Бекенов Серік Қалыбайұлы

Рейтинг:

Бедел биігіне көтерілген дәрігер

      Тіс – риясыз күлкінің кепілі ғана емес, алпыс екі тамырында тіршіліктің қаны айналып жатқан, жұмыр жүректі пенденің денсаулығының да басты кепілі. «Ауру – астан» демекші, адамның денсаулығының жақсы болуы да, ауру меңдеуі де осы ауыз қуысындағы отыз екі тіске байланысты. Бүгінде табыс пен жоғары әлеуметтік абырой дегенді ойлайтын адам ақмаржан тістердің адамның беделіне қаншалықты маңызды екенін жақсы біледі. Сонымен қатар, тіс саулығы жалпы ағзаның саулығымен де тікелей байланысты. Әдемі жымиыстың да қаншалықты маңызды екені айтпаса да түсінікті. Адам аузын ашқанда ең бірінші көзге түсетіні – тіс. Жарқыраған аппақ маржандай тіс адамның көркін ашып, ішкі жан әлемінен хабар береді. Көркімізді арттырып, ас қорыту жүйеміздің дұрыс жұмыс жасауына ықпал ететін тісті күту, емдеу үлкен еңбек пен шыдамдылықты талап етеді.
      Күмістей күлкі мен маржандай тістің иесі болу кімге ұнамасын. Бірақ, жарқыраған тістерге қол жеткізу үнемі күтім жасау мен мықты тіс дәрігерінің көмегін қажет етеді. Бүгінде тісі ауырып, дертіне шипа іздегендерге кәсіби тұрғыда көмектесетін стоматологтардың қатары артып келеді. Тәжірибесі де, кәсіби біліктілігі де мол тіс дәрігерлерінің бірі әрі бірегейі – Бекенов Серік Қалыбайұлы.
      «Қанат-Орда» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Серік Қалыбайұлы 1957 жылдың 11 наурызында Қызылорда облысы, Арал ауданы, Қаратерең ауылында дүниеге келді. Құм суырған желінен Нұртуғанның термесі жырланып, бауырын балдырына жалатқан айдынды теңіздің самалымен жарасып өскен бала Серіктің кішкентайынан-ақ арманы үлкен еді. Ақбас толқыны жағаға ұрған берекелі өңірде бақытты балалығын өткізіп, кейіннен қоныс аударған Серік білім ордасының табалдырығын 1964 жылы Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, Аққұм ауылындағы №38 «Шымбөгет» орта мектебінде аттады. Сәби қараңғылығын сейілтіп, болашақ «Арман» атты шырағының тұтануына сеп болған білім ордасының қоғамдық-мәдени өміріне белсене араласқан, ширақ қимылды алғыр жас, сегіз жылдықты мектепті бітірген соң, оқуын Қызылорда қаласындағы №10 мектепте жалғастырды. 
      Жаратқанның әр пендесінің пешенесіне жазып қоятын сыйы мен сияпаты, қиындығы мен сынақтары көп болады емес пе, көңіл көктемін гүлдеткен қала өміріне белсене араласқан Серік 10-сыныпты бітірген соң, өзі қатарластарымен бірге ауыл өміріне араласып, 1974-1975 жылдары Жалағаш ауданы, Аққұм совхозында жұмысшы болып еңбек етті. Жұмысшы қатарында жүріп, мектеп қабырғасында бүр жарған медицинаға, дәрігер болуға деген үмітін жона түскен Серік Қалыбайұлы еңбек ете жүріп дайындалып, 1975-1976 жылдары Алматы мемлекеттік медициналық институтының дайындық курсын оқиды. Шығамын деген талаптыға тау биік болып па, өзінің қайсарлығы, табандылығы, ізденгіштігі мен еңбекқорлығының арқасында діттегеніне қолы жетіп, 1976 жылы қыркүйекте осы институттың стоматология факультетіне түседі. 
