Аманбаев Нұрлан

Рейтинг:

Құрылыс саласының үздігі

      Таңнан тыным таппай еңбектенетін мына тіршілікте түрлі мамандықтар бар. Бірі – ақ халатына ардың жүгін артса, бірі – ұлт болашағын тәрбиелеген ұстаз, енді бірі – күре жолды байланыстырған теміржолшы, төрт түлігін төлдеткен ауылшаруашылығының маманы және тағы басқа сол сияқтылар. Тіршіліктегі барлық мамандықтар маңызды. Әрқайсысының өзіндік орны бар. Міне, осындай, ел экономикасының дамып, алға жүруіне себеп болатын, жас мемлекетіміздің еңсесін тіктейтін іргелі мамандықтардың бірі – құрылыс саласы.
      Құрылыс пен сәулет өнері – адамның алғаш пайда болуынан басталған көне кәсіп. Ғасырлар ауысса да бұл кәсіп әрдайым дамып, жетілуде. Оған мысал ретінде әлемнің түкпір-түкпіріндегі тарих қатпарларынан үн беретін көптеген ескерткіштерді айтуға болады. Соның бірі: адамзат өркениеті жасаған тарихи ескерткіш – Ұлы Жібек жолы. Біздің дәуірімізден бұрынғы ІІ ғасырдан басталған бұл жол Еуропа мен Азияның, Батыс пен Шығыстың арасын жалғастырған көпір болған. Оның Қазақстан жерін кесіп өтетін тұсында VІ ғасырдан бастап, екі бағыт: Сырдария және Тянь-Шань жолдарының бағыттары кең өрістелген. Бірінші жол Қытайдан басталып, Шығыс Түркістан, Қашғар арқылы Жетісуға, одан Сырдарияны жағалап, Арал маңынан әрі қарай Батыс елдеріне өткен. Бұл Ұлы Жібек жолындағы қазақ даласындағы елді-мекендердің мәдени дамуына, қалалар келбетінің өзгеруіне үлкен әсер етті. Сол замандарда сәулет-құрылыс кәсібі адамзатқа қаншалықты қажет екендігін дәлелдей түсті. Тарих қойнауынан өміршеңдігін мойындатып келе жатқан мамандық бүгінгі күнге дейін өзектілігін жоғалтқан емес. Әр заманда сәулетшілер қиялынан туындаған ғажайып ғимараттар құрылысшылар арқылы жер бетінен қоныс тапты.
      Міне, осындай құрылыс саласында еңбек етіп, қала көркінің ажарлануына, әлеуметтік нысандардың бас көтеруіне сеп болып жүрген еңбекқор азамат, болмысына бітімі сай, жас болса да әкеден алған тәлімінің арқасында сөйлеген сөзінде салмақтылық пен парасаттылық жатқан, сырдың самалына балалық кекілін сүйдірген, «НурТехСервис» ЖШС директоры Аманбаев Нұрлан Нұрасылұлы. 
      Өмірге келген әр пенде өзінің орнын табуға, адалынан нан тауып жеуге, қолынан келгенше халқына, еліне қызмет етуге қам жасайды. Осындай ел қызметіне жарар нысандарды тұрғызып, әлеуметтік маңызды жұмыстарды атқарып, құрылыс саласының өркендеуіне, дамуына өзіндік үлесін қосып келе жатқан Нұрлан Нұрасылұлы 1982 жылдың 28 сәуірінде Қызылорда қаласында дүниеге келді. Талай тектілердің табан ізі қалып, талай қыранның қанатын қомдаған сырлы өлкеде бақытты балалығын өткізген ол, сыр мен әуенге толы Сырдарияның самалымен жарасып өсіп, білім ордасының табалдырығын да осы құтты мекенде аттады. 
      Жұмыр жүректі әр пенденің ішіндеі бір қайнауы кем болып жатқан, бірақ, леппен лаулаған оттай болып, білім нәрімен сусындап, азамат болып қалыптасқан соң, аңсаған арманына қол жеткізіп, игі істерді жүзеге асырады. Мектеп қабырғасында жүріп өткізілген іс-шараларда өзінің белсенділігімен көзге түсіп, ұстаздарының алғысын алған жастың бала арманы да осы құрылыс саласы болатын. Ұйқыдағы көңілді сергітіп жіберген таңғы шықтай мектепті бітірген соң Нұрланның да құрылыс саласына деген құштарлығы арта түсіп, инженер-системотехник мамандығы бойынша Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, 2004 жылы бітіріп шықты. 
