Мамандығы мақтанышы
Заман ілгері озған сайын медицина, оның ішінде, стоматология саласы да жаңарып, жаңғырып келеді. Бүгінде ортопедия, ортодонтия, хирургия, терапия деп бастап, одан әрі жіктеп, жіліктеуге болады. Адам ағзасының күрделі бөлігі – тіске қатысты кәсіптің айналасында қаншама маман тер төгеді. Бірі істі емдеп, қалпына келтіреді. Бірі қисық біткен тісті түзулеп, қатарға қосумен айналысады. Расында, бұл сала инемен құдық қазғандай өте күрделі сала. Стоматологтың еңбегін тіпті ағзаны құтқарушы маман деп атаса да
![]()
құп жараса кетеді. Себебі, ауру тістің бүкіл ағзаны улайтыны белгілі, ал ең алғаш болып зардап шегетін ол әрине – асқазан. Асқазан ауруға шалдықса ол ас қорытуда қиналыс табады. Одан кейін бауыр. Тіс бауырға да қатты әсер етеді. Айналып келгенде тіс барлық аурудың бастауы деуге болады. Тіс сау болса, ағза да аурудан аман болады деген сөз. Сондықтан тістің күтімін адам бала кезден қадағалап, сақтап, аса жауапкершілікпен қарауы керек. Бүгінде әсем әрі маржандай тіске қол жеткіземін деушілер үшін стоматология саласында шикізат, құрылғы дегендер көп. Шетелден алынатын құрылғылар, білікті мамандар арқылы сап-сау, маржан тіске ие бола алады. Кейіпкеріміз Айгерім Жүсіпқалиқызы міне, осы саланың мықты маманы.
Берекетова Айгерім Жүсіпқалиқызы 1994 жылы 18 сәуірде Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласы, Қызылсай ауылында дәрігер отбасында дүниеге келген. Ол 2000 жылы №4 Сүгір Бекендікұлы атындағы орта мектептің табалдырығын аттап, 1-сыныпқа қабылданды. Оқуға деген ынта-ықыласы зор сүйкімді қыз ә дегеннен-ақ, мектебін, сыныбын, сынып жетекшісі мен сыныптастарын жақсы көріп кетті. Бастауыш сыныптан бастап сабақ үлгерімі өте жақсы болды. Алғыр, зерек, көргенін ұмытпайтын қырағы, салмақты, сабырлы оқушы болды. Түрлі пәндік жарыстарда жүлдемен ораласатын Айгерім, мектептің де қоғамдық жұмыстарынан қалмайтын елгезек, белсенді, шымыр болды. Шымыр демекші, ол әкесімен бірге кішкентай күнінен бастап салауатты өмір салтын ұстанатын. Сабақтан босап, қосымша үйрімелерге барып, әкесімен бірге таза ауада дене жаттығуларын жасауға шығатын. Әкесінің қызы мектепті 2011 жылы ойдағыдай үздікке аяқтап шықты. Арман жетегімен 2011 жылы Астана Медицина Университетіне оқуға құжат тапсырады. Жолы болып студент атанып, жан-жақты білімденіп, тәжірибелі оқытушылардан тәлім алып, сол жоғары оқу орнын үздікке 2015 жылы тәмамдап шықты. Бакалаврда стоматология факультетін бітірді. 2015-2016 жылдары М.Оспанов атындағы Ақтөбе Медицина академиясы стоматология факультетінде интернатураны бітірді. 2016-2017 жылдары Алматы қаласында ВШОЗ Қоғамдық денсаулық сақтау факультеті магистратурасын бітірді.
![]()
- «Менің әкем де тіс дәрігері. Бала күнімнен әкемнің ақ халат киіп, көптің алғысын арқалап жүретінін көріп, «Мен де өскенде дәрігер боламын!» деп армандайтынмын. Мектепті бітірген бойында ойланбастан мен осы жолды таңдадым. Аттестат алған кезімде жүрегім алып ұшып, ата-анама әкем секілді тіс дәрігері болғым келетінін айттым. Олар қуана-қуана батасын берді. Осылайша, жоғары орнына түсіп, арманыма жеттім. Бүгінде осы салада азды-көпті жинаған тәжірибемнің арқасына көптен алғыс алып, қызмет етіп келемін. Біздің стоматологиялық орталық әріптес орталықтар секілді заманауи үлгідегі соңғы технологиямен жұмыс жасайды. Жоғары сапалы қызмет көрсетеміз. Айта кететін жайт, стоматологияға қажетті материалдар елімізде өндірілмейді. Оның бәрі теңіз асып, тау асып алынып келеді. Сондықтан да, бәрі сапалы болады, ал сапасы жоғары өнімнің бағасы да соншалықты жоғары болатыны сөзсіз. Маржандай тізілген әппақ тіс – әдемі күлкінің ғана емес, сау ағзаның де белгісі. Қазіргі кезде тіс емдеуге қойылатын талап күшейді. Себебі, бұрын ауырған тісті жұлудан басқа амал болмайтын болса, қазір оны емдеп, түзетіп, пломба салдыруға болады. Бүгінде тіс дәрігеріне келетіндер көбейді. Тіс күтімі жайында көп айтамын. Тіс пастасы мен тіс щеткасына дұрыс мән беру керек. Тым қатты, тым жұмсақ та щетканы қолдануға болмайды. Сондай-ақ, тісті ағартуға арналған пасталарды күнделікті пайдалауға болмайды. Оның құрамында қатты заттар болғандықтан, тіс сырылып қалуы мүмкін. Әсіресе, тісті кешке дұрыстап тазалау керек. Тіс арасында тамақ қалып қойғандай жағдай болса, онда тіс шеті тамақ қалдықтарымен қапталып қалады да, кейіннен бұзылуға әкеліп соғады. Брекет 14 жастан бастап қойылады. Оған үлкен-кішілердің соңғы уақытта көп әуес екенін байқап та жүрген боларсыздар. Алайда, оны қойғанда екі есе тіс тазалығын жасау керек болады. Бала кезімізде ата-анамыз қатты тамақтар жегізетіндіктен біздердің тісіміз дұрыс қалыптасты, ал қазір жылы-жұмсақ жеген балалардың тісі де сәйкесінше, әлсіз келеді. Сондықтан да емделушілеріме дәрігер ретінде жеміс-жидекті жиі жеуге кеңес беремін», - дейді Айгерім.
