Саласының мақтанышы
Әбу Әли Ибн Сина дәуірінен тамыр тартатын «Дәрігердің үш қаруы бар: қандауыр, шөп және сөз» деген қанатты қағидасы күні бүгінге дейін жетіп, осы салада еңбектеніп жүрген ақ халаттылардың ұранына айналған деуге негіз бар. Себебі дәрігер болу оңай емес. Адал болып, адам денсаулығы жолында барынша көрегендікпен, шыдамдылықпен, сабырлықпен, байыппен еңбек ету кез келген жанның қолынан келе бермейтін күрделі де қиын сала.
![]()
Науқас жанның дертіне дауа, еміне шипа таба білген кейіпкеріміз Мадияр Аманкелдыұлы халық денсаулығын сақтап, салауатты өмір салтын қалыптастыруға өзінің өлшеусіз үлесін қосып келе жатқан білімді де білікті, өз саласының мақтаулы маманы. «Денсаулық басты байлық» деген ұстанымын жүрегіне бекітіп, емдеу саласында жемісті еңбек етіп, көптің алғысын арқалап жүрген дәрігерді емделушілері ылғи да мақтап, оны «Алтын қолды, жұмсақ жүректі дәрігер» деп ардақтайды. Дәрігерді арнайы іздеп келіп, емін қабылдап, сырқаттарынан сауығып кеткен науқастары да жетерлік. Емделушілерінен шексіз алғыс арқалаған азамат сол мақтау мен алғысқа расымен де лайықты. Өйткені, ол өз мамандығын жоғары деңгейде меңгерген, әрі антына адал, абыройы асқақ, ұжым арасында беделі биік дәрігер.
Умирбаев Мадияр Аманкелдыұлы 1991 жылы қаңтар айының 16 жұлдызында Түркістан облысы, Кентау қаласында қарапайым қазақ отбасында дүниеге келген. Ол 1997 жылы №4 Ататүрік атындағы мектеп-лицейінің табалдырығын аттап, бірінші сыныпқа қабылданды. Мектеп жасынан-ақ оқу-білімге құштар болды. Оқу озаты, тәртіпті әрі белсенді оқушы, түрлі пәндік жарыстарда жүлделі орындар алып, өзінің жан-жақтылығымен, ізденімпаздығымен көзге түсті. Мектептің қоғамдық өміріне де белсене қатысып, ұстаздарының сүйікті шәкірті, мектептің мақтанышы атанып, 2008 жылы алтын ұясын ойдағыдай аяқтап шықты. Жас түлек арман жетегімен өзі қалаған Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық университетіне оқуға түсіп, аталмыш оқу орнын 2013 жылы «Жалпы медицина» мамандығы бойынша жақсыға бітіріп шықты. Студенттік жылдары мамандығына қатысты қосымша түрлі ғылыми оқулықтарды оқып, білімін толықтырып отырды. Жан-жақты ізденуінің арқасында оқып жүрген саласын терең меңгеруге ұмтылды. Дипломды жас маман 2013-2015 жылдары Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық институтында «Хирургия» мамандығы бойынша интернатурада білім алды. 2015-2017 жылдар аралығында ОҚМФА, «Медицина» мамандығы бойынша магистр ғылыми дәрежесін иеленді. Білімге құштар жас 2017-2019 жылдары АҚ «ҚазОжРҒЗИ» «Онкология» мамандығы бойынша резидентураны тәмамдады. 2020 жылдың қыркүйегінен Қоғамдық денсаулық сақтау РҺD докторанты атанды.
![]()
Білімді маманның еңбек жолы 2015 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық онкологиялық диспансерінде онколог дәрігері болудан басталды. Жұмыс барысымен танысқан бойда ол өзін жас маман емес, білікті дәрігер ретінде көрсете біліп, саланы тез игеріп кетті. Сонда да болса, ол аға буын мамандардың ақыл-кеңесіне құлақ салып, ой-пікірлерін тыңдай жүріп, тәжірибе жинақтап, өз жаңалықтарын да енгізе білді. Жаңалыққа жаны құмар білікті маманды үлкен ұжым Мадияр Аманкелдыұлының қарым - қабілететінен ә дегеннен-ақ тани бастады.
Мадияр Аманкелдыұлы – өзінің біліктілігінің арқасында қай жерде қызмет етсе де, адалдығымен, ақыл-парасатымен, көпшілдігімен, ұйымшылдығымен, көрегендігімен, бастысы адамгершілігімен елге сыйлы азамат. Ол 2017 жылы «ҚазОжРҒЗИ» АҚ дәрігер-онколог болып жұмыс істеді. Ал 2018-2019 жылдары Түркістан облысы «Облыстық клиникалық ауруханасында» дәрігер-онколог, химиотерапевт қызметтерін атқарды. 2019 жылдың 11 қарашасынан бастап химиотерапия бөлімінің күндізгі стационарының меңгерушісі қызметін абыройлы атқарған ол 2020 жылдың наурызында Талдықорған қаласындағы ШЖҚ «Облыстық көпсалалы клиникасына» директордың медициналық қызмет сапасын бақылау жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалды. 2020 жылдың 27 желтоқсанынан бастап ШЖҚ МКК «Облыстық көпсалалы клиника» директоры қызметін абыроймен атқаруда.