      Медицина – мың жылдық бәйтерек секілді көп тамырлы сала. Осы бір алып саланың стоматологиясын таңдаған Серік Қалыбайұлы өзі таңдаған мамандық бойынша ізденіп, уақытпен таласа еңбектеніп, білікті де білімді маман болып шығу жолында өзін аямады. Әр іс пен қимылдың, білім мен біліктіліктің артында адам тағдыры тұрғанын сана-түйсігімен сезінген жас оң жамбасына келетін стоматологияны танып-меңгеруде өзін жиі қамшылаумен қатар, екі айналып келмейтін студенттік жылдардың қызығынан да құр қалмады. Ширақ қимылы, бір істі бастап кетуге құмар ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында білім ордасының қоғамдық өміріне белсене араласып, бойындағы қабілеттерін таныта білді. 
      1981 жылы медициналық институтты бітіріп, одан әрі Қызылорда облыстық стоматология емханасында интернатурадан өткен Серік Қалыбайұлының алғашқы еңбек жолы 1982 жылы тамыз айында Жалағаш ауданы, Жалағаш совхозындағы участкелік ауруханасында стоматолог-дәрігер болудан басталды. 
      Халық алғысын алған жан бақытты болатыны сөзсіз. Ал дәрігер болу көптің көңіліне үміт сәулесін шашатын, нағыз алғысқа лайықты жан деуге болады. Дәрігер кең ұғымды қастерлі мамандық. Медицина қызметкері болу адамға денсаулық, тіпті кейде өмір сыйлау деген сөз іспетті. Ауру жас талғамайды ғой. Ал ине мен пышақты өмірлеріне серік еткен ақ халатты, алтын қолды дәрігерлер қауымына бесіктегі баладан төрдегі қарттың баратыны рас. Есесіне дәрігерлердің алатын алғыстары да соншалықты. Қиналғанда көмек сұрап, ауырғанда шипа іздеп алдына барған әрбір науқасқа қолдау көрсететін, өмірлеріне қауіп төнген сәтте араша түсіп, тіпті кейде екінші өмір сыйлап жататын дәрігерлердің еңбегі расында өлшеусіз. Олар денсаулық саласында аянбай еңбек етіп қана қоймай, халықтың ықыласына бөленіп, бір туысындай болып кеткен жандар. Себебі, адамға ем дарытып қана қоймай, науқастың жанын түсінетін, жылы сөзімен дем беретін маман иесі де солар.
      Иә, дүниеде адам емдеуден артық өнер жоқ шығар, сірә. Қиын да күрделі тіс маманы болу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Оған үлкен жүрек пен темірдей төзім керек-ақ. Тіс дәрігеріне икем керек. Яғни, қолы епті, саусақтары майысып тұратын, ұсақ нәрселерді іліп әкететін қасиеті болуы керек. Себебі, стоматология ұсақ-түйекке жақын жұмыс. Сондықтан да бұл салаға келетін адамға аса күшті шыдамдылық, қолының ебі болуы, адамға көмектесуге деген таза ниеті болуы керек. 
      Өзіне жүктелген міндет пен дәрігерлік антына адал бола білген Серік Қалыбайұлы 1995 жылдың қаңтар айынан бастап 2005 жылғы қалалық балалар тіс емханасында, кейіннен жекешеленген «Дента-Люкс» ЖШС-да стоматолог-дәрігер болып қызмет істеді. Сонау бір көптің көңіліне күдік ұялатқан тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кезінде де, өз мамандығын тастап кетпеді. Қиын сәттерде де, ердің намысы мен беріктігі сынға түскен сәттерде де жеңімпаздар қатарынан көріне білген кейіпкеріміз 1999-2005 жылдар аралығында «Денсаулық» РҚКК-да бас маман қызметінде, 2005 жылдың қараша айынан бастап ҚР ДСМ медициналық қызмет көрсету саласындағы бақылау комитетінің Қызылорда облыстық департаментінде бас маман, кейіннен мекеме қайта құрылып медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінде инспектор қызметін атқарды.
