Елге қызмет ету - парызым
Тарихта тағылымға толы трактаттары мен ғылыми еңбектері қалған Ибн Сина: «Дәрігерде үш қару бар. Олар: сөз, өсімдік, пышақ» деп айтып кеткендей, ақ халатты иығына ілген әрбір медицина қызметкерінде осы айтылған үш қасиет болуы керек. Бұл ғасырлар тәржімалап шығарған, шешімінде шырмауы жоқ, байламы бекем нақыл сөз. Осы бір сөзді ауқымына алып жатқан медицина құлашы кең, үлкен әлем. Тамырын тереңге жіберген бәйтерек секілді, алпыс екі тамырлы адамның тәніне қатысты барлық мамандықты қаусарынған медицина – адамзатпен бірге жасап келеді. Қай елдің салауатты өмір салты мен медицинасы озық болса, сол елдің халқының денсаулығы жақсы, өмірі ұзақ болмақ. Бұл – біртуар азамат бекітіп кеткен сөз болмаса да, өмір тағылым еткен аксиома. Осы бір медицина саласындағы қызметкерлер туралы көптеп жазылып, айтылып тіпті әнге қосылып жүр. Оған куә – дәрігерлердің елмен етене жұмыс жасап, керек кезінде табылуы, мамандардың біліктілігі мен білімділігінің арқасында емделушілердің жазылып шығуы және уақыт өткен сайын дәрігерлерге деген сенім күшейіп келе жатқандығының белгісі.
![]()
Дәрігер – құрметті мамандық. Осы бір қиындығы да мол, абыройлы медицина саласының маманы болу – екінің бірінің қолынан келе бермейтін бақ. Техникалық қызметкер мен мұғалім 4-5 жыл оқыса, дәрігер 7-10 жыл оқиды. Осының өзі-ақ дәрігер болуға деген талаптың жоғарылығы, жүректілер мен өзіне сенімі мол талапкерлердің ғана баратын саласы екенін меңзейді. Осы бір ардың жүгін арқалап, емделушілерге қызмет көрсетіп, халықтың алғысына бөленіп келе жатқан дәрігерлер аз емес. Осындай алтын қолды дәрігерлеріміздің бірі, еңбек жолын қатардағы дәрігер болудан бастап, Облыстық клиникалық аурухананың бас дәрігерлігіне дейін көтеріле білген абзал жан, білікті басшы – Сұлтанов Елдос Едігеұлы.
Түркістан облысы Қоғамдық денсаулық басқармасының «Облыстық клиникалық ауруханасы» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының бас дәрігері Елдос Едігеұлы 1972 жылдың 9 тамызында Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданы, Қарабастау елді мекенінде дүниеге келген. Өнер мен мәдениеттің астанасы, түркі әлемінің екінші жүрегі болған, көктеммен таласа көкке басын қойған қозысы домаланып шыққан берекелі өңірде балалығын өткізген ол 1978 жылы Шымкент қаласындағы Г.Орджоникидзе атындағы №36 орта мектебінің табалдырығын аттайды. Сабаққа деген ынтызарлығы ерекше, өмірге деген құштарлығы басым, қимылы ширақ, ісі нық шәкірт сыныптың ғана емес, мектептің де қоғамдық өміріне белсене араласып, сабақ бағдарламасын да еркін меңгеріп шығады. Таймас тұғырға жеткен ұлылар да мектеп партасынан тәлім алған. Ата-анасының қолғабысы бола жүріп, білім тереңіне бас қойған Елдос білім ордасында жүріп-ақ болашағын медицина саласымен байланыстырады. Ішкі түйсік алдаған ба, 1987 жы
![]()
лы мектепті бітірген жас, өзінің білімімен Шымкент қаласындағы медициналық училищесіне оқуға түседі.
«Жас кезінде алған білімің, тасқа жазылғанмен бірдей» деп ұлылар айтпақшы, қай уақытта да үнемі ізденіс үстінде жүретін, еңбексүйгіш жас училищеде жүріп те өзінің алғырлық қабілетінен айнымады. Айналып келмейтін студенттік қызықтармен бірге, бос уақытының көбін кітапхана бөлмесінде өткізіп, өзі таңдаған мамандықтың қыр-сырын білуге қанықты. Талаптыға тау да аласа деп тек алға жүруді мұрат еткен жас Шымкент қаласы медициналық училищесін 1991 жылы бітіріп шыққан соң, білімін одан әрі жетілдірмек болып, 1992 жылы Ақтөбе мемлекеттік медицина институтына оқуға түседі. Міне, осы кезден бастап-ақ дәрігерлік жауапкершілік
Елдостың мойнына артылды десек артық айтқандығымыз емес. Әрдайым өзіне сенімді, бастаған ісін аяқсыз қалдырмайтын, қандай іске де ерекше ден қойып, жауапкершілікпен атқара білуді бойындағы жақсы мінез етіп алған жас, хирургия саласын меңгеру мақсатында көптеген тәжірибелік-теориялық сабақтарға қатысады.
