Шадаева Айгуль

Рейтинг:

Қалтқысыз қызметімен құрметті

      Төбелер көп өмірде, ал биіктер санаулы,
      Ұнатады ел сондықтан биікке көп қарауды,
- деп Мұхтар Шаханов жырлаған осы өлең жолы ойыңа еріксіз оралады. Себебі құба жонның құланындай зымырап жатқан жарық дүниеде, жанымызда жүрген пенделердің ішінен дараланып шығатын тау тұлғалы жандарды елеп, олардың жасап жүрген қалтқысыз қызметтерін ой елегінен өткізіп, өмір толқынында тағдыр түйістірген абзал жандарды көпке насихаттап, басқаларға үлгі-өнеге ретінде паш ету азаматтық парыз дер едік.
      Сыр елінің қасиетті топырағында дүниеге келіп, халқына адал қызмет етіп, көпшіліктің алғысына бөленіп жүрген періштедей таза, кең жүректі ару – Шадаева Айгуль Умиртаевна өз ісінің майталман маманы деуге әбден лайықты. «Ауру адам сандалады, даулы адам сандалады» демекші, дертіне дауа іздеген қаншама жанның жаны мен тәнін емдеп, шипасын дарытқан «ДЕМ МАССАЖ» орталығын басқарып, айрандай ұйыған ұжымға ұйытқы болып отырған Айгуль Умиртаевна ер-азаматқа бергісіз жүкті арқалап жүрген ардақты жан. Өз саласын жанындай жақсы көретін ол жанына жиналған жұмысшыларына да білгенін үйретуден бір жалыққан емес. Қашан көрсең де жүзі жайнап, алдына келген жандарды жылы қарсы алып, алдымен ақыл-кеңесін беріп, сонан соң әрқайсының қажеттіліктеріне орай ем тағайындап, барынша ұқыптылықпен жұмысын бастайды. Оның бір қасиеті – ақша билеген нарықтық замандағы кейбіреулер секілді қалтасын қалыңдатуды ойламайды. Барынша адал қызмет көрсетіп, елдің алдымен алғысын алсам дейді. 
      «ДЕМ МАССАЖ» емдеу орталығы Қызылорда қаласы, Қорқыт ата көшесі, 110-үйде орналасқан. Орталықта емдік массаж парафин-банкамен, балалар массажы, бет массажы, бас массажы, диагностика қою, түнгі энурез, хиджама, электрофорез, ЛФК, улитка терапия және тағы да басқа көптеген қызмет түрлері бар. Емдеу-сауықтыру орталығы «Дем» болып өзгертіліп, бүгінде ісіне тиянақты, тәжірибелі мамандар өз қызметтерін көрсетеді. Қай қызметкері болмасын өз жұмысының қыры мен сырын жетік меңгерген, нағыз іскер маман екенін қимыл-қозғалыстарынан, сөйлеген сөздерінен байқауға болады. Келушілерді жылы сөздерімен қарсы алуы бір бөлек, оларға жайлы әрі сапалы қызмет көрсету жағы жоғары деңгейде екенін ел ауыз толтырып айтып жүреді. Бірінен бірі естіп, мұндағы қызметті алушылар саны бүгінгі күні сәт сайын еселеп өсіп те келеді. Рас, бүгінгі нарықтық заманда бәсекелестіктің бәсі күйіп тұр. Кімнің қызмет сапасы жоғары болса, ел сонда ағылатыны сөзсіз ғой. Қала тұрғындарынан бөлек, көрші жатқан аудандардан да келіп жататындар қарасы көп. Бұл, әрине, Айгуль Умиртаевна басқарып отырған орталықтың үлкен сұранысқа ие екенін көрсетеді. 
      Әңгімемізге арқау болып отырған Шадаева Айгуль Умиртаевна 1973 жылы маусым айында Қызылорда қаласы, Қызылжарма ауылында қарапайым қазақы отбасында дүниеге келген. Әкесі Өміртай кезінде қалалық «Энергосеть» электр жүйесін тарату торабында бас маман қызметінде болған, еліне құрметті, абыройлы азамат. Өзінің байсалды, еңбекқор әрі табанды да талапшылдығымен өз саласында көптеген жетістіктерге жеткен көшбасшы. Еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін Өміртай мырзаның жайдары мінезіне, жарқын жүзіне риза болып, көрген жерлерінде қолын алуға асығатын ортасына сыйлы тұлға. Кешірімді болу – адам бойынан табылатын ең ізгі қасиеттердің бірі демекші, әкесі Өміртай: «Ешкімге ренжіме, ол саған ренжіп жүрсе, сен татуласуға бірінші қадам жаса, сонда Алланың нұры жауады»,- деген ұстаныммен балаларына «Ұлық болсаң, кішік бол»,- деп үлгі-өнеге беріп, әрдайым қанаттандырып отыратын. Көпбалалы отбасында тәрбиеленіп бойжеткен Айгуль ата-анасының ақ-адал тәрбиесімен қоса, еңбекқорлықты бойына сіңірді. Ол №144 мектепке бірінші сыныпқа барды. Өзінің жан-жақтылығымен, оқу-білімге деген жақындығымен сыныптастары арасында дараланып, түрлі пәндік сайыстарға қатысты. 
