Саласының мықтысы
Адамның туып-өскен ортасының өзі бала болашағына зор үлес қосатыны рас. Ата-ананың күнделікті жүріс-тұрысы, сөйлеу мәдениеті, тіпті киім киісінің өзі балаға айна іспеттес әсер етеді. Үлкендер не қылса бала да соны қайталайды. Бұл заңдылық та. Себебі, бала үшін ата-анадан артық тәрбиеші жоқ. 1966 жылы 12 қазанда өнегелі отбасында дүниеге келген Медетбаева Гульнара Ғарипуллақызы Гурьев қазіргі Атырау қаласының тумасы.
![]()
Гульнараның әкесі Ғарипулла білікті оқытушы болса, ал анасы есепші болып қызмет атқарған. Парасат пайымы келіскен, білімге құштар, өз орталарында сыйлы да қадірлі жандардың тәлім-тәрбиесін бойына сіңіріп бойжеткен Гульнара Ғарипуллақызы да ата-анасы секілді бала күнінен білімге құштар, өнерге бейім, жан-жақты ізденімпаз, белсенді де көшбасшы болды. Әкесі өмірден өткенімен артында өшпес ізі болып ұрпақтары қалды. Ал анасы Сұлтанова Ұлжан қазіргі таңда 85 жаста, кіші ұлы мен келіні және немерелері қолын жылы суға малып отыр.
Гульнара Чехов атындағы сегіз жылдық мектепте білім алды. Мектепте сыныптастары арасында өзінің ұйымдастырушылық қасиетімен дараланып, ұстаздарының мақтауын естіп, түрлі мектепішілік шараларға қатысып, өзінің бойындағы өнерін көрсете алды. Осылайша, 1981 жылы сегізжылдықты ойдағыдай жақсыға аяқтап шықты. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ болашаққа деген арман-мақсаттары болды. Ата-анасының үмітін ақтап, өзі білім алған мектептің мерейін асырып, мықты маман атанып, елге пайдалы қызмет атқарсам дейтін. Оның білімге деген, білуге деген құштарлығы зор болды. Жаңалыққа жаны құмар жан үнемі жаңаны оқып, білуге, көруге асығып тұратын. Өзі ойлаған нәрсеге қол жеткізбейінше тынымсыз еңбектенетін. Мектепті бітіргеннен кейін арман жетегімен Гурьевтегі медицина училищесіне оқуға түседі. Ізденімпаз, өзіндік талпынысы жоғары жас аталмыш оқу орнында да өзінің дарындылығымен көзге түсіп, оқуды үздікке оқып бітірді.
![]()
Білімге құштар жас 1984 жылы Ақтөбе мемлекеттік медицина институтының жалпы медицина факультетіне оқуға түсті. Институтта оқып жүргенде топтың комсомол ұйымдастырушысы болды, институт хорына қатысты. Бадминтон мен шахматты жақсы ойнайтын. Өзі барлық шығармашылық байқауларға, спорттық шараларға қатысып қатарластары арасында биік беделге ие болды. Институттың пәндік олимпиадаларына да қатысты. Мысалы, топографиялық анатомия және оперативті хирургия олимпиадасына қатысып, ең жоғары ұпай жинаған Гульнара емтиханнан босатылып, институтта осы өте қиын пәннен «өте жақсы» деген баға алғаны бар. Бұл өте қиын пән болатын, оны дәрігерлер жақсы біледі. Институтқа түсе отырып, Гульнараның арманы хирург болғысы келді, сондықтан хирургиялық бөлімнен өтті. Алайда, институтты бітіргеннен кейін тұрмысқа шықты. Сондықтан да алғашқы еңбек жолын офтальмолог мамандығынан бастап кетті. Себебі, отбасылық өмір мен жауапты қызметке де уақыт табуға тура келді. Сондықтан да өзінің саласын өзгертуіне тура келген еді. Гульнара Ғарипуллақызы бұл үшін мүлдем өкінген емес. Қ.Б.Бурибаев басқарған Қызылорда облыстық көз диспансерінде интернатурадан өтті. Кураторы Г.Н.Сорокалетова болды. Сол кісілерге деген әлі күнге дейін алғысы шексіз. Себебі, олар білікті маманның офтальмологиядағы алғашқы ұстаздары болатын.
