Сұлтанғалиева Аманкүл

Рейтинг:

Өз саласының маманы

      Қай салада болмасын қызметіне адал берілген жанды еңбегімен бағалайтыны рас. Сонан соң маманының бойындағы жақсы қасиеттер де аса маңызды. Яғни әдептілік, сыпайылық, биязылық пен адалдық, әділдік, жауапкершілік пен уәдесіне беріктік маманды қызметінде биіктете түседі. Әңгімемізге арқау болып отырған кейіпкеріміз Аманкүл Әбдіғалиқызы табиғатынан мейірімді, көпшіл, жайлы мінезді, қарапайымдылығымен өз ортасына сыйлы жан. Басқалармен жылы әрі сыпайы қарым-қатынасы, мәдениеттілігі басқаларды тәнті етеді. Бойындағы ұйымдастырушылық пен белсенділігі, жұмысына деген зор жауапкершілігі Аманкүлді бедел биігіне көтеріп келеді.  
      Сұлтанғалиева (Көшенова) Аманкүл Әбдіғалиқызы 1974 жылы 9 тамызда Қарақалпақстан автономиялық республикасында Қоңырат қаласында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Әкесі камаз жүргізушісі болып еңбек етсе, анасы медбике болған. Кейіннен бала тәрбиесімен анасы үйде болды. Ата-анасының тәлімді тәрбиесін алып есейген Аманкүл өте бауырмал, қамқор әрі көпшіл. Әрдайым басқаларға, әсіресе, көмек қажет ететіндерге барынша көмектесуге дайын тұрады. Бауырларымен тату-тәтті Аманкүл бала күнінен оқу-білімге құштар болды. Аналарына үй шаруасына, сабақтарына да бірге отыратын бауырларға бүкіл ауыл қызыға қарайтын. 
      Аманкүл Әбдіғалиқызы 1991 жылы Владимир Ильич Ленин атындағы орта мектепті өте жақсы деген бағамен бітіріп шықты. Мектептің мақтанышы болған оның арманы мұғалім болу еді. Алтын ұясында талай іс-шараларға қалмай қатысатын ол, ұстаздарының айтқанын екі етпейтін. Барынша оларға ұқсауға тырысатын. Оқуда мінсіз, қоғамдық шараларда белсенді болған Аманкүл өзі қалаған педагогикалық институтқа түсе алмады. Анасының ақылын алып, Маңғыстау облыстық медициналық училищеге құжат тапсырып, емтиханнан өтіп, оқуға түсті. 1993 жылы бітіріп, білімді жас аталмыш оқу орнын да үздікке тәмамдап шықты. Жас маман дипломымен №2 қалалық емханаға медбике болып орналасып, алғашқы еңбек жолын бастады. Әлі есінде ол тіс дәрігерінің медбикесі болатын. Өзі тіс жұлудан қорқатын. Тісін жұлдырып жатқан науқастың нашатыр спиртін дайындап тұратын. Науқастан бұрын өзі қорыққаннан талып қалмайын деген оймен, нашатыр спиртін алдымен өзі иіскелеп алатын-ды. Жас маман осылайша алғашқы еңбек ұжымында еңбектеніп, ұжым арасында жасына қарамастан белсенділігімен, үйренуге деген құштарлығымен, шыдамдылығымен мақталды.
      Аманкүлдің отбасы 2000 жылы тарихи отанына қоныс аударып, Ақтөбе қаласына көшіп келеді. Мұнда келгеннен кейін мектепте балалар және екпе (прививочный) медбикесі болып қызметін жалғастырды. Бірнеше жылдар медицина саласында еңбек етіп шираған ол, бұл жұмыс орнында көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Ол құрмет грамотасы, алғыс хаттарымен марапатталды. 
      Жалпы нәзік жанды әйел заты әу бастан-ақ қолөнеріне жақын болатыны рас қой. Аманкүл де жұмысынан бөлек, қосымша торт, тәттілер пісірумен және оюлы көрпе-жастықтар тігумен айналысты. Бос отыра алмайтын ол әрбір уақытын тиімді де пайдалы істерге жұмсап, қалаған жанға өзінің өнерін де үйретеді. Күлімдеп тұратын, ибалы қалпымен, іскерлігімен де көпті өзіне тартып тұратын қасиеті бар. Қолынан келгенше қайырымдылықпен да айналысады. Қызымен бірге қолдан сабын жасап, оны сатып Дамир атты балапанның ем домына көмектесіп отырды. Мұнан басқа да игі істері жетіп артылады, алайда, оны жарияға жар салып айтпайтын Аманкүл сауапты іс Алланың разылығы үшін жасалады дейді.
