Ел ықыласына бөленген дәрігер
Қамшының қысқа сабымен ғана өлшенген ғұмыр, тамырында тіршіліктің бүлкілі қағып тұрған ет жүректі пендеге бір-ақ рет қана беріледі. Көтеріп тұрып құлатқан, жылатып тұрып жұбатқан, қиындығы мен қызығы мол тіршілікте әркім алдына қойған өз мақсаттарына жетуге талпынып, тегеуріні мықты тағдырдың сынақтарында табандылық пен сабырлылық танытып, бірі парасат биігіне көтерілсе, енді біреулері тұмсығы тасқа тиген бекіредей болып, жел кеулеген төбедей мүжіліп, еңсесін қайта көтеруге тірек таппай өмір ағынына ерік беріп күнін өткізе береді. Осы бір қайрат көрсетпесең қалауыңа қол жеткізе алмай, қайсарлық танытпасаң мақсатың көз ұшында қол бұлғап кете беретін, әділдік пен жалғандық, ақиқат пен көлгірсу итжығыс түсе беретін ғұмырда, өз өмірін мәнді де мағыналы, сәулелі, шұғылалы қып өткізу көптің қолынан келе бермесі анық.
![]()
Бір адамдар болады, бұл өмірде бар болғаны ғана белгілі, сондай-ақ, тағы бірі жыл өткен сайын тұлғасы шыңға біткен шынардай биіктеп, әр сәті, әр ісімен есіңнен шықпай аңсата бермек. Олар қиыншылықтан қорықпады, табанына еңбектің шөңгесі кірсе де тынбай жұмыс істеп, тағдырдың өткір желі өкпесіне салқын болып тисе де ел алдындағы өз қызметін адал атқара білген ардақты да айбынды, қиыншылық пен жоқшылықтың шекпенін иығына іліп, адалдығы мен адами қасиеттерінің арқасында өзіне сеніп тапсырылған қызметті адал атқара білді. Осындай, есімі мен еткен еңбектерін естіген жанның кеудесінде ерекше бір мақтаныш сезімі пайда болатын ел ағалары мен әпкелеріміз аз емес. Көңіл теңізімізді толқытып, тебіреніске толы сезімге бөлеп, қолға қалам алуымызға түрткі болған ауылының аяулы перзенті, жақсылығымен, іскерлігімен, табандылығымен, жұрт сүйсінер барлық игі қасиетімен ел құрметі мен шапағатына бөленген ақ халатты дәрігерлеріміздің бірі, Алладан кейінгі сәбиге жарық нұр сыйлаушы бола білген Садықов Руслан Бақытбекұлы туралы болмақ.
Медицина деп аталатын үлкен теңіздің ортасында дәрігерлік қайығын есіп келе жатқан, саналы ғұмырын перзентханаға арнаған акушер-дәрігер Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданындағы перзентхана бөлімінің меңгерушісі Руслан Бақытбекұлы Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, Ақарық ауылында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келді. Өмір бұралаңында дұрыс бағыт сілтеген әкесі Садықов Бақытбек агроном мамандығы бойынша қарапайым бригадирден совхоз директоры қызметіне дейін қызмет атқарып абыроймен зейнеткерлікке шықса, мейірім-нұрдан жаратылған анасы Қаниева Рахия №124 орта мектебінде бастауыш сыныптарына білім беріп қаншама шәкірттерін тәрбиелеген, үлкен өмірге қанат қаққызған құрметті зейнет демалысындағы ұлағатты ұстаз, Батыр ана!
Болашақ талай сәбидің риясыз күлкісіне сеп болған Руслан Бақытбекұлы сырдың самалымен жарысып, дүлдүлдер мен тарландардың табаны тиген топырақта балалығын өткізіп, ауыл іргесіндегі №124 мектептің табалдырығын аттады. Ұрпағынан үлкен үміт күткен әрбір ата-ана перзентінің оқып, білім алып, ертеңгі күні үлкен азамат болып қалыптасқанын қалайды. Үлкеннің айтқанын екі еткізбейтін алғыр, тілалғыш болып өскен бала Руслан да кішкентайынан ата-анасының қолғанаты болумен қатар, мақтанышына айналды. Еңбекке икемі бар, тапсырылған істі аяғына дейін жеткізбей тынбайтын қайсарлығының, табандылығының арқасында мектеп қабырғасында жүргенде де қатарластарының алды болды. Қолынан іс келетін, бір істі сеніп тапсыруға болатын шәкірт қай ұстаздың да сүйікті шәкірті емес пе, бала Руслан да мектептің қоғамдық өміріне белсене араласып, білім тереңіне сүңгіп кетті.
