Жиенғазы Нартай

Рейтинг:

Маржан тістің маманы

      Иә, дүниеде адам емдеуден артық өнер жоқ шығар, сірә. Қиын да күрделі тіс маманы болу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Оған үлкен жүрек пен темірдей төзім керек-ақ. Тіс дәрігеріне икем керек. Яғни, қолы епті, саусақтары майысып тұратын, ұсақ нәрселерді іліп әкететін қасиеті болуы керек. Себебі, стоматология ұсақ-түйекке жақын жұмыс. Сондықтан да бұл салаға келетін адамға аса күшті шыдамдылық керек. Адам сөйлегенде ең бірінші көзге түсетіні тіс. Жарқыраған аппақ маржандай тіс адамның көркін ашып, ішкі жан әлемінен хабар береді. Көркімізді арттырып, асқорыту жүйеміздің дұрыс жұмыс жасауына ықпал ететін тісті күту, емдеу үлкен еңбек пен шыдамдылықты талап етеді. Тісіміз ауырып, мазамыз қаша бастаса, тіс дәрігерінің көмегіне жүгінеміз ғой. Адал, ерінбей еңбек етіп, білгеніңді кейінгі ұрпаққа қалдырып, үйретіп кетуді өмірлік ұстаным етіп алған, осы бағытта жұмыс жасап келе жатқан, сапалы қызметін көрсетіп, адал еңбегін халқына арнаған азаматтарымыздың бірі – Жиенғазы Нартай Орынбасарұлы. 
      Саулықтың кепілі саналып, риясыз күлкінің ажарын кіргізген стоматология саласына өмірін арнап, абырой биігіне көтеріле білген дәрігер Нартай Орынбасарұлы 1965 жылдың 5 қыркүйегінде Ақтөбе облысы, Хромтау ауданы, Ақжар ауылында дүниеге келді. Қысында қар қалың түсіп, көктем шыға түкті кілемдей жайнай жөнелетін, төрт түлігінде береке қонып, азаматында адам асыл қасиеттер тұнған киелі өлкеде бақытты балалығын өткізген Нартай мектеп қабырғасында да өзінің алғырлығымен, зеректігімен көзге түсті. Жанарынан от ұшқындап, тапсырманы тиянақты орындайтын жалынды жас қай ұстаздың да мақтанышы емес пе, әке тәлімі, ана сүтімен бойына енген әділдік пен адалдықты ту етіп ұстанған ол оқушы күнінен-ақ жауапкершілігі мол жұмыстар атқарып, өзін қайрап, болашақ білікті бір мамандықтың тізгінін ұстауға бет бұрды. Өмір көрген, тәлім тәрбиесінде даналық жатқан ұстаздарының белін буып, болашақ бағдаршамының жасыл жарығын жағып берген тәлімінің арқасында бала Нартай мектепті жақсы оқып, бітірді. 
      Арман – ұмтыла білгенді жоғары көтеріп, еңбектене білгеннің шырайын шығаратын, талапты жастың қанаты болатын ерекше нәрсе. Көктемде бүршік жарған өрік талындай болып, мектеп қабырғасында жүріп оянған дәрігер боламын деген арманы, тек алға ұмтылуды мақсат етіп қойған Нартайды көпсалалы медицина саласына алып келді. Бірақ, тарғыл тағдыр жұмыр басты пенденің айтқанымен жүре ме, әп дегеннен-ақ ойлағаны болмай, талаптанғанымен табаны тайып кеткен ол ауыл тірлігіне еніп кетті. Осылайша, 1981 жылы Хромтау қаласы №3 қазақ орта мектебін бітіріп аудандық статистика басқармасында механиктің көмекшісі болып еңбек жолын бастады. 
      Өз ішінде бұлқынған жанартау секілді, асқақ арман да орындалуы мен кезегін күтіп ұзақ жата алмайтын, тағдыр иесінің тасын өрге домалату жолында қайрай түсетін, алып күш. Қара жұмыс жасап жүріп өзінің де көкірек көзі ашылып, оянған Нартай араға жыл салып, Қызылорда медициналық училищесінде тіс дәрігері мамандығына оқуға түседі. Осы бір студенттік кезін ұтымды пайдалана білген Нартай Орынбасарұлы тағылымды дәрістермен қатар стоматология саласы бойынша көптеген кітаптар мен журналдарды қарап, білімді де білікті тіс дәрігері болып шығуы үшін таңмен таласа тұрып, кеш батқанша училище қабырғасында уақытын өткізіп, аталған оқу орнын 1985 жылы бітіріп шығады. 
