Халықтың алғысын арқалаған ардақты жан
Заманның қиын-қыстау тұсында, тұрмысты ақша билеген уақытта қай салаға болмасын оның салқыны тимей қоймады. Әркім өзінің екі қолына бір күрек деп, азынаулақ айлыққа шыдамай, сауданың соңынан кетті. Медицина саласында да сондай жағдайлар көп болды. Көбісі кетіп, азы қалды. Шын мәнінде медицинаны жан тәнімен жақсы көрген сала мамандары өз орындарында қалып, қолдарына түскен айлыққа шүкіршілік етті. Алдағы күннен мол үміт күтті. Сондай жандардың бірі, халық алғысына бөленген білімді де білікті маман, жүрек ишемиялық аурулары және радиация күлгін сәулесінен зардап шеккен мыңдаған науқасты емдеп, қатарға қосқан, киелі Түркістан қалалық орталық ауруханасының кардиология бөлімшесінің кардиолог дәрігері Юнусова Зухра әңгімемізге арқау болып отыр. Парасат пайымы келіскен, жылы шырайлы, адам жанын тереңінен түсіне білетін ақ халатты абзал жанның жанында қайсыбір науқас болмасын өзін жайлы сезінеді. Ауыр науқасына шипа тауып, дәрігермен сөйлескен алғашқы сәттен-ақ тұла бойларында үміт сәулесі қылаң береді. Әрбір науқасының тілін тауып, емінің шипалы болуына барынша еңбектенеді.
![]()
Юнусова Зухра 1949 жылы Тәжікстан елінің астанасы Душанбе қаласы, Құмсангер ауданында дүниеге келген. 1966 жылы Рудаки атындағы орта мектепті бітірген. Жас түлек Душанбе мемлекеттік медицина институтының емдеу факультетіне оқуға түсіп, оны 1973 жылы жақсыға бітірген. 1973-1974 жылдары Душанбе қаласындағы №3 Республикалық клиникалық ауруханада интернатурадан өтті. Жас маман алғашқы еңбек жолын осы ауруханада дәрігер болып қызмет етуден бастаған.
Қуғын-сүргін жылдары сол елге жан сауғалап қоныстанған қазақтар отбасының асыл арманы – елге қайта оралу еді. Сол арман 1974 жылы орындалып, әкесі Әуелбек пен анасы Құрбанай екеуі Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан қаласына келіп, қоныстанады. Ол 1974-1977 жылдары Түркістан аудандық емханасында дәрігер-терапевт болып еңбек жолын жалғастырды. Емдеу бөлімінің меңгерушісі Ахмет Шәріпұлы Мырзахметов алғашқы тәлімгер-дәрігері ретінде көп қолдау көрсетті. Сол кісіден үйренген өмірлік ақыл-кеңестерін басшылыққа ала отырып, өзі де талай жас маман дәрігерлерге тәлімгер бола білді. 1977-1979 жылдары Түркістан қалалық орталық ауруханасында дәрігер-ординатор, 1979 жылдан бастап кардиология бөлімшесінің меңгерушісі қызметін абыроймен атқарды.
![]()
– Атамекенге оралғанда қатты қуандық. Өзге елде туып өскендіктен, қазақ тілі мен салт-дәстүрімізді барынша қадірлеп өстік. Отбасында ата-анамыз тек қазақ тілінде сөйлетті. Біз ойын баласы ретінде тәжік, өзбек, орыс балаларымен араласа жүріп, кішкентайымыздан 4 тілді еркін меңгеріп өстік. Балалар арасында әңгімеміз қай тілде өрбісе, аяғына дейін сол тілде сөйлесетінбіз. Әкемнің бар арманы атамекенге оралу болатын. Осылайша 1968 жылы алдымен анам, кейіннен әкем атамекенге қоныс аударды. Ал мен оқуым аяқталғанша қалатынымды айттым. Оқуымды аяқтап, дәрігерлік жұмысқа орналасқан кезде әкем қуана қоймады. Себебі осында тәжік жігітіне тұрмысқа шықса, сол жақта қалып қоятын болды деп уайымдаған еді. Алайда, ата-анамды қуантып, мен де атамекеніме оралдым. Әкем Әуелбек: «Қызым, еліңе адал еңбек ет»,- деп қайта-қайта айтып отыратын. Сол бір аманаттап кеткен бір ауыз сөзі мені ешкімнің ала жібін аттамауға жетеледі. Ал әкемнің осы сөзін бүгінде ұрпағыма аманаттап отырамын.
Иә, туған халқымның жақсылығын көп көрдім. Бірден-ақ жұмысқа орналастым. Жас болсам да өз ортама тез үйренісіп, бауыр басып, ауызбіршілікпен, ұйымшылдықпен жұмыс жасауымның арқасында аз ғана уақыт өткенде еңбегімді бағалаған ұжымым кардиология бөліміне меңгеруші етіп көтерді. Отбасымыз үшін Нышанов Тыныбек ағаның орны тым бөлек. Білікті дәрігер ретінде жолдасым Молдабай екеуміздің де ұстазымыз бола білді. Сонымен қатар «Парасат» орденінің иегері Сәуле Әбсейтовамен арадағы сыйластығымыз әлі күнге дейін жалғасып келеді.