![]()
Қыранның шыңға көз тігуі қанатына сенгендіктен емес, қанында ұлылықтың ойнап жатқаны секілді, қандай істе де қабілеттілік таныта білген оқушы Русланның жүрегінде дәрігер болсам деген үлкен арманның оты ұшқындаған кезі осы, білім ордасы болатын. Арман – күннің жылуын іздеп басын бұрған күнбағыстай, жас өренді үлкен өмірге ұмтылдыратын, қиялындағы істі іске асыруға мүмкіндік беретін, енжарға таудан биік, талаптыға бетегеден де аласа ерекше қасиет. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ дәрігер болсам деген мақсатын тұсбағдар етіп алған Руслан 1998 жылы білім ордасынан түлеп ұшқан соң да, жүрегіне жақын мамандыққа баруға бел байлады. Бірақ, адамның айтқанымен жүре беретін тағдыр ма, бас білдірілмеген асаудай басын ала қашқан. Оның үстіне, тоқыраудың жер бауырлап келген бұлты әлі сейілмей тұрған кез еді. Жомарттың қолын жоқшылық байлаған сол кездері, қаражаттың тапшылығына байланысты қадамын аша алмаған Руслан Бақытбекұлы тұрмыстың дегенінен көніп ауыл тіршілігіне араласып кетті. Бірақ, қызып жанған көмір шоғындай болған дәрігер болсам деген арманы, қайда барса да ойынан бір елі қалмай, араға бір қар қондырып, келер жылы оқуға баруға бел буды.
Осылайша талаптың торына тақым басып, Ақтөбеге аттанған Руслан Бақытбекұлы 1999 жылы М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан Мемлекеттік Медицина Академиясының емдеу факультетіне оқуға түсті.
![]()
2005 жылы академияны «Акушерство және гинекология» кафедрасының меңгерушісі, дарынды, өз ісінің шебері, профессор Үкібасова Талшын Мукадесовна жетекшілігімен акушер-гинеколог мамандығы бойынша диплом алған Руслан Бақытбекұлы білімін одан әрі жалғастырды. Интернатураны Қызылорда облыстық медицина орталығындағы перзентхана және гинекология базасында сол кездегі гинекология бөлімінің меңгерушісі алтын қолды акушер-гинеколог Төрешбаев Әбдір Төрешбайұлының қарамағында жүріп, аса маңызды тәжірибеге қол жеткізіп 2006 жылы бітіріп шықты.
Кез келген елдің болашағы – оның халқының денсаулығына байланысты екені дәлелдеуді қажет етпейтін шындық. «Ауырмай тұрып денсаулығыңды бағала» дегенді өсіп келе жатқан ұрпақтың санасына сіңіріп, олардың өз денсаулығына деген жауапкершілікті қалыптастыру баршаның борышы. Халық алғысын алған жан бақытты болатыны сөзсіз. Ал дәрігер болу көптің көңіліне үміт сәулесін шашатын, нағыз алғысқа лайықты жан деуге болады. Дәрігер кең ұғымды қастерлі мамандық. Медицина қызметкері болу адамға денсаулық, тіпті кейде өмір сыйлау деген сөз іспетті. Ауру жас талғамайды ғой. Ал ине мен пышақты өмірлеріне серік еткен ақ халатты, алтын қолды дәрігерлер қауымына бесіктегі баладан төрдегі қарттың баратыны рас. Есесіне дәрігерлердің алатын алғыстары да соншалықты. Қиналғанда көмек сұрап, ауырғанда шипа іздеп алдына барған әрбір науқасқа қолдау көрсететін, өмірлеріне қауіп төнген сәтте араша түсіп, тіпті кейде екінші өмір сыйлап жататын дәрігерлердің еңбегі расында өлшеусіз. Олар денсаулық саласында аянбай еңбек етіп қана қоймай, халықтың ықыласына бөленіп, бір туысындай болып кеткен жандар. Себебі, адамға ем дарытып қана қоймай, науқастың жанын түсінетін, жылы сөзімен дем беретін маман иесі де солар.