Иә, адам өміріне жауапкершілікпен қарайтын дәрігерлік мамандықты кез келген адам таңдай бермейді. Расында ақ халат кию – үлкен мәртебе. Дәрігер алдына келген әрбір науқас үлкен үмітпен келеді. Ал дәрігер қандай жағдай болмасын науқасына құрметпен, қамқорлықпен жауап беруге тиісті. Адам қоғамның басты байлығы дейміз ғой, сол адамның өміріндегі ең бағалысы, ол әрине, денінің саулығы екені рас. Олай болса науқастың жанына шипа беріп, көңіліне үлкен үміт беріп, оған екінші өмір сыйлайтын денсаулық сақшысы. Дәрігер болу үшін үлкен жүрек, шыдамдылық, білім мен біліктілік, сақтық, ұқыптылық, жауапкершілік, адалдық, мейірімділік, адамның тәнін ғана емес, жанын да емдей алатын психолог бола білуі керек. Бастысы мамандығын шексіз сүюінде. Әрдайым ізденісте жүретін, қиындықпен күресе алатын адам ғана шын мәнінде ақ халат киюге лайықты дер едік. Нәзік пен инабаттылық тұлғасына бекзаттық пен тектілік көрініп тұратын Гульнара Ғарипуллақызы өз саласын жетік меңгерген, мықтылығымен қоса, өз емделушілерінен алғыс арқалап келе жатқан бақытты дәрігер.
![]()
- «Мен өзімнің сүйікті ісіме барлық жан-дүниеммен берілген жанмын. Мен үшін «ақ халатты абзал жан» деген елдің құрметті атағы ең биік һәм қасиетті ұғым болып саналады. Адамның барлық мүшесі сау болса бақытты. Ал көз жанары тым нәзік. Көз аурулары да адамның жасын талғамайды. Қай жерде еңбек етсем де өз ортамның жайлылығын жақсы көремін. Жан-жағымдағы жайлылық, әріптестеріммен өзара түсіністік маған шабыт береді. Жалпы дәрігер болу үшін адамның жүрегінде иман, сабыры керек дер едім. Себебі, кез келген қиындықты қайыспай көтеретін біліктілігіміз бен ауызбіршілігіміз бір болса, қандай қиындық болса да бәрін жеңетініміз рас. Қызмет барысындағы қиындықтар мен шаршағанымыз халық денсаулығының жанында түк те емес қой. Дәрігер болуды арман ететіндер өте көп. Менің қатарлас, замандастарымның арасында осы жолды таңдағандар аз емес. Алайда, екінің бірі дәрігер бола алмасы анық. Ол үшін дәрігерлік қызметке деген қызығушылық пен мамандық алу ғана жеткіліксіз. Сондай-ақ, олардың адам өміріне жауапкершілігі, құлшынысы мен адалдығы, адамдығы маңызды. Дәрігер болатын жанға үлкен жүрек керектігі, ақ халатты кір шалдырмау керектігі де бекер айтылмаған ғой. Мұнда төзімді адамдар ғана қалады. Қанша сын айтылса да, халық дәрігерлер қауымын ерекше құрмет тұтатыны ақиқат. Мен өз таңдауыма шын разымын, әлі талай уақыт елмен бірге боламын», - дейді ақ халатты абзал жан.
