Талантты жас, қабілетті дәрігер
Талпына білгенге таудың да биік болмайтыны секілді, алдына мақсат қойып, армандарыма жетемін деп, аянбай еңбектеніп, ізденіп жүрген жас аңсағанына жетеді. Бұл – уақыт желі өшіре алмайтын, қағаз бетінен жыртып тастай алмайтын, тасқа жазылған өмір заңдылығы. Қарыштап дамыған бүгінде, ғылым көшінен қалмау үшін әр мемлекет, әр ұлт өз ұрпақтарын үздіктердің үздігі болуға, ғылыми жаңа технологияларды меңгеруге баулып, әлемге танымал болу үшін бар күшін салып келеді. Бұл жағынан келгенде, қажыр-қайраттың, сабырлықтың сауытын киіп, біліммен құрсанған қазақ елінің жастары кейін қалған емес. Қайта қайнаудан шыныққан болаттай, шыңдалған үстіне шыңдала түсіп, ата тұлпарының тұяғы тимеген жерлерге барып, қазақ елін әлемге паш етіп, көк туымызды жиі желбіретіп келеді.
Міне, осындай алдына мақсат қойып, соған жету жолында аянбай еңбектенетін, өзі таңдаған сала бойынша дәрігерлік қалыпта тұрып қалмай, қолда барды іске асыра отырып ізденіп, оқып, медицина саласы мен табиғи өнімдерді байланыстырып, көңілі күпті талай отбасының перзент сүйген сәтіне, қуанышына себепкер болып келе жатқан жақсы дәрігерлеріміздің бірі, акушер-гинеколог, эндокринолог Қошанова Балнұр Сейтжаппарқызы. Жас болса да талай игі істерге бастамашы болып, қоғамда кеселге айналып келе жатқан бедеуліктің азайып, оның жолының алдын алу шараларын жүргізуде кеңес беріп келе жатқан Балнұр Сейтжаппарқызы 1993 жылдың 3 маусымында Түркістан облысы, Қазығұрт ауданы, Қазығұрт ауылында дүниеге келді. Әрдайым бастамасына қолдау білдіріп отыратын әкесі Сейтжаппар «Сызу» пәнінен ұстаздық еткен педагог болып қызмет атқарса, «Айналайыны» отты да ерітіп жіберетін мейірімі нұрдан жаратылған анасы үй шаруасында болып, ерінің ақ жағалы болуы үшін қам жасап, бір үйдің ғана емес бір әулетің ізін жалғап шамын жаққан көрегенді жан болған.
![]()
Дүние есігін ашқан әрбір пенде туған жеріне арқаланып мақтанып, кіндік қаны тамған жердің топырағына еркін аунай алады. Талай ақынның отты жырлары мен талай жазушының көркем әдебиетінде, әншінің әнінде қалықтаған киелі мекенде бақытты балалығын өткізіп, осы өңірде мектеп табалдырығын аттады. Болар бала жасынан ерекше болатыны секілді, мектеп қабырғасында жүріп те, өзінің ізденімпаздығымен, алғырлығымен, бір істі бастауға ұмтылып тұратындығымен ұстаздарының алғысын алған бала Балнұр сыныптың, мектептің қоғамдық өміріне белсене араласып, білім кемесіне қайығын сенімді сала білген дарынды жас болды. Өмірге, қызметке тек бір жағынан қарап қана қоймай, оны түрлендіре түсіп, қоғамға пайдалы тұстарын көруге талпынып тұратын Балнұр оқушылық бұлағының көзін ашқан мектепті қызыл дипломға тәмамдаған соң, Ұлттық бірыңғай тестті тапсырып, 2011 жылы Қарағанды қаласындағы «Қарағанды мемлекеттік медицина академиясына» оқуға түседі.
Студенттік өмір қиындықтары мен қызығы мол қайта оралмайтын, өткендердің артынан сағынышқа толы сары орамалын бұлғатып тұратын ең қызықты сәттер емес пе, медицина саласын таңдаған Балнұр да әр талапкердің басынан өткеретін сәттерден аттап кете алмады. Бірақ, өзгелерден айырмашылығы тек қызықты сәттерді қуып кетпей, өзі таңдаған мамандық саласы бойынша ізденіп, оқып, уақытының көбін кітапханаларда өткізіп, білікті де білімді маман болып шығу жолында өзін аямай, оқыды. Балнұр болашақ дәрігер. Дәрігер алдына келген емделушінің психологиялық көңіл-күйі мен жанына батып келген жерін біліп, жібектен де жұмсақ сөздер айтып, қуат беріп, ауруынан айықтыру жолында жұмыс жасайтын маман. Осы бір қылдан да нәзік медицина саласының жүгі ауыр екенін алғашқы жылдардан-ақ сезіне білген Балнұр Сейтжаппарқызы осы медициналық білім ордасында 5 жыл Жалпы медицина, екі жыл тереңірек мамандандырылған акушер-гинекология саласында білім алып шықты.
