![]()
Жібек мінезді дәрігер
Медицина – адамзатпен бірге жасап, дамып келе жатқан ең қажетті сала. Осы бір жауапкершілікті, тиянақтылық пен табандылықты талап ететін медицина саласында қызмет етіп жүрген дәрігерлер қауымына көрсетілер құрмет те жоғары. Десек те, күн өткен сайын тұғыры биіктеп келе жатқан дәрігерлер туралы аз жазылып жүрген жоқ. Әннің шынары да арналып, ақынның өлеңдері де болмысын айғақтап, суретшінің бағалы картиналары да ақ халатты абзал жандардың тұлғалық болмысын көтере түсті десек, артық айтқандығымыз емес. «Қас-қабағын бағып ұдай науқастың, Ағаруы тегін бе еді тал шаштың. Қарсы тұрып ажал дейтін дүлейге, Денсаулықтың майданында шайқастың. Демейсің-ау, шаршасаң да шаршадым, Бір басында жүрер сенің қанша мұң. Жүрегіңнің бар жылуын жеткізіп, Тұрғандай-ақ дірілдейді саусағың. Ажарында нұр ойнайды жараса, Науқастардың беті бермен қараса. Ауыр ойдан айыға алмай жүргенің, Адам үшін ұзақ өмір, араша» деп ақынның жүрегін жарып шыққан өлең жолдарында айтылғандай дәрігерлер туралы қаншама жазсақ та артықтық етпейді.
Міне, осы бір құдіретті мамандықты игеріп, білім мен біліктілігін арттырып, халыққа адал қызмет етіп келе жатқан дәрігерлеріміздің бірі, акушер-гинеколог – Мендешева Назымгул Бакытгереевна. Оқырманға түсінікті болу үшін сәбидің жарық дүниеге келу жолында уақыт пен санаспай еңбек етіп, өзінің сенімділігі мен қызметінің артында адам өмірі тұрғанын сана-түйсігімен сезіне білген, дәрігерлік біліктілігі, аналық мейірімінің арқасында талай періштенің дүниеге келуіне сеп болған жібек мінезді, жұмсақ қолды дәрігер туралы кеңірек таратып айтсақ. Шаңырағына береке тұнған қазақтың қай үйі де қазыналы қартын сыйлаған, олардың ақыл-кеңесін өмірінің тірегі еткен, үлкенге құрметпен қарап, тіршілігін берекелі еткен бақытты шаңырақ. 1976 жылдың 15 шілдесінде Ақтөбе облысы, Байғанин ауданына қарасты Ноғайты ауылында дүниеге келген Назымгул Бакытгереевна да әулеттің әрін келтіріп тұрған ата-әжесінің тәрбиесінде болды. Өмірден көргені мен түйгені мол, кеудесі ұлттық болмыстан туындаған даналық сөздерге, ақылға толы кісілердің өнегелі өмірін үлгі етіп, қазыналы қарттардың бақытқа толы құшағында балалығын өткізді.
![]()
Жөргегінде жатқанда-ақ мейірімін сіңдіріп қойған атасы – Тағыбергенов Өмірзақ Ұлы Отан соғысының ардагері, ұзақ жылдар директор болып, басшылық қызметте болған, сөзінде қуат, тілінде нәр, ақылында даналық тұнып жатқан, батагөй абыз ақсақал болған. Ал, ақ жаулығында адалдық пен имандылықтың лебі есіп тұратын әжесі – Әбішева Бибіқанипа осы әулеттің түтінін түтетіп, қызметте болған жарының ақ жағалы болуы үшін қам жасап, ұрпақ жалғастығы болған перзенттерінің өнегелі тәлім-тәрбие алуы жолында еңбек сіңірген, қонақжай кісі болған. Ал, жанұяның арқа сүйер азаматы болған әкесі Бақтыгерей ұстаз деген ұлағатты меңгерген мұғалім, көненің тірі мұрағаты саналған тарихшы, үлкен-кіші жиналған ортада өзінің даналығымен, сөз бастау шешендігімен, сөзінің анық, дәлдігімен дүйім жұртты өзіне қаратып отыратын, қызметте болған әкесі Өмірзақтың қасиеті дарыған жан болған. Мейірімі күн нұрынан да жылы анасы – Насимова Алима хатшылық қызмет атқарған, сабырлылық пен қайраттылықты бойына сіңірген адал жар бола білген бақытты ана. Төрт ұл, екі қыз тәрбиелеп, өсіріп, солардың қызығын көрген ата-анасы бақытты жандар. Тағдыр маңдайға жазылғаннан артық несібе бөлген бе, әкесі 2020 жылы дүниеден өтсе, анасы тәрбиелеп өсірген ұрпағының ортасында немере-жиеннің қызығына бөленген зейнеткер әже.