Білім ордасынан білікті маман болып шыққан Руслан Бақытбекұлы сол жылдары Қызылорда облысы бойынша жас мамандарды жұмысқа тарту комиссиясы арқылы сол кездегі Жаңақорған аудандық медицина саласының басшысы Ысқақов Сәулебек Есқожаұлының сұранысы бойынша киелі Жаңақорған аудандық ауруханасының перзентхана бөліміне жұмысқа тұрды. Одан арғы қызметі мен өмірі сұлудың қоса өрілген қос бұрымындай болып, егіздене кете берген кейіпкеріміздің еңбек жолын өз аузынан естісек...
![]()
- «Өмірімнің қызық пен қиындықтарға толы жаңа парағы ашылды. Сол кезден бері қиындығы мен қуанышы қатар жүретін адамзат баласын жарық дүниеге әкелетін қасиетті перзентхана бөлімінде білек сыбана қызмет етудемін. 2010-2017 жылдар аралығында жүктілер патологиясы және гинекология бөлімінде бөлім меңгерушісі болып қызмет еттім. Одан кейін мемлекеттік ықшамдау бағдарламасына орай гинекология перзентхана бөліміне қосылды.
2021 жылдан бері жалпы перзентхана бөлімінің меңгерушісі лауазымында Жаңақорған халқына қалтқысыз қызмет етудеміз. Осы ауданда қызмет атқарғаныма міне, биыл құдай қаласа 16 жыл болыпты. Жұмыс барысында талай қиыншылықтар мен түсінбеушіліктер орын алды. «Қалауын тапса қар жанар» дегендей соған қарамастан барлығымен тіл табысуға тырысып, шешімін тауып бірге жұмыс істеп келеміз. Акушерлік және гинекология саласында кездесетін барлық күрделі ота жасауды үйреніп қажет болған жағдайда жасап жүрміз, келешек жастарға білгендерімізді үйретудеміз. Оған қоса өте күрделі аудан деңгейінде жатыр экстирпациясы мен ампутациясы отасын және перзентхана акушерлік щипцы салу арқылы босандыру техникасын меңгергенмін. Қызмет еткен жылдар аралығында әуелі Алла содан кейін қаншама мың
![]()
нәрестенің мына жарықта керемет дүниеге келуіне септігімді тигізгеніме, мың да бір шүкір! Қуанышы қойнына сыймаған ардақты ананың, терезенің артында жүрегі алып ұшып тұрған асқар әкенің, «Айналайын! Аман-есен босанды ма?» деген ата-әжелерінің шын жүректерінен, шын ықыласпен шыққан «Рахмет, дәрігер!» деген бір ауыз сөздерін естуден өткен тілек жоқ екеніне көз жеткіздім. Өзімді басқа сала маманы есебінде көз алдыма елестете де алмайды екенмін. Еліміз тыныш болып, аналарымыз нәрестелерін құшақтап, перзентханадан жадырап, жайнап шыға берсін. Қазағымыз өсіп өне берсін!
Жаңақорған ауданында қызмет ете жүріп өмірлік жарым Жұмабаева Тоғжанды жолықтырып, 2012 жылы бас қосып, шаңырақ көтердік. Құдайға шүкір ұл-қыздарым бар, соларды өсіріп, жақсы тәрбие беріп, келешек үлкен өмірге нық қадамдарымен бастап үлкен тұлғаларға айналса екен деген абзал ниетім бар», - деп қызметі мен отбасы туралы айтып өткен Руслан Бақытбекұлы өз ісінің білімді де, білікті маманы.
Басты байлық – денсаулық болса, сол байлығымыздың қадірін ұқтырып, әрдайым жанымыздан табылатын дәрігерлерге қандай құрмет көрсетілсе де лайықты. Бақытын жаны қалаған мамандықтан тауып, қиналып келген сырқаттың жанын кілтсіз ашатын, мыңдаған сәбидің жарық дүниеге келуіне себепші болған осындай ақ желеңді дәрігер Руслан Бақытбекұлының деніне саулық, отбасына амандық, еңбегіне табыс тілейміз!