      Нарықтық заманның көшіне ілесіп, өзінің жеке кәсібін ашуды көздеген ол 2006 жылдан бастап бизнес саласына келді. Алда болатын қиындықтарды да білді. Алайда, алған бетінен қайтпай «НурТехСервис» ЖШС құрды. Өзі бас директор болып, онда өзінің мамандығы бойынша құрылыс саласын дөңгелетіп әкетті. Осы жылдарда тұрғын-үй және өндіріс ғимараттар құрылысы, жол құрылысы, көшені жарықтандыру, балалар ойын алаңы, абаттандыру және тағы да басқа нысандар бойынша көптеген жұмыстарды атқарып, серіктестігіне көптеген адамдарды жұмысқа алып оларды жұмыспен қамтыды. Еңбек еткен адамға бақыт еселеп келеді емес пе, кәсібінен нәсібін көрді. Қаншама жұмыссыз жүрген адам жұмысқа орналасып, жас та болса бас бола білген азаматқа алғыстарын жаудырып, тілектестіктерін білдірді. Нарықтық замандағы нағыз керекті саланың жұмысы күн тәртібінен бір түскен емес. Сондықтан да Нұрлан Нұрасылұлы заманауи үлгілерді таңдап, қала ажарына өзінің үлесін қосып келеді және өзінің білгендерін жанындағыларға үйретуден де жалыққан емес.
      Қоғамның қай саласында қызмет етіп жүрсе де, ел мүддесін алдыңғы орынға қоятын, анадан туса да, адамзаттың баласы бола білетін, саясаттың салқын желінен халыққа қалқан болып, қоғам қайшылықтарында қара халықтың жағында болған арда азаматтар қай дәуірде де болған. Қызметін қара басының емес, қауымның игілігіне арнап, парасат-пайымдылығын тұрғындардың игілігіне арнаған ел ағалары бүгін де бар. Олар атқарған істерін міндетсінбеді, халыққа жасаған еңбектеріне қуана білді, қайраттана білді, қайсарлана білді. Осындай ел мұқтажын мінберге жеткізіп, қоғам қайраткерлігіне пара-пар жұмыс атқарған ел ағаларының бірі деп Нұрлан Нұрасылұлын айта алар едік.
      «Мынау қолымнан келмейді», «Бұл істі білмеймін» деуді білмейтін, қолына тиген қай істің де шырайын шығарып жіберетін Нұрлан Нұрасылұлы жұмыс таңдамай еңбектене білді. Өзіне жүктелген міндеттердің ауырлығына қарамай, қиын тапсырмаларды табандылық таныта орындап, түйінді мәселелерде оң шешім қабылдай білді. Еңбек ете жүріп, тәжірибе жинақтап, қайрала түскен жас жүректің қайсарлығы мен қайраттылығын білектің қарулығын талап ететін жұмысты атқаруда ұжымдастары арасында бедел биігіне көтеріліп, өзіне деген өзгелердің сенімінен шыға білді Құрылыс – ғасырлар бойы адамзатпен бірге жалғасып келе жатқан күрделі сала. Жүз жылдық ғимараттар салу – құрылысшыға үлкен жауапкершілік. Ол да күрделі есепті, еңбекті, тәжірибені сонымен қатар, жаңарған заманмен таласа көз тартар ғимараттар салу, оның сапасының құрылымын дайындау, құрылысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету біліктілікті талап етеді. Биікке ет алған қыранға, қарлы шың кедергі болып па, білімін одан әрі жетілдіре түсуді қалаған, қолына алған ісін аяқсыз қалдыруды жөн көрмейтін Нұрлан Нұрасылұлы 2018 жылы құрылыс мамандығы бойынша Болашақ университетін бітіріп, қандай істе де өз шеберлігін дәлелдеп, құрылысты сапалы жүргізді.