      Адам денсаулығының бір кепілі тістің саулығы. Бүгінде табыс пен жоғары әлеуметтік абырой дегенді ойлайтын адам ақмаржан тістердің адамның беделіне қаншалықты маңызды екенін жақсы біледі. Ауру күн бата асқынады әдетте. Әсіресе, тіс сырқырағанда жаныңды қоярға жер таппассың! Сонымен қатар, тіс саулығы жалпы ағзаның саулығымен тікелей байланысты. Әдемі жымиыстың да қаншалықты маңызды екенін айтпаса да түсінікті. Осындай маржандай күлкіні сыйлап жүрген тіс дәрігері маманы Нартай Орынбасарұлының алғашқы еңбек жолы Хромтау қаласында аудандық емханада тіс дәрігері болудан басталды. 
      Адам өмірі – жаратқанның аманаты. Сол бір нәрсеге қиянат етіп алмау жолында, тұрғындарға сапалы әрі кәсіби біліктілікпен қызмет көрсету жолында еңбек ету үшін үздіксіз ізденді. «Талпынған жетер мұратқа» дегендей тасқа салса да қайтпайтын алдаспанның жүзіндей өткірлік, табандылық пен сабырлылықты жанына серік еткен Нартай Орынбасарұлы нәзіктікпен қатар, сабырлылықты, табандылықты, ұқыптылық пен үлкен жауапкершілікті талап ететін салада жүріп мол тәжірибе жинақтады. Оқу орнында жүріп, қосымша стоматологиялық ем жүргізетін мекемелерден оқу-тәжірибесінен өткен кейіпкеріміз еңбек ету барысында өзінің ұстамдылығы мен кәсіби шеберлігін қолдана білді. Қолымнан келмейді демеді, тіс жұлу, емдік шараларын жүргізу барысында оқып-тоқығаны мен санаға түйгенін саралай отырып, алдына келген емделушінің көңіл-күйі мен ауруының тарапына қарай ем жүргізді. Өзіңнің емес, сенің көмегіңмен өзгенің күлгенін көру – нағыз бақыт. Жұмыс барысында кедергілер кездеспей қалған жоқ, бірақ, өзіне деген сенімділігі мен тәжірибе барысында жиналған шеберлігінің арқасында талай қиындықтарды жеңіп, талай жанның жүзіне қуаныш пен күлкі үйіре білді. 
      Әскер – өмір мектебі, қамшы ұстарым келді деп қуанған ата-ананың қуанышына сеп болған әрбір ер-азамат үшін Отан алдындағы қызметін өтеу – парыз. Денсаулығы жарап тұр, қайсарлығы да алдаспандай өткір, жанарынан жастық лебі ұшқындаған жас 1986-1988 жылдары әскер қатарында болғанда да Чехословакия елінде бригада құрамындағы санитарлық бөлімде тіс дәрігерінің қызметін атқарды. Буыны қатпағанның бұғанасын бекітіп, қолына қару алған жастың қанатын қатайтып, кітап бетіне, дана сөзіне жазылған өмір заңдылықтарын емес, шынайы сынақтан өткізіп, үлкен өмірге қадам бастыратын әскер сапында болып, отан алдындағы борышын өтеп елге оралған Нартай Орынбасарұлы таңдаған мамандығы стоматология саласындағы алғашқы баспалдағы болған саласын одан әрі жалғастыруға бел буды. Осылайша, әскерден қайнаудан шыныққан болаттай болып оралған кейіпкеріміз 1988 жылы Алматы медицина институтына түсіп 1993 жылы стоматолог-дәрігер мамандығын алып шықты. 
      Көңілі қалап, ерекше құштарлықпен жасаған іс өз нәтижесін беретіні тарихтан дәлелденген, өз саласына аса жауапкершілікпен әрі кәсіби көзқараспен қарауы, ұжымдағы үлгі тұтар адами қарым-қатынасы, емделушілердің айтқан алғысы жас дәрігер Нартай Орынбасарұлын аз ғана уақыттың ішінде бедел биігіне көтере білді. Тұрмыс арқаны тарамдалып кеткен сонау тоқырау жылдары мардымды жалақы болмаса да, өз ісіне деген махаббаты, дәрігерлік антына берік болып қалған ол түрлі жауапты қызметтерді атқарды. 1993 жылдан 2007 жылға дейін Ақтөбе жедел жәрдем ауруханасының бет-жақ хирургиясы бөлімшесінде, стоматологиялық бөлімшесінде еңбек етсе, 2007-2010 жылдар арасында «ИНТЕРСТОМ» стоматологиялық емханада бас дәрігері, 2010 жылдан Ақтөбе облыстық балалар стоматологиялық емханасының бас дәрігері және қызметін Облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас стоматолог міндетін абыроймен атқарып келеді. 
