Жаны жомарт азамат
Дәрігерлік жолды таңдаған маман – терең білімді әрі өз ісін үлкен сүйіспеншілікпен жақсы көретін жан болуы тиіс. Дәрігерлік – қасиетті мамандық. Себебі, ол жай ғана кәсіп емес, ол – адам өмірі үшін арпалыс, күрес. Бір адамның жанын сақтап қалған дәрігер сансыз сауап пен алғыс алады. Медицина саласы жауапкершілігі мол, көтерер жүгі ауыр салалардың бірі. Сондықтан да бұл мамандықты кез келген адам таңдай бермейді. Ол үшін біліктілік пен шыдамдылық, талаптылық, жігерлілік пен жүректің батырлығы керек-ақ. Жауапты мамандықты жоғары деңгейде меңгеріп шығу оңай емес. Оны мойындау керек. Бұл саланың маңыздылығы сол, дәрігердің жұмыс барысында қобалжып, ешқашан қателесуіне болмайды. Сол себепті де ақ халаттылар үнемі ізденіс үстінде жүруге міндетті.
![]()
Өз саласында ем жүргізудің барлық тәсілдерін жетік меңгергенде ғана дәрігер деген шын атқа лайықты болады. Күн мен түнді елемейтін, уақытпен де санаспайтын, науқастарға жақынындай қарайтын абзал жандардың еңбегін қашанда мақтан етуге болады. Соңғы үмітпен келетін әрбір науқасты қанаттандырып, жылы сөзімен дем беріп, дертіне шипа бола алатын, Алладан кейінгі ардақты жандар ол алтын қолды дәрігерлер дер едім. Саналы ғұмырын жүрегі қалаған мамандыққа арнайтын, бойындағы жігері мен қайратын, білімі мен біліктілігін бір салаға жұмсайтын жандар болады. Мұндай адамдарға халықтың құрметі де ерешке ие болатыны сөзсіз. Сондай қадірлі азаматтардың бірі де бірегейі жоғары санатты дәрігер, білікті басшы, стоматолог, Алматы қаласындағы ЖШС «Шарапат» медицина орталығының директоры, Республикалық «Қазақ билер орталығының», Жамбыл облыстық «Қазақ билер орталығы» қоғамдық ұйымының төрағасы-аға биі – Садыбеков Сейсенғали Үшкемпірұлы.
Шығармашылық пен шеберліктің шыңына шығаратын, жылдар өте тәжірибесін тереңдететін, абырой биігіне көтеріп, өмірден өз орнын табуға, тұлға болып қалыптасуға сеп болатын – ол адамның кәсібі һәм мамандығы. Міне, ғасыр өтсе де ғұмырлығын жойматын екі мамандық болса, соның бірі – дәрігерлікті меңгеріп, халыққа қызмет етіп келе жатқан Сейсенғали Үшкемпірұлы 1959 жылдың 27 сәуірінде Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, Тоғызтарау ауылында дүниеге келді. Өмір бұлағының бастауы болған ата-анасына келер болсақ, әкесі – Сәдібеков Үшкемпір саналы ғұмырын білім саласына арнаған ұстаз, мектеп директоры, «Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі», «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісінің иегері болған тұлғаның есімі ел есінде мәңгілік жатталып қалды. Ал, мейірімінде махаббат пен өнеге тұнған анасы – Шарапат Жүнісқызы білім беру саласында ұзақ жылдар бойы қызмет етіп, еліне елеулі, халқының аяулы, сыйлы ұстаздарының бірі болды. Тасын түртсең тарихы сөйлейтін, өткені рухани байлыққа тұнған өлкеде бақытты балалығын өткізіп, қырғыз Алатауына соққан желмен жарысып өскен бала Сейсенғалидың бала кезінен-ақ арманы биік болды. «Мәңгі лаулап жану үшін ғаламда, Үлкен бақыт табу үшін ғаламда, Үлкен болып қалу үшін ғаламда, Үлкен арман керек екен адамға» деп ақын айтпақшы, қоғамға пайдасын тиігізіп, бір мамандықтың білікті иесі болу үшін адамға үлкен арман керек. Бұл жағынан келгенде кейіпкерімізге Жаратқан мырзалық танытқан.