      2006 жылы Қызылорда қаласында құрылған «НурТехСервис» ЖШС бүгінгі күні бұл республиканың ең танымал және болашағы зор құрылыс компанияларының бірі. «НурТехСервис» ЖШС сәулет, қала құрылысы және жобалау саласында жұмыстар орындайды. Компания жоғарыда аталған қызмет түрлерін жүзеге асыру үшін арнайы мемлекеттік лицензияға қол жеткізген. Бұдан басқа, «НурТехСервис» ЖШС материалдық-техникалық ресурстармен жұмыстарды орындау үшін барлық қажеттіліктерден, сондай-ақ, тәжірибелі және білікті мамандардан тұратын ұжымнан құралған.
      «НурТехСервис» ЖШС – Қазақстан құрылыс нарығында салыстырмалы жаңа қатысушы, алайда, компания әлеуметтік нысандар құрылысына белсенді қатысады. Солай құрылған уақытынан бастап компания бірқатар білім және басқа да әлеуметтік нысандар құрылысын сапалы жүзеге асырды. Атап айтар болсақ, Арал ауданы, Қосжар ауылындағы 100 орындық №56 орта мектеп, Арал ауданы Аманөткел ауылындағы 300 орындық орта мектеп, Қызылорда қаласының Ипподром ауданындағы 280 орындық балабақша, Жаңақорған ауданы, Түгескен ауылындағы 600 орындық мектеп, Жалағаш ауданы, Еңбек ауылын сумен қамтамасыз ету жүйесін қайта жаңғырту, Арал ауданы, Бөген ауылындағы 200 орындық мектеп құрылысы, Арал ауданы, Жаңақұрылыс ауылындағы 200 орындық мектеп құрылысы, Сырдария ауданы, Аманкелді ауылындағы мәдениет үйі ғимаратын күрделі жөндеу жұмыстары, Қазалы ауданы, Ақтан батыр ауылындағы 500 бас ірі қараға арналған мал бордақылау алаңына сыртқы инженерлік желілер мен автомобиль жолы құрылысы, Қазалы ауданы, Жалантөс елді мекеніндегі 90 орындық балабақша, Арал ауданы, Аманөткел елді мекенінде дәрігерлік амбулатория құрылысы, Арал ауданы, Аққұлақ елді мекенінде 50/20 орындық мектеп-балабақша, Арал ауданы, Құланды елді мекенінде 50/20 орындық мектеп-балабақша, Жаңақорған ауданы, Жаңақорған кентіндегі 300 орындық мектеп, Арал қаласындағы мемлекеттік органдардың әкімшілік ғимаратының құрылысы, Арал қаласындағы №231 мектепке 100 орындық шипажай салу құрылысы, Арал қаласындағы 250 орынға арналған оқушылар үйі құрылысы, Сексеуіл кентіндегі 300 орынға арналған мектеп құрылысы, Қызылорда қаласы, Сырдария өзенінің сол жағалауы №4 тұрғын кварталы 50-пәтерлі №13 тұрғын үй құрылысы» нысандары салынып, пайдалануға берілді.
       Құрылыс саласында келелі істер атқарып, басшылық тарапынан болсын, тұрғындар тарапынан болсын өзіне артылған сенім үдесінен көріне білген Нұрлан Нұрасылұлы құрыш қолды құрылысшы ғана емес, білікті басшы. Бір мекеменің емес, бүкіл бір ауданның құрылысына жауапты болған маман ауданның көркін келтірер ғимараттар салынып, аудан экономикасын алға сүйрейтін стратегиялық маңызы бар құрылыстардың жүргізілуіне бастамашы болды. Құрылыс саласында жұмыс атқарған жылдары басшылық қасиеттерді бойына сіңіріп қана қоймай, жұмысшылармен, қызметкерлермен арласуда, бірлесіп қызмет атқаруда адами асыл қасиеттердің үлгісін көрсетіп, олардың жағдайларына көңіл бөліп, тұрмыстарының жақсаруы үшін жұмыстар жүргізді.
