Елибаева Лайла

Рейтинг:

Сәбиге шуақ сыйлаған

      Қоғамның дамуы мен өзгерістеріне сай, жұмыр жүректі пенделер тіршілік ететін заманда мамандықтың түрлері көп. Адамның он екі мүшесі секілді, олардың да әрқайсысының атқарар қызметі мен қалыптастыратын өзіндік орны бар. Бірақ, осы бір мамандықтардың ішіндегі ең ұлылардың басында тұратын екі мамандықтың бірі ұстаздық болса, екіншісі, адамзатпен бірге жасап дамып, қоғам үшін, алпыс екі тамырлы адамзат үшін қызмет етіп келе жатқан ол – медицина саласы. Салауаттылыққа бет бұрып, дені сау болуға шақыратын, ауруың жаныңа батқан кезде жаныңа желеу болатын осы бір медицина саласы мамандарына деген халықтың ықыласы бөлек, көрсетер құрметі ерекше. Оны біз кешегі жан мен тән арпалысқа түскен пандемия кезінде байқадық, сездік, көрдік, көңіліміз тойды, шын жүрегімізбен риза болдық. Сол бір қиын шақтарда, отбасын апталап көрмесе де адалдық антына, ақ халатына сенім мен беріктік танытып, қызметін бірінші орынға қоя білген медицина қызметкерлері жайлы көптеп жазсақ та артықтық етпейді. Отыз тістен шыққан сөзі отыз рулы елге тараған ақынның отты өлеңдері осы медицина қызметкерлеріне арналса, әншілердің әндері мен суретшінің картинасында, жазушының қаламының ұшындағы асыл сөздер мен халықтың ыстық ықыласынан жалын алған көрнекі сөздер осы бір саланың қызметкерлері үшін жазылып жатты. 
      Міне, біздің де бүгінгі кейіпкеріміз осы медицина саласында қызмет етіп, талай періштенің дүниеге келуіне сеп болып, ананың дені сау ұрпақты босануына жағдай жасап, халықтың алғысын арқалап келе жатқан акушер-гинколог маман Елибаева Лайла Рахатқызы. Көптің көңілінен шығып, алғыс арқалаған жан шынымен де өз ортасының бедел биігіне ғана көтеріліп қоймай, ісінің білікті маманы, қатарластарының алды болған кәсіби қызметкер екені анық. Оқырманымызға, маман иесі туралы тереңірек айтып өтсек. 
      Лайла Рахатқызы 1978 жылдың 25 қаңтарында Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, Жалағаш совхозында дүниеге келді. Бастауын тұма бұлақтар мен тау мұздықтарынан алып, жолында іргелес жатқан бірнеше елді елдестіріп, бірлікке шақырып, ағып жатқан Сырдарияның төменгі ағысындағы құтты мекенде бақытты балалығын өткізген бұрымды қыз, білім ордасының табалдырығын 1984 жылы №203 Жаңадария ауылдық орта мектебінде аттады. Қамқоршы әкеден тәлім алып, мейірімі күн нұрынан да жылы анасынан өнеге мен имандылықты, ибалықты бойына сыйдыра білген Лайла мектеп қабырғасында да, өзінің алғырлығымен, бір істі үйіріп алып кететін ұйымдастырушылық қабілетімен, шапшаңдығымен, тиянақтылығымен көзге түсе білді. Білімге құштар жас сыныпта, мектепішілік өткізілген іс-шаралар мен пән олимпиадаларына белсене қатысып, сабақты тез қағып алатын зеректігімен ұстаздарының алғысына бөленді. 
      Жарқын болашаққа бастар білім танудағы жолы №114 Қаракеткен ауылдық орта мектебінде жалғасқан Лайла Рахатқызы 1994 жылы мектепті үздіктер қатарында қызыл аттестатқа бітірген соң Ақтөбе мемлекеттік медицина институтына оқуға түсті. Таңдағаны медицина саласының қызметкері болып, еліне пайдасын тигізу. Білімін одан әрі жетілдіруді мақсат еткен жас уақытпен санаспай ізденіп, оқып, таңдаған саласының білікті де білімді маманы болып шығуы үшін студенттік өмірдің әрбір күнін мүлт жібермеді. Одан арғы оқуын жалғастырып, 2000-2001 жылдары М.Оспанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік медицина академиясының базасында 1 жылдық акушер-гинеколог мамандығы бойынша интернатурадан өтті. Осылайша, 2000 жылы М.Оспанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік медицина академиясының «Емдеу ісі» факультетін бітірген Лайла Рахатқызының алғашқы еңбек жолы 2001 жылы Қызылорда қалалық перзентханада акушер-гинеколог дәрігер болудан басталды. 
      «Дәрігерлерім! Қолыңда тұрса келеді бәрін емдегің. Жаныңды салып жатсаң да, жігерің сарқып, Бұл ауру алып ұрды ма әлі келгенін. Құрметті, Ақ халаттыларым! Мың алғыс саған, Қалауыменен тәңірдің құранды ұстаған. Өмірге құштар жандардың үміті соңғы, Сендер көтерген иненің ұшында ғана» деп, абзал жандардың мейірімін арттыра түскен Нұртас Тұрғанбекұлы айтпақшы, Алладан кейін адам жанының арашашысы туралы аз жазылып жүрген жоқ. Көркем әдебиетті қарасаң ақ халаттылар туралы өлең де, жыр да, эссе де жазылып, әнші өлеңімен киелі сахна төрінде шырқалып, ғылымда тереңірек зерттеліп келеді. Абзал жан десең осы бір мамандық иелері көз алдыңа келетіні жасырын емес. Өтпелі кезең кәсіп иелері туралы сыңар жақ пікір тудырғанымен, оларға деген құрмет, айтылар алғыс, мейірім халық тарапынан ешқашан толастаған емес.