![]()
Кішкентайынан алғыр, игі істердің бастамашысы болып басы-қасында жүретін, жанындағыларды бір іске үйіріп алып кететін ұйымдастырушылық қабілеті басым бала Сейсенғали мектеп қабырғасында жүріп те өзінің зеректігімен, зейінділігімен көзге түсе білді. Әкеден алған тәлімі мен анадан алған өнегесінің арқасында, сыныптағы балаларға үлгі болумен қатар, мектеп бағдарламасын меңгеріп, сыныптағы озат оқушылардың көшін бастады. Шығамын деген талаптыға тау биік болып па, тек алға ұмтылып, үнемі ізденіс үстінде жүретін шәкірт, сыныптың, мектептің қоғамдық өмірімен белсене араласып, ұстаздарының да үміт артар сүйікті оқушысына айналды.
Қабілетті жас, қандай істе де қабілетті болып қала бермек. Түн қараңғылығында жеті жарық жұлдызымен жол көрсеткен жетіқарақшыдай болған медицинаға, дәрігер боламын деген арманы уақыт өте күшейе түсті. Осылайша, текті тұлғалардың табаны тиген қасиетті топырақта ойнап өскен бала, 1976 жылы Жамбыл ауданы, Аса ауылындағы мектепті үздікке бітірді. Адамның қалағыны бола берсе, тағдырға сенім бола ма, арманы арқасынан қанатын қағып тұрса да, оқуға баруға реті келмей, өзі секілді құрдастарымен бірге еңбекке араласып, Жамбыл аудандық коммуналдық қызмет ету мекемесінде қара жұмысшы болды. Көңілі сүйген пендесіне барлық жақсы мінез бен қабілетті үйіп-төгіп бере салатын Жаратқанның жомарттығы бар емес пе, оқуға түсе алмағаны аяғына тұсау болмай, қайта бір жыл бойы дайындалып, келер жылы яғни, 1977 жылы Алматыдағы мемлекеттік медицина институтына оқуға түсті.
Әр пенде ер жетіп, оң-солын таныған сәтте таңдаған мамандығы бойынша оқуын оқиды, я болмаса қолынан келер кәсіпті игеріп күнін көреді, тіршілік етеді. Адам баласы игерген мамандық пен кәсіптің түрі көп. Сол сансыз кәсіптің ішінде аса үлкен жауапкершілікті талап ететіндері бар. Адам жанының арашашысы ақ халатты абзал жандар нағыз қателесуіне болмайтын мамандық иелері. Себебі, адамның ең қымбат өмірі мен денсаулығы таразыға түсіп жатқан сәтте қателесуге жол жоқ. Осы бір түйінде танымына сенімді түрде бекітіп алған Сейсенғали жоғарғы оқу орнында жүріп, таңдаған саласы бойынша толыққанды білім алуға кірісті. Оқу орнының қоғамдық өмірімен етене араласып, өзінің қабілетін көрсете білумен қатар, стоматолог
![]()
ия саласы бойынша танымын кеңейтіп, білікті дәрігер болу жолында қажет ететін әдеттер мен мінездерді бойына сіңіре білді.
Осылайша 1982 жылы Алматыдағы мемлекеттік медицина институтының «Стоматология» факультетінде білім алған Сейсенғали Үшкемпірұлы 1982-1983 жылдары Жамбыл облыстық стоматология емханасында, Жамбыл облыстық ауруханасында хирургия-стоматологиялық бөлімшесінде интернатурадан өтті. 1983 жылы Жамбыл аудандық ауруханасында, стоматология емханасының басшысы болып тағайындалған ол 1990-2002 жылдары Алматы қаласындағы Қазақстанның Қорғаныс министрлігінің Орталық әскери ауруханасында, Орталық әскери емханасында, Орталық әскери-дәрігерлік комиссиясында қызметте болды.
