Шипалы қолды дәрігер
Таным-түйсігінде тіршіліктің тамыры соққан әрбір жұмыр басты пенде бір-бір мамандықтың иесі. Осы қызметі арқылы өмір өрнегін кестелеп, қоғамдағы орнын айқындап, ұрпағын жалғастыра бермек. Өмірде түрлі мамандықтар бар, бірақ солардың ішіндегі ұлысы ұстаздық пен дәрігер. Дәрігер мамандығы – мамандық атаулы ішіндегі ең қасиеттісі әрі абыройлысы. Дәрігер мамандығы – аса жауапкершілікті, шыдамдылықты, өз ісіне деген сүйіспеншілікті қажет ететін ұлы мамандық. Дәрігер – адам жанының арашашысы, адам жанының зерттеушісі, бағдаршамы, қорғаны екен. Адам өміріне араша түсетін дәрігерлік мамандықты таңдау үлкен жауапкершілікті жүктейді. «Дәрігер – арыстандай айбатты, қыздай икемді, анадай мейірімді болуы керек», - деген ата-бабамыздың айтқан ұлы да ұлағатты сөздері бар. Арыстандай ешнәрседен қорықпайтын, өзінің бойын қорқыныштың баурап алуына жол бермейтін, қыздай өз ісіне байыппен қарайтын, өз ісіне сеніммен қарай білетін, анадай науқастарға мейірімін төге білетін, өзінің анасы өзіне қандай мейіріммен қараса, ол да науқастарға сондай мейіріммен қарай білетін жан болуы тиіс.
![]()
Біздің бүгінгі кейіпкеріміз де саналы ғұмырын медицина саласына арнап, өмірден түйгені мен тоқығанын, тәлім-тәжірибесін қолдана отырып, қызмет көрсетіп келе жатқан білікті маман, сауатты дәрігер.
Қызылорда облысы, Жосалы Обаға қарсы күрес бөлімшесінің дәрігер-бактериолог Ибраева Шарбану 1962 жылдың 3 наурызында Қызылорда облысы, Қармақшы ауданында Коммунистік партия қызметкері Ибраев Тоқшылық пен медбике Ибраева Шарипаның отбасында дүниеге келді. Қазаны ортаймайтын берекелі өңірде балалығын өткізіп, бастауын тұма бұлақтары мен тау мұздықтарынан алып, бірнеше елді бірлестіріп, татулыққа шақырып ағып жатқан Сырдарияның салқын самалына бетін сүйдіріп өсті. Жастайынан алғыр, үйренбекке, білмекке құштар болып өскен жас, 1969 жылы Қармақшы ауданындағы №414 орыс орта мектебінің табалдырығын аттаған соң да, зеректік қабілетінен айнымады. Қайта, тәжірибелі ұстаздарының қолдауымен бойындағы ерекше қабілеттерінің көзін аша білді. Жарқын болашаққа жол сілтеп, армандарға қол создыратын білім ордасында жүріп, сәби қараңғылығын сейілткен ұстаздарының жол көрсетуімен білім тереңіне бойлай білген Шарбану мектеп өміріне белсене араласып кетті. Сыныпішілік, мектепішілік өткізілген білім сайыстары, пән апталықтары, спорттық-мәдени іс-шаралардың бел ортасында жүріп, араласа білген жастың дәрігер болсам деген арманы, осы мектеп қабырғасында жүргенде ұшқындаған еді.
Досқа адал, ұстаздарының айтқанын екі етпейтін, өзіне сеніп тапсырылған істі аяғына дейін жеткізуде табандылық танытатын жас үшін, 1979 жылы №414 білім ордасынан түлеп ұшты. Өз иірімінде айналған тіршілік, пенденің дегеніне көне ме, жалындаған жасты тіршілік диірменінде айналдырып әкетті. Осылайша, 1979-1981 жылдар аралығында Жосалы механикалық зауытының құрылыс учаскесінде сылақшы-сырлаушы болып еңбек етеді.
![]()
Ұшамын деген қыранға кең дала тарлық еткен бе, құрылыс саласында еңбек ете жүріп те өзінің арманы мен алдына қойған мақсатына жету жолында ізденіп, ілгерілей білген Шарбану талаптың тұлпарын тақымға басып, Ақтөбе қаласына аттанады. Талаптыға тау да аласа, оның үстіне дәрігер болсам деген үміт отының жылуы мен жарығы күшті жас 1981 жылы Ақтөбе Мемлекеттік медициналық институтының дайындық бөліміне түсіп, оны ойдағыдай аяқтап, «Емдеу ісі» факультетіне оқуға түседі. Көздегеніне қолы жетіп, білімді де білікті маман болып шығу жолында өзін жиі қамшылап, алтыннан да қымбатты уақытының көбін кітапханаларда, тәлім алу жолында өткізген Ибраева Шарбану аталған оқу орнын 1989 жылы дәрігер-терапевт болып бітіріп шығады.
Адам жанына араша түсіп, емдеп, көмек қолын созатын ақ халатты абзал жан болу оңай емес. Оның да өзіндік қиындықтары мен адам өмірі үшін мойнына алған жауапкершілігі жетерлік. Сондықтан, ақ халатты абзал жандарға артылар жүктің салмағы, атан түйеге артсаң да белін қайыстырары анық. Адамзаттың қамын ойлап, антына адалдық танытып жүрген дәрігерлерге көрсетілер құрмет те ерекше болмақ. Міне, осындай нәзік жандылар түгілі жауырынды азаматына да салмақ түсірер, Алладан кейінгі адам жанының арашашысы болу үшін саналы ғұмырын арнап, елге адал қызмет көрсетіп келе жатқан Ибраева Шарбанудың медицина саласындағы алғашқы еңбек жолы 1989 жылы Қызылорда облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансеріне интерн дәрігер ретінде қабылданудан басталды.
