![]()
Алтын қолды стоматолог
Адам өміріне араша түсетін дәрігерлік мамандықты таңдау үлкен жауапкершілікті жүктейді. Себебі, дәрігер адам анатомиясын өте терең білумен қатар, кез келген жағдайдағы науқастан жиіркенбейтін, қаннан қорықпайтын, адам тағдырына немқұрайлы қарамайтын, күйзеліске төзімді, жүйкесі мықты жан болуы керек. Дәрігер – адам жанының арашашысы. Халыққа қадірлі мамандық. Осы саланың белгілі майталмандарының есімдері әдетте ел-жұртқа етене таныс. Олар туралы жылы сөздер ұзақ жылдар бойы айтылып жүреді. Медицина саласы жауапкершілігі мол, жүгі ауыр салалардың бірі. Сондықтан кез келген адам біліктілік пен аса шыдамдылықты талап ететін жауапты мамандықты жоғары деңгейде меңгеруі оңай емес екенін мойындайды. Бұл саланың маңыздылығы сол, дәрігердің жұмыс барысында ешқашан қателесуіне болмайды. Сол себепті дәрігерлер үнемі тәжірибелік білімін жетілдіріп, ізденіс үстінде болып, өз саласында ем жүргізудің барлық тәсілдерін жетік меңгеруі тиіс. Осындай жауапты әрі білікті дәрігерлердің бірі алтын қолды дәрігер-стоматолог Жақыпбаев Қайрат Жақыпбайұлы Тараз өңірінің тумасы. Әкесі – Жақыпбай Келгенбайұлы дүниеден ерте өткен, ал анасы – Раиса Медетбекқызы 11 баланы дүниеге әкелген «Алтын алқа» иегері.
![]()
Ерінбей еңбек етіп, өзіне де, еліне де зор пайдасын тигізіп жүрген ақ халатты абзал азаматтың еңселі еңбегін өзгелерге үлгі етуге әбден лайықты. Өз мамандығын жоғары деңгейде меңгерген азаматты жұртшылық «алтын қолды дәрігер» деп атайды. Күн сайынғы жұмысы таңнан жұмыс орнына келіп, емделушілерін емен-жарқын қарсы алуға жағдай жасайды. Жұмыс бөлмесінің тазалығына аса мән береді. Емдеп, қараудан бөлек, түрлі сұрақтармен келген азаматтарды қабылдайды.
Күнделікті жұмыс барысында ол әр науқасқа бар ниетімен әрі шынайы пейілімен қамқорлық танытуды маңызды дейді. Оның айтуынша, бұл мамандық өте үлкен жауапкершілік пен біліктілікті талап етеді. Себебі, денсаулық адам өміріндегі ең қымбат байлығы болғандықтан, оның кері кетуіне түрткі болған дәрігер қателігін ешкім де кешіре қоймас. Бұл мамандыққа келген соң, кез келген жанға қол ұшын созуға дайын болу керексің, әсіресе, кішкентай науқас балалардың көңілін табу қиынға соғады дегенді атап айтты.
- «Мен мамандығыма жан дүниеммен берілген адаммын. Мен үшін «ақ халатты абзал жан» деген елдің құрметті атағы ең биік һәм қасиетті ұғым болып саналады. Бүкіл әлемді жайлаған індет біздің елді де айналып өтпеді. Дегенмен, келген қиындықты қайыспай көтеріп, біліктілігіміз бен ауызбіршілігіміздің арқасында бәрін еңсеріп келеміз. Қызмет барысындағы қиындықтар мен шаршағанымыз халық денсаулығының жанында түк те емес. Осы індетпен күресте қызмет етіп жатқан барлық сала қызметкерлеріне соның ішінде біздің дәрігерлерге көрсетіліп жатқан халықтың зор құрметін сезініп те жүрміз. Ең бірінші кезекте алдыңа келген науқастың көңілін табу керек. Сосын жанын қинаған тісін дөп тауып, қандай ем шарасын қолдану керектігін бағамдайсың. Әсіресе, дертіне шипа іздеп келген адам – бала болса, тіптен қиын. Өйткені, ол өзінің дәл қай жері ауырып тұрғанын нақты айта алмайды. Сол себепті дәрігермен қоса психолог болуға да тура келеді. Әрине, өз ісінің маманы осы айтқан дүниелерді оңай іске асырады деп ойлаймын. Білікті дәрігер болу үшін тек жоғары оқу орнын бітіру аздық етеді. Сезімталдық, үлкен жауапкершілік, ұқыптылық әрі күн сайын жаңа нәрсені білуге, үйренуге асық болу арқылы бұл мамандықты меңгеріп, шыңына шығуға мүмкіндік бар», - дейді дәрігер.