Жан алқымға келгенде Жаратқанға жалбарынатынымыз бар. Жан дәрмен дертімізге дауа табар деп дәрігер деген қауымның алдына соңғы сәтте ғана барамыз. Алладан кейін қу жанымызды осы ақ халатты абзал жанға аманаттайтынымыз анық. Басқа емес, адам тағдыры қолдарына табысталғанын білетін олар, асқан төзімділікпен қабылдап, тікесінен тік тұрып қызмет ететін, ажалмен күресуде аянбайтын дәрігерлер қашан да елдің құрметіне бөленеді. Иә, жұмысына жауапкершілікпен қарайтын алтын қолды, жылы жүректі дәрігердің көмегіне жүгінген талай адам бар.
![]()
Хирург болу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Өйткені бұл жұмыстың артында адам тағдыры тұр. Сондықтан бұл үлкен жауапкершілік. Осылайша 1998 жылы институтты бітіріп шыққан жас маман Елдос Едігеұлының алғашқы еңбек жолы Шымкент қаласы жедел-жәрдем ауруханасында дәрігер-хирург болудан басталды. Еңбек ете жүріп, 1998-2000 жылдар аралығында ОҚМА-ның базасында клиникалық ординатурадан өткен маманның қызметі 2001-2002 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы, Шымкент қаласындағы Облыстық клиникалық ауруханасында қан тамыр хирургі болып жалғасты. Одан әрі 2005-2009 жылдары «Облыстық клиникалық ауруханасында» дәрігер-хирург, 2009-2019 жылдары «Облыстық клиникалық ауруханасында» - хирургия бөлімінің меңгерушісі, 2019-2020 жылдары «Облыстық клиникалық ауруханасының» - бас дәрігерінің хирургия саласы бойынша орынбасары, 2020 жылы Түркістан облысы, Қазығұрт ауданы орталық ауруханасының бас дәрігері қызметін атқарған Елдос Едігеұлы 2020 жылдың қыркүйек айынан бастап Түркістан облысы, Қоғамдық денсаулық басқармасының «Облыстық клиникалық ауруханасы» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының бас дәрігері қызметін абыроймен атқарып келеді.
Еңбек – адамның шырайын шығарып, берекесін кіргізеді. Қандай ортаға барса да еркін араласып кете беретін мінезі ашық, жігітке тән мәрттігі мен әділдігі басым Елдос Едігеұлы қызмет ете жүріп, балтыры сыздап, басы ауырып, дертіне дауа, жанына шипа іздеп келген жандарға көмек қолын созып, ем-домын жасап, тәжірибе жинақтады. Хирургия – жауапкершілігі мол сала. Ота жасалатын жұмыр жүректі пенденің көзіндегі уайым мен дірілді сылып тастап, жылы сөздерімен өмірге деген ерекше құлшыныс пен үміт отын беру – аурудың жаны мен тәнін бірге емдейтін білікті дәрігердің ғана қолынан келетін іс. Кейіпкеріміз де осындай мәртебелі төбенің мәре сызығынан көрініп, талай жанның алғыс сөздерін алып жатты.
Ауруханаға бас дәрігерлік еткен жылдары, денсаулық сақтау саласын алға жылжытып, жаңа заман талабына сай аппараттармен жарақтандырумен қатар, қызметкерлердің біліктілігін көтеріп отырды. Дәрігерлік – жас кезінде алған 5 немесе 9 жылдық біліммен шектеліп қалмайды. Аурухананы заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етумен қатар, қызметкерлердің де кәсіби біліктіліктерін арттырып отыруды күн тәртібіне қойып, емдеу сапасын арттыра түсті. Заман өзгерген сайын ауру да түрлене түсіп, өндірістік ошақтар мен қоршаған ортаның бүлінуінен пайда болған жаңа аурулардың алдын алу үшін үнемі өзінің жан-жақтылығын дамытып, кәсіби біліктілігін арттырып, ізденіс үстінде жүреді. Дәрігерлікпен ғана шектеліп қалмай қоғамдық іс-шараларға да белсене қатысып, облыстық емес, республикалық деңгейде болып жатқан қайырымдылық шараларына қатысып, ұжымды да игілігі мол істерге тарта білді.
