Аялы алақан
Жер бетінде дәрігерлік мамандықтан абыройлы, құрметті мамандық жоқ-ау, сірә! Дәрігер болу үшін адамға ем дарытып қана қоймай, оның жанын түсінетін, жылы сөзімен дем беретін маман иесі де болу керек. Сол салаға күллі ғұмырыңды арнап, адал жүрекпен, шын көңілмен еңбек жасауың қажет. Сонда ғана халықтың сыйлысы, құрметтісі боласың. Медицина – адамзатпен бірге жасап, дамып, түрленіп келе жатқан, өлмейтін мамандықтардың бірі. Ал сол нәзік мамандықтағы жүректілік пен сабырлылық, төзімділікті, дер кезінде шешім қабылдауды талап ететін сала қызметкерлері туралы айту, жазу әрі мақтаныш, әрі абырой. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз де ондаған жылдар бойы осы медицина саласында, сонымен қатар білім мен ғылым жолына түсіп, түбі терең медицинаның жолын қуған талапкерлерге дәріс беріп, танымын кеңейтіп, бүгінгі таңда «Шапағат» әлеуметтік қызмет орталығында еңбек етіп келе жатқан Байқазақова Мақпал Тілебалдықызы туралы айтып өтпекпіз.
![]()
Қай мамандықты меңгерсең де өз ісіңнің білікті де білімді іскері, тәжірибелі маманы болу – заман талабы. Жыл санап емес, сағат санап, жарықтың жылдамдығынан да қатты дамып келе жатқан заманда, заманауи озық технологияларды меңгеріп, соңғы үлгідегі емдеу тәсілдерін қолданып, тұрғындарға сапалы қызмет көрсету – біз қағаз бетіне түсіргендей оңай емес. Оның өзіндік қиыншылықтары, алпыс екі тамырдан қаны айналып жатқан әр дененің өзіне тән физиологиялық ерекшеліктері болады. Міне, осындай күрделілігі басым медицинаның ішінде ақ халаттың жүгі мен міндетін сезініп, таңдаған саласының үздігі бола білген азаматтарымыз баршылық. Қызмет барысында олардың еңбегі назардан тыс қалуы мүмкін, бірақ, емін алып, жанына тыныштық тапқан жандардың алғысы ешқашан өшпек емес, мәңгілік алаудай қыстың қалың боранында да, жаздың жаңбырлы мезгілінде де жанып тұра бермек.
Мақпал Тілебалдықызы 1985 жылдың 8 мамырында Алматы облысы, Райымбек ауданында дүниеге келді. Бағында бұлбұлы сайрап, көгінде қыраны қалықтаған қазақ даласының қай жері де киелі емес пе, талай тарландардың табаны тиген қасиетті топырақта бақытты балалығын өткізіп, ата-анасының құшағында махаббат бесігінде тербеліп өсті. Ауыл іргесіндегі білім ордасын бітірген соң, бала арманының жетегіне ілесіп, арман қала Алматыға аттанды. Кішкентайынан алғыр, алдына мақсат қойып соған жету жолында аянбай ізденіп еңбектенетін жас емтиханнан сәтті өтіп, 2002 жылы С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті «Педиатрия» мамандығы бойынша оқуға түседі.
Медицинаны меңгеріп, оның ішінде балалар дәрігері болу – екінің бірінің қолынан келе бермейтін, ерекше мейірбандылықты, өз ісіне деген махаббатты, баламен жұмыс жасай білу қабілетінің ұшталуды талап ететін сала. Бірақ, кішкентайынан асыл арманы болған мамандығы бойынша оқуға түскен ол білім ордасының қоғамдық өмірімен қатар, медицина әлемінің тереңіне сүңгіп кетті. Студенттік шақ – қызығы мен қиыншылығы қатар жүретін қайтып келмес сәттерге толы ғана емес, ғылымның шамын жағып, таңдаған мамандығы бойынша біліміңді, біліктілігіңді арттыратын, болашақ медицина деп аталатын алып ғимараттың алғашқы кірпішінің қалануына себеп болатын ерекше шақ. Осы бір сәтті тиімді пайдалана біліп, инемен құдық қазғандай болған медицина ғылымының шамына жүзін сәулелендірген Мақпал аталған оқу орнын бітірген соң, 2009 жылы интернатурадан өтті. Қол үзбей оқыған оқулары, өз ісін жетік білетін, тәжірибелі дәрігер маман ретінде, әрдайым өз білімін жетілдіру мақсатында және жоспарлы түрде білімін жетілдіру курстарына барып білімін жетілдіріп отырған Мақпал Тілебалдықызының алғашқы еңбек жолы 2009-2010 жылдары Алматы қаласында «Қазақстан – Ресей медициналық университеті МЕББМ» Гистология кафедрасында мұғалім болудан басталды.
![]()
Қоғамда адам өмірінен маңызды құндылық жоқ. Адамдардың дендері мен жандарының саулығы тұтас қоғамның әл-ауқатына, тұрмыс сапасына әсер етеді. Ізгі қоғам қалыптастыру жолында еңбек етушілер қатарында жедел жәрдем қызметкерлері де бар. Ауырып ем іздегенде, төтенше жағдайға сақадай сай болып, күннің ыстық-суығына қарамай көмек көрсетуден аянбайтын абзал жандардың еңбегі қаншалықты ауыр болса, олар қоғамда соншалықты құрмет пен беделге ие. Осындай, адамзат денсаулығына күтім жасап, дер кезінде жәрдем беретін талапкерлерді оқытып, надандық болмысын медицинаның сәулелі шамымен жарықтандырып, қыр-сырын түсіндіріп, оларды білікті де білімді маман етіп шығаруда өзінің тоқығаны мен санаға түйгенін сарп еткен Мақпал Тілебалдықызы үшін бұл үлкен тәжірибе болды.