      Алдына мақсат қойып, соған жету жолында аянбай, өзін жиі қамшылайтын азамат Нұрлан Нұрасылұлының құрылыс фирмасы қазіргі таңда да құрылыс жұмыстарын жүргізіп келеді. Биыл тапсырылып, пайдалануға берілетін нысандардың ішінде - Аманөткел ауылындағы денешынықтыру және сауықтыру кешені, Байқоңыр қаласындағы 50 пәтерлік №1, 2 және 4 тұрғын үйлер, Ақмола облысы, Ақмола ауылындағы көппәтерлі №5, 6 және 10 тұрғын-үйлер, Қызылорда қаласы, Б.Баймаханов көшесі бойындағы көппәтерлі тұрғын-үйлер, Арал қаласындағы А.Байтұрсынов және М.Сәдібеков көшелерін қайта жаңғырту жұмыстары, Батыс Қазақстан облысы, Бөкейорда ауданының Жәңгір хан атындағы мектепті күрделі жөндеу жұмыстары және Байқоңыр қаласындағы 50 пәтерлік тұрғын үйлер ауласын абаттандыру жұмыстары бар. 
      Қолынан іс келетін, тасқа салса да жүзі қайтпайтын алдаспандай қайнаудан шыныққан, күрделі іске жауапкер етіп қойса да сабырлылық, табандылық танытып отырып жеңіп шығатын, бастаған ісін аяқсыз қалдырмайтын жауапкершілігі мол, білімді басшы ертеңін ойлаған қандай мекемеге де керек-ақ. Түн қараңғылығын сейілтіп, даланы жарық еткен шолпан жұлдызындай, жүрген жерін шырайландыра білген Нұрлан Нұрасылұлы қоғамдық істерді де назардан тыс қалдырған емес. Құрылыс жұмыстарының тығыз кестесіне және оларды жүзеге асыратын географиясының кең ауқымына қарамастан, компания жерлестерінің қажеттіліктеріне шет қарап қалмайды. Өзінің өндірістік қызметтерімен қатар, «НурТехСервис» ЖШС ұжымы атынан бас директоры Нұрлан Нұрасылұлы Аманбаев халықтың әлжуаз топтарын, мүгедектер мен мектеп оқушыларын қолдауға бағытталған әлеуметтік жобаларға, облыстық және қалалық акцияларға белсенді түрде қатысты. Көмек сұрап келгендердің ешқайсысының қолын кері қайтармады. Үміттеніп келгендердің мәселесінің оң шешімін табуына жағдай жасады. 
      «Мәңгі лаулап жану үшін ғаламда, Үлкен бақыт табу үшін ғаламда, Үлкен болып қалу үшін ғаламда, Үлкен арман керек екен адамға», - деп сөз шебері Мұхтар Шаханов айтпақшы, үлкен істерді атқару үшін де, іргелі құрылыс компаниясына басшылық ету үшін де білім, тәжірибе, ұйымдастырушылық, көшбасшылық қабілет керек. Өзіне сеніп тапсырылған қызметтерді атқару барысында адами асыл қасиеттерді жоғары қойған Нұрлан Нұрасылұлы үнемі өзін-өзі дамытып, жан-жақтылығын арттырып отырды. 
      «НурТехСервис» ЖШС – әжептәуір жас, бірақ өз мақсаттарына жоспарлы барушы, жүйелі дамып келе жатқан компания. Сауатты басшылық, қызметкерлердің жоғары кәсіби шеберлігі, қойылған міндеттерді сапалы және уақытында шеше білуі, өздеріне алған міндеттерді істей алатындығы – бұл ТОО «НурТехСервис» ЖШС тұрақты табысы және оның ары қарай дамуы мен өркендеуінің кепілі болды. 
      Ер азамат үшін отбасы бірінші орыннан түскен емес. Отбасының түтінін түтетіп отырған жары Каленова Айман Кәрібайқызы екеуі үш ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған бақытты ата-ана.
      Егемен елдің жерінде, тәуелсіз елдің төрінде бүгінгі таңда әлемнің сәулеттік өнерімен иық тіресетіндей көз тартар көптеген ғимараттар жыл санап көбейіп келеді. Сол ғимараттарда осындай егемен елдің жарқын болашағы жолында, ғасырлап тұратын ғимараттардың құрылысын жүргізіп, ел экономикасының дамуына өзінің үлесін қосып келе жатқан, өзіндік қолтаңбасын қалдырған Нұрлан Нұрасылұлындай ел үмітін арқалаған азаматтардың қатар көп болғай!
      Қанатың талмасын, талай биіктерден көрініп, жаңа кірпіштеріңді қалай бер демекпіз құрыш қолды құрылысшыға. Кәсібіңізге береке, отбасыңызға амандық, толағай табыстар тілейміз!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...