Құлболдиев Тоқтар

Рейтинг:

Еліне еңбегі сіңген еңселі азамат

      Әр кезеңнің, әр отбасының мақтан етер ұлы тұлғасы болады. Жалпы адамзат баласы өзінің арғы ата тегін ардақтап, оны келесі ұрпақтың жадына қалдыру үшін атын алтын әріптермен тарих бетіне қалдыруды көздейді. Бұл әрине, құптарлық іс. Біз әңгіме еткелі отырған арда азамат Тоқтар ақсақал елінен жыраққа кетпей, өзінің туған жерінің өсіп-өркендеуіне үлкен үлесін қосқан, көпке сыйлы, ақылымен жанындағы жиналғандарды тәрбиелей білген, парасат-пайымы келіскен, алысты болжай білетін нағыз елім деген азаматтың бірегейі болды. Оның назарында ауыл-елдің тыныс тіршілігі ғана емес, болашақ жастардың тәрбиесі тыс қалмаған. Енді ғана жан-жағын танып, өсіп келе жатқан жастарға өзінің өмірлік сабақтарын айтып, болашаққа бағыт-бағдар беріп, өзгенің баласына да өз баласындай жанашырлықпен қарап, қамқорлық таныта алды. Сондықтан да көпшілік ел оны күні бүгінге дейін құрметтеп, сыйлайды. Аузы дуалы ақсақал деп әспеттейді. Тіпті оның батасын алу үшін арнайылап шаңырағына алыстан сәлем бере келетіндер де бар. 
      Құлболдиев Тоқтар 1947 жылы 5 қарашада Коммунизм совхозы, Амангелді ауылдық советінде дүниеге келген. Қарапайым шаруа отбасында тәрбиеленіп ержеткен Тоқтар еңбекқор болды. Ер бала қашанда әкесінің жолын жалғастырушы деп жатады емес пе?! Ол өзінің әкесінен көрген шаруаны жадына тоқып есейді. Оның әкесі – Егізбаев Құлболды бірнеше жылдар бойы мал шаруашылығында еңбек еткен еліне сыйлы азамат болатын. Күннің райына қарамайтын, өзінің ісіне жауапкершілікпен қарайтын азамат нағыз ел үшін туған бірегей жан болатын. Ол 1898 жылы Жалағаш ауданы, Елтай елді мекенінде дүниеге келді. Ауылында қарапайым еңбек адамы болып, еңбектеніп, балаларына тәлімді тәрбие беріп, жақын-жуығына сыйлы болды. Барлық саналы ғұмырын адал еңбекке арнады. Ешкімнің ала жібін аттамады. Ешкімнің көңілін қалдырмайтын, жаны жайдары, қандай жағдай болмасын сабырмен қарай білетін, тәуекелшіл ер болды. Ол 1975 жылы дүниеден өтті. Ал Тоқтар Құлболдыұлының анасы – Егізбаева Қатша Жалағаш ауданы, Таң ауылында 1903 жылы дүниеге келді. Иманжүзді, ақылды, ағайынға жайлы жан болатын. Ерінің, балаларының жағдайын жасап, әрдайым барын дастарқанға қойып, қонақжайлылығымен көпке үлгі болған жан еді. Ол 1951 жылы дүниеден өтті. Тоқтар Құлболдыұлы екі ағайынды болды. Жалғыз қарындасы Тиышкүл 1950 жылы дүниеге келді. Аз ғана ғұмырында анасына тартқан ақылдылығымен, сұлулығымен көпті тәнті еткен жан еді. Білімге құштар болатын, өмірге ғашық еді. Ол 1968 жылы дүниеден өтті.
      Тоқтар Құлболдыұлының балалық шағы өзінің қатарластары секілді қиын-қыстау кезеңде өтті. Бала болып алаңсыз ойнаған күндері болды ма, болмады ма есінде жоқ. Алайда, бірсарынды ауыл өмірі, бірде бар, бірде жоқтық анық жадында сайрап тұратын. Сондағы жеген бір үзім нанның дәмі жайлы тоқшылық заманда қатарластарымен бірге басқосуда айтып отыратын. Қандай қиын заман болса да мойымаған, еңбектен бақытын тапқан азаматты өмір ерте есейткен еді. Ол 1954 жылы №34 Иіркөл орта мектебіне оқуға барып, оны 1965 жылы бітіріп шықты. Мектепте алғырлығымен, оқу-білімге деген ынтасымен, батылдығымен, шыншылдығымен басқаларға үнемі үлгі болып жүретін. Мектеп қабырғасымен қоштасқаннан кейін, сол жылы Қазалы ауылшаруашылық техникумына оқуға түсіп, оны 1968 жылы аяқтап, одан «Кіші мал дәрігері» мамандығын алып шықты. Жас маман қолынан дипломын алғаннан кейін 1968-1975 жылдар аралығында совхозда мал дәрігері болып жұмыс жасады. Өзінің білімділігінің арқасында уақытпен санаспай еңбектенді. Үлкен-кішіге құрметпен қарай білетін ол көптің тілін тауып, лайықты бағасын алды. Өзінің әріптестерінің арасында беделі жоғары болып, басшылық тарапынан