Шарапаты мол азамат
Әдетте бір кісі жайлы сөз бастарда оның туып-өскен жерін, ата-анасын, жақындарын көбірек білуге тырысамыз. Онан соң оқу орнын, еңбек еткен жерлерін термелейміз. Мінез-құлқының жақсы жақтарын айтып, елге тигізген пайдасын да қалдырмаймыз. Ал өзінің отбасы жайында ең соңына қалдырамыз. Онда да бір-екі ауыз сөзбен қорытындылап жатамыз.
![]()
Бұл жолы сөзімізді кейіпкеріміздің отбасынан бастағанды жөн санап отырмыз. Атам қазақ өзінің ұрпағымен мақтанған ғой. Оның ішінде қыз баласы дүниеге келсе қуанып, бірден екі қой сойып, той қылған. Сондағысы қыз баланы жат жұрттық деп құрметтегені. Аз уақыт қонағым ғой деп төріне отырғызған. Қыз баласына еш уақытта қатты дауыс көтермеген. Себебі, қыз баласы нәзік жаратылыс. Қатты айтылған сөз оның көңілін көпке дейін жаралап жүруі мүмкін деп барынша жылы сөйлеп, бар жақсыны қызына арнаған. Алдымен бар жақсы қызыма, сонан соң ғана ұлыма деген қазақтың салтында қыз баласына деген сый-құрметі өте жоғары болған. Біз әңгіме еткелі отырған азамат Ғалым Қабылбекұлының мерейлі отбасында Алла берген төрт қызы өсіп келеді. Мерекелі де берекелі отбасының ажарын кіргізіп отырған жан жары да жүзі жарқын, әрдайым ерінің жағдайын бір ғана көзқарасынан танитын жан.
Ембергенов Ғалым Қабылбекұлы Қызылорда қаласы, Қазалы ауданы, Әйтеке би кентінде дүниеге келген. Асқар тау әкесі Ембергенов Қабылбек Исаұлы 1959 жылғы, Кіші жүздің ішіндегі Әлім, Қаракесек руынан. Теміржол саласының локомотив депосында бірнеше жыл слесарь қызметін атқарған жан қазіргі таңда зейнетте. Ал анасы – Малкаждарова Карима Малкаждарқызы 1963 жылы дүниеге келген, санитарлық-эпидемиологиялық станциясында бүгінгі күнге дейін лаборант болып қызмет атқаруда. Ардақты әкесі мен аяулы анасы екеуі отбасында екі ұл, екі қызды өсіріп, тәрбиелеген. Ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, барлығын аяқтандырған. Екі ұлдары мен екі қыздарынан 11 немере сүйіп отырған ата-әже.
Өнегелі отбасында дүниеге келіп, ата-анасының тәлімді тәрбиесін алып есейген Ғалым №216 Қ.Сәтбаев атындағы орта мектептен онжылдықты ойдағыдай тәмамдаған. Талапты жас 2001 жылы Ақтөбе мемлекеттік медицина академиясына оқуға түсті. Онда «Педиатрия» факультетінде оқып, 2007 жылы ойдағыдай жақсыға бітіріп шықты. Білімді жас 2009 жылы интернатурадан өтті. 2009 жылы Атырау облыстық балалар ауруханасына дәрігер болып жұмысқа қабылданды. Табанды әрі білімді маман өз саласының қыры мен сырын үйренуден жалыққан емес. Айта кетерлік бір жайт сол бір жылдары еліміздегі медициналық жоғары оқу орындарында балалар дәрігерін дайындайтын факультетті реформа жасап жауып тастағаны көптің есінде болар. Алайда, елімізге белгілі атақты дәрігер Камал Ормантаев ағамыздың талап етуімен жеті жылдан кейін педиатрия факультеті қайта ашылған еді. Сол жылдарда бүкіл қазақстандық балалар дәрігерсіз қалды. Алғашқы жылдары байқалмағанымен, кейін зардабы біліне бастады.
