас жігіттің клиникасында жетекші дәрігер болып 10 ай жұмыс жасадым. Жазға қарай жалға ғимарат алып, Тараздағы клиникамның жабдықтарын көшіріп алып келіп, өзімнің кәсібімді, Алматы қаласында жалғастырдым. Алайда, осы кезде инсульт алып, денсаулығым болмай жалға алған ғимаратты жауып, алған медициналық жабдықтардың барлығын сатып жібердім. «Бірінші байлық – денсаулық» деп бекер айтылмаса керек-ті. Түбегейлі денсаулығыма ден қойдым.
      Білімді адам өзінің біліктілігімен қоғамға пайда тигізгісі келіп тұратыны анық. Мен де басыма түскен сынақтарды жеңіп шығып, 2015 жылы маусым айында жеке медицина орталығынан бір бөлмені жалдап, бір стоматология жабдығын сатып алып, өз жұмысымды бастадым. Бірнеше жыл медицина саласында еңбек етіп, титтей де болса адамдардың денсаулығының жақсаруына үлес қостым. Ал 2021 жылы қыркүйек айынан бастап зейнеткерлік демалыстамын», - деп өзінің өмір жолын қағаз бетіне түсіреді кейіпкеріміз. Нұржамал Зулпихарқызы саналы ғұмырын медицина саласына арнаған жан.
      Қай салада болмасын, қай істе болмасын өз еңбегінен бақыт тауып, елге қызмет етуді мұрат еткен маман иесінің бағы жанып, абыройы асқақтайды. Бүгінгі кейіпкеріміз Нұржамал Зулпихарқызы да жұмыр жүрегіндегі жалынды, халыққа қызмет етуге жұмсап, алдына келген емделушілердің шат күлкісі, риясыз өмір сүруі үшін барын аямай, қолынан келгенін сапалы қызметімен көрсеткен абзал жан. Бүгінгі таңда еңбегінің зейнетін көріп отырған еңбек еріне халық атынан өз алғысымызды білдіріп, деніне саулық, отбасына амандық тілейміз! 
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...