Аталмыш оқу орнын ойдағыдай аяқтаған жас маман білімін одан сайын жетілдіру мақсатында 2017-2018 жылдары Оңтүстік медицина академиясында білімін жалғастырды. Тәжірибелі ортада білім алған Балнұр 2016-2018 жылдары №1 облыстық перинаталдық орталығында жұмыс атқарды. Алғашқы кездері аға мамандардың ақыл-кеңесін тыңдай жүріп, мол тәжірибе жинақтады. Өзі де саласының мықты маманы болып, аз уақытта жақсы көрсеткіштерімен көріне бастады. Өзінің саласына деген сүйіспеншілігінің арқасында талай емделушілерінің ыстық ықыласына бөленіп, алғыстарын алды.
![]()
«Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» дегендей әр мамандықтың өз ерекшеліктерімен қатар, ғылым саласына байланысты тереңірек еніп, түбіне бойлап, зерттеп, емделушілер мен халыққа тиімділігін арттыру мақсатында жұмыс жасайтын мамандары болады. Дәрігер болу бір басқа да, ғылым саласына мойын бұру, дәрігердің жауапкершілігін арттыратын ғылым саласы – үлкен сала. Кейіпкеріміз Балнұр Сейтжаппарқызы да қызмет ете жүріп ізденіп, медициналық препараттар мен табиғат өнімдерін байланыстыра отырып, әйелдердің денсаулығын жақсарту, бедеулікті азайту мақсатында дәрі ойлап табу мақсатында жұмыстан бос уақыттарында көп еңбектенді. Адам ағзасымен бітісіп, байланысып кете қоятын, зерттелген, патенттелген дәрілік препараттармен бірге қолдана алатын табиғи ем шараларын жүргізу ісі бірден нәтижесін бермесе де, күннен-күнге ілгерілеу байқалып келе жатты. Ол үшін білім, тәжірибе керек. Қызметте жүрсе де өзін-өзін дамытуды үзбеген Балнұр Сейтжаппарқызы біліктілікті арттыру курстарына барып қатысты.
Одан кейінгі қызметін 2018-2020 жылдары Шымкент қалалық №6 емханада жалғастырған Балнұр Сейтжаппарқызы жалғыз гинекология мамандығымен шектеліп қалмай, өзін дамыту үшін 2019 жылы Алматы облысы «Халықаралық мамандықты дамыту» орталығында функционалды диагностика және гинеколог УЗИ сертификатын да оқып алды. Жаңа заман білім мен біліктінің қолында. Оның үстіне жыл санап емес, күн санап дамып келе жатқан ғылым медицина саласына да әсер етіп, жаңа өзгерістер енгізіліп отырды. Сондықтан, халықпен жұмыс жасап келе жатқан дәрігерлер де біліктілігін арттырып, тек таңдаған мамандық қана бойынша емес, салаға қатысты барлық нәрседен хабардар болып отыруы тиіс. Өзін үнемі жоғарыдан көруді аңсайтын Балнұр Сейтжаппарқызы үшін бұл үлкен мүмкіндіктердің бастамасы еді. Осылайша, білімі мен тәжірибесін дамыту үшін «Алғашқы көмек көрсету» тактикасын оқып алған кейіпкеріміз облыстық НУКЦ «ONTUSTIK» М.К.Кулиманованың марапатына ие болды.