      Сайыстардан үнемі жүлделі орындар алып, ұстаздарын қуанта білді. Сонымен бірге мектептің қоғамдық іс-шарасына да белсене қатысатын. Қандай да болмасын мерекелік шараларда өзінің шығармашылық қабілетімен көпті тәнті ете білетін. Қатарластары арасында зеректігімен, ақылды да алғырлығымен дараланып тұратын өрен алтын ұя мектебін 9-сыныпта үздікке бітіріп шықты. Мектепті бітіріп шыққаннан кейін Орынбор қаласына медициналық колледжге оқуға түседі. Ата-анасына салмақ түсірмес үшін оқуымен қатар жұмыс жасайды. Ресейде жүргенде тәжірибесі мол дәрігерлерден, мейірбикелерден алдағы қызмет жолына үлкен көмегі тиер мол сабақ алады. Колледжді бітіріп келгеннен кейін 1995-2018 жылдар аралығында Қызылорда облыстық «Сәбилер үйінде» мейірбике-тәрбиеші болып қызмет атқара жүріп, массаж саласы бойынша Алматы, Шымкент қалаларында оқып, біліктілікті жоғарылату курстарынан өтеді. 2018 жылы жеке массаж орталығын ашады. Ол жерде Мария Мантессори әдісі бойынша балаларды оқытып, массаж жасайды. Жан-жақты білімінің, ізденісінің арқасында орталықтан еміне дауа іздеген жандар толықтай емделіп шықты. Соның ішінде, сәбилерде дисплазия, мойын қисаюы, инсульттан кейінгі ем, аяқ буыны ауырған жандар шипасын тапты.
      – Ата-анам менің үлгі тұтар жандарым. Әкем Өміртай талай жылдар бойы басшылық қызметте болып, жан-жағына жақсы мен жайсаңды жинай білді. Анам Тәжігүлмен бірге 11 перзент сүйіп, барлығымызға дерлік өте жақсы тәрбие берді. Ата-анамыз әр баласын өзінше жақсы көріп, әртүрлі еркелетіп отыратын. Әр баласының өзінше қабілетті екенін айтып, дастархан басында мақтап, мерейімізді өсіретін. Бала үшін ата-анасының мақтауы ең қымбат нәрсе ғой. Үйемелі-сүйемелі 11 баланы тәрбиелеп, өсіріп отырған ата-анама елдің сүйіспеншілігі де бір бөлек болатын. Елде сыйлы, өнегелі отбасылар қатарынан көрініп, «Өміртайдың баласы»,- дегенді естіп өстік. Ата-анамыздың бар айтатыны: «Білімді болыңдар, қалған тіршілік жасала береді, сабақтан бас алмаңдар!»,- дейтін. Біріміздің киімімізді біріміз киіп, үлкеніміздің айтқанын заң қылып орындайтынбыз. Үлкен болып, кішілерімізге қамқорлық танытамыз. Көпбалалы отбасы болсақ та, шаңырақта қатты дауыс шықпайтын. Барлығымыз өз жұмысымызды жақсы білеміз. Біріміз анамызға болысып, ас бөлмесіне өтсек, басқамыз үй жинап, дала жұмыстарын да бітіріп тастайтынбыз. Ата-анамыздың күн ұзақ жұмыстан шаршап келгенін байқап, бала болсақ та, бәйек болып жүретін едік. Бұл, әрине біздердің сол үлкендерімізден үйреніп өскен тәрбиеміздің жемісі еді. 11 баланы ата-анамыз ештеңеден кем етпей, таршылық көрсетпей өсіріп, жеткізді. Көйлегіміз көк, тамағымыз тоқ болды. Соның барлығына үлгеріп жүретін ата-анама таң қаламын бүгінгі күні. 
