![]()
Үздік дәрігер
Адам жанының арашашысы деп қастерлі мамандық иелерін қаншалықты мақтасақ та артықтық етпейді. Осы тұста Гиппократ антын өзінің өмірлік ұстанымы ретінде қабылдап, қоғамның басты байлығы саналатын адам саулығының сақшысы атанып жүрген дәрігердің бірі – Айтмұханбет Нақыпұлы. Оның денсаулық саласында еңбек етіп келе жатқанына біраз жылдың жүзі болды. Бірегей мінезімен дараланатын ол – батыл, алдына мақсат қоя білетін талапшыл, табанды азамат, тамаша отағасы, қамқор әке. Әріптестері оның қашан да көңілді жүретінін айтады. Абзал азамат әрдайым алға басып, тың идеяларымен айналасындағыларға қуат береді. Оған дәрігерге жүктелген міндетті атқарудан бөлек, басшы болу қасиеті де тән. Шаруашылық, емдік-диагностикалық мәселелердің шешімін таба біледі. Әр медициналық мекемеде негізгі стратегиялық мақсат болуы керек. Айтмұханбет Нақыпұлы кез келген сұрақтың жауабын айта алады. Оның мақсаты айқын, нәтижеге қол жеткізу үшін үнемі табандылық таныта білетін білікті маман.
![]()
Қай кезде де адам өміріне араша түсетін дәрігер мамандығы үлкен жауапкершілікті талап етеді. Өйткені, дәрігер өмірде түрлі тосын оқиғаға тап келеді. Өзі қалаған мамандықтың қиындығын білсе де бала күннен-ақ халатты абзал жан болуды арман етті. Бірнеше жыл алған білімінің арқасында жемісті еңбек етіп келеді. Дәрігер – жүйкесі мықты, барлық күйзеліске төзімді жан болуы керек. Ең бастысы дәрігер физикалық тұрғыдан мықты болып қалыптасуы қажет. Дәрігерлік мамандық – өте күрделі.
Қайымов Айтмұханбет Нақыпұлы Қызылорда облысы, Шиелі ауданында 1967 жылы 9 ақпанда қарапайым қазақ отбасында дүниеге келген. Ол Шиелі ауданындағы №244 Ы.Жақаев атындағы орта мектепте 1975 жылдан 1985 жыл аралығында білім алды. Алғыр, ойы ұшқыр, ізденімпаз бала Айтмұханбет мектеп кезінен ұйымдастырушылық қабілетімен дараланып тұратын. Өз ортасында белсенді болып, мектептің қоғамдық іс-шарасынан қалмай, сынып көшбасшысы атанып, ұстаздарының үміт артар сүйікті шәкірті болды. Мектеп қабырғасында жүріп талай түрлі байқауларға, жарыстарға қатысып, бақ сынап, жүлделі орындарды алды. Алтын ұя мектебін жақсыға аяқтап, 1990 жылы өзі арман еткен жоғары оқу орнына, яғни, Қарағанды Мемлекеттік Медициналық институтына оқуға түсті. Аталмыш оқу орнын 1995 жылы ойдағыдай аяқтап шықты. Талапты жас қолына дипломын алғаннан кейін, 1995-2000 жылдар аралығында Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Талап ауылдық округінің ауруханасында дәрігер-стоматолог болып жұмыс жасады. 2000-2007 жылдар аралығында Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Тереңөзек кентінің ауруханасында дәрігер-стоматолог болып қызмет атқарды. 2007-2013 жылдар аралығында Қызылорда қаласындағы «Шакир дантист» жеке тіс емханасында дәрігер-стоматолог болып жұмыс жасады. 2013 жылдан бастап «Медина Дент» жеке тіс емханасының директоры қызметіне отырды.
Еселі еңбегі еленіп, 2017 жылы Қазақстан Республикасы халқының денсаулығын сақтау
![]()
ісіне сіңірген айрықша еңбегі үшін «Стоматологиялық қызметтің үздігі» төсбелгісін омырауына тақты. 2020 жылы Қазақстан Республикасы халқының денсаулығын сақтау ісіне сіңірген айрықша еңбегі үшін омырауға тағатын «Стоматологиялық қызметтің үздігі» белгісімен марапатталды.
- «Біздің бақытымыздың оннан тоғызы денсаулығымызға байланысты ғой. Халық айтады: «Денсаулықтың қадірін ауырғанда білерсің» - деп. Пенде болған соң ауырмайтын жан болмайды. Адамның жаны ауырған жерінде. Денсаулығың сыр беріп, басың ауырып, тісің сыздап дегендей түрлі ауруға шалдығу заңдылық та. Ондайда жанын шүберекке түйіп, ақ халаттылардан үміт күтіп келеді. Қатты ауырған адамды азаптан құтқаруға тырысып, бар білік-біліміңді саласың ондайда.