Ол 1996 жылы отбасылық себептермен Атырау қаласына қоныс аударды. Атырау облыстық ауруханасының көз бөлімінде қызметін жалғастырды. Мұнда облыс орталығы болғандықтан көру мүшелерінің әртүрлі патологияларымен науқастар келіп, сүйікті ісімен айналысқан мамандар жұмыс істейтін-ді. 1999 жылы қалада С.Н.Федоров атындағы МНТК МГ-мен бірлесіп жұмыс істейтін Құралованың «Көз микрохирургиясы» орталығы ашылды. Өзінің қызмет жолын осында жалғастыру оған үлкен мүмкіндіктер мен жетістіктер әкелді. Алдымен дәрігер, кейін филиал директоры болып абыройлы қызмет атқарды. Осылайша Гульнара Ғарипуллақызына Мәскеу офтальмологиялық хирургтарымен жұмыс істеу бақыты бұйырды. Олардан білікті маман өте үлкен білім мен тәжірибе алып ғана қоймай, өзінің білгенін өкшесін басып келе жатқан талай жасқа үйретті. Бұл тәжірибе оған көп көмектесті және әлі күнге дейін жұмысында жетістіктерге жетелеп келеді. Ол Мәскеуде, МНТК МГ-да мамандығы бойынша біліктіліктен өтті, офтальмохирургияға жаңа технологиялар енгізіліп жатқанын көзімен көрді. Одан кейін интернатурадан кейін Қазалы орталық аудандық ауруханасына балалар және ересек офтальмолог-дәрігері ретінде жіберілді. Иә, кешегі студент кезінен бастап, бұл саланың қиындығы мен қызығын қатар көріп, саласын бес саусағындай меңгерген маман марапаттың үлкеніне лайықты деуге болады.
Соңғы уақыттары жеке емханаларда жұмыс жасап, «Нұр Оптикада» жеке дәрігердің қабылдауын жүргізді. Осы кездері бірнеше жыл қатарынан көптеген қаралушыларға көмек ретінде тегін тексерістен өткізіп, үш балалар үйі мен жетімдер үйінің бүлдіршіндеріне және көруі нашар отбасының балаларына тегін көзілдірік беріп, тексерістен өткізген. Бұл қайырымдылық дәстүрі әлі күнге дейін жалғасын табуда. Содан кейін соңғы жылдары Атырау облыстық офтальмология орталығының бас дәрігері М.Ж.Құсайыновтың шақыртуымен консультациялық-диагностикалық бөлімшенің меңгерушісі болды. Бұрын Қазақстан мен Ресейдің ірі қалаларында ғана жүргізілген гла
![]()
укома, макулодистрофия және тағы да басқа көз ауруларының алдын алуы бойынша көптеген емдеу жұмыстары мен оталар жасады.
Медетбаева Гульнара бірнеше рет ғылыми-практикалық конференцияларға қатысып, сөз сөйлеп, теледидарға шақырылып, қонақ болды, мерзімді басылымдар бетінде жарық көрді. Еткен еңбектерінің жемісі ретінде бірнеше марапаттарға ие болған дәрігер жақында ғана Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «№13 қалалық емхана» директоры атынан «Алғыс хат», 2016 жылы Атырау облыстық есту және көру органы зақымдалған балаларға арналған арнайы мектеп-интернат директоры атынан «Алғыс хат», ҚР Атырау облыстық мәслихаты атынан арнайы «Алғыс хат» алды.
Қазіргі таңда Гульнара Ғарипуллақызы отбасы жағдайына байланысты Нұр-Сұлтан қаласына көшіп келіп, қалалық емханалардың бірінде жұмыс істейді. Жоғары санатты дәрігердің жұбайы жеке компанияда дәрігер болып жұмыс жасайды. Ол да біліктілігі жоғары дәрігер. Жолдасы екеуі балаларын тәрбиелеп, өсіріп, ұяларына қондырып, қазірде әрқайсысы отбасылы, балалары бар. Олардан балдай тәтті немерелер сүйіп отырған бақытты ата мен әже. Өмірлік жар мен мамандық таңдаудан жаңылыспаған Гульнара ханым бос уақытында биге барады, эзотерикаға қызығып, өзінің рухани дамуына көңіл бөледі.
Асқан мейірімділік пен жылылықтың символына айналған, елдің игілігіне қызмет етіп жүрген, абыройлы мамандық иесінің атқарып отырған ісіне береке берсін дейміз. Алтын қолы әрқашан дерт көрмей, елдің ыстық ықыласымен, болашақта дәрігер болсам деген жас ұрпаққа өзінің өнегелі жолын көрсетіп жүз жасасын дейміз. Қазақта: «Жақсымын деп мақтанба халық айтпай, батырмын деп баптанба, жауға шаппай» деген ғой. Біздің кейіпкеріміз міне, қандай мақтауға болмасын нағыз лайықты жан. Оның бірнеше жылдар бойы атқарып келе жатқан адал еңбегін ел жоғары бағалап отыр. Ал дәрігер үшін осыдан асқан бақыт бар ма?!
![]()