![]()
– Дәрігерлік құрметті мамандық. Дәрігер мамандығы бала күнімнен бергі арманым болатын. Мектепте «Кім боламын?» деген сұраққа көп ойланатынмын. Алайда, ішкі ойым, жүрек қалауым болашақта дәрігерлік жол менің бағымды ашатынына сендіретін. Сол қалауым айқын мақсатыма айналғанда қателеспегенімді түсіндім. Жоғары оқу орнына түскеннен кейін хирургия саласына қызығушылық таныттым. Интернатураны хирургия саласы бойынша тәмамдағаннан кейін ғылым саласын қатар алып жүру мақсатымен магистр дәрежесіне қол жеткіздім. Онкология саласы – психоэмоционалды тұрғыда ауыр болса да, ғылыми тұрғыда үлкен зерттеулер мен дәлелді тұжырымдарды қажет ететін медицинаның қызықты саласы. Мен оқудан, ізденуден еш уақытта жалыққан емеспін. Ата-анам бала күнімнен бергі арманымды құптап, үнемі «Жақсы дәрігер адамдарға көмектессем деген ізгі ниеті арқылы Алланың разылығына бөлене алады, сонымен қатар адамдардың да шексіз алғысын алады»,- деп отыратын. Менің алғашқы тілекшілерім – отбасым. Солардан күш-қуат аламын. Жалпы сау денеде сау рух болады ғой. Қазақ «Дені саудың жаны сау» деп тегін айтпаған. Дәрігер асқан мейірімнің әрі көркем мінез-құлықтың иесі болуы керек. Көркем мінез-құлық кез келген адамның көркі екені белгілі. Ал бұл қасиет дәрігерге тән болса, тіпті, керемет емес пе?! Дәрігер науқасқа мейірімділік, жұмсақтық танытып, жылы сөздермен жұбатып, жағдайын сұрап тұруы нағыз адамгершіліктің белгісі дер едім. Ауру адамға тәкаппарлықпен қарамай, емделушілерін жылы қабылдап, үмітпен шығарып салуы керек. Сонымен қатар құпияға берік болғанда ғана емделушісінің жанына дауа бола алады. Адам дәрігерге барар жер, басар тауы қалмағанда, тығырықтан жол іздеп барады емес пе?! Әр науқасыма жақынымдай қарауға тырысамын. Халықтың денсаулығы жолында тынбай еңбектене беремін, - дейді кейіпкеріміз.
![]()
Адамзат баласы үшін денсаулық сақтау саласының орны қашан да айрықша. Бұл саланың еңбеккерлері Гиппократ антын қабылдап, халықтың ықыласы мен алғысына бөленіп жүрген жандар. Ерінбей еңбек етіп, өзіне де, еліне де зор пайдасын тигізген ақ халатты абзал азаматтың еңбегі өзгелерге үлгі етуге әбден лайықты. Ол өзінің еңбек жолында 30 ғылыми мақала жазды. Оның ішінде 14-і Халықаралық деңгейлі басылымдарда жарық көрді. 2021 жылы 18-19 қыркүйекте Ресей Федерациясының Грозный қаласында өткен «Сфера» ІІ Халықаралық эмболизациялық форумы, «Жас ғалымдар» сайысында «Метастатикалық гепатоцеллюлярлы обыры бар науқастарда трансартериалды химиоэмболизация мен таргентті терапияны қолдана отырып қосарланған ем жүргізу. Қазақстандағы алғашқы тәжірибе» тақырыбымен жүлделі II орын иегері атанды. Сонымен қатар метастатикалық гепатоцеллюлярлы обыры бар науқастарда трансартериалды химиоэмболизация мен таргентті терапияны қолдану және инновациялық технологияларды қолдана отырып, бауыр циррозы бар науқастарда портокавалды шунттау әдісін жетік меңгерген білікті маман.
Адамзатқа қамқор пейілін ешқашан пұлдамайтын, емі үшін барлық күш-жігерін аянып қалмайтын дәрігердің еңбегі ұшан-теңіз. Расында, ақ халат кию үлкен жауапкершілікті арқалау деген ұғымды білдіреді. Яғни қандай да науқас болмасын, қандай жағдай болмасын, ақ халатты абзал жан адам өміріне жауапты болады. Сондықтан да дәрігер адам анатомиясын өте терең білумен қатар, кез келген жағдайдағы науқастан жиіркенбейтін, қаннан қорықпайтын, адам тағдырына немқұрайлы қарамайтын, жүйкесі мықты болуы керек. Адам – жер бетіндегі тіршілік иесі, қоғамның басты байлығы. Сол адамның өміріндегі ең бағалысы ол, әрине, денінің саулығы. Сондықтан да науқастың жанына шипа беріп, көңіліне үлкен үміт сыйлап, оған екінші өмір сыйлайтын денсаулық сақшысына елдің айтар алғысы шексіз.
Дәрігер болу үшін үлкен жүрек, шыдамдылық, білім мен біліктілік, сақтық, ұқыптылық, жауапкершілік, адалдық, мейірімділік, адамның тәнін ғана емес, жанын да емдей алатын психолог бола білуі керек. Бастысы, мамандығын шексіз сүюінде. Әрдайым ізденісте жүретін, қиындықпен бетпе-бет келіп жүрген ақ халаты мен антына адал дәрігер Мадияр Аманкелдыұлы отбасында жанашыр ұл, қамқор әке.
Еңбегіңіздің жемісін жеп, абыройыңыз арта берсін дейміз.
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()