Тіс дәрігері зергер сияқты ғой. Науқастың жанына желеу болып, ем-домын жасап, күрделі ауруларға шипа беруге тырысамын. Жақсы дәрігер атану оңай емес, ал нағыз дәрігер атану тіптен қиын. Әрбір істің өз қызығымен қатар қиындығы бар. Күндіз-түні көз майыңды тауысып, адам табиғатын терең түсіне білу әркімнің қолынан келе беретін шаруа емес. Осы орайда, бүкіл науқасқа мейірімділік таныта отырып, жұмысыңды талапқа сай ешбір артық эмоциясыз орындауың да керек. Әрбір дәрігердің жүрегінде алдына келген ауру адамды дертінен емдеу жіті назарда тұрады. Ауырып тұрған жеріне баса көңіл аудармас үшін, үстелдегі науқасыма ем барысында барынша қызық әңгіме айтып, көңілін басқа нәрсемен аулауға тырысамын. Жас пенен кәрі кісілердің тісін емдеп қана қоймай, әдеттегі тіс дәрігерінен кейінгі жағымсыз сезімді сейілту мақсатында осындай психологиялық тәсілдерді қолданамын. Қазір емхананың бас тіс дәрігер маманымын. Қол астымда сенімді шәкірттерім, қызметкерлерім бар. Аймақ тұрғындары мен қонақтарының дертіне шипа тауып, кәсіби кәсібіміз өркендеп келеді. Адамдардың көңілінен шығып, қалауын орындап, алдыңғы қатарлы қызмет көрсететін емханалар тізімінде келеміз», - дейді кейіпкеріміз.
Бұл мамандық жайында осы саланың білікті мамандары: «Дәрігер мамандығының қырсырын қанық біліп, анық сол жолды таңдау үшін үлкен жүрек керек» - дейді екен. Дәрігер болу үшін жүректілік, шыдамдылық, білім мен біліктілік, аса сақтық, ұқыптылық, жауапкершілік, адалдық, шексіз мейірімділік, адамның тәнін ғана емес, жанын емдей алатын психолог бола білу, Ең бастысы, мамандықты сүю қажет. Тәжірибе жүзінде біліміңді шыңдаудан жалықпауға, әрдайым ізденісте жүруге дағдылану керек, күресе білу керек. Себебі дәрігер – күрескер адам. Орысша айтқанда, ол – «Борец». Ол – жұмысын күресумен өткізеді.
![]()
Айтмұханбет Нақыпұлының Алла қосқан қосағы Бержанова Ұлмекен 1971 жылы дүниеге келген. Облыстық ішкі істер департаментінде дәрігер-эпидемиолог болып қызмет етеді. Екеуі 1994 жылы отбасын құрып, қазіргі таңда 2 ұл және 2 қыздың ата-анасы атанды. Үлкен ұлы Бекарыс 1995 жылы дүниеге келген. Астана медициналық университетінде стоматология факультетін тәмамдады. Бүгінде әкесінің жолын жалғастырып, абыройлы қызмет атқарып жүр. Айдар 2000 жылы дүниеге келген. № 101 лицейді «Алтын белгіге» бітірді. Ол да әке жолын басып, Астана медициналық университетінің стоматология факультетінің грант иегері атанды. Қазіргі таңда 5 курс студенті. Қызы Ақбөбек 2005 жылы дүниеге келген. «Инновациялық білімді жетілдіру лицейінің» 10-сыныбында оқиды. Медина қызы 2008 жылы дүниеге келген. №101 мектеп-лицейінде 8-сыныбында оқиды.
Стоматология – дені сау тіс пен әдемі күлкі сыйлайтын орталық. Шынымен де қазіргі уақыт-та стоматологиялық емханаларды таңдау өте қиын. Сондықтан да, тіс емдеу орталығын таңдамас бұрын бірнеше дүниеге назар аударған жөн. Бірінші, арнайы білімі бар, жоғары білікті дәрігерлер қызмет ететін орталықты таңдау керек. Екінші, денсаулыққа қауіпсіз алдыңғы қатарлы жаңа технологиямен жабдықталған емхана екендігіне көз жеткізу қажет. Үшінші, сапа кепілдігін беретін мекемеге бару керек. Кепілдік – жұмыстың қаншалықты сапалы екендігін айқындайды. Тістегі ақау адам ағзасындағы бар ауру-сырқаудың бастауында тұрады. Оған салғырт қарауға әсте, болмайды. Тіс дәрігерінің айтуынша, тісіңіз сау болса да, жарты жылда бір рет тіс дәрігеріне қаралып, профилактикадан өтіп тұру артықтық етпейді.
![]()
Дәрігер кәсібилігімен қатар, адамгершілік құндылықтарды жоғары қоятын мамандардың кішіпейілдігі, жылы сөздері, сыпайы қарым-қатынасы тісі солқылдап, мазасы қашып, жүйкесі ауырып келген жандарға дәру болатыны анық. Айтмұханбет Нақыпұлы үнемі ізденісте, жан-жақты даму үстінде жүреді. Жаңаны толық меңгеруге ұмтылыс жасайды. «Болдым, толдым» демейді. Мүмкіндігінше жыл сайын білімін жетілдіріп, біліктілігін арттыру мақсатында отандық және шетелдік орталықтарға, тәжірибе алмасу алаңдарына барып тұрады. Жаңадан алған, жинақталған білімі емделушілердің игілігі үшін жұмсалады. Мұндай білім жетілдіру курстары кәсіби маманның жұмысқа деген ынтасын одан әрі жоғарылатып, олардың заманауи әдістерді тәжірибе жүзінде қолдануына, жаңашылдыққа бетбұрыс жасауына үлкен мүмкіндік туғызып отыр. Негізі мамандық игеру адамның ең басты құндылығы, болашақ бағдары екені сөзсіз. Сол құндылықты өзінің балаларына бере білудің өзі абырой. Ендігі кезекте ұрпақтар сабақтастығы жалғасын тауып, ұлтқа қызмет етуі әрі қарай да отбасылық кәсіп түрінде өз жалғасын тапса дейміз.