      Одан кейінгі 2010-2014 жылдары Облыстық денсаулық сақтау басқармасының тағайындауымен №5 қалалық емханасының бас дәрігері, 2014-2017 жылдары Облыстық тіс емдеу емханасының бас дәрігері қызметінде болған Серік Қалыбайұлы Облыстық тіс емдеу емханасының жабылуына байланысты 2017 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында «Қызылорда облыстық кеңес беру диагностикалық орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының бас дәрігерінің стоматология қызметі жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. Талай қиындық пен көлденең кездескен кедергілерді өзінің өжеттігі, табандылығы мен сабырлылығының арқасына жеңе білген Серік Қалыбайұлы 2017 жылы сәуір айында «Қанат-Орда» ЖШС ашып, осы кезге дейін директор қызметін атқарып келеді. 
      Біз қаншама тереңірек толғап жаздық десек те, маман иесінің кейіпкеріміздің қызмет жолында жасаған істері мен еңбектерін толық ашық жеткізе алмайтынымыз анық. Сондықтан өзінің өмір мен еңбек жолын, атқарылған жұмыстар мен жетістіктері туралы кейіпкеріміздің аузынан естігенді жөн көрдік. 
      - «Қазақстан Республикасы егемендік алған алғашқы жылдары стоматологиялық қызмет көрсету саласында мемлекеттік мекемелер ыдырап, нарықтық экономикаға бейімделе бастады. 1997 жылы облыстық тіс емханасы, 2000 жылы қалалық балалар тіс емханасы жекешеленді. Облыс әкімшілігі, облыстық мәслихат депутаттары және облыстық денсаулық басқармасының бірлесіп жұмыс істеуінің арқасында облыстық мемлекеттік стоматологиялық емхана ашу жөніндегі ұсыныстары облыс әкімінен қолдау тапты.
      Сонымен, 2013 жылдың 5 желтоқсанында Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаевтың №380 қаулысымен Қызылорда облысының Денсаулық сақтау басқармасының «Облыстық тіс емдеу емханасы» «Қазақстан Стоматологтарының Біріңғай Ассоциациясы» қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалы құрылды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының тағайындауымен Облыстық тіс емдеу емханасының бас дәрігері болып, қосымша Қызылорда облысының штаттан тыс бас стоматологы мен «Қазақстан Стоматологтарының Біріңғай Ассоциациясы» қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облысы бойынша филиалының төрағасы қызметтерін қатар алып жүрдім.
       Осы уақыттары стоматологиялық қызметкерлерді жинау қиынға түсті, жан-жақтан жеке клиникаларда жүрген мамандар шақырылды. Сол жылы Қызылорда медициналық колледждің болашақ тіс дәрігерлері бітіретіні ескеріліп, 21 тіс дәрігерлерімен екі жақты меморандумға қол қою арқылы емхананы жас мамандармен толықтырдық. Сол сияқты стоматологиялық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуде қиындықтар кездесіп тұрды. Осының бәрін жеңе білдік. Стоматологиялық емхананың әкімшілігін құруда да қиындықтар кездесіп тұрды, себебі біздің стоматологиялық мамандардың негізі клиницистер болып келеді, ұйымдастырушы мамандар сирек болады. «Облыстық тіс емдеу емханасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесін құруда және жұмысын алға жүргізуде бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасарлары: Бисенғалиева Түнзере Гамайқызы, Ізімбетова Роза Жәнібекқызы, Құлтаева Маржан Бекжігітқызы, бөлім меңгерушілері: Әлібекова Пернегүл Қаржаубайқызы, Смайлова Ақтоты Мамайқызы, бас мейірбике Көпірбаева Майра Әскербек қыздарының көп жылғы еңбек өтілдері мен мол тәжірибелерінің арқасы деп білемін. Осы ұйымдастыру мамандарымен төмендегі көптеген іс-шаралар атқарылды.
      2014 жылдың 1 сәуірінен бастап КММ «Облыстық тіс емдеу емханасы» өз жұмысын бастады. Сол кездері емхана бойынша 30 дәрігер-стоматолог, 27 дантист, 43 медбике және 33 әкімшілік қызметкерлері жұмыс жасады.