Адам өмір бойы оқу керек. Білімін өмірде дұрыс қолданып, өз саласының біліктісі атанып қана қоймай, өмір бойы ізденумен, тәжірибе алмасумен, білімін шыңдаумен өсе беруі керек. Себебі медицина – адамның өмірі, ал адам өмірімен әзілдеуге бомайды. Жастарға да ылғи мамандыққа адал болыңдар деуден шаршамаймын,- дейді ардагер-дәрігер.
![]()
Білікті маман, медицина саласына саналы ғұмырының 45 жылын арнаған жоғары санатты дәрігер-кардиолог Зухра Юнусова үнемі өз біліктілігін арттырып, үздіксіз ізденуінің арқасында жоғары санатты дәрігер атанып, қажырлы еңбегі еленіп, елдің алғысына бөленді. Еткен еңбегінің жемісін көріп, лайықты марапат иесі де болды. Ол Алматы «Чернобыль офицерлері» одағының «Герой Чернобыля», «Ядролық сынақ және зілзала мүгедектері мен ардагерлері» Халықаралық одағының «За доброту, милосердие и сострадание», «Құрмет - АВ» қоғамдық бірлестігінің «Ерен еңбегі үшін», республикалық «Ұстаз жолы» қоғамдық қорының «Алтын дәрігер», «Еңбек даңқы» медальдарын және «Ардақты ардагер» орденін, «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподағының үздігі» төсбелгілерін омырауына жарқырата таққан. Сонымен қатар салалық наградалары, Кеңес Одағының батыры, «И.В.Панфилов атындағы 8-ші гвардиялық атқыштар дивизиясы ардагерлері» қоғамдық қорының, «Қазақстан ардагерлері» Ассоциациясының және «Ерекше Тәуекелшіл Сарбаздары» қоғамдық бірлестігінің «Отан қорғаушы» Құрмет белгісінің иегері. Ресей Федерациясы психология ғылымдары халықаралық академиясының Құрметті мүшесі, Түркістан қаласының Құрметті азаматы.
Алғысқа бөленген жан жұбайы Молдабаймен бірге мерейлі отбасында 4 ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Бүгінгі күні асыл әже немере сүйіп, қызықшылығын көруде. Жұбайы Алиев Молдабай Қожабайұлы да ұзақ жылдар бойы денсаулық сақтау саласында беделді қызмет атқарған абыройлы азамат. Саналы ғұмырын денсаулық саласына арнап, өмір бойы бас дәрігер қызметінде болған. 2021 жылдың 30 наурызында өмірден озды.
Дәрігерлер отбасында дүниеге келген олардың балалары да бүгінгі күні әр салада абыройлы қызмет етіп, елдің, халықтың ыстық ықыласына бөленіп келеді. Тұңғышы Роза Молдабайқызы 1976 жылы дүниеге келген. Түркістан қалалық емханасының ересектер бөлімінде диагностика бөлімінің меңгерушісі, акушер-гинеколог, жоғары дәрежелі дәрігер. Эльмира Молдабайқызы 1977 жылғы, М.Әуезов атындағы ОҚУ Экономика кафедрасында аға оқытушы. Мұхтар Молдабайұлы 1978 жылдың тумасы. Петропавл қаласында Аққайың аудандық сотының төрағасы, оның жары Зулайхо Сайдахметова акушер-гинеколог, жоғары дәрежелі дәрігер.
![]()
Ал кенжетайы Сабира Молдабайқызы 1984 жылы жарық дүниеге келген. Бүгінгі күні ҚР БП Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Ақмола облысы бойынша басқармасында аға прокурор қызметінде. Зухра Юнусованың 5 немересі Қазақстанның атақты университеттерінің студенттері атанып отыр. Өзінің сүйікті немересі Ернұр кішкентайынан ақылды, зерек болып өсті. Атасы мен әжесінің қолқанаты болып, қазіргі күні 19 жасты толтырып отыр.
Зухра Юнусова құрметті зейнеткерлік демалысында болса да, елге қазірге дейін қызмет көрсетіп, еңбектеніп келеді. Өмір бойы жинаған тәжірибесін жастар бойына сіңіруден жалыққан емес.
Үлгілі отбасында ата-анасының өнегелі тәлім-тәрбиесін алып есейген кейіпкеріміздің өмір жолы кім-кімді болмасын тәнті етеді. Ел тыныштығын тілеп, немерелерінің қызығын тамашалап, әлі күнге дейін науқас жандарға мейірім шапағатын төгіп, алғыс алып отырған нағыз бақытты жан. Әрқашан жүзіңізден күлкі кетпей, ұрпағыңызбен мың жасаңыз, жақсы жан!
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()