Үнемі ізденіс үстінде болып өзін дамытып, жан-жақтылығын арттырып отыруға бел буған білікті маман Мақпал Тілебалдықызы 2008-2009 жылдары Д.А.Қонаев атындағы университетінің «Құқықтану» мамандығынан үздік атанып, заң саласы бойынша білім арттырды. Одан кейінгі қызметінде, яғни, 2010-2016 жылдары С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті «Денсаулық сақтау саясаты және басқару» кафедрасында мұғалім, Астана қаласының шаруашылық жүргізуге құқықты «№7 қалалық емхана» участкелік бала дәрігері, 2016-2017 жылдары С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің «Балалар ауруларының» кафедрасында мұғалім, «Іле аудандық орталық ауруханасында» аудандық эксперт, 2017-2018 жылдары ШЖҚ «ААБКА» МКК соматика бөлімінде педиатр, 2018-2019 жылдары «Талғар аудандық орталық ауруханасында» аудандық педиатр, «Алатау» балалар клиникалық санаториясында соматика бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс жасаған Мақпал Тілебалдықызы қазіргі уақытта «Шапағат» әлеуметтік қызмет орталығында директордың медициналық басқару жөніндегі орынбасары қызметін абыроймен атқарып келеді.
Жер бетін билеген тіршілік иесі адамзат үшін бағалы байлық деген не? Бәз біреулер үшін мансап, атақ не ақша болар... Жоқ, адам үшін ең құнды дүние – деніңнің саулығы, соның амандығы. «Денсаулық – зор байлық». Кейде сол байлығымызға немқұрайлы қарап, жанымызға батқан сәтте ақ халаттылардың көмегіне жүгінетініміз анық. Иә, ақ халатты абзал жан. Осынау жағдайда жауапкершілігі жоғары, адам өміріне араша түсіп, қиын сәтте жүрексінбей батылдық танытып, әр күні арпалысқа толы маман иелері нағыз ерліктің күрескер жандары. Иә, дәрігер болып, ақ халатты абзал жан атану оңай емес. Десе де мұндай қызметке бар ғұмырын арнап, адам өмірін сақтап, шеберлігін көрсетіп, дертіне шипа беріп жүрген батыл жандар қаншама?! Сондай қастерлі мамандықты меңгеріп, кішкене сәбилердің дертіне дауа болып, аналардың жүзін қуанышқа толтырып, ел құрметіне бөленіп жүрген білікті дәрігер Мақпал Тілебалдықызы бала күлкісіне сеп болумен қатар,
![]()
2013-2015 жылдар аралығында С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық Медицина университеті «Қоғамдық денсаулық сақтау» мамандығы бойынша медицина ғылымдарының магистрі атанып, тас бүркеніп жатқан медицина саласында ғылым жолына жүз бұрған қызметкер. Еңбегі еленіп, ғылымға қосқан үлесі үшін «Қоғамдық денсаулық сақтау» мамандығы бойынша медицина ғылымдарының магистрі атағына ие болып, 2017-2020 жылдар аралығында ҚДСЖМ Қазақстандық медициналық университетіне PhD «Қоғамдық денсаулық сақтау» мамандығы бойынша докторантураға оқуға түсіп, білімін жалғастыруда.
Жұмыс барысында өзін жауапты, мақсат қоя білетін, еңбекқор қызметкер ретінде көрсете білген Мақпал Тілебалдықызы корпоративтік әдеп қағидаларын ұстанып, ұжымда беделді, әріптестерімен қарым-қатынаста ілтипатты, жайдары, әрдайым көмек беруге әзір тұратын ақ көңілді жан. Демалып жатқан балалар дәрігердің жоғары қарым-қатынас жасау мәдениеті мен жұмыстағы кәсіби біліктілігі үшін бағалайды. Өзіне жүктелген міндеттер мен мәселелерді шығармашылықпен, тез және тиімді шеше алатын педиатр-дәрігер біліктілігі мен кәсіби деңгейін арттырумен және өзін-өзі дамытумен айналысады. Мамандықтың асылы, адамгершіліктің ұлысы саналатын осы бір игі істі шын жүрегімен жақсы көріп істегендіктен болар, ол елдің шынайы алғысын алып келе жатыр. Әрқашан басқаларға көмек беруге дайын тұратын, ұжымда осы қасиетімен бедел биігіне көтерілген, жұмыста тәуелсіз, басшылық жүктеген күрделі әрі әртүрлі тапсырмаларды орындайтын қызметкердің еңбегі еленіп, 2020 жылы «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
Иә, бағалай білген кісілерге медицина қызметкерлерінің тұғыры таймас биік тұлға. Жалпы, медицина қызметкері болу адамға жарық сыйлау деген сөз іспетті. Сондықтан, тек ісімен ғана емес жүрегімен емдей білетін Мақпал Тілебалдықызы сияқты ақ халатты абзал жандарымыз көп болса екен дейміз. Қаншама жанның өміріне араша, дертіне дауа табушы маман иесіне көпшілік сенім артады. Ақ жүрек пен аялы алақан иесінің алдағы кәсібіне береке тілейміз.