Сәбиге өмір сыйлаған дәрігер
Медицина – адамзатқа саялы үлкен бәйтерек дейтін болсақ, гинекология сол бір бәйтеректің тамырын тереңге жіберген бір саласы. Тылсымы көп тіршілікте түрлі мамандықтар бар болса да, жыл өткен сайын жаңарып, дамып, болмысы биіктеп келе жатқан іргелі де маңызды мамандықтардың бірі осы медицина саласына тиесілі. Өйткені, дәрігерлер қауымы, Алладан кейінгі адам жанының арашашысы болып, жеке басынан қызметіне деген адалдық анты мен халыққа деген еңбегін жоғары қоятын еңбек адамдары. Осы бір дәрігерлер туралы аз айтылып жүрген жоқ. Көркем әдебиетті қарасаң ақ халаттылар туралы өлең де, жыр да, эссе де жазылып, әнші өлеңімен киелі сахна төрінде шырқалып, ғылымда тереңірек зерттеліп келеді. Абзал жан десең осы бір мамандық иелері көз алдыңа келетіні жасырын емес. Өтпелі кезең кәсіп иелері туралы сыңаржақ пікір тудырғанымен, оларға деген құрмет, айтылар алғыс, мейірім халық тарапынан ешқашан толастаған емес. Оған дәлел, жаһанды жайлаған пандемия кезінде де уақытпен санаспай еңбек етіп, өліммен алысқан жандардың өкпесіне дем берген жанқиярлық еңбегі еді. Медицина үлкен бір сала болғанымен, қызмет етіп жүрген ақ халаттыларға деген құрмет ешқашан төмендеген емес. Оларды, салаларына байланысты бөліп жаруға да болмайды. Өйткені, олар біздің денсаулығымыз, қоғамның есендігі, дені сау ұрпақ жолында қызмет етіп келе жатқан білікті мамандар мен жас ерекшеліктеріне қарамай әрқайсысы жеке өмірінде бір-бір тұлғалар.
![]()
Біздің бүгінгі кейіпкеріміз жас болса да талай күрделі оталарды жасап, дүниеге дені сау ұрпақтың келуіне сеп болған, өзінің біліктілігімен, білімділігімен, кәсіби дәрігерлігімен көптің алғысын алып жүрген Имашова Мейрамгүл Үсенқызы болмақ. Таңдаған тамырлы саланың барлық ауыртпалығын көтеріп, қиыншылықтарынан өтіп баланың дүниеге келу сәтінде көмектесіп келе жатқан акушер-гинеколог Мейрамгүл Үсенқызы 1987 жылдың 9 мамырында Маңғыстау облысы, Шетпе кентінде дүниеге келді. Жарық дүниенің шуағын сезіндіріп, бастаған ісінің қолдаушысы бола білген әкесі Имашов Үсен – темір жол саласында еңбек етіп, даналығымен, парасаттылығымен, өнегелі өмірімен ағайын арасына сыйлы бола білген Құрметті теміржолшы. Ал жүрегіндегі мейірімі жүзінен нұр болып төгілген анасы – Қарабалаева Сара текті әулеттің түтінін түзу ұшырып, азаматының ақ жағалы болуы үшін қам жасап, алтын асықтай перзенттерінің адам болып қалыптасу жолында уақыты мен еңбегін аямай келе жатқан ғазиз ана. Мейрамгүлді үнемі қолдап, көмектесіп жүретін бауырлары яғни, әпкесі Ырыс, ағасы Сағынжан.
- «Мектепке барғаным бір қызық оқиға болды. Жасым алтыда, көрші үйдің балаларын ата-аналары мектепке берейін деп жатқанын естіп, үйге анама келіп: «Мен мектепке барамын» дедім. Бірақ анам сен әлі кішкентайсың деп қарсы болды. Содан мен жылап, барамын деп қояр да қоймай, анамды көндірдім. Бұл оқиғаның қызығы, мен анамды көндірем деп жүргенде есімнен шығып кетіпті, анам шашымды ер бала тәрізді тақырлатып алып тастаған еді. Енді мектепке бару үшін суретке түсу керек болды. Сөйтіп, анам бантикті гүл сияқты байлап, басымның төбе жағына шошайтып қойып фотоға әрең түсіртті. Сол кездегі менің ренжіген және шашымнан ұялған сәтім әлі есімде. Бірақ, мектепке бару мен білімге деген құштарлық бәрін жеңді», - деп қайта оралмас бақытты балалық шақтың сағымға айналған бір сәтін сыр етіп тартқан Мейрамгүл Үсенқызы 1993 жылы мектеп табалдырығын аттады. Тоқырау жылдары елдің еңсесін түсіргені баршамызға белгілі емес пе, арнайы оқулық жетіспесе де ұстаздан естігендерді, құлағына құйып көшіріп жазып, аяғын сылтық басқан білім саласының алға жылжуын баулыған кезі еді. Бірақ, шыңға бет алған қыранға қарлы шың кедергі болып па, жасы толмаса да мектеп табалдырығын аттап, білімге, оқуға деген құштарлығы басым болған бала Мейрамгүл ұстаз тапсырмасын қалтқысыз орындай білді.