      Өздеріңізге белгілі, мемлекеттің жекешелендіру саясатына сәйкес, 2013 жылға дейін облыс көлеміндегі стоматологиялық көмек бәсекелестік нарығына жіберіліп, стоматологиялық көмек толығымен жеке меншік клиникалармен көрсетіліп келді. Мемлекеттік мекеме тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде облыс тұрғындарына стоматологиялық көмек көрсетеді. Мереке мен демалыс күндері жіті тіс ауыратын тұрғындарға шұғыл және жедел стоматологиялық көмек көрсету мақсатында күнделікті кешкі және түнгі кезекшілік ұйымдастырылды.
       Облыс тұрғындарына тиімді, кезекті көп күттірмейтін, қолжетімді стоматологиялық қызмет көрсету, мектеп жасындағы балаларды тісін гигиеналық тазартуға оқыту, тіс жегісінің алдын алу және жүкті әйелдердің ауыз қуысын жоспарлы сауықтыру үшін тегін кепілдендірілген стоматологиялық көмекті сапалы жүргізуде 88 стоматологиялық мекемелер мен көмек көрсетілді, оның 56 мемлекеттік емес (жеке кәсіпкерлер мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер), 32 мемлекеттік емдеудің алдын алу мекемелеріндегі стоматологиялық кабинеттер мен жаңадан ашылған «Облыстық тіс емдеу емханасы» коммуналды мемлекеттік мекемесі. Аталған мекемелерде 151 – дәрігер-стоматолог, 32 – тіс дәрігері, 53 – дантист, 28 – тіс технигі, 97 – медбике жұмыс жасады. Оның ішінде, мемлекеттік тапсырыспен 73 (48,3 % ) дәрігер-стоматолог, 27 (84,4% ) – тіс дәрігері, 41 (77,3%) – дантист, 66 (68%) – медбике қызмет атқарды.
      Қазіргі таңда Қызылорда облысы бойынша 10 мың тұрғынға шаққандағы стоматолог мамандарымен қамтылуы - 2,5 құрайды (болу керек – 4,5), яғни 135 дәрігер жетіспейді, олардың 51% (69 дәрігер) балалар стоматологы. Бұл қызметтерді дантистер мен тіс дәрігерлері атқаруда.
      Шалғай елді мекен тұрғындарына стоматологиялық қызмет 5 жылжымалы мобилді кешен құрамындағы стоматологиялық кабинет мамандарымен жоспарлы түрде бекітілген кестеге сәйкес көрсетілді. («КУПАВА» прицептері (Арал, Жаңақорған, Сырдария аудандарында), 2 жылжымалы мобилді Мед-У камаздары (облыстық медицина орталығы, Жаңақорған ауданында) және «Денсаулық» поезді («Апаттар медицинасының темір жол госпитальдары» АҚ Қызылорда филиалында).
      2015 жылы облыс бойынша 30 мектепте стоматологиялық кабинеттерде стоматологиялық көмек көрсетілсе, 2016 жылы бөлінген қаржының 73% мектептегі стоматологиялық қызмет көрсетуге бөлініп, қосымша 11 мектепте стоматологиялық кабинет ашылды. 
      2015 жылы 7 қыркүйекте облысымызда Дүниежүзілік денсаулық күніне өткізілген фестиваль қарсаңында «Колгейт - Палмолив» компаниясының стоматологиялық аурулардын алдын алуға арналған «Өмір бойы жарқыраған күлкі» («Bright Smils., Bright Futures») Ұлттық бағдарламасын іске асыру бағытында шеру өткізіліп, 2 жылжымалы мобилді Мед-У Камаздары аудандарға жол тартты. Осы шеруге облыс әкімінің орынбасары, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы, С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық Медицина Университеті, «Қазақстан Стоматологтарының Біріңғай Ассоциациясы» қоғамдық бірлестігі өкілі мен бірге облыстық медициналық ұйымдарының басшылары, облыс стоматологтары қатысты. 