      2018 жылы жұбайының жұмысына байланысты Маңғыстау облысы, Ақтау қаласына көшіп келді. Замануи көзқарастағы Аманкүл елдегі жаңалықтарға құлақ түре жүреді. Әрі жаңалықтармен бірге жаңашылдықтарды өзінің іс-тәжірибесіне қосып отыруды да жөн санайды. Қай уақытта болмасын оқу-білімге уақыт бөліп, уақыт талабына сай біліктілігін арттырып, білімін шыңдап жүреді. Оқудың ерте-кеші жоқ, әрине, ол заман көшіне ілесіп, өзінің қолынан келген істі ел игілігіне жаратсам деп жүреді. Көңілі қалаған істі лезде үйреніп алуға бейім. Қазіргі таңда балаларға массаж жасап, массажы ем болып, аналардың алғысына бөленіп келеді. Балаларға массаждың барлық түрін жасайды. Оның ішінде ЛФК мен бірге физиологиялық ем, логопедиялық массаж, аналарға фейс массаж жасап жүр. Заман өзгерген сайын, адам да жетіліп, нарықтық қарым-қатынас пайда болады. Қоғам дамып, дүниеге түрлі жұмыстар, сәйкесінше, түрлі мамандықтар келетіні рас. Ал, кейіпкеріміз оны жақсы біледі. 
      - «Кез келген еңбек мамандық емес қой. Еңбектің мамандық деп аталуының өзіндік шарттары бар. Мысалы бірі маман атануы үшін білім алып, қолына сол саланың дипломын, куәлігін, аттестатын не сертификатын алады. Екіншісі – еңбегіне ғана ақы алады. Жалпы адам өз ісінің нағыз маманы атануына көп тер төгуі керек. Саласының, сүйген ісінің  маманы болуы екінің бірінің еншісіне бұйырмайтын бақ дер едім. Ол үшін ең алдымен мамандыққа деген махаббат керек. Махаббатпен істелген жұмыс қана нәтиже береді.  Адам өзінің жанына жақын мамандықты іздеп табуы тиіс. Әйтпесе,  бәрі бекершілік болады. Кейбір адамдар жұмыста тұрақсыз болады. Неліктен дейсіз?! Себебі ол өзінің жанына жақын жұмысты таппағандығынан. Әркім өзінің ішкі қалауын жақсы біледі. Алайда жалқаулық, ақша жетіспеушілігі деген сылтауларды алға тартады. Жоқ! Адам талпынса барлығына қол жеткізе алады. Бұл өзімнің тәжірибемнен белгілі. Қазіргі кезде заман талабына сай балалар массажын қолға алдым. Бала мерзімінен бұрын дүниеге келуі және жүйке жүйесінің әлсіз болуынан түрлі сырқатпен ауырады. Оны емдеудің бір тәсілі – массаж. Сылап-уқалау барысында сәбидің ұйқы безі жақсарады. Бұл ем оның тез жүріп кетуіне, толық қалыптасуына ықпалын тигізеді. Массаждың өзі емдік, алдын алу және емдік алдын алу массажы болып үшке бөлінеді. Емдік массаж дәрігерлердің көмегімен мамандандырылған емханаларда және стационарларда жасалады. Ол неврологиялық аурулар: ауыр дәрежедегі гипотонус, неврологиялық сал ауруы, дисплазия, кіндік және шап жарықтары, буындардың, омыртқаның дұрыс бітпеуі жағдайларында жасалады. Алдын алу массажын үй жағдайында жасауға болады. Үй жағдайында массаж бен гимнастиканы сәби туылғаннан кейін 1,5-2 айдан кейін бастауға болады. Массаж жасау әдістері жөнінде емханадағы учаскелік дәрігерден немесе медбикелерден кеңес алып тұрған жөн. Массаж жасайтын бөлменің дұрыс желдетілуін, ондағы ауа температурасын қадағалау керек. Жаттығу тамақтануға жарты сағат қалғанда немесе тамақтанып алғаннан кейін бірер сағат ішінде күніне екі рет жасалады. Ал, уақыты 10-12 минуттан аспауы керек. Массаж нәрестенің психикалық дамуын, қан айналымын реттеп, ағзадағы зат алмасу процесін жақсартады. Сондай-ақ, денесінің шымыр болуына әсер етеді. Жалпы баланың дұрыс өсіп жетілуі үшін әр іс маңызды. Сондықтан балаға дұрыс уақытымен массаж жасап, денінің саулығы мен денесінің сымбатын да қатар ойлап жүремін», - дейді Аманкүл Әбдіғалиқызы. 
      Бүгінде мерейлі отбасында жұбайымен бірге бір қыз, үш ұл тәрбиелеп, өсіріп отыр. Қызы ағылшын және түрік тілдерінен аудармашы. Екінші баласы әкесінің жолын қуып мұнай-газ саласында қызмет етіп жүрсе, үшінші баласы бағдарламашы, ІІІ курс студенті. Кішкентайы 2 сыныпта мектеп-гимназиясында оқиды. 
      Әйел ана – ұлтымыздың бойындағы бар жақсы қасиеттерді ұрпағына дарытушы десек, ол өз ісіне берілген маман болумен қатар, отбасында ардақты ана да. Отбасының де жұмысының де береке, шырайын келтіріп отырған кейіпкерімізге сәттілік тілейміз.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...