Қызмет ету барысында өзін үнемі дамытып, толықтырып отыруды бірінші орынға қойған Елдос Едігеұлы ғылым саласында да бірталай еңбектер жазып, зерттеу жұмыстарын жүргізді. 2001- 2007 жылдар аралығында Оңтүстік Қазақстан Медицина Академиясының хирургиялық аурулар кафедрасында ассистент, 2015 жылдан осы аталған Академияда хирургия кафедрасының доценті болып, ғылыми жұмыстар жүргізумен қатар, 2016 жылы медицина ғылымдарының кандидаты ғылыми атағын қорғап, 2020 жылы Қоғамдық денсаулық сақтау магистрі дәрежесін иеленген хирург-дәрігер 2006 жылдан бастап «Іріңді жараның тігу әдістері» операциясын меңгеріп, аурухана тәжірибесіне енгізді. Жоғары санатты хирург, медицина ғылымдарының кандидаты, негізгі бағыты жедел хирургиямен және құрсақ қуысындағы жедел хирургиялық оталарды жасау, іріңді хирургия болған Елдос Едігеұлы 2014 жылы бариатриялық хирургия бойынша Ресейлік бір патентті, Қазақстан Республикасында екі патентті иемденді.
Ауданның ғана емес, облыстың, республиканың медицина саласына соны өзгерістер мен емдеу әдістерін алып келіп, ауруды емдеуді жаңа заманға сай түрлендіріп, озық технологияны қолданып келеді. Басшы ретінде ұжымда қызметкерлері алдында беделді, жеке өмірінде үлкенді құрметтеп, кішіге ізет көрсете алатын адами асыл қасиеттері басым, түйінді мәселелерде сабырлық танытып, ақылы мен парасатына құлақ түретін дәрігер бүгінгі қазақ қоғамына көптеп керек-ақ. Бірнеше тілді еркін меңгеріп, қамыққан жанның көңілін демеп, мұқтаж жанға көмек қолын созатын жомарт жүректі азаматтың өткені жастарға үлгі.
Осы салада 24 жыл қызмет етіп, әлі күнге дейін бас дәрігерлік қызметімен бірге хирургия саласын қатар жүргізіп келе жатқан білікті басшы, тәжірибелі дәрігер Елдос Едігеұлы 10 мыңға жуық хирургиялық ота жасап, көптеген шәкірттер тәрбиелеп шығарды. Шәкірттері дәрігерлік етумен қатар, ғылым саласында да жетістіктерге жетіп келеді. Кейіпкеріміздің хирургия саласындағы ең үлкен жетістіктерінің бірі – кандидаттық диссертациясын қорғап, «Хирургия кафедрасының доценті» болуы еді. Өзге де жетістіктеріне тоқталып өтсек:
✦ Түркістан облысы әкімдігінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалі;
✦ «Оңтүстік» медицина қызметкерлері қоғамдық қауымдастығының «Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы» төсбелгісі;
✦ 2020 жылы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісі;
✦ 2021 жылы Республикалық «El Kurmety» қоғамдық қорының «Денсаулық сақтау саласының үздік қызметкері» медалінің иегері.
Қызығынан қиындығы басым мамандығын жан-жақты жетік меңгерген, жүзінен жылылық нұры есіп тұратын, ағайын-туысқа деген сүйіспеншілігі, достарына деген құрметі, алдына ем іздеп келген науқастарға деген ықылас-ниеті, адалдығы ерекше азаматтың еңбекқорлығы жас мамандарға өнеге. Жұмысын жақсы көргені соншалық, науқаспен бірге ауырып, жан азабын өзінің тұла бойынан өткізіп, сезінеді. Осылайша қаншама адамның үмітін жалғап, емделушінің құлан-таза айығып кеткенін көргенде шын жүректен қуанады. Қай жерде қандай уақытта болмасын өзіне сеніп тапсырылған жұмыстың тап-тұйнақтай орындалмайынша байыз таппайтын жан. «Уәде құдайдың бір аты» дегенді жадынан шығармайтын ол бар күш-жігерін сарқа тауысып еңбек етуге де бар. Оның азаматтық тұлғасы, адами қадірі, ұйымдастырушылық қабілеті айқын көрініп тұрады. Мінезінің ерекшелігі адамның көңіл кілтін таба білетіндігі. Әділеттілікті, шынайылықты жаны сүйетін жан өмірлік жарымен бірге 3 ұл тәрбиелеп отыр.
Сөзі жанға дауа дәрігер, Елдос Едігеұлы қара басының қамын күйттеген жоқ, қарапайым отбасында туып, өссе де, қалың қазақтың қамын ойлады. Ұлттың ұлы мұраты жолында өмірін сарп етіп, бүкіл адамзаттың салауаттылығы жолында алтыннан да қымбат уақытын дәрігерлік пен ғылым жолына арнап, биіктігі бұлтпен таласқан Алатаудың бір шыңына есімін тасқа қашап жазып қалдырды. Ел саулығы жолында ерен еңбектер атқарып, ғылым іздеген жастарға сүрлеу салып беріп келе жатқанына өзі де риза, шүкіршілік етеді. «Елім дейтін ері болмаса, ерім дейтін ел бірінші шыға ма», ел мүддесі үшін атқарған қызметтерін мақтаныш санайтын Елдос Едігеұлындай алтын қолды дәрігерлердің қатары көп болсын дейміз. Сол кезде ғана дені сау ұрпақ көбейіп, жарқын болашақтың күні де нұрын алысқа шаша бермек!