      Осындай жауапкершілігі нардың жүгінен де ауыр, нәзіктігі қылдан да жіңішке, жұмсақтығы жібектен де өткен дәрігерлік салада қызмет етуді бастаған Лайла Рахатқызы ақ халатты әлемнің ішіне сүңгіп кетті. Таңдаған тамырлы саланың барлық ауыртпалығын көтеріп, қиыншылықтарынан өтіп баланың дүниеге келу сәтінде көмектесіп келе жатқан акушер-гинеколог одан арғы қызметінде 2005-2006 жылдары Жалағаш ауданы, Қаракеткен ауылдық ауруханасының акушер-гинеколог дәрігері болып ауысты. 
      Расында дәрігер болу үлкен мәртебе. Мамандық таңдау үшін адам ең алдымен бірінші өзін, екінші өзінің бейімі мен өмірдегі қажет болар орнын таба білуі керек. Демек ол қоғамға пайдалы, маңызды үлес қоса алатынын сезіне білуі тиіс. Нәтижесінде өз ісіне сенімді, мамандығын дұрыс таңдаған адам ғана әрқашан жетістікке жете алады. Адам өз еңбегінен қуаныш тауып, қанағаттанарлық болса, бойына күш бітіп, шабыты артып, зор ықыласпен өз ісінің биігіне шыға алады. Медицинаның атасы Гиппократтың: «Дәрігер арыстандай айбатты, қыздай икемді, анадай мейірімді болуы керек» деген ұлағатты нақыл сөзінде үлкен мағына жатыр.
      Лайла Рахатқызы 2006 жылдың 26 маусымынан «Жалағаш аудандық аурухана» ШЖҚ КМК-да перзентхана және гинекология бөлімшесінің акушер-гинеколог дәрігері әрі меңгеруші қызметін осы кезге дейін абыроймен атқарып келеді. Қандай ортаға барса да еркін араласып кете беретін ашықтығы, еркіндігі, үлкенді сыйлай біліп, сөздерін тыңдай білуі, кішіге де көрсетер ізеттілігі, жұмыс барысында өзін кәсіби меңгеруші ретінде ұстай білуі, ұжыммен етене жұмыс жасап, талапқа сай олардан жұмысын талап ету, ұзақ жыл меңгерушілік қызмет атқарған оның ұжымдастары ортасында беделін өсіріп, абыройын асқақтата түсті. Болмай қалады деп мойыған жоқ, жұмыс барысында кездескен қиындықтарды табандылық таныта отырып жеңіп шығып, өзі де, қарамағындағы қызметкерлердің де білімін жоғарылатып, жаңарған қоғамда заманауи әдістер мен тәсілдерді жаңа технологияларды қолдану мақсатында көптеген жұмыстар жүргізді.
      Елибаева Лайла жұмыс атқарған уақытында өзін тек жақсы жақтарымен көрсете біледі, өзіне жұмысын тиянақты, ұқыпты, әдепті, жауапкершілігі мол, кішіпейіл, ұжым арасында беделді, сыйлы. COVID-19 коронавирусты инфекциясын жұқтырған жүкті әйелдерге Елибаева Лайла білікті маман ретінде коронавирустық инфекцияны емдеуде алдыңғы шектегі өз саласы бойынша медициналық қызмет көрсетіп және санитарлық-эпидемияға қарсы жұмыстарын атқарған ақ халатты абзал жанның бірі.
      Мықты дәрігер болу үшін адалдық, шыдамдылық, шынайылық, зор білім мен тынымсыз ізденушілік, мейірімділік пен сабырлылық, үлкен жауапкершілік, өз ісін бар жан-тәнімен сүйе білуі қажет. Онымен қоса, басқаларға тазалық пен кіршіксіздіктің үлгісі, жақсы мен жаманның айырмасын көрсетуші, адами қасиеттердің жинақты келбеті болуы керек-ақ. Гиппократтың: «дәрігердің жүзі жылы, ұқыпты, киімі таза, қолдары жұмсақ, жағымды» болуы керек деген сипаттамаларының өзі дәлел бола алады. Лайла Рахатқызының бойында осы қасиеттердің барлығы тоғысқан. Осындай тынымсыз әрі тиянақты еңбекқорлығының арқасында ол өзіне сеніп тапсырылған қызметке үлкен жауапкершілікпен қарап, антына адалдық таныта білген хирург бүгінгі таңда осы лауазымды қызметін абыроймен атқарып келеді.
      - «Дүниеге сәби келетін қиыны мен қуанышы бірге жүретін шақта, жаны тебіреніп, толғатып жатқан болашақ ананың қасынан табылып, баласын қолына алып, бауырына қысып, маңдайынан иіскеген сәтін көріп, сол қуанышты бөлісетін алғашқы жанның бірі болу мен үшін – үлкен бақыт. Еңбек жолында түрлі белестерді бағындырып, соқпақтардан өттім, тек маман ретінде ғана өсіп қоймай, ыстық қайрат, нұрлы ақыл мен жылы жүрек иесі болуды үйрендім», - дейді адал еңбегінің арқасында түрлі марапаттарға ие болған жоғары санатты акушер-гинеколог. Көптеген қоғамдық жұмыстарға белсене араласатын, әдіскер-ұйымдастырушылық қабілеті мол, бірнеше жылдар бойы мекеменің кәсіподақ төрайымы болып жұмыс атқарған кейіпкеріміз «Кәсіподақ ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Сондай-ақ, көптеген жылдары атқарған еңбегі үшін облыс, аудан әкімдігінің, облыстық денсаулық сақтау басқармасының Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарының иесі атанды. 
      Тек қызмет барысында ғана емес, отбасында да ибалы келін, асыл жар, аяулы ана атанған Лайла Рахатқызы жолдасымен 2 қыз, 3 ұл тәрбиелеп отырған бақытты ана. Үлкен қызы Сапа Лаура өзі тәмамдаған М.Оспанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік медицина академиясының «Емдеу ісі» факультетін бітіріп, осы мамандық бойынша резидентура оқуда. Екінші қызы Сапа Назым Л.Н.Гумилев атындағы Евразия университетінің биология факультетінде 3-курс студенті болса, ұлдары Әбілмансұр, Мәди, Шоқан мектепте үздік оқушылар қатарында. Айша мен Ақмейір атты қылығы балдан да тәтті екі немеренің әжесі. 
      Жаратушы жаратыпты пендесін,
      Ақыл берген Алласына сенгесін.
      Неше түрлі кедергілер кездесер,
      Бұл дүниеге пенде болып келгесін.