Еңбек – қолы қимылдағанның несібесін молайтып, ісіне береке кіргізетін ең үлкен қабілеттердің бірі. Жас маман, қоғаммен де байланысы бар, әлеуметтік желілерді қолдана отырып, танымын кеңейткен Балнұр Сейтжаппарқызы 2020 жылы облыс әкімінен Шымкент қаласының «Ең үздік жас гинеколог» марапатын иеленді. 2021 жылы People Awards Top Expert премиясы бойынша «Жыл Гинеколог-эндокринологы» номинациясын алды. 2021 жылы «Актуальные вопросы женского здоровья» атты мастер-класстан өткендігі жөніндегі Сертификат иеленді. Әр мемлекеттің басты байлығы адам емес пе? Тәжірибелі маман жергілікті аналар мен нәрестелердің денсаулығына байланысты мәселелерге көңіл бөліп отырады. Өңірдегі қыз-келіншектер бала өмірге әкелгенде жас арақашықтығына көп көңіл бөлмей жатады. Яғни, ананың ағзасы толықтай қалыптасып үлгермей жатып, екінші баласын көтеріп қоятын жағдайлар жиі кездеседі. Оның өзі баланың денсаулығына әсер етері сөзсіз. Өмірге бала әкелетін жастағы аналардың көпшілігі қан аздығына шалдығатыны рас. Аналардың денсаулығының нашарлығынан ағзалары жан-жақты жетілмеген, аурушаң, әлсіз сәбилер дүниеге келетіні жасырын емес. Сондықтан да Балнұр Сейтжаппарқызы жоғарыдағы айтып өткен сырқаты бар әйелдерді жүктілікке қалай дайындау керектігін үйретіп, тәжірибелі дәрігер ретінде кеңесін айтады. Иә, ана мен бала денсаулығы медицина саласының ең өзекті әрі көкейтесті мәселесі екені анық. Ұлт байлығы десе де артық емес. Халқымыздың баянды болашағы, еліміздің ертеңгі жарқын күні бұл ана мен бала денсаулығының қандай болмағына тікелей байланысты.
Әрбір емханада денсаулығы нашар, босануға болмайтын әйелдердің тізімі болады. Бұл тізім әр тоқсан сайын жаңартылып отырады. Жүкті әйелдердің жағдайларына талдау жасалынып, босанғанға дейінгі кезеңде генетикалық ауруларға және туа біткен даму ақауларына да тескеру жүргізіледі. Ал, бұл өз кезегінде өлім-жітімнің алдын алуға және дер кезінде шешім қабылдауға зор мүмкіндік береді. Міне, осындай игі істермен өзінің өмірін байланыстырған Балнұр Сейтжаппарқызы қандай марапатқа да лайықты дәрігер болды.
Балнұрдың өміріне пандемия өзгеріс әкелді. Білім алудан, өзінің біліктілігін арттырудан жалықпайтын ол Covid-ке байланысты онлайн түрде эндокринолог мамандығын да оқып алды. Карантин кезінде жүкті болса да тыным жатпай, халық үшін онлайн түрде Халықаралық «Ана мен бала» орталығында Әлиева Тамара ханымнан білімін одан әрі шыңдады. Карантин кезінде жүкті әйелдерді жұмыстан шектеген болатын, солардың қатарында Балнұр Сейтжаппарқызы да бар еді. Сол карантин уақытында ешкімге оңай болмады, жүкті әйелдерге көмегім тисін деген мақсатта ол онлайн түрде инстаграм арқылы қызмет жасады. Жүкті қыз-келіншектерге тегін түрде ақпарат беріп, көмектесті. Онлайн түрде қызмет жасап жүрген сәтте көптеген әйелдерді бедеуліктен құтқаруға себепші болды. Кемінде 7-18 жыл бойына бала көтере алмаған нәзік жандылар ана атанып, Балнұр Сейтжаппарқызына шексіз алғыстарын жаудырды. Бұл оның өмір жолындағы үлкен жетістігі болатын. Сондай-ақ, білімге құштар жан 2021 жылы «Plasmoliftcng» технологиясын оқып, диплом алды. Жүкті әйелдер ерте босанып қоймас үшін және баласын тастап қоймас үшін «Пессарий» технологиясында оқыған болатын.
- «Одан соң инстаграм арқылы ем алу жөнінде әйелдерге ақыл-кеңес беріп жүрдім. Емханада жүргенде мені қызықтырған бір нәрсе «тез әсер ететін, қандай дәріні қандайға қосса тез ем береді» екендігін біліп, тәжірибеден өткізу еді. Әйел затында болатын «крауроз вульвы» деген синдром бар болды, әйелдер үшін ең жаман синдром. Соған ем ретінде бірінші рет мазь ойлап таптым. Ол жақпа майды үш күн пайдаланса жеткілікті, үш күнде басылады және ары қарай диеталарын сақтап жүру керек болады.
