![]()
Жауапты көшбасшы
Әдетте адам өзінің бала күнгі арманына жету жолында ес біле талпынып, соған барлық білімін сарп етеді. Кейіпкеріміз Азамат атына сай жан-жақты, ізденімпаз, табанды, белсенді, ойына алған жұмысты аяғына жеткізбей тыным таппайтын еңбекқорлығымен жас та болса көпке көшбасшы болып, жол бастап жүрген азамат.
![]()
Тынымсыз әрі толымды тәжірибесі бар Азамат өзінің білімін толықтыру, жетілдіру мақсатында Мәскеу, Питер, Новороссийск және де өз еліміздің Алматы, Астана қалаларында болып, тәжірибелі дәрігерлердің практикалық, дәрістік оқуларына қатысты. Өз саласын жақсы көретін, қызығушылығы мол Азамат имплантологияны Хван Олег Витальевич есімді өте мықты тәжірибелі, өз ісіне ұқыпты жауапкершілікпен қарайтын дәрігерден үйреніп алды. Тәжірибелік тұрғыдан ұзақ мерзім қасында жүріп, имплантологияның қыры мен сырына қанық болды. Бүгінде жан жарымен бірге стоматологиялық клиникасын заманауи техникалармен қамтамасыз етіп, жұмысын игеріп отыр. Клиникасында барлық қызметтер көрсетіледі. Қазіргі таңда өзі хирургия, ортопедия, имплантология саласынан қабылдау жүргізеді. Білімді де білікті маман мұнымен тоқтап қалмақ емес. Арманы көп, мақсаты айқын Азамат болашақта көпбейінді стоматология ашуды қалайды.
Мұратов Азамат Мұратұлы 1986 жылы 25 маусымда Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданы, Қоскөл ауылында ұстаздар отбасында дүниеге келген. Ата-анасы ауыл-еліне сыйлы, қадірлі ұстаздар болып, қазіргі уақытта құрметті зейнет демалысында отыр. Әкесі – Мұрат Төлеуғалиұлы мен анасы – Мәншүк Кәрімқызы ағайын-туысына жайл
![]()
ы, үйінен қонағы арылмайтын жандар. Өзінің алдында ақылшы әпкесі Асылжан мен артынан ерген інісі Саламат үнемі қолдап отырады.
Азамат 1992 жылы Қоскөл орта мектебінің 1-сыныбына қабылданды. Ақылды, зерек ойлы Азамат осы мектепте 2 жыл білім алып, кейіннен отбасылық жағдайына байланысты, 1994 жылы Ақтөбе облысы, Ақтөбе қаласына қоныс аударады. Оқуын № 34 мектепте жалғастырды. Жан-жақты ізденімпаз бала 5-сыныптан бастап әртүрлі үйірмелерге бара бастады. Бір орында қарап отыра алмайтын белсенді Азамат сурет, авиамодель, авто-мото секілді үйірмелердің мақтаулы оқушысы болды. Ал 7-сыныпта нақты өзіне қайық жасау (судомодель) үйірмесіне қатысу ұнап, шешім қабылдады. Неше түрлі қайықтар жасап үш жыл қатарынан жүлделі орындар алды. Сол кезден бастап мектептегі еңбек пәнінен сабақ берген ұстазы, яғни, судомодель үйірмесінің жетекшісі болған марқұм Аманкелді ағайы «Сенің икемің, шыдамдылығың нағыз зергерлік жұмысқа келеді» деген еді. Сол сөз Азаматтың болашағына жол ашқандай болды. Алайда, Азаматтың мектеп кезіндегі арманы полиция қызметкері болу еді.
2003 жылы мектеп қабырғасын үздікке аяқтады. Жас түлек мамандық таңдауға келген кезде тосылғаны бар. Парталас досы медицина колледжінде «Дантист» деген мамандық барын айтып, ойы Амангелді ағайының айтқандарымен тоғысып, сол мамандыққа тоқтауды жөн деп тапты. Содан «Дантист» мамандығын таңдап, 2003 жылы қазіргі Мәншүк Мәметова атындағы Ақтөбе медициналық колледжіне оқуға түсті. Талапты жас 1 курстан бастап колледж ішіндегі қоғамдық іс-шараларға қатысып, колледж әкімшілігінің көзіне түсіп, ІІІ курс оқып жүрген кезінде жастар ісі жөніндегі ұйымның төрағасы болып тағайындалды. Еркін сөйлеп, өз ойын нық айтатын, ісіне мықты, уәдесіне берік Азаматты оқытушылары да мақтан тұтып, қатарластарына үлгі етіп отыратын. Ол медицина колледжінің белсенді студенттерін қалалық, облыстық қоғамдық іс-шараларға қатыстырып, көптеген үлкен жетістіктерге жеткізіп және де колледждің КВН командасының жетекшісі болды. Командасымен бірге Астана, Орал, Атырау, Тараз, Алматы қалаларына барып, үлкен ойындар көрсетіп, жүлделі орындарға жетті. Атап айта кету керек, олардың тобы «2008 жылдың Батыс чемпиондары» атағын жеңіп алды.