- «Жеті жасқа дейін атам мен әжемнің тәрбиесінде болып, 1983 жылы атам мен әжемнің қалауымен және де ата-анамның көрегенділігінің арқасында, сол кісілердің еш қарсылығынсыз менің қалада білім алып, жан-жақты болып, өсіп жетілгенімді қалап Ақтөбе қаласында тұратын ағам мен тәтемнің тәрбиесіне берді. Міне, қазіргі таңда менің туған ата-анамның орнындағы кісілер Адайбаев Төлеуғали Ақтөбе облысындағы М.Оспанов атындағы медицина университетінде декан болып, талай шәкірт тәрбиелеген. Зейнет жасында болса да, әлі күнге дейін Нұр-Сұлтан қаласындағы медицина университетінде кейінгі ұрпаққа берер тағылымы мен тәрбиесі зор профессор-ұстаз болса, Тағыбергенова Ғалия ұзақ жылдар педиатр болып, Ақтөбе облысы халқының ризашылығына бөленген жандар.
![]()
Қазіргі таңда өздері тәрбиелеп өсірген ұл-қызынан немере-жиен сүйген бақытты ата-ана, ата-әже құрметіне ие болған жандар. Яғни, осы шаңырақта тәрбиеленіп, қос ағам Асхат ағам мен Қайрат ағам екеуі мені туған қарындастарындай етіп қабылдап, бір ұяда өсіп-өніп, қатарымыздан кем қылмай, осы күнге жеткізген осы алтын адамдарға ризашылығым шексіз. Қазіргі таңда 7 жасар бала Назымгулден дана Назымгулге айналғаным осы екінші ата-анамның арқасы деп білемін», - деп осындай тумысынан дара болып, бүгінгі күні бір-бір тұлғаға, ел сыйлайтын арда азаматтардың жанында жүріп, солардың өмірінде бар болғанына өзін бақытты сезінетін Назымгул Бакытгереевна алғаш мектеп табалдырығын 1983 жылы Ақтөбе қаласындағы №21 қазақ орта мектебінде аттады.
Әр бала – бір әлем. Күннің нұрын іздеп шығысқа бет бұрған күнбағыс секілді, мектеп табалдырығын аттаған әрбір өрен, ұстаздан жылулық іздеген, тамырын дөп басып, жүрегіне білім нәрін себе білсе, ертеңгі күнгі бір-бір танымал тұлғалар. Кішкентай кезінен ата-әжесінің тәрбиесінде болғанының арқасында мектеп қабырғасында жүріп те белсенді, қандай да бір іске бар ынтасымен құлшына кірісіп кететін, ұстазының тапсырмасын екі етпейтін жауапкершілігі мол шәкірт болып өскен Назымгулдің оқуға деген махаббаты ерекше болды. Білімге іңкәр оқушы мектеп бағдарламасын еркін меңгерумен қатар, болашаққа жол сілтер жетіқарақшы болған білім ордасының мәдени, қоғамдық, спорттық іс-шараларына белсене қатысып, өзін жан-жақты, сан қырынан дамыта түсті. Міне, осылайша білім тереңіне құлаш ұруда алдыңғы сапта болған Назымгул 1993 жылы мектепті үздіктердің қатарында аяқтап, Ақтөбе медициналық академиясына оқуға түсті.
Дәрігер болуды – кей кісі бала жасынан армандап, аңсайды. Ол адам баласының өмірлік серігі, қала берді жақсы көретін ісі. Шығармашылық пен шеберліктің шыңына шығаратын, жылдар өте тәжірибесін тереңдететін бұл не десеңіз - ол адамның кәсібі һәм мамандығы дер едік. Әр пенде ер жетіп, оң-солын таныған сәтте таңдаған мамандығы бойынша оқуын оқиды я болмаса қолынан келер кәсіпті игеріп күнін көреді, тіршілік етеді. Адам баласы игерген мамандық пен кәсіптің түрі көп. Сол сансыз кәсіптің ішінде аса үлкен жауапкершілікті талап ететіндері бар. Адам жанының арашашысы ақ халатты абзал жандар нағыз қателесуіне болмайтын мамандық иелері. Себебі, адамның ең қымбат өмірі мен денсаулығы таразыға түсіп жатқан сәтте қателесуге жол жоқ. Дәрігерлік жолды таңдаған маман – терең білімді әрі өз ісін үлкен сүйіспеншілікпен жақсы көретін жан болуы тиіс. Дәрігерлік – қасиетті мамандық. Ол жай ғана кәсіп емес, ол – адам өмірі үшін арпалыс, күрес. Бір адамның жанын сақтап қалған дәрігер сансыз сауап пен алғыс алады.
Қандай ортаға барса да еркін араласып кете беретін ашық та, жібек мінезінің арқасында жоғарғы оқу орнында да өзінің қабілетімен, пысықтығымен, жанындағыларды бір іске үйіріп алып кететін шапшаңдығымен көзге түскен Назымгул 1993-1999 жылдар аралығында Ақтөбе медициналық академиясын үздік дипломмен аяқтады. Кейіпкеріміздің Мектепті үздік аттестатқа аяқтауында да, жоғарғы оқу орнын білікті маман ретінде тәмамдауда да өмір бұлағының бастауы болған атасы мен әкесінің қанымен берілген тектілігінің және де тәрбиелеп өсіріп, дұрыс бағыт-бағдар берген ата-анасының атқарған үлесі зор болды. Дәрігерлер династиясында тәрбиеленіп өскен Назымгулдің болашақ қызығы мен қиыншылығы қатар жүретін медицина саласын таңдауы да осы ата-анасының зор ықпалымен, яғни болашақта сол кісілердей елге сыйлы, өзімді әркез халықтың алғысына бөленіп жүретін адам ретінде көруден басталды.