Ақ халатты абзал азаматтың өз мамандығын жан-тәнімен сүйетінін оның атқарған еңбегінен-ақ байқауға болады. Бүкіл өмірін денсаулық сақтау саласына арнаған аймағына белгілі жоғарғы санаттағы дәрігер – әрбір науқастың жағдайын білуге мейлінше көңіл бөліп, оларға сырқаттан емделудің жолдарын түсіндіріп, егжей-тегжейлі айтудан бір жалықпайды. Жанындағы ақ халатты әріптестерін де осылай жұмыс істеуге әдеттендірген. Сондай талапшылдығының арқасында жас мамандар көп нәрсені үйреніп, ауызбіршілікте, жауапкершілікпен жұмыс істеуде. Жұмысқа қызығып, ұмтылу бар жерде, алға қарай жылжу да болатыны рас. Үйренсем, білсем дейтін жастың бетін қақпайтын, қамқор әріптес, тәжірибесі мол дәрігер ретінде де ұжымына сыйлы, беделі биік азамат.
Қарапайым дәрігерден бөлім меңгерушісі, әскери-дәрігерлік сараптама комиссиясының басшылығына дейін көтеріліп, жауапты қызметтерді атқарған Сейсенғали Үшкемпірұлы 2002 жылдан Алматыдағы ЖШС «Шарапат» медицина орталығының директоры, 2019 жылдан Жамбыл облыстық «Көне Тараз» қоғамдық қорының төраға орынбасары, 2021 жылдан Республикалық «Қазақ билер орталығының» Жамбыл облыстық «Қазақ билер орталығы» қоғамдық ұйымының төраға-аға биі қызметін абыроймен атқарып келеді.
Қызығынан қиындығы басым мамандығын жан-жақты жетік меңгерген, жүзінен жылылық нұры есіп тұратын, ағайын-туысқа деген сүйіспеншілігі, достарына деген құрметі, алдына ем іздеп келген науқастарға деген ықылас-ниеті, адалдығы ерекше азаматтың еңбекқорлығы жас мамандарға өнеге. Жұмысын жақсы көргені соншалық, науқаспен бірге ауырып, жан азабын өзінің тұла бойына өткізіп, сезінеді. Осылайша қаншама адамның үмітін жалғап, емделушінің құлан-таза айығып кеткенін көргенде шын жүректен қуанады. Қай жерде қандай уақытта болмасын өзіне сеніп тапсырылған жұмыстың тап-тұйнақтай орындалмайынша байыз таппайтын жан. «Уәде құдайдың бір аты» дегенді жадынан шығармайтын ол бар күш-жігерін сарқа тауысып еңбек етуге де бар. Оның азаматтық тұлғасы, адами қадірі, ұйымдастырушылық қабілеті айқын көрініп тұрады. Мінезінің ерекшелігі ол адамның көңіл кілтін таба білетіндігі. Әділетті, шынайылықты жаны сүйеді.
![]()
Дәрігер болу бір бөлек, қоғамда кездескен түйінді мәселелердің тінін тарқатып, парасаттылық пен сабырлылық көрсетіп, түйінін шешу үшін де үлкен жүрек, қайсарлық пен қайраттылық керек. Кішкентайынан үлкендердің сөзін құлағына құйып өскен, ата-анасынан алған тәрбиесін қызмет жолында көрсете білген Сейсенғали Үшкемпірұлы дәрігерлікпен қоса қоғамдық ортамен де етене араласты. Оған дәлел, өзінің тонның ішкі бауындай бірге жанаса еңбек етіп, көңілі күпті жандардың еңсесін тіктеп, қоғамнан қағажу көрген пенделерге қолдау көрсетіп келе жатқандығы. Жалақы төленбесе де, азаматтық болмысынан айнымаған кейіпкеріміз қоғамдық істер мен қайырымдылық шараларынан тыс қалған емес. Міне, сөнбейтін күннің сәулесі ретінде әке бойындағы адалдық пен ана махаббатындағы мейірімділікті, перзент бойынан табыла білгендігі – перзентін құрмет төріне шығара білді.