![]()
2008 жылы маусым айында алғаш кабинетін ашып, жарымен бірге елге игілікті істерін бастап кетті. Ұстаздық жұмысын да бірге алып жүрді. Стоматологияда қабылдау жүргізіп жүргенінде талапқа сай жаңа әдістерді игеріп, кеңейтуді ойлады. Кейіннен жағдайға байланысты Атырауға қоныс аударуға бел буды. Үлкен стоматология ашу мақсатымен Құлсары қаласынан 3 жылға жалға орын алып, жұмысын ашып қызмет көрсете бастады. Терапия саласында 2008 жылы ашылғаннан бастап қазіргі уақытқа дейін бірге жүрген Нарузова Гузэль Салаватовна есімді дәрігерге деген алғысы шексіз.
2014 жылдың 12 сәуірінде Ақтөбе қаласынан жеке стоматологиясын ашты. Стоматологияның атын «Төлеу Мұрат» деп атасы мен әкесінің есімдерімен атауды жөн деп тапты. Оқу-білімнен жалықпайтын Азамат Мұратов қазіргі таңда Ресей Федерациясының Самара қаласының «Реабилитация Врач и Здоровье» медицина университетінің түлегі.
Азаматтың сан қырлы жан екенін жоғарыда айтып өттік. Ол өзінің табандылығының, жауапкершілігінің арқасында өзі оқыған оқу орнында үлкен сенім мен беделге ие болды. Сондықтан да болар оны оқуын бітірер уақытта колледж директоры Югай Вадим Николаевич колледжге ұстаз болып қалуға ұсыныс айтады. Ұсынысын қабылдап, сол сәттен бастап ол ұстаздық жолын бастады. Сол колледждің ең үздік жоғарғы дәрежедегі стоматология кафедрасының меңгерушісі, бүкіл Батыс өңіріне танымал ұстаз Пастухова Валентина Николаевна есімді ұстазы соңғы курс бойы дайындаған еді. Осылайша, Азамат Мұратұлы Ақтөбе медицина колледжін жақсыға бітіріп, сол оқу орнында стоматологиялық кафедрасының «Дантист» факультетінің протездер даярлау пәнінің лабораториясында практикалық сабақтар жүргізді.
![]()
Білген үстіне біле түскісі келетін, тәжірибесін шыңдай беруге ұмтылып тұратын Азамат Мұратұлы 2007 жылы Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтына дефектология мамандығы бойынша оқуға түсті. Оны өте жақсыға 2010 жылы бітірді. Өз тәжірибесін толықтыру үшін жеке стоматология жетекшісі Тасимов Мақсат Жалғасұлымен кездесіп, жүздесіп, сол кісінің стоматологиясында тәжірибе жинақтағаны да есінде. Сол уақытта Мақсат өз алдына жеке клиника ашып, жұмыс жасау жайлы ой салды. Азамат та көп ойланбай ата-анасымен жолдасымен ақылдаса келе, сол ісін жүзеге асыруға бел буды. Мақсат болса бұл істің басы-қасында болып, өзі бас-көз болып, бағыт-бағдар беріп, аяғына дейін үйретіп, ашылуына өзі атсалысып, қол ұшын берген болатын.
Азамат Мұратұлы 2007 жылы сәуір айында отау құрды. Жары Ахмурзиева Дидар Балықбайқызы Атырау облысы, Құлсары қаласының тумасы. 1989 жылы тамыз айының 17 дүниеге келген. 2010 жылы алғаш әке атанған Азамат жарымен мерейлі отбасында Жанәділ, Диляра, Қарақат, Ғаламат есімді балаларын тәрбиелеп, өсіріп отырған бақытты ата-ана.
2018 жылы жолдасы екеуі кәсіптерін кеңейту мақсатында елге пайдалы сауда үйін ашпақ болды. Содан 2018-2020 жылдар аралығында сауда үйінің құрылысын жүргізді. 2020 жылы тамыз айында ашу салтанатын жасады. Ол жақтан да стоматологияның екінші бөлімін ашты.
Сауда үйіне «Қымбат Жан» деп атау берді. Қымбат ол өзінің әжесінің есімі болатын. Сол әжесінің тәрбиесін алып, сүйікті немересі болған. Ал «Жан» деген сөзге келсек, ол өзінің осы дүниенің жарығын сыйлаған адамның ең қымбат жаны, яғни, адамзат үшін қымбаттысы ол – анасы.
- «Қандай істі қолға алсам да менің жанымда бауырларым үнемі болады. Әрдайым мені қолдап жүретін алдымен ата-анама, сонан соң бауырларыма, жан жарым мен тілектес жандарға деген алғысым шексіз. «Жалғыздың шаңы көрінбес» дегендей, қаншама күрделі істің бітуіне атсалысқан қымбаттыларымның еңбегі ұшан-теңіз. Алдағы уақытта өз жұмысымыздың сапалы жүруіне барлық күш-жігерімізді салатын боламыз. Бұл ретте мықты мамандардың жаныма топтасуы да мен үшін маңызды. Жастарды көптеп тәрбиелеуге тырысамын. Елдің алғысын алу мен үшіне нағыз бақыт», - дейді Азамат Мұратұлы.
Қашан да елдің игілігі жолында тынымсыз тер төгіп, Алла берген абыройыңыз арта берсін дейміз.