      «Тіс бүлінді дегенше, іш бүлінді десейші, Іш бүлінді дегенше, іс бүлінді десейші» деген, аппақ маржандай тіс адамның көркі ғана емес, денсаулықтың, салауатты өмір салтының кепілі. Күнделікті көтеріңкі көңіл-күйде жүрудің, дұрыс тамақтанудың сыры сау тісте жатыр. Осындай тісіміздің сау болып, өзімізді қоғамның белсенді бір мүшесі ретінде сезініп жүргеніміз тіс дәрігерлерінің арқасы. Сондықтан, әрбіріміз тіс дәрігерлеріне деген алғысымызды айтуымыз керек. Саналы ғұмырын дәрігерлікке арнап, алдына келген емделушілердің жанына шипа беріп, көңіліне қуаныш нұрын ұялатқан, ақ халатты абзал жан Нартай Орынбасарұлы 1993 жылдан қосымша Ақтөбе Марат Оспанов атындағы медицина университетінің алғашқыда орта буын мамандарын дайындау кафедрасында, 2002 жылдан стоматология факультетінде бакалавриат кафедраларында, интернатура кафедрасында ассистент ретінде ұстаздық етіп келе жатқан тәжірибелі тәлімгер. 
      Дәрігер деген – кең ұғым, қастерлі мамандық. Бұл мамандық иелерінің жауапкершілігі де мол, атқаратын жұмыстары да ауқымды. Қызығы мен шыжығы қатар жүретін осынау маңызды салаға бүкіл өмірін арнап келе жатқан абзал жандар қаншама. Осы 2020 жылда бізге дәрігерлердің керектігін бәріміз де түсіндік. Адам баласы қолда бар алтынның қадірін түсінбейді деп жатамыз ғой, осы жылда «ақ халатты абзал жан» деген сөздің мағынасын жақсылап санамызға түйіп алдық десек қателескеніміз емес. 
      Денсаулық сақтау саласында еткен еңбегіне орай Нартай Орынбасарұлы ақ адал еңбегінің бағасы ретінде түрлі жетістіктерге қол жеткізіп, түрлі деңгейдегі, мерейін өсіретін марапаттарға ие болды. Атап айтар болсақ:
      - 2007 жылы Қазақстаның біріккен стоматологтар асоциациясының» ұсынысымен «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісі;
      - 2015 жылы «Білім беруде қосқан үлесі үшін» төсбелгісі;
      - 2016 жылы Ауғаныстандағы соғыс ардагерлерінің «Ауғаныстан Ардагерлері» Республикалық Қоғамдық Бірлестігі кеңесінің шешімімен Қайырымдылығы үшін «САУАП» медалімен марапатталды. 
      - «Біздің Облыстық балалар стоматологиялық емханасы Ақтөбе қаласы және облыстың 0-жастан 18-жасқа дейінгі балалармен жасөспірімдерге ауыз қуысын сауықтыру мақсатында стоматологиялық көмек көрсетеді. Сауықтыру жұмыстары емхананың бас ғимаратында және қаланың ескі бөлігінде филиалда көрсетіледі. Шалғайдағы ауылдарға барып көмек көрсететін жылжымалы стоматологиялық қондырғымызда бар «автокөлік» және балалар санына байланысты стационарлық стоматологиялық кабинеттеріміз Ақтөбе қаласының 5 мектептерде жұмыс істейді. Емханада 30 стоматолог-дәрігер және 18 тіс дәрігерлер қызмет жасайды», - деп өзінің қызметі туралы аз-кем мәлімет айтып өткен Нартай Орынбасарұлы қызметте білікті басшы, тәжірибелі дәрігер ғана емес, отбасында арқа сүйер азамат, асқар тау әке. Медицина саласының маманы, педиатр дәрігер, балалар ауруханасында бөлім меңгерушісі Жубанышева Дания Мухамбеткаримовна екеуі ұл-қыз өсіріп, оларға тәлімді тәрбие беріп, жоғарғы білім алып беріп, әрқайсысының өмірден өз жолын табуына сеп болған бақытты ата-ана. Қызы Жазира балалар және жасөспірімдер психологі болса, ұлы Нұрхан стоматолог, дәрігер-ортодонт, интернатура кафедрасының ассистенті. 
      Тауға да ұрып, тасқа да ұрып сау басын,
      Пенде шіркін кеш ойлайды тәубасын.
      Дәрігерді жаратқан ғой тәңірім,
      Адамдарға рахымы мол болғасын.
      Айнымаған адал ант пен сертінен,
      Адам үшін еңбек еткен еркімен.
      Дәрігерге құтқар дейміз бір сәтте,
      Жылдар бойы жиған өмір дертінен
, - деп Баянғали Әлімжанов жырламақшы, бағалай білген кісілерге медицина қызметкерлерінің тұғыры таймас биік тұлға. Жалпы, медицина қызметкері болу адамға жарық сыйлау деген сөз іспетті. Сондықтан, тек ісімен ғана емес жүрегімен емдей білетін Нартай Орынбасарұлы сияқты ақ халатты абзал жандарымыз көп болса екен деп тілейміз. Ойымызды сараптай келе денсаулық – ең бірінші байлық екенін ұмытпағанымыз жөн, ал дәрігерлер болса, адам тәнінің шипагері. Сондықтан олардың атын төмендетпей, жоғары көтеріп, бағалап жүрейік.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...