![]()
Мың жыл жасаған тамырлы теректей, адамзатпен бірге дамып, өркендеп келе жатқан медицинаның сан түрлі саласы бар. Кейіпкеріміздің таңдағаны – туберкулезге қарсы күрес саласы болды. Интернде жүргенде мол тәжірибе жинақтаған жас маман үшін, дәрігерлік қызмет қиын бола қойған жоқ. Санасына түйгені мен оқығанын сарапқа салып, алдына келген науқастың диагнозын анықтап, ем-дом шараларын жүргізу барысында нәтижелі еңбек ете білді. Білмеймін демеді, барын салып еңбектеніп, кітаптарды жиі ақтарып, білімін уақытылы көтеріп отырумен қатар, құбылмалы болып келетін науқастардың ауруын залалсыздандыруда жемісті еңбек етті. Одан әрі, 1990 жылы Қармақшы аудандық туберкулезге қарсы күрес ауруханасына жұмысқа қабылданып, 1994 жылы тұрмыс жағдайымен қоныс аударуына байланысты, қызмет бабымен, Қызылорда облыстық тері-венерологиялық диспансеріне тері-венеролог дәрігері болып ауыстырылды.
Адам өмірі – Жаратқанның аманаты. Сол бір нәрсеге қиянат етіп алмау жолында, тұрғындарға сапалы әрі кәсіби біліктілікпен қызмет көрсету жолында еңбек ету үшін үздіксіз ізденді. «Талпынған жетер мұратқа» дегендей, тасқа салса да қайтпайтын алдаспанның жүзіндей өткірлік, табандылық пен сабырлылықты жанына серік еткен Ибраева Шарбану нәзіктікпен қатар, сабырлылықты, табандылықты, ұқыптылық пен үлкен жауапкершілікті талап ететін салада жүріп, мол тәжірибе жинақтады. Кәсіби шеберлігін қолдана біліп, емдік шараларын жүргізу барысында оқып-тоқығаны мен санаға түйгенін саралай отырып, алдына келген емделушінің көңіл-күйі мен ауруының тарапына қарай ем жүргізді.
![]()
Өзіңнің емес, сенің көмегіңмен өзгенің күлгенін көру – нағыз бақыт. Жұмыс барысында кедергілер кездеспей қалған жоқ, бірақ, өзіне деген сенімділігі мен тәжірибе барысында жиналған шеберлігінің арқасында талай қиындықтарды жеңіп, талай жанның жүзіне қуаныш пен күлкі үйірте білді.
Осылайша, маңдай тері сіңген, өмірінің жарқын келбеттерінің куәгері болған жұмыс орнынан 2005 жылы өз еркімен шығып, Жосалы Обаға қарсы күрес бөлімшесіне дәрігер-бактериолог болып қабылданған Ибраева Шарбану бүгінгі таңда осы мекемеде халыққа қызмет етіп келеді.
Кейіпкеріміз жұмыста білікті маман ғана емес, отбасында шаңырақтың берекесін кіргізумен қатар, мейірім нұрын төккен ана. Тұңғышы Наурызбаев Рамазан 1991 жылы туылып, инженер-технолог болып Қызылорда қаласында мұнай саласында жұмыс жасаса, келіні Наурызбаева Айнұр дәрігер-косметолог. 2000 жылы дүниеге келген ұлы Сұлтанбек Серікбол Қалалық ішкі істер бөлімінде полиция қызметкері.
«Еңбексүйгіш елдің еңсесі биік», - дейді халық даналығы. Бұл тұрғыдан келгенде біліктілік пен шыдамдылықты қатар талап ететін жауапты мамандық иелерінің бәсі артық. Әсіресе, медицина жүгі ауыр салалардың бірі. Оның ерекшелігі сол, жауапты да қиын мамандық иесі дәрігердің жұмыс барысында ешқашан қателесуіне болмайды. Сондықтан олар ұдайы тәжірибелік білімін жетілдіріп, ізденіс үстінде жүреді. «Ақкөңілдерім! Талас пен тартыс болды ма тәтті өмірлерің? Сынаққа сынып, сырқатқа сыр бергендерді, Қасқайып тұрып емдедің, қақ бөлінбедің! Төзімділерім, Арпалыстардың ішінен сезілді демің! Ақ періштедей пендені күзетіп жүріп, Келген де болар бір сәтке көз ілгілерің. Жауда сынарым, Шыңдала берсін ширығып алда шыдамың! Саулығын тілеп жүретін әрбір жандардың, Мен сендер үшін Тәңірден саулық сұрадым!», - деп ақын жырлағандай, отбасы бақытының бастауы бола білгенімен қоса медицина саласында уақытпен санаспай қызмет етіп, дені сау ұрпақ тәрбиелеп, салауатты өмір салтына, қазақ медицинасының дамуына өзіндік үлесін қосып келе жатқан Ибраева Шарбанудың отбасына амандық, ісіне табыс, қолына шипа тілейміз.
![]()
![]()