      Бас дәрігер болу мансап қана емес, нардың белін қайыстырар, азаматтың жауырынына бататын үлкен жауапкершілік. Атқарылған жұмыстар да жетерлік. Оқырманға түсінікті болу үшін маңыздыларына тоқталып өтсем. 2015 жылы 9 ақпан Дүниежүзілік стоматологтар күнімен тұстас «стоматологиялық аурудың алдын алу» тақырыбы бойынша облыстық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді. Оған С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақстан Ұлттық Медициналық университеті жанындағы стоматология институтының директоры, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің штаттан тыс бас стоматологы, «Қазақстан Стоматологтарының Бірыңғай Ассоциациясы» қоғамдық бірлестігінің президенті, С.Ж.Асфендияров атындағы ҚАЗ ҰМУ-нің хирургиялық стоматология пропедевтикалық модулі кафедрасының профессоры, осы университеттің балалар стоматологиясы пропедевтикасы және ортодонтия модулінің меңгерушісі қатысты. 
      Сонымен қатар Облыстық денсаулық сақтау басқармасының жауапты мамандары, медициналық қызметке ақы төлеу, медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитеті мен республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығының облыстық филиалының басшылары, облыстық білім беру департаментінің бас маманы, қалалық білім беру бөлімінің басшысы және облыстық, қалалық медицина ұйымдарының бас дәрігерлерімен бірге, облысымызда меншіктігіне қарамастан стоматологиялық қызмет көрсететін стоматологтар, тіс дәрігерлері, дантистер мен қоса медициналық колледждің студенттері қатыстырылды.
      Сондай-ақ, 2015 жылдың 16 сәуірінде «Облыстық тіс емдеу емханасы» КММ-де «Стоматологиядағы мейірбикенің рөлі» атты стоматологиялық мекемелер арасында облыстық конкурс, 17 сәуірінде «Облыстық тіс емдеу емханасы» КММ-де «Үздік гигиенист» атты облыстық конкурс өтіп, жеңімпаз гигиенист «Үздік стоматологиялық гигиенист» атты өтетін республикалық конкурсқа жолдама алды. 2015 жылдың 13 мамырында «Үздік стоматологиялық гигиенист» тақырыбында өткен республикалық конкурста дантист ІІ-ші орынды иемденіп, Мәскеу қаласындағы Гигиенистер мектебіне жолдама алса, жыл сайын Алматы қаласында өтетін Халықаралық Конгреске облыс бойынша 20-25 делегат қатыстырылып отырылды. 
      Жыл сайын өткізілетін медицина қызметкерлерінің спартакиадасында облыс стоматологтары жүлделі II, III, IV-ші орындарға ие болып отыруын өзім басшылық ететін мекеменің үлкен жетістіктері деп білемін. Дәрігерлердің білімі мен біліктілігін көтеру мақсатында түрлі семинарлар, конференциялар өткізіп отырдық. С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық Медициналық университетінің балалар стоматологиялық кафедрасының қатысуымен «Қызылорда облысында балалардың арасында тіс жегі және пародонт ауруларының алдын алу» тақырыбы бойынша 2 жыл ғылыми жұмыстар жүргізілді. С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық Медицина университеті, «Қазақстан Стоматологтарының Біріңғай Ассоциациясы» қоғамдық бірлестігі және «Колгейт – Палмолив» Халықаралық Компаниясымен бірге стоматологиялық аурулардың алдын алу үшін балалар арасында ауыз қуыс гигиенасын үйретуге және оқытуға арналған «Өмір бойы жарқыраған күлкі» («Bright Smils., Bright Futures») Ұлттық бағдарламасы Қызылорда облысы аймағында 7-9 жыл жас балалар арасында 2015 жылы қыркүйек айынан бастап жүргізілуде. «Ауыз қуысы гигиенасын күтуде ата-аналар мен балалардың жауапкершілігін арттыру, ауыз қуысы гигиенасын сақтауда дұрыс дағдылары мен әдістеріне баулу, стоматологиялық денсаулығын жақсарту мақсатында құрамында фторы бар тіс пастасын пайдалануды арттыру, ата-аналар, өз балаларының ауыз қуысы гигиенасына өмірінің алғашқы бір жасынан бастап назарын аудару» негізгі міндеттері болып табылатын бұл бағдарлама 7-9 жастағы 45129 (қала бойынша-20325, ауыл бойынша-24804) балалар арасында 1 рет тегін тіс пастасы мен щеткасы таратылып және гигиеналық білім берілді.