Одан әрі қарай өз мамандығымды дамыту үшін эндокринологияны оқыдым, плазма, тағы басқа мамандығыма қатысты салаларды оқыдым. Өйткені, дәрігер жан-жақты болуы керек. Ал, бедеулік бойынша, бірінші әйелдерге гармонды ішуді тоқтаттым. Көп әйелге осылай көмектестім, қазір көбісі ішпейді. Ішуге болмайтынын біледі олар. Гармонды не үшін ішуге болмайтындығы туралы оларға арналған арнайы тегін чат бар. Сол жерден толыққанды мәліметтерді алып отырады.
Әрине, Жаратқанның бұйрығынсыз талдан жапырақ та құламайтыны секілді, перзентті беретін де бірінші Алла. Түрлі адам, түрлі физиология, бір перзент сүю үшін жар құлағы жастыққа тимей қам жасап, дәрігерлерге көрініп, ондаған жылдар өтсе де үмітін үзбей жүрген ата-аналар баршылық. Алла тағала оларға мені себепкер етіп қойды. Менің себепкер болуымнан, жүкті болған әйелдер саны бүгінгі таңда 20000-нан асады. Бедеулікпен барып, тіпті экога барып, эконың өзі сәтсіз болып келгендер менен ақыл-кеңес алып, жүкті болып жатыр. Тіпті, Шымкент қалалық экоцентрде әйелдер көтермесе, бізге жібереді.
Сонымен қатар ер адамдардың бедеулігін емдеу жолында «Өміршөп» арқылы емдеумен, урологпен біріге отырып дәрі таптық. 16 түрлі шөп қайнатылады. Еркектің бедеулігіне байланысты бірнеше ем дәрілер ойлап таптым. Массаждарды оқып алдым. Урологияны өзім үшін оқыдым. Ер адамдарға кеңес жүргізбеймін, тек результаттарына қарап, әйелдерімен сөйлесу арқылы ем беремін. Осылайша бедеулікті жеңіп жүрміз. Онлайн да, офлайн да консультация бар. 1 күнде кеңес алуға 25-30 адам қабылдаймын. Олар алдын ала жазылады. Өкінішке орай жазылу 1 ай алдын ала жүріп отырады. Өйткені, адам саны көп. Ем тактикасы менде негізінен фито ем. Шөптермен емдеймін. Арасында, антибиотиктер мен гармондар қолданамыз, бірақ, өте аз мөлшерде. Бізде ең көбі көтергені 18 жыл болса, ең кемі 1 жылға дейін бедеулік берілмейді. Жиі кездесетіні 5-6-7 жылдан кейінгі жүктіліктер. Қазіргі оқып жүргенім, коагуляция күйдіру және труба проходимость арқылы тексеру әдісін дамыту және косметологияны қосқым келіп жүр. Әрине, косметология әйелдер органына арналған. Өйткені, көп әйелдер сексология жағынан білімі төмен. Осыған арналған менің арнайы авторлық марафоным бар. Ол «Имбилдинг» және «Сексологиядан білім және рухани даму» деп аталады. Бұл жерде сексология жағынан білім беріледі», - деп атқаратын қызметі туралы айтып өткен Балнұр Сейтжаппарқызының бүгінгі таңда қызмет көрсететін ауқымы кеңейген. Оны инстаграм желілері арқылы, ол кісіге айтылған алғыстары мен пікірлерден көруге болады.
Халыққа көрсетіп келе жатқан қызметінің арқасында кіл үздіктер мен сала саңлақтары топтастырылған «Қазақстан Республикасының Алтын кітабына» шығып, бедел биігіне, мамандық төріне көтеріле білді. Одан кейінгі 2021 жылы «People Awards» гинеколог-эндокринология бойынша лаурет атанған кейіпкеріміз еңбекте табысқа жетумен қатар отбасында да бақыт бесігінде тербеліп, жолдасы екеуі 1 ұл, 1 қыз тәрбиелеп отырған бақытты ата-ана.
Қазақта қабілеті мен талантын көріп, мойындағаны жөнінде: «Қой асығы демеңдер, қолыңа алса сақа ғой, жасы кіші демеңдер, Ақылы асса ағай ғой» деген сөз бар. Жас болса медицина мен табиғи емдік шөптерді ұштастыра отырып, талай әулеттің сөнгелі тұрған шырағының жануына, алаулауына сеп болған, көп адам аяқ салуға жүрексінетін бедеулік саласында зерттеулер жүргізіп, емдік шөптер мен дәрілерді табу жолында уақытпен санаспай еңбектеніп келе жатқан Балнұр Сейтжаппарқызына біз тек табыс, сәттілік тілеп, бастаған істерінен озық, әрі ел мүддесі үшін қызмет ететін нәтижелер күтеміз!