Үлкен жетістікке жеткен оқушының артында үлкен кісілердің махаббаты тұратыны секілді, ата-анасының арқасында адалдық пен адамдықты бойына сіңіріп, өнегелі тәрбиені көріп өсе білген ол жыл соңын тек мақтау қағаздарымен аяқтап, оқуда озат болумен қатар мектепішілік пән олимпиадалары мен қоғамдық іс-шараларына белсене қатысқан ашық та, ақ көңіл әрі ақ жарқын қыз.
![]()
Әкесі баласының бойына адалдықтың дәнін егіп, адами қасиеттерді сіңірсе, жүзінен аналық мейірімнің оты алаулап тұрған, ақыл-кеңес алған жас қатарластары алдында абыройлы, беделді, салмақтылығымен өзін сыйлата біледі. Ата-анасының берген тәлімі мен мектептің бойына сіңірген білімін ақтау үшін алдына сан мақсат қойып, соның негізінде ізденуден жалықпаған Мейрамгүлдің арманы 9-сыныпты бітірген жылдан бастап дәрігер-гинеколог болуды алдына мақсат етіп қойды. Биология пәнін тереңдетіп оқып, газет-журналдан гинекология саласындағы ақпараттарды іздеп, қиып алып, сақтап жүрген оқушы 2004 жылы мектепті үздіктер сапына бітірген соң алғашқы лек ретінде, білім саласына енгізілген реформалардың бірі болған ҰБТ (ұлттық бірыңғай тест) тапсырды. Нәтижесі де жаман емес, тест алғаш тапсырушы түлектердің ішіндегі ең жақсы балл жинағаны үшін Ақтау қаласының әкімінен «Алғыс хат» алды. Осылайша, 2004 жылы Ақтөбе қаласындағы Батыс Қазақстан Мемлекеттік Медицина Университетіне оқуға түсіп, Президенттің арнайы грантымен 7 жыл оқыды.
Студенттік жылдар тек қайта оралып келмейтін қызықты жылдар ғана емес, «Жастық шақ білім іздеу нақ дер шағың» деп ұлылар айтып кетпекші, білім іздеп, ойға тоқитын, жалын мен қайсарлыққа, қайрат пен құштарлығы ұмтылысқа толы шақ. Жанындағыларды үйіріп алып кететін еті тірі қыздың бастаған ісінен адалдық пен тиянақтылық сезіліп тұратын Мейрамгүл жоғарғы оқу орнында да өзінің алғырлық қабілетінен айнымады. Сала бойынша берілген тапсырмаларды толық орындаумен қатар, сынақтардан жоғары баллмен өтіп, 2010 жылы дәрігер мамандығы бойынша диплом алса, 2011 жылы интернатура аяқтап, Ақтау қаласы Облыстық Перинаталдық Орталығына дәрігер, акушер-гинеколог болып жұмысқа орналасты.
- «Осы кезден бастап қызықты да, қиын кезеңдер басталды. 500 мың-ға жуық кесір тілігі отасын жасадым. Ең алғашқы кесір тілігі отасы әлі есімде. Кез келген гинеколог жұмысқа тұрғанда кесір тілігі отасын тез жасап, үйренгісі келеді. Менде солай ота жасауды армандап, күтіп жүрдім. Сонымен көп ұзамай директор орынбасары Жапырақ Кеңесханқызы ота жасауды ұсынып, жоспарға жазды. Науқас таңдалды. Ол жәй науқас болған жоқ, қауіпті жұқпалы ауру бар науқас болды және іштегі баласы жамбаспен теріс келіп жатты. Қасыма ассистент ретінде Маңғыстаудың атақты гинеколог-дәрігері, марқұм Атанов Рзағали Мақамбайұлы таңдалды. Мен қатты қуандым. Сонымен ота басталды. Жүректе қорқыныш, уайым, қалай болар екен деген. Операциялық медбике қолыма скальпель берді бастаңыз деп. Сөйтіп, ішімнен бисмиллах деп отаны бастап, сәтті аяқтадық. Осылай акушер-гинеколог мамандығы бойынша жұмысым басталды», - деп медицина саласының қайнаған тіршілігіне еніп кеткен Мейрамгүл Үсенқызы өзінің білімі мен біліктілігінің, тәжірибесінің арқасында бүгінгі таңда көптің құрметіне бөленіп, шексіз алғысына ие болды.