Жүрегі мейірім мен шапағатқа толы ізгі жан дәрігерлік қызметінен бөлек, түрлі қоғамдық шаралар ұйымдастырып, солармен
![]()
айналысуға да уақыт табатынын айтады. Мұндай шаралар ең бірінші кезекте халыққа барынша көмек көрсетуге бағытталған. Ашық есік күндерін өткізу, қоғам алдында дәрігердің имиджін көтеру, қоғамдағы болып жатқан өзгерістерге атсалысу. Мыңдаған науқастарды кеселінен айықтыруға өзіндік үлес қосып келе жатқан дәрігер алдына көмек сұрап барғандардың бетін қайтарып көрмепті. Өзінің қоғамға қызмет етуде ең әуелі қарапайым адамгершілік ұстанымдарын жоғары қоятындығынан ақ халатты дәрігеріміздің қандай қызметкер екенін осыдан-ақ байқауға болады. Өзінің көп жылғы еңбегінің нәтижесінде көптеген марапаттауларға ие болды.
«За плодотворную работу в стоматологической службе» бүкіләлемдік стоматологтар күніне Грамота алды. Қала тұрғындарының денсаулық сақтау ісіне қосқан зор үлесі үшін денсаулық басқармасынан «Құрмет грамотасының», көп жылғы адал еңбегі үшін және Тәуелсіздік күніне орай «Құрмет грамотасының» иегері атанды. Қазақстан стоматология ассоциациясының Президиум шешімімен «Отандық стоматологияның дамуына қосқан зор үлесі, ұзақ жылғы адал қызметі және Қазақстан стоматологиясына сіңірген ерен еңбегі үшін» күміс белгісін омырауына тақты. Қазақстан стоматология ассоциациясының Президиум шешімімен «Отандық стоматологияның дамуына қосқан зор үлесі, ұзақ жылғы адал қызметі және «Қазақстан стоматологиясына сіңірген ерен еңбегі үшін» Алтын белгісін омырауына жарқырата тақты. Салалық кәсіподақ қоғалысын дамыту мен нығайтуға, қатарының бірлігін сақтауға, медицина қызметкерлерінің құқықтары мен мүдделерін қорғауға қосқан үлесі үшін Халықаралық стоматологтар күні мерекесіне орай «Қазақстандық денсаулық сақтау қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің «Құрмет грамотасымен» марапатталды. 2014 жылы Индияның Нью-Дели қаласында Стоматологтар конгресіне қатысып, біліктілігін арттырып Сертификатқа ие болған дәрігер әрқашан білімін жетілдіріп, түрлі курстарға қатысып отырады.
![]()
Қайрат Жақыпбайұлы 2005 жылы отбасын құрды. Бүгінде Алла қосқан қосағымен бірге өнегелі отбасында 2 ұл тәрбиелеп өсіріп отыр. Балалары оқу озаттары. Үлкен ұлы салауатты өмір салтын ұстанып, түрлі спорттық сайыстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүр. Бүгінде Астана қаласында тұратын Қайрат Тараздағы ақ баталы анасына да жиі барып тұратынын тілге тиек етті.
Алматы С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің түлегі, білімді де білікті, қарапайым, байсалды, парасатты, ел алғысын арқалап келе жатқан Қайрат Жақыпбайұлы 1997 жылдан бастап шаршамай-шалдықпай осы саланың өсіп-өркендеуіне зор үлесін қосып келе жатқан, беделді де биік дәрежелі дәрігер. Білімпаз дәрігер науқастарды емдеуде жаңадан шыққан озық технологияларды игеруге, халық игілігі үшін пайдалануға бар күшін салып келеді. Алла берген абырой-беделі артып, елге еңбегі сіңе берсін дейміз.
![]()
![]()
![]()
![]()