Ес біліп, еңбекке енгелі бері қоғамдық өмірге белсене араласқаны үшін, сіңірген еңбектері еленбей қалмады, үкімет, мәслихат, қоғамдық ұйымдар тарапынан алғыс хаттар, медальдар, төсбелгілерімен марапатталды. Атап айтар болсақ:
✦ «Рухани Жаңғыру» Ұлт жоспары шеңберінде Дулат баба тарихын зерттеуге еңбек сіңіргені үшін «Мұхаммед Хайдар Дулати» медалі;
![]()
✦ «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалі;
✦ Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығының дамуы мен қалыптасуына қосқан үлесі үшін «Елеулі еңбегі үшін» медалі;
✦ «Төле би Әлібекұлына – 350 жыл» мерекелік медалі;
✦ 2021 жылы Еліміздің ел бірлігі және рухани жаңғыру аясындағы «Бабалар рухын ұлықтау» мақсатындағы іс-шараларды өткізуге қосқан үлесі үшін «Жаныс баба кесенесі» қайырымдылық қорының «Алғыс хаты».
Сонымен қатар Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, Қостөбе ауылдық Үшкемпір Қажы мешітінің ұйымдастыруымен Шарапат қажы Сәдібек анамызды еске алу мақсатында – жас балалар арасында құран оқу жарысының ұйымдастырылуына, өткізілуіне мұрындық болған Сейсенғали Үшкемпірұлы қайрымдылық іс-шаралардан қалып көрген емес. 2006 жылы өзінің ата-бабаларының туған, тұрған Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, Қостөбе ауылында - Раббымыз Алла Тағаланың ризалығы үшін мешіт соғып, ауылымыздың жас ұрпақтың рухани, діни, қазақи қоғам болуына, қызмет ету үшін Қазақстан Мұсылмандар Діни басқармасына тіркетіп, сыйға тартты. Бүгінгі таңда да осы мешіттің барлық шығынын, жөндеу жұмыстарын, көтеріп келеді.
«Әрбір жетістікке жеткен ер-азаматтың артында, жары тұрады» демекші, Сейсенғали Үшкемпірұлының әулетінің абыройын арттырып, ұрпағын жалғастыруға сеп болып, түтінін түзу ұшырып отырған жары отбасының берекесін келтіріп отыр. 2004 жылы әкесі Үшкемпір Сәдібекұлын, Саудияға қажылық парызын өтеп келуге себеп болып, араға екі жыл салып, 2006 жылы анасы Шарапат Жүнісқызымен, 2010 жылы қызы Аружан Сейсенғалиқызымен, ал 2015 жылы жарымен қасиетті Мекке-Мединаға үлкен қажылық парызын өтеп келген Сейсенғали Үшкемпірұлы екі қыз тәрбиелеп отырған бақытты отбасы. Қызы Аружан Сейсенғалиқызы - фармацевт, қазіргі уақытта «КИМЭП» жоғарғы оқуын бітіріп жатса, екінші қызы Кәусар Алматыдағы КТЛ-дің үздік оқушысы.
Атақты ақын Сүйінбай Аронұлының:
![]()
«Жақсы адам елдің басшы серкесіндей,
Жұғымды болар елге еркесіндей.
Жақсының жүзі жылы, сөзі майда,
Халқымның қалың жүнді көрпесіндей», - деген өлең жолдары біртоға, биязы мінезді, сабырлы да салмақты, ақ пейілді, жаны таза, өз ісінің шебері Сейсенғали Үшкемпірұлына арналып айтылғандай. Бүкіл ұрпақ-жұрағатымен халқының денсаулығы мен амандығы жолында қызмет етіп жүрген, мұқтаж жандардың көңіліне демеу болып, әрдайым қолын созуға дайын тұратын Сейсанғали Үшкемпірұлындай асыл жандар көп болғай!