![]()
Дәрігер бұл өте құрметті мамандықтардың бірі ғой. Жақсы дәрігер адамдарға көмектессем деген ізгі ниеті арқылы Алланың разылығына бөленіп, адамдардың да шексіз алғысын алады. Сау денеде сау рух болады. Қазақ «Дені саудың жаны сау» деп тегін айтпаған ғой. Дәрігер асқан мейірімнің әрі көркем мінез-құлықтың иесі болуы керек. Көркем мінез-құлық кез келген адамның көркі. Ал бұл қасиет дәрігерге тән болса, тіпті керемет. Дәрігер науқасқа мейірімділік, жұмсақтық танытып, жылы сөздерімен жұбатып, жағдайын сұрап тұруы нағыз адамгершілік белгісі деген болар едім. Иә, адамзат баласы үшін денсаулық сақтау саласының орны қашан да айырықша. Бұл саланың еңбеккерлері Гиппократ антын қабылдап, халықтың ықыласы мен алғысына бөленген жандар. Ерінбей еңбек етіп, өзіне де, еліне де зор пайдасын тигізген ақ халатты абзал жан өзгелерге үлгі етуге әбден лайықты.
2017 жылдан бастап әкесінің қарамағында Жаңаөзен қаласында еңбек жолын бастаған жас дәрігер стоматология бойынша С.Белаусов, А.Калдыгулова, Ж.Абитова, О.Кулыгин, Д.Реккучи, С.Ушаков, В.Шербаков, Гетте мен Юдин, Ю.Кундилус, Беретарь, Т. Валинская секілді профессор-лекторлардан Мәскеуде, Самарада білімін жетілдірді. Нұр-Сұлтан қалаларында да оқудан өтті. 2019 жылы Жаңаөзен қаласында заманауи талаптарға сай «Dent-A clinic» стоматологиясын ашты. Қазіргі таңға дейін қарқынды дамып келе жатқан клиниканың тұрақ-ты келушілері де көп. Сенімнен шыққан орынға тіпті отбасы мүшелерімен де келетіндер жиіледі. Айгерімнің ендігі арманы Ақтау қаласында үлкен заманауи клиникасын ашу. Бұл оның жоспарларының біріншісі деуге болады.
Халық таңдауындағы дәрігер болу үшін дәрігерлік мамандықты шын жүректен таңдау керек. Бұл саланы игерген адамның мойнына жүктелер жауапкершілік те соғұрлым ауыр. Дәрігер болуды арман ететіндер өте көп. Бірақ екінің бірі дәрігер бола алмасы анық. Дәрігерлік қызметке деген қызығушылық пен мамандық алу тым жеткіліксіз. Оның адам өміріне деген жауапкершілігі, құлшынысы мен адалдығы, адамдығы маңызды. Дәрігер үстіне киген ақ халатына кір келтірмеуі керек. Сабыр, төзім, шыдамдылық! Міне, осы қасиеттер ақ халаттылардың өмірлік серігіне айналуы қажет.
Айгерімнің жанында жанашырлары ата-анасы, бауырлары мен асыл жары және қайын інісі бар. Өзіне қамқор болатын жандар барда оның елге қалтқысыз қызмет ете берері сөзсіз. Ол стоматологиямен қатар психологиямен, Кундалини Йогамен, Рейкимен, Нейрографикамен айналысады. Бассейнге жиі барады. Алыс-жақын шетелдерге саяхаттауды жаны сүйетін дәрігердің еңбегіне жеміс тілеп, ақ маржандай тістің сақшысы болып, көптің батасымен өсіп-өне бер демекпіз!