Қарағұл Самал

Рейтинг:

Абзал жан

      Өмірге келген әрбір адамның өзіндік бағындырар белестері, ел үшін атқарар қызметі, тигізер пайдасы, таңдаған мамандығы мен өмірлік ұстанымдары болады. Осы бір қасиеттері арқылы жүздері бөлек болғанымен жүрегі бір соққан, түрлері бөлек болғанымен тілектері бір болған адамзат баласы өмірден өз орнын тауып, еңбегінің жемісін көреді. Әлемде бірнеше ардақты да құрметті мамандықтар болса, соның бірі – адам жанының арашашысы – ақ желеңді абзал жандар. Дәрігерді ұлықтау, құрметтеу – әр пенденің азаматтық борышы. Әр адам өз өмір жолында ақ желеңділермен кездесіп, олардың ыстық ықыласы мен алақандарын сезінеді. Бұндай жылулық медицина қызметкерлеріне ғана тән тәрізді. Медицинаның атасы Гиппократ: «Дәрігер арыстандай айбатты, қыздай икемді, анадай мейірімді болуы керек деген». Өйткені, медициналық салада жүріп, бірнеше жылын оқуға арнап, диплом алып, дәрігер атану оңай емес. «Адам жанына араша» болған мамандықты абыроймен алып жүру одан да қиын. Денсаулықты – бірінші байлық десек, жанымызды дерттен жазып, саулығымызды тілейтін сол медицина саласының қызметкерлері. Соның ішінде, мейірбике – науқастың саулығына, тез жазылып кетуіне дәрігермен бірдей жауапкершілікпен қарап, науқасқа бар жағдайын жасап, уақытылы ем-домды көрсететін денсаулық жанашыры. Міне, осындай қызығынан қиындығы басым мамандықты алып жүрген мейірбике, нәзіктік пен биязылықты талап ететін массаж емдеу тәсілі бойынша шәкірттер тәрбиелеп, халыққа қызмет көрсетіп келе жатқан – Қарағұл Самал Сайлаубайқызы. 
      Заманауи озық үлгідегі әдіс-тәсілдерді қолданып, массаж жасау шеберлігін дамытып қана қоймай, білгені мен түйгенін, тәжірибесінен туындаған тұжырымын өзінен кейінгілерге үйретіп келе жатқан жібек мінезді, биязы қолды Самал Сайлаубайқызы 1980 жылдың 28 наурызында Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы, Жарлы ауылында дүниеге келді. Жер ананың бусанып, жауқазын қар астынан бас көтеріп жатқан көктем мезгілінде кіндігі кесілген періште көңіл Самалдың әкесі ауылшаруашылығы саласында мал дәрігері болып қызмет атқарса, мейірім-махаббаты шексіз анасы ұстаз деген ұлы есімді еншілеген бастауыш сынып мұғалімі болып, ауылда абыройлы қызмет атқарған ардақты ұстаз. Көктемгі қарбаласта мал төлдеп, әкесі аяғынан тік тұрып қызмет етіп жүріп, өмірге келген сәбиіне төлқұжатты кешіктіріп алады. Осылайша, қызының туған күні құжат бойынша 3-сәуір болып жазылып кетеді.
      Береке тұнған шаңырағының бел арқанында биесі байланған жердің төрт түлік атты қазынасы ортаймайтын қазыналы алқаптың биялай ескен желіне балалық кекілін сүйдіріп өскен Самал ұлы армандарға жетелеп білім баспалдағын Байғанин ауданындағы №1 Қарауылкелді мектебінде аттады. «Қарты бар үй қазыналы» дегендей, ұлт болашағын тәрбиелеу көптеген жылдар еңбек етіп келе жатқан педагог анасының тәлімін көрген оқушы Самалдың білім алуға, оқып-білуге, еңбек етуге деген құштарлығы ерекше болды. Сабақ оқуда анасының үлесі мол болып, оның үстіне айтқан сөзді қағап алатын зерек Самалдың өзінің де оқуға деген ынтасы ерекше болып, сыныптағы алдыңғы қатарлы озат оқушылардың бірі болды. Сабаққа үнемі үлкен дайындықпен барып, мектеп бағдарламасын меңгеруде қабілеттілік танытқан жас, ата-анасының үмітін жерде қалдырып көрген емес. Қайта, мұғалімнің қызы ретінде білімімен, тәртібімен өзгелерге үлгі болып, ұстаздары сенім артқан, болашағынан үлкен үміт күттіретін дарынды шәкірттің бірі болды. 