      Осы бағдарламадан күтілетін нәтиже - келешекте тіс жегінің таралуы мен қарқындылығы көрсеткіштері төмендеп, тісі сау балалардың көрсеткіші өседі.
      ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің 2016-2019 жылдарға арналған денсаулық сақтауды дамытудың «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аясында Қызылорда облысындағы тіс жегі және пародонт ауруларының алдын алу және оларды ерте анықтап, қол жетімді және сапалы стоматологиялық көмек көрсету мақсатында, ұйымдастырылған балалар тобы арасында ауыз қуысы ауруларының алдын алу және стоматологиялық көмек көрсетудің 2016-2020 жылдарға арналған бағдарламасы жасалып, облыс әкімінің орынбасарымен бекітіліп, жұмыстар жүргізіліп келеді. Сонымен қатар, мемлекеттік тапсырыс шеңберінде орта буын медицина қызметкерлері дантист пен тіс дәрігерін «тіс гигиенасы» мамандығы бойынша қайта даярлау курстарынан өткізіп, 33 маман дайындалып, облыстағы стоматологиялық көмекті жақсарту, көрсетіліп жатқан көмектің сапасын арттыру мақсатында әр ауданда штаттан тыс бас стоматолог тағайындалды. 
      Амбулаториялық-емханалық қызметі бар аудандық орталық ауруханалардың жанындағы пациенттерді қолдау қызметі құрамына стоматологиялық көмектің сапасын арттыру мақсатында стоматолог-аудит қызметкері қосылды. «Облыстық тіс емдеу емханасында» аудандық штаттан тыс бас стоматологтары мен ЖК директорларының қатысуымен әр тоқсан сайын және жыл қорытынды есебі бойынша емдеу профилактикалық кеңесінің отырысы өткізіліп отырылды. Жыл сайын стоматологиялық қызметтің алдын алу жұмыстарын жақсарту мақсатында «Облыстық тіс емдеу емханасының» дәрігерлерімен 7 аудандарда меншіктігіне қарамастан стоматологиялық мекемелер мен кабинеттерге әдістемелік көмек көрсетілді. Амбулаториялық-емханалық қызметі бар аудандық орталық ауруханалардың басшыларымен біріккен отырыстар жүргізіліп, ұсыныстар айтылып, келісімдер жасалды.
      Облыстық стоматологиялық көмек көрсетудің көрсеткішін жақсарту мақсатында, орталықтандырылған статистикалық есебі бір орталыққа біріктіріліп, яғни, облыс көлеміндегі стоматологиялық мекемелер мен кабинеттер жеке меншіктігіне қарамастан әр тоқсан сайын атқарылған қызметінің есебін беріп отыру қатаң қадағаланды.
      Облыстық тіс емдеу мемлекеттік мекемесі 2017 жылға дейін Облыстық денсаулық сақтау басқармасымен қаржыланып келсе, қазір ҚР ДСМ Медициналық қызметке ақы төлеу Комитеті, Қызылорда облысы бойынша департаментінен стоматологиялық қызметті сатып алу әдісімен қаржыландырылуына байланысты, 08.02.2017 жылы Облыстық қаржы басқармасының бұйрығымен «Облыстық кеңес беру диагностикалық орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынға қосылды», - деп өзі басшылық еткен мекеменің атқарған жұмыстары мен облыстың медицина саласына қосқан үлестері туралы айтып өткен Серік Қалыбайұлы 2017 жылы 17 сәуір айынан бастап «Қанат-Орда» ЖШС стоматологиялық емханасын ашып, тұрғындарға сапалы қызмет көрсетіп келеді. 