![]()
Осылайша, әкеден дарыған білімқұмарлық пен анадан келген дәрігерлік ілімге деген ынтасын ұштастырған Назымгул Бакытгереевна дәрігер ретіндегі алғашқы еңбек жолы 2000 жылы Атырау облыстық перзентханасынан басталды. Одан әрі 2010 жылдан бастап қазіргі күнге дейін Атырау қалалық перзентханасында жоғарғы санатты акушер-гинеколог қызметін абыроймен атқарып келеді. Көп жылғы дәрігерлік қызметінде ел болашағы бүлдіршін балалардың денсаулығын сақтау жолында күш-қайраты мен білім-білігін жұмсаумен қатар, аурухана жұмысының ұйымдастырушылық жұмыстарына да өзіндік зор үлесін қоса білді. Қай кәсіпте болмасын тәжірибенің толықсуы мен дамып, қалыптасуы маман иесінің талабы мен ынтасына тікелей байланысты. Кейіпкеріміз Назымгул Бакытгереевна да бір деңгейде қалмай үнемі тәжірибесін шыңдап, дәрігерлік-кәсіби білімін жетілдіру жолында талай-талай білім жетілдіру курстарынан өтті. Халықаралық ғылыми конференцияларға қатысып, УДЗ мамандығы бойынша Сертификатқа ие болды. 2020 жылы білікті дәрігер ғана болып қоймай, заман ағымына ілесіп, жарықтың жылдамдығынан да тез дамыған ғылымның көшіне ілесіп, нарықтың да қадамын тап басып, 2020 жылдан бастап өзінің жеке гинекологиялық клиникасын ашып тұрғындарға сапалы қызмет көрсетіп келеді.
22 жыл еңбек өтілі кезінде 30 мыңның үстінде нәресте дүниеге әкеліп, мыңдаған ана мен сәбидің денсаулығы үшін күресіп, оларға консультативті кеңес беріп келе жатқан Мендешева Назымгулдің өз жүрегінен шыққан алғыс пен шексіз ризашылықтан тұратын сөздеріне кезек берсек:
- «2000 жылы отбасын құрдым. Қазіргі таңда Артур, Уалитхан, Тимур атты алтын асықтай үш ұл тәрбиелеп отырған анамын. Артурым мен Уалитханым өз қалаулары бойынша жоғары білім ордасында білім алып жатса, кенже ұлым Тимурым мектептің үздік оқушысы. Әрқашанда қандай жағдай болса да ақылдасатын, арқа сүйер азаматтарым Алланың берген маған үлкен сыйы осы үш ұлым. Тағдырдың жазуы болар балаларымның әкесінен бөлек тұрамыз, алайда, балаларым әкелерімен араласып тұрады, менің оған еш қарсылығым жоқ. Адам ұрпағымен мың жасайды дегендей, ана үшін де ең басты құндылық ол өсіріп отырған ұрпағының амандығы, абыройы. Ұлдарымның саналы азамат болып өсуіне, келешекте адал ниет нұсқап әркез соларға тілекші болып жүретін бақытты анамын. Бірін-бірі демеп, сүйеу бола біліп, өмір бойы ынтымағы жарасқан отбасы қатарынан көрінуде ұлдарыма деген сенімім зор. Мен өз отбасымды мақтан тұтамын», -деп Жаратқанға мың да бір алғысын жаудырған Назымгул Бакытгереевнаның денсаулық саласындағы еңбегі еленіп, 2016 жылы –«Жыл Дәрігері» номинациясының жеңімпазы атанса, 2019 жылы «Өз ісінің шебері алтын жүректі дәрігер» номинациясын иеленіп, одан да өзге марапаттармен, бәрінен бұрын халықтың алғысына ие болған дәрігер.
«Бұл аталған жетістіктерім әрине халықтың арқасында деп ойлаймын. Қазіргі таңда Жайық елі мойындаған білікті де білімді дәрігер деген атқа ие екенімді зор құрметпен, мақтанышпен айта аламын» деп медицинаның дамуына өзіндік үлесін қосып келе жатқан Назымгул Бакытгереевна береке-бірлігі жарасқан, өзгеге үлгі болар тату-тәтті, бақытты жанұяның бірі.
Атақты ақын Сүйінбай Аронұлының: «Жақсы адам елдің басшы серкесіндей, Жұғымды болар елге еркесіндей. Жақсының жүзі жылы, сөзі майда, Халқымның қалың жүнді көрпесіндей» - деген өлең жолдары биязы мінезді, сабырлы да салмақты, ақ пейілді, жаны таза, өз ісінің шебері Назымгул Бакытгереевнаға арналып айтылғандай. Бүкіл ұрпақ-жұрағатымен халқының денсаулығы мен амандығы жолында қызмет қылып жүрген кейіпкеріміздің деніне саулық, отбасына амандық тілейміз!