      Түн қараңғылығын сейілткен ай нұрындай, ойын баласы кезінен жырақтап, мектеп табалдырығын аттаған сәтте жылы шырай танытып, қолына қалам ұстатқан ұстаз бейнесі, жұмыр жүректі әр пенденің жүрегінде мәңгілік қалатыны анық. Қасиетті Байғанин жерінде, қазақтың небір дүлдүлдері мен суырып салма ақын-жырауларының өлкесінде өскен Самал жастайынан өлең-жырға сусындап, қатарының алды болып бойжетеді. Өлеңге деген құрметі, қызығушылығы басым болып, болашақта қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі боламын деп армандайды. Самал Сайлаубайқызының да ұстазға деген құрметі, шексіз махаббатының әсерімен, мектеп бітірген соң ұстаз болуды таңдады. Бірақ, қызының бойынан басқа бір ерекшелік пен қабілеттілікті таныған ана жүрегі перзентіне медицина саласына баруға кеңес берді. Таңдайынан құлыншағының амандығы мен тілеуі түспеген ана пейілдің шексіз мейірімінде, мәңгілік бала бейне болып қалатын ана жүректің махаббатында шек бар ма?! Еркелікке салынып, ұстаздыққа бой ұрамын деген перзентін, болашағы кемел, қабілеті бейім саласына бағыт бергені үшін Самал әлі күнге мың да бір алғысын жаудырады. 
      1997 жылы орта мектепті үздіктер сапынды бітірген Самал Сайлаубайқызы ана сөзін құп алып, Ақтөбе қаласындағы медициналық колледжге оқуға түседі. Алланың аманатқа берген тәні ауырып, жаны қысылып келген жандарға көмек көрсетіп, үмітін ояту – ақ халатты абзал жандардың басты міндеті. Әуелі Алла сосын дәрігерге үміт артатын емделушілердің дертінен айықтыру медицина саласы мамандарының, Гиппократ алдындағы антқа деген адалдығы болып табылады. Өзі таңдаған саланың білімді де білікті маманы болып шығу жолында аянбай еңбектеніп, ізденіп, таным көкжиегін кеңейте білген студент жас білім ордасының да қоғамдық-мәдени және спорттық өмірімен белсене араласты. Осылайша, медицинаны өмірінің бір бөлігіне айналдырған ана ақылына, кеңесіне риза Самал Сайлаубайқызы медициналық колледжді 2000 жылы «Мейірбике ісі» мамандығы бойынша бітіріп шығады. Бірақ, жас түлек үшін жұмыс жасаудың мүмкіндігі бола қоймады. Шаңырақтың адалбақаны, анасының арқа сүйер азаматы, асқар тау әкесі өмірден өтіп, Самал өзіне анасы мен артынан ерген інілеріне, сіңілісіне қамқор болуды парызы санайды. Осылайша ауылда үй тірлігіне араласып, анасына қиын шақта қолғабыс етеді.
      Тіршілік арбасы бір орында тоқтаған ба, анасының көмекшісі бола жүріп, 2001 жылы отау құрған Самал Сайлаубайқызы отбасылық өмірге қадам басып, өзге әулеттің отын жағады. Осылайша, өмір иірімін айналып кете барған кейіпкеріміздің медицина саласындағы алғашқы еңбек жолы 2004 жылы өзі оқыған №1 Қарауылкелді мектебінде мейірбике болудан басталады. Келіні жақсы үйдің керегесі алтын, үлкен әулеттің келіні атанып, текті әулеттің түтінін түзу ұшырып, жолдасының ақ жағалы болуы үшін қам жасаумен қатар, мейірбике болып жүріп те алдындағы міндеттерін тиянақты атқарды. 