      Мемлекеттік лицензиясы мен қосымшасы алынып облыс тұрғындарына ақылы және тегін кепілдендірілген стоматологиялық көмек көрсетіп келе жатқан. «Қанат-Орда» ЖШС стоматологиясында алғашқы кездері 2 стоматолог пен 1 медбике қызмет көрсетсе, бірте-бірте дамуының арқасында қазіргі кезде 12 стоматолог, 11 тіс дәрігері (дантист), 21 медбике, 6 әкімшілік қызметкерлер мен тазалықшы, жұмысшы барлығы 49 маман қызмет атқарады. Осы стоматологиялық қызметкерлермен орталық тіс емханасында 11 стоматологиялық қондырғыда және 13 қалалық орта мектептердегі стоматологиялық кабинеттерде облыс тұрғындарына стоматологиялық қызмет көрсетіледі. Барлық кабинеттер қазіргі талапқа сай заманауи стоматологиялық қондырғылармен, медициналық құрал-жабдықтармен, пломбалық материалдармен толық қамтамасыз етілген.
      Дәрігерлік, басшылық еткен жылдары өзінің жауапкершілігінің, ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында еңбегі бағаланып, жетістіктерге қол жеткізіп, түрлі марапаттарға ие болды. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей Серік Қалыбайұлының мерейін өсірген, қызметінің әділ бағасы болған марапаттарына көз жүгіртсек:
      - 2010 жылы Дүниежүзілік Жүрек күніне орай облыс көлемінде «Салауатты жұмыс орны - сау жүрек кепілі!» ұранымен облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы директорының Грамотасы;
      - 2011 жылы облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысы және облыстық денсаулық сақтау қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының төрағасымен «Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына» арналған XІV спартакиадасынан ІІІ-орын (№5 емхана);
      - 2012 жылы ҚР Тәуелсіздігінің 21 жылдық мерекесіне орай Облыстық денсаулық сақтау басқармасымен «Үздік қалалық емхана» аталымының иегері;
      - Тәуелсіздік мерекесіне орай 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға аймақ тұрғындарына скринингтік тексерулер жүргізуде нәтижелі жұмыс жасағаны үшін «Алғыс хат»;
      - 2013 жылы ҚР Ұлттық бизнес-рейтингі бойынша «Лидер Казахстана» атағымен марапатталып күміс төсбелгісіне ие болды;
      - «ҚР Стоматологиялық қызмет көрсетудің үздігі» және «ҚР еңбек сіңірген стоматолог-дәрігері» төсбелгілерінің иегері.
      Өмірде болатын жақсылы-жаманды сәттер ешқашан да өздігінен болмайды. Ал жанымыз бен жүрегімізді жылытатын, күлдіретін, қуантатын адамның өзі, сөзі, көзі. Ортамыз қаншалықты жағымды болса, соғұрлым өмірге құлшыныс арта түседі. Шетел ғалымы Х.Марти: «Адам бола білу – ең қиын мамандық» депті. Сондықтан әр адам бойындағы адами қасиеті оның жүріп өткен жолында сайрап жатады. Жақсы да бар, жаман да бар. Өмір түп-түзу, тап-таза бірізді емес. Адамның алдынан талай белес, талай тау-тас жолығады. Ал соның барлығын жүрекпен сезіп, ақылмен ұғына білу адамның өз қолында. Адам бірінен-бірі озып, асып түскісі келеді, бәсекелеседі. Жақсы адам көрсе сондай болмаққа ұмтылады. Осындай талай биік белестерді бағындырып үлгерген, азаматтық болмысында парсаттылық пен адами асыл қасиеттер тұнып тұрған, ел ағасы, білікті дәрігер Серік Қалыбайұлының өмірі өнегеге, қызметі еңбек пен жетістікке толы. Өмірлік серігі екеуі екі ұл, бір қыз өсіріп, олардан немере сүйіп, тәрбиелеп отырған Серік Қалыбайұлына шаңырағыңыз шаттыққа толып, кәсібіңіз берекелі болсын дегіміз келеді!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...