![]()
Әр қимыл үшін жауап талап етілетін бүгінгі заманда, көптің ыстық ықыласына бөлену оңай іс емес. Науқастың жанына желеу болып, ем-домын жасайтын ақ халатты абзал жандарды «адам өмірінің сақшысы» дейді. Асылында дәрігер ажалдан қорықпайтын бірден-бір жан десек артық айтпаған болар едік. Қорықпағаны сондай ажалмен аяусыз күреседі, адамның қымбат жанын оған бермес үшін барын салады, адамға екінші өмір сыйлайды. Иә, түрлі жағдайды басынан кешіретін, бірде науқасын аяғынан тік тұрғызып жеңіп, бірде ажалмен арпалысып өз науқасынан айырылып қалып жеңіліс тауып жататын ақ халатты дәрігер болу оңай емес.
Дәрігер мамандығының қыр-сырын қанық біліп, анық сол жолды таңдау үшін үлкен жүрек керек. Ең бастысы, мамандықты шексіз сүюі керек. Дәрігерлік өмір жолында ылғи да тәжірибе жүзінде білімді тоқтаусыз шыңдаудан жалықпау керек. Әрдайым ізденісте жүруге дағдыланып, қиындықтармен күресе білу керек. Себебі, дәрігер дегеніміз – күрескер адам. Расында, дәрігер болу үшін жүректілік, шыдамдылық, білім мен біліктілік, аса сақтық, ұқыптылық, жауапкершілік, адалдық, шексіз мейірімділік, адамның тәнін ғана емес, жанын емдей алатын психолог та бола білуі керек.
![]()
Мейрамгүлдің тағы бір қасиеті адам жанын тез ұға алатындығы. Оның осындай қарым-қабілетінен болар ұжымдастары ортасында құрметке ие болған Мейрамгүл Үсенқызы бір орында тұрып, мың жасаған тамырлы теректей осы жұмыс орнында халыққа қалтқысыз қызмет етіп келеді. Жаңарған заманның көшіне ілесіп, күн санап дамып жатқан ғылымның жетегінен ұстап, медицина саласында болып жатқан өзгерістер мен заманауи жабдықтар қолдана білу үшін де тиімді әдіс пен біліктілік керек. Осыны түйсігімен сезінген кейіпкеріміз қызмет еткен жылдар ішінде сала бойынша білімін жетілдіруді тоқтатқан емес. 2015 жылы Ультрадыбыстық зерттеу мамандығын оқып, 2016 жылы Репродуктолог мамандығын меңгеріп, 2017 жылы Кольпоскопия аппараты бойынша білімімді жетілдірген акушер-гинеколог-дәрігер 2018 жылы өзінің жеке клиникасын ашты. Бұл клиникада қыз-келіншектерге гинекологиялық және диагностикалық көмек көрсетіледі. Физиотерапиялық ем жүргізіледі.
2020 жылы Физиотерапиялық курс тәмамдаған Мейрамгүл Үсенқызы қазіргі заман талабына сай инстаграм желісінде арнайы гинекология мен акушерияға арналған парақшасын жүргізіп келеді. Ол жерде барлық өңірдің қыз-келіншектеріне ақыл-кеңес айтып, керекті ақпаратпен бөлісіп отырады. 2020-2021 жылдары осы инстаграм парақшасы арқылы екі жүлде, яғни, «Үздік Дәрігер Ана», «ИнстаСтарс-Үздік Дәрігер» атағына ие болып, дипломмен марапатталды.
- «Оқудағы және еңбек жолымдағы ұстаздарым, профессор Үкібасова Талшын Мұқадесқызы, Атанов Рзағали Мақамбайұлы, Епенова Жапырақ Кеңесханқызы, Пасенова Наталия Николайқызы, Ломакина Ирина Георгиқызы. Мамандығыма деген махаббат пен одан алатын әсерді сөзбен жеткізе алмаймын. Осы мамандықты таңдағаныма бақыттымын», - деген Мейрамгүл Үсенқызы өмірлік жолдасы Айболат екеуі 4 перзент өсіріп, тәрбиелеп отырған бақытты ата-ана.
Бағалай білгендерге дәрігер тұғыры таймас биік тұлға. Жалпы, дәрігер болу адамға жарық сыйлау деген сөз іспетті. Сондықтан, тек ісімен ғана емес, жүрегімен емдей білетін, грек ғұламасы Гиппократтың «Ешкімге зиян тигізбеу» ұлағатты сөзін ұстаным еткен Мейрамгүл Үсенқызысында ақ халатты абзал жандар көп болса екен деп тілейміз!