      2006 жылы ата салтымен әулеттегі үйдің кенжесін аяқтандырып, үлкендердің рұқсатымен Қайрат екеуі қол ұстасып, балаларын алып, Ақтөбеге жол тартады. Үлкен қала, үлкен өмір, қайнаған тіршіліктің бел ортасынан қала өміріне сіңісіп, еңбекке белсене араласады. Ауылдан келген жас мамандарға кім ыңғайлы кәсіп, жылы орын дайындап қойды дейсің, арқас сүйер азаматы екеуі бір-біріне демеу болып, жоғарғы оқу орнын бітірсе де қатайып қалмай, қара жұмысқа білек сыбана кірісіп кетеді. Жұмыстың жаманы жоқ, барлығын әділдікпен, тиянақтылықпен, жауапкершілікпен атқара білсең берекелі болады, Алла еңбекқор жанды несібесіз қалдырмайды. Алғашқы сәттерде дүкенде сатушы болып жұмыс жасаса, уақыт өте келе қала өміріне үйреніскен соң, 2007 жылдың қаңтарында қаладағы «Әсем» жеке клиникасына учаскелік мейірбике болып орналасады. 
      Таңдаған саласы, өзінің икемі бар жұмысқа келген соң күн-түн демей, уақытпен санаспай еңбек етуінің арқасында, басшылық пен ұжымдастарының сенімінен шығып, құрмет төріне көтеріле білді. Демалыс деп жұмыстан қалмай, учаске бойынша бекітіліп берген балалармен жұмыс жасап, олардың әрқайсысының мекен-жайы, туған күндері мен жылдары, қай күні қабылдауға келетініне дейін жатқа біліп клиникада табысты еңбек етті. Қала өмірі ауыл тірлігі сияқты емес, басқан қадамың қаржыны талап етеді. Қала өмірі, пәтер ақысы, жалақының аздығы қажытқан жас маманның отбасын қала шетіндегі Россовхоз елді мекеніне көшулеріне мәжбүр етеді. Қолынан іс келетін жас қай жерде де сұранысқа ие, 2009 жылы ағайын-туыстың қолдауымен Россовхозға қоныстанып, Самал жергілікті мектепке мейірбике болып жұмысқа орналасады.
      Жақын жандардың көмегін, жақсылығын осы кездері сезініп, әлі күнге алғыс айтудан шаршамайтын Самал Сайлаубайқызы табандылық пен тынбай еңбек етудің арқасында 2012 жылы қаладан бір бөлмелі пәтер алып, үйдің жанындағы №42 орта мектепте мейірбике болып жұмыс жасайды. Мектеп қабырғасында оқушылардың денсаулығына жауапты болып, дер кезінде көмек көрсету барысында жұмыстар жасап, өмір диірменінің тасындай айналып кете барған кейіпкеріміз одан арғы қызметінде 2015-2017 жылдар аралығында №41 орта мектебінде, 2017-2019 жылдары №62 орта мектебінде мейірбике болып, шынайы еңбегімен құрметке бөленеді. 
      2019 жылы емханаға аға мейірбикелік қызметіне «Мектеп және мектепке дейінгі бөлімді» басқаруға шақырту алып, 17 мектеп мен 8 балабақшаны басқарып, жауапкершілік пен абыройды ту еткен Самал Сайлаубайқызы әлі сол жолынан айныған емес. 20 жылдық еңбек өтілімі бар, өз жұмысын сүйіп жасайтын жоғары дәрежелі мейірбике санатына көтерілді. Бүгінде балаларға массаж жасау кәсібін, шәкірт тәрбиелеу ісін мақсат еткен ол осы кезге дейін 500-дей баланы шипалы алақанымен оңалтып, қаншама ата-ананың алғысына бөленді. Небір диагнозбен келген бүлдіршіндерді қырағы көзбен бақылап, аз күнде аунатып, құлдыраңдап шапқылауына себепкер болуда. 
