Мейірімі мол мейірбике, еңсерері мол ерікті
Дүниедегі ең бір аяулы, ең бір қастерлі, ең бір ұлы мамандық болса, ол – дәрігер десек, ешкім сөзімізге күмән келтірмес. Олай дейтініміз ақ халатты абзал жандар адам жанының арашашысы ғана емес, көкірек көзіндегі жарық сәулесін жағушы да. Жер бетінде қандай ұлы мамандық иесі болса да дәрігердің алдында осы бір ұлы істі атқарып жүрген абзал жандарға құрмет көрсетеді. Өйткені, адам жанынан қымбат капитал жоқ. Әлемді аузына қаратқан Омар Хайям: «Адам деген – әлем бағы, түсінер мұны данышпанның данышпаны» деп айтқандай, құнына баға жетпес адам өмірін жайқалту «дәрігер» деген қадірлі атқа ие ұлы істерді атқарар ұлы жандардың алтын қолынан ғана келетіндей. Ақ халатты абзал жандар туралы қалам сермемеген шығармашылық иелері тым аз, олар туралы көп жазылады, көп айтылады, оларды әлем құрметтейді. Міне, осындай зор құрметке бөленіп жүрген жандардың бірі, медицина деп аталатын үлкен саланың бір тармағын ұстап, талай перзенттің жарық дүниеге келуіне сеп болып, талай шаңырақтың ішін шаттыққа бөлеп келе жатқан акушер – Мерекова Әсем Ідірісқызы.
Акушерлік қызметімен қатар жібек мінезімен, қандай ортаға барса да еркін араласып кете беретін ашықтығымен, игі істердің басы-қасында жүретін бастамашылдығымен қоғам белсендісі атанған Әсем Ідірісқызы 1986 жылдың 24 ақпанында Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Ақтөбе ауылында дүниеге келді. Әр бастаған ісіне қолдау білдіріп, әрдайым арқасынан қағып отыратын әкесі – Мереков Ідіріс Ермағамбетұлы Ақтөбе ауылында туып-өсіп, механик болып еңбек етіп, еңбекқорлығы мен адалдығының арқасында ағайын арасында құрметке ие болған зейнеткер. «Айналайыны» оттан да ыстық анасы – Бөлекбаева Алтынай Ералықызы саналы ғұмырында есепші болып қызмет атқарған аяулы Ана!
Бүгінде көптің ыстық ықыласына бөленіп, алғыс арқалап келе жатқан Әсем Ідірісқызы 1991 жылы Ақтөбе ауылындағы №109 орта мектепке барып, жарқын болашаққа бағыт сілтеп, сәби қараңғылығын сейілтетін білім нұрына шәкірттік жүзін бұрды. Алғыр, үлкеннің айтқанын тез қағып алатын қағілез жас мектеп қабырғасында жүргенде де, жанындағыларды бір іске үйіріп алып кететін ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түсті. Әрдайым көңілді жүретін көңілі көктем, жаны жаз шәкірттің бала арманы – дәрігер болу еді. Талпынған жетер мұратқа деген, сыныптағы озат оқушылардың көшін бастаған Әсем 2003 жылы мектепті үздіктер қатарында тәмамдаған соң, Қызылорда қаласындағы Медициналық колледжіне «Акушерлік ісі» мамандығына оқуға түсті. Жоғарғы білім ордасында да өз белсенділігін көрсетіп, топтың көшбасшысы болып, КВН командасында, түрлі сайыстарда жетекші бола білген талантты жас түрлі жетістіктерге қол жеткізді.
Мейірімі мен жан жылуы, төзімділігі мен ісіне беріктігі арқылы науқастың кеселінен айығуына үлкен ықпал тигізетін жандар – мейірбике. Медицина саласында ерліктердің көпшілігін мейірбикелер жасайды десек артық айтпаймыз. «Мейірбике білім мен шеберлігі бар, күтім процесіне жауапты, мейірімділік көрсете білетін маман. Мейірбике - емделушіге толық күтім қамтамасыз ету үшін өзінің кәсіби психологиялық және рухани қасиеттерін дамытқан, бірегей қоғамның белсенді тұлғасы. Қоғам мен емделушілердің қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін, денсаулықты сақтау үшін медбике жұмысын жалғыз және басқа да денсаулық сақтау саласындағы кәсіби жұмыскерлермен бірге атқара береді.
Колледжді бітірген соң Әсем Ідірісқызының ақ халатты абзал жандардың сапындағы алғашқы еңбек жолы 2007 жылы 30 қазан айында Қармақшы аудандық ауруханаға невропатолог медбикесі болып жұмысқа орналасумен басталды. Оқығаны мен тоқығанын, практика кезінде жинаған тәжірибесін сала отырып, қызметіне құлшына кіріскен жас маман медицина деп аталатын түпсіз әлемнің ішіне еніп кетті. Мейірбике – науқастың саулығына дәрігермен бірдей жауапкершілікпен қарайтын денсаулық жанашырының бірі. Дәрігер емінің нәтижелі болуы медбикенің ем-домды уақытылы көрсетіп, өз міндетін жауапкершілікпен атқаруына тікелей байланысты екені анық. Жыл санап емес, сағат санап дамып келе жатқан ғылымның жетегіне ерген медицинаның көшінен түсіп қалмау үшін медицина қызметкеріне әрдайым білімін жетілдіріп, біліктілігін арттырып, жаңа пайда болған заманауи технологияны қолдана білуі тиіс. Осы орайда ақ халаттылардың айнымас серігіне айналып, науқастардың дертіне дауа дарытуға атсалысып, денсаулық сақшысы бола білген Әсем Ідірісқызы жұмыс жасаумен қатар білімін одан әрі арттырып, 2007-2011 жылдары Шымкент қаласындағы Отырар университетін сырттай «Педагогика және психология» мамандығы бойынша игеріп алды.
Одан арғы қызметінде 2008 жылы «Шипагер» емханасында аймақтық акушер, 2009 жылы әйелдер кабинетінің акушері, 2015-2016 жылдары Қармақшы ауылының аймақтық акушері,
қызметтерін атқарған Әсем Ідірісқызы 2016-2021 жылдары бас акушер болып қызмет етіп, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып, жастармен жұмыс жасап, түрлі жетістікке қол жеткізді. Медицинадағы ауыр жүкті арқалайтын негізгі буын ретінде, науқастарға көмектесуді алдыңғы кезекке қойып, олардың сапалы ем алуын тікелей қадағалайтын адам жанының жанашыры бола білген кейіпкеріміз, мейірбикеліктен бөлек, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып, қоғамдық дертке айналған әлеуметтік маңызды шараларға, қайырымдылық істердің атқарылуына белсене қатысып, еріктілер тобында болды.
«Волонтерлік - халықтың шынайы болмысы. «Игі іспен айналысу, адамдарға жақсылық жасау халқымыздың көне заманнан бері келе жатқан дәстүрі. Біз осы дәстүрді сақтап қалуымыз керек. Себебі, біреуге қол ұшын созып, қолдау көрсету – қанымызға сіңген қасиет. Халқымызда осындай береке-бірлікке шақыратын «Асар» деген дәстүрі бар. Бұл – ғасырлар бойы құндылығын жоймаған ата салтымыз.