![]()
Рас, бүгінгі күні мемлекет халықтың денсаулығына зор мән беріп отыр. Әсіресе, балалардың денсаулығына. Өйткені, балалар еліміздің ертеңі, келешегі. Жарқын елдің болашағы саналатын сәбилердің, яғни, қоғамның басты байлығы адам өмірінің сақшысы бола білген дәрігердің ерен еңбегі, атқарған істері әрдайым лайықты бағаланып келеді. Өзіне қарасты балдырғандардың денсаулығына қатты мән беріп, тынымсыз еңбектеніп келеді. Бала жаны жұмбақ әлем ғой. Кішкентай сәбидің, естияр баланың саулығын білу үшін сезімталдық қасиет те керек. Ал, өмір үшін күреске толы мамандықты игеруге екінің бірі келмейтіні де сондықтан. Сырқатын айтуға тілі жоқ сәбидің ауруын табу үшін байқампаз, қырағылық аса қажет. Ол үшiн баланың тәнi мен жанын жақсы бiлуiң керек. Ал, Ғалым Қабылбекұлының бала дәрiгерi ретіндегі болмысы бөлек. Білікті дәрігер 2009-2010 жылдары Алматы қаласында балалар анестезиология және реаниматологиясы мамандығы бойынша қайта даярлықтан өтті. Содан 2021 жылға дейін Атырау облыстық балалар ауруханасында анестезиология реанимация бөлімінде қатардағы дәрігерден, бөлім меңгерушісіне дейін қызмет атқарды. Бүгінгі күні І категориялы балалар анестезиолог-реаниматолог маманы болып жұмыс жасайды. Сонымен қатар, 2013-2020 жылдары Атырау облысының штаттан тыс бас балалар анестезиолог-реаниматологы қызметін атқарды.
Маман ретінде алдыға келген кішкентай науқаспен жанына батқан ауруын ұмыттырып, жұбатып, тез тіл табыса кетеді. Кішкентайлардың ине салдырудан қорқатыны белгілі емес пе?! Сондықтан, бір сәт баламен бала болып ойын ойнап, көңілін аулай отырып, инені қалай салғанын да аңғартпайды. Бұл әрине, тәжірибелі дәрігердің әдісі деуге болады. Сондай-ақ, біліктілігі мен білімін де жұмыс барысында байқауға болады.
![]()
Білімін жетілдіру, тәжірибелер алмасу секілді оқуларды көбінесе Санкт-Петербург қаласында оқыды. Жеткен жетістіктері өз алдына бір бөлек әңгіме. Бастысы ол өз міндетін жоғары атқара білетіндігінде. Кез келген қандай да бір қиын жағдайларда, төтенше жағдайларда, оқыс оқиғалар салдарынан зардап шеккен, өміріне қауіп төніп тұрған нәрестелер мен балаларға өмірін сақтап қалуда, қолынан келгенше көмегін аянып қалмауға тырысады. Біліктілігін жетілдіруде алгоритм тәжірибесін меңгерді. Яғни, баланың тоқтаған жүрегін қайта жандандыру әдістері мен тәсілдерін үйренді. Реанимациялық, ИВЛ жағдайындағы шектен тыс ауыр хәлдегі нәрестелерді әуе көлігімен өзге қалаларға, мемлекеттерге тасымалдаудағы еңбегі зор.
- «Қазақстанда балалар денсаулығын сақтау ісі қашанда басты назарда тұратын маңызды істің бірі десек, жауапкершілігі үлкен зор біліктілікті талап ететін балалар медицинасы елімізде жақсы дамыған деуге негіз бар. Демография деп жатамыз, ал оның дұрыс болуы үшін халықтың өсуіне жағдай жасалуы керек. Жастарының дені сау болмаса, халық қайдан өседі? Сондықтан да балалар дәрігерлері білікті болуға тиіс. Ал балалар дәрігері аз елде жас ұрпақтың саулығы қауіп астында қалады. Мақсатымыз халыққа сапалы медициналық көмек көрсету. Бүгінде балалар дәрігерлерінің беделі үстем. Балаларға көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігі де артып отыр. Жұмысымыз балғын балақайлармен байланысты болса, тіпті, оңай болмасы анық. Кішкентайлардың ауырған жерін анықтау, дертіне шипа табу аса ұқыптылықты қажет етеді. Өзім балалар дәрігері ретінде бүлдіршіндерге барынша сүйіспеншілікпен қарауға тырысамын. Сәбилер – өте пәк, жұмбақ болады. Олардың тілін табу, бабын жасау әрине қиынның-қиыны. Әйтсе де, қиналғанын жүрегіңмен сезу, аурудың алдын алуға кеңес беру басты парызым», - дейді дәрігер Ғалым Ембергенов.
Міндетіне адал білікті дәрігердің еңбегіне зор табыстар тілейміз.