      2021 жылы балаға массаж жасауды сапалы ету үшін Ақтөбе қаласында арнайы массаж кабинетін ашып, қаланың қақ ортасынан ашылған массаж кабинеті халыққа адал қызмет етіп келеді. Самал Сайлаубайқызы массаж маманы ретінде озық тәжірибесімен, біліктілігімен өз ісінің хас шебері деген мәртебеге лайық. 1 жыл көлемінде білікті, білімді 100-ден аса массажист мамандарын оқытып, ұстаздық қызметін мүлтіксіз атқаруда. Әр шәкіртін жіті қадағалап, олардың сапалы жұмыс жасап, мықты маман болуына аянбай еңбек етуде. 2021 жылы көпшілік дауыс берген қалалық конкурстан «Жыл массажисті», «Үздік ұстаз» номинациясын иеленді. Міне, бұл өз ісінің білікті маманы, қабілетті массажист бола білген Саймал Сайлаубайқызына берілген халықтың бағасы еді. 
      Жаңалыққа жаны құмар жан қай уақытта да үлгілі әрі үздік болары хақ. Бұл жолда ерен еңбектің еленуі – халықтың алғысы. Ақтөбе халқының алғысына бөленген Самал Сайлаубайқызы әрдайым жақындарының, жолдасы Қайраттың қолдауымен биік шыңдарды бағындырып келеді. Өмірлік жолдасы Қайратпен бірге қол ұстасып, жұбайлық өмірге қадам басқан Самалдың қонысты екі ұл, өрісті қыз тәрбиелеп отыр.
      Осылайша ана бақытын сезінген, өмірдің сыйын қуана қабылдап, бір шаңырақтың отанасына айналған, қазақы отбасының тәрбиесін тереңнен сіңірген Самал Сайлаубайқызы ибалы келін, аяулы ана, табысты кәсіпкер. Отбасының басты қызығы, алтын тіреу діңгегі – бала. Ал баланың тәрбиелі болып өсуіне берекелі отбасының, ата-ананың әсері мол. Қызы Гүлдана тәрбиелі, инабатты, Алматы қаласындағы Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясында ІІІ курста, гранттық жүйеде білім алуда. Ұлы Сабыржан Ақтөбе Сервис колледжін аспаз мамандығы бойынша аяқтап, қазір еңбек етуде. Кенжесі Әділжан «Білім» мектеп-гимназиясында 7-сыныпта оқиды.
      Самал Сайлаубайқызы – бала жанын ерекше түсінетін қабілеті, жұмсақ мінезі, жайдары жүзімен кез келген ортада сыйлы жан. Адам жақсы көретін ісіне жан-тәнімен беріліп, оған бар қайратын, күш-жігерін, білімін жұмсаған кезде ғана жемісті болады, бақ қонады. Саналы ғұмырын халықпен, баламен байланыстырған қарапайым ғана мейірбике, аяулы ана, қазақтың қызы Самал Сайлаубайқызы айрықша ықыласқа, жұрттың сүйсіне қарап, құрмет көрсетуіне лайықты әрі көпке ісі үлгілі жан. Жаныңда жүр жақсы адам. Біле жүрейік!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

19 мая 2026 21:11
зангар
Азиз , мы кстати родственники, я внук Мыханова Санибека Акмырзаева, ты наверно его знаешь да?...
10 мая 2026 00:50
Санжар Косжанов
Вауу күшті шыққан. Үлкен естелік болатын болды....
10 мая 2026 00:27
Jazira
Менің атам бар жақсыға лайықтты. Рахмет сіздің арқаңыз өсіп өнгеніміз... ...