мақтауға, алғысқа ие болды. Табанды еңбекқорлығының арқасында 1975-1977 жылдар аралығында ферма меңгерушісі болып қызметі көтерілді. Ал 1977-1979 жылдары бас зоотехник атанды. Білімді маман 1979-1985 жылдары ферма меңгерушісі болып абыройлы қызмет атқарды. Ауыл-елдің құрметті азаматы өзінің саласына сай болу мақсатында оқудан ешуақытта қол үзбеді. Ол 1979 жылы зоотехник-инженер мамандығын оқып алды. 1985 жылы совхозда бас зоотехник қызметін атқарып, елдің зор қошеметіне ие болды. Қанша қызметтің басында болса да ол өзін үнемі қарапайым ұстайтын. Жанындағылармен жақсы қарым-қатынас жасап, басқаның жағдайына түсіп, олардың жайын түсінуге тырысатын. Адам болған соң аласы мен құласы да кездесетіні рас қой. Кей ортаның өзіндік тентегі болады. Ондайда өмір көрген азамат тентегін тезге салып жататын. Күш қолданып, не балағаттап тіл тигізуден аулақ-тын. Жай ғана жанына тиетін бір-ақ ауыз сөз айтатын. Оны түсінетін «тентек» тез-ақ есін жиып, өзінің жақсы қырымен көріне бастайтын. Ешқашан ешкімді мезі қылмайтын. Артық ақыл айтып өзін көсемсітпейтін. Тек алдына ағалап келгеннің меселін қайтармай, барынша қамқор пейілін танытып, ақыл-кеңесін беретін. Үлкенге әрдайым құрметі шексіз болды. Өзі қанша жасқа келсе де, бір немесе бірнеше жас үлкендігі бар азаматтарды «аға» тұтып төрден орын босатып жататын. Жай ғана сөйлеп, мәдениетті жүріп тұратын, сондай сыпайы, парасатты азамат болды.
      Ол өмірінің соңына дейін Жалағаш аудандық ветеринарлық станциясында директорлық қызметті абыроймен атқарды. Мал шаруашылығын, ауыл экономикасын көтеруге зор үлесін қосты. Айта кетер болсақ, Жалағаш ауданы Коммунизм совхозынды қазіргі М.Шаменов ауылында бас зоотехник болып біраз жылдар бойы еңбек еткен уақытында ірі қара мал басының көбеюіне көп еңбектеніп, маңдай терін төкті. Атап айтқанда 2 мың бас сүт бағытындағы және ет бағытындағы сиыр, бұқа мал басы 5 жүз бас жылқы малы болған. Мал азығын дайындауда 7 жүз гектар жерге жоңышқа мен жүгері және мақсары шөптерін ектірген. Мал шаруашылығының дамуына, мал басының көбеюіне зор үлес қосып, ауылшаруашылығының маманы әрі ұйымдастырушы болған. Сүт өнімдерін дайындауда үлкен көрсеткішке қол жеткізді. Аудандағы малдарды емдеуде уақытпен санаспай, күні-түні жүріп ветеринария саласында білікті маман ретінде өзін көрсете білді. Сонымен қатар, Жалағаш ауданындағы ірі қара мал басын көбейту үшін Арал ауданынан ет бағытындағы және сүт бағытындағы мүйізді ірі қара мал әкеліп, ет бағытындағы малдарды семіртіп, Қызылорда қаласына шұжық яғни, колбасный цехқа Коммунизм совхозына атпен барып өткізіп отырған. Ол кезде мал тасымалдайтын көлік, транспорт тапшы болған. Сонымен қатар, жылқының жаңа түрін дамыту мақсатында Жамбыл облысы, Луговой ауданынан асыл тұқымды Луговой жылқыларын ауданға әкеліп, осы бағытта зор үлес қосқан.
      Ешқашан шаршадым демейтін. Қайта ұзақты күнгі жұмыс күнінен кейін отбасына оралып, бала-шағасының ортасына келіп бүгінгі күнін қалай өткізгенін, қандай ауқымды жұмыс атқарғанын әңгімелеп беретін. Ондағы мақсаты – балаларының бойына еңбекқорлықты, шыдамдылықты, имандылықты дарыту, насихаттау еді. Темірдей төзімді, аса сабырлы қалпынан ешуақытта тайған емес. Жұбайы – Баешова Сабира Бектібайқызы екеуі бес ұл мен екі қыз тәрбиелеп өсірді. Барлығына да жоғары білім алып беріп, әрқайсысын құтты орындарына қондырды. Бүгінде барлық баласы түрлі салада абыройлы қызмет атқарып отырған азаматтар мен азаматшалар.
      Еліне еңбегі сіңген еңселі азаматтың бұл ашылған бір ғана қыры еді. Өзінің емес, тұтастай елінің қамын жейтін осындай ерлердің есімі ел есінде мәңгі сақталып, келер ұрпаққа өнеге болса деген ниеттеміз.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...