      1990 жылдардағы тоқырау кезі бәрінің есінде болар. Бірде бар, бірде жоқ кезеңдер келіп, елдің тынышы кеткен кезең еді ғой. Нанды талонмен адам басына беретін кездерді де көрдік. Ақшамызға қажетті затымызды таппай, сандалған уақыттар да өтті. Әркім өзінің ала дорбасын арқалап, қолынан келген ісімен айналысып, отбасын асырауға шықты. Оңай уақыт болмаса да ата-анамыз біздерді сол қиын кездерден білдірмей, ел қатарлы алып шықты. Жалпы менің балалық шағым керемет өтті. Уайым-қайғысыз, алаңсыз әкемізге еркелеп, анамыздың ақылын алып, бауырлар болып бір-бірімізбен тату өстік. Қарапайым отбасы болып, бүгінгі молшылық заманға да жеттік. Қандай уақыттар өтті десеңізші. Бауыр – адамның бауыр еті дейді ғой. Алдыңғы жылы, пандемия кезінде үлкен ағам жүрек талмасынан дүниеден өтті. 
      Қабырғамыз қайысып, ақтық сапарына қимастықпен шығарып салдық. «Бірге тумақ бар да, бірге өлмек жоқ» деген ғой. Қалған бауырларымның барлығы өз отбасыларында баянды тіршілік кешіп жатыр. Ата-анамыз барлығымызға жоғары білім алып берді. Бүгінде барлығымыз беделді қызметтеміз. Аллаға шүкір деймін. Мен бақытты жанмын. Өзімнің жаным қалайтын іспен айналысып, елге қолымнан келгенше пайдамды тигізсем деп жүрмін. Алдағы уақытта көптеген жоспар-міндеттерім бар. Алла соған күш-қуат берсін,- деген Айгуль Умиртаевна өзі де 3 ұл тәрбиелеп отырған аяулы ана. Тұңғыш ұлы Нұр-Сұлтан қаласында жеке ісін дөңгелетіп отырған кәсіпкер. Екінші перзенті Е.Әуелбеков атындағы дарынды балаларға арналған №4 мектеп-интернатының оқушысы. Кенже ұлы №12 мектепте 9-сыныпта білім алуда. Айгуль ханым ұлым – ізгі арманым деп, әр баласына ерекше назар аударып, арымызды аяққа таптамайтын, ұлтымыздың ұстанымын сақтайтын, қазақы мінездің қасиетін жоғалтпайтын ізгі ұрпақ тәрбиелеп отырған отбасының ұйытқысы.
      Айта кету керек, Айгуль Умиртаевна басқарып отырған «ДЕМ МАССАЖ» орталығының тағы бір ерекшелігі – инсульт алған мүгедек топтағы жандарға тегін, әлеуметтік жағдайы төмен отбасы мүшелеріне 50% жеңілдікпен қызмет түрлерін көрсетеді. Иә, бұл қазіргі кезде керек-ақ нәрсе. Ел осындай игілікті істің пайдасын көріп, алғыстарын жаудырып кетуде. Өнегелі ата-ананың тәрбиесін алған Айгуль Умиртаевна тек өз саласында қызмет көрсетуден бөлек, қайырымдылық шараларымен де жіті айналысып отырады. «Қарттар күні» мерекесінде қазыналы қарттарымызға да тегін қызмет жасап, ақ батасын алып жүреді. Сонымен қатар массажға қызығушылық танытқан тұлғаларды жан-жақты оқытып, сертификатталған маманға айналдырып, өз кәсібін ашуға мүмкіндік береді. «Ұлық болсаң, кішік бол!» демекші, Айгульдің өзі қандай қарапайым, кішіпейіл болса, өзі басқарып отырған орталықтың мамандары да ізеттілігімен, жылы сөздерімен жаныңа шуақ сыйлайтын, керемет жандар екенін айтпай кетуге болмайды. Халыққа адал қызмет етіп жүрген Айгуль Умиртаевна мен ұжымдастарына кәсіптеріңіз алға бассын деген тілек айтамыз. Халықтың алғысы мен ақ батасын алып, көркейе беріңіздер демекпіз. Іскер жанның алар асулары әлі алда. Кәсібін одан әрі кеңейтуді мақсат тұтады.
      «Әлемнің әміршісі – еңбек» дейтін болсақ, ел ішінде еңбекпен есейген, сол арқылы жетістікке жетіп, абыройға бөленген отбасылардың қатары артса, болашағымыз да жарқын болмақ. 
      Кейіпкеріміздің берекелі тірлігіне сүйсіне қарап, өркен жая берсін деген тілектеміз. 
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...