      Кедергіні қаламайтын жалғанда,
      Бір қыз көрдік қолын созған арманға.
      Талайлардың жүректерін жібіткен
      Қиналғандар көмек сұрап барғанда.

      Білім алды, берген антын ақтады.
      Көз ілінбей атты талай ақ таңы
      Аналар мен балалардың өмірін
      Аузын ашқан сұм ажалдан сақтады.

      Шыбын жаны көрінгендер көзіне,
      Сеніп жатты дәрігердің сөзіне.
      Ессіз жатқан аналардың сәбиін
      Ес жиғанда сыйлап жүрді өзіне.

      Халқы үшін Ләйла талай терледі.
      Қайтып жатыр елге істеген еңбегі.
      «Көп түкірсе көл болады» деген бар
      Алғыс болды күндіз-түні тергені.

      Сырлары көп сыр сандығын ашпайды.
      Назы болса көрінгенге шашпайды.
      Сыйласқанмен сыйласады әрдайым
      Адалдықтың ақ жолынан қашпайды.

      Бұл қыз сондай, бәйтерек қой саялы
      Ұл-қызына алақаны аялы.
      «Алғыспенен ел көгерер» деген бар
      Бақытының бола берсін баяны!
- деп әкесі Бағдат Жүсіпов жыр шумағын арнағандай, дәрігер – тек мамандық иесі ғана емес, ол мейірімділік пен махаббаттың, сенімділік пен салауаттылықтың иесі. Үйіріп соғатын құйындай уақыт желі, ғұмырлығын жоймайтын, күн өткен сайын биіктей беретін осы бір мамандықтың қадірін арттырды десек қателеспейміз. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Лайла Рахатқызы да саналы ғұмырын денсаулық сақтау саласына арнап, сәбидің алғашқы үні мен ананың бақытына куә болған, гинеколог-акушер ретінде қызмет етіп келе жатқан ақ халатты абзал жан!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
11 августа 2023 11:08
Азиза

Алтын қолды дәрігер, нағыз өз ісінің маманы, жұмысын махаббатпен жасайтын абзал жан. 
11 августа 2023 09:14
Алма

Молодец жарайсыз 
11 августа 2023 08:36
Бекболат

Елибаева Лайла Рахатқызына дауыс беремин
Елибаева Лайла Рахатқызына дауыс беремин
11 августа 2023 08:23
Ұлжан

Өз ісінің маманы Лайла Рпхатқызына құрметім шексіз💥💥💥

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...