Әйтбембетов Бегалы

Рейтинг:

Бедел биігінде

      Адам баласының кешкен ғұмыры оның елге еткен қызметімен және тәрбиелеп өсірген ұрпағымен мағыналы болады. Адамды өсіретін – оның еселі еңбегі. Соның айғағы болар, адамгершілік биік болмысымен абыройға бөленген Медицина ғылымдарының докторы, профессор, Профилактикалық медицина академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бегалы Нұрманұлының есімі Сыр өңірінің ғана емес, ел медицинасының тарихында алтын әріптермен жазылып қалған.
      Әйтбембетов Бегалы Нұрманұлы 1939 жылы қазан айының 15 күні Қызылорда облысы, Қазалы ауданына қарасты Ф.Энгельс атындағы колхозда қарапайым отбасында дүниеге келген. Орта мектепті аяқтағаннан кейін арман жетегімен білім іздеген жас 1958 жылы Семей мемлекеттік медицина институтына оқуға түседі. Аталмыш оқу орнын «Емдеу ісі» мамандығы бойынша ойдағыдай аяқтап шығады. Жан-дүниесі оқу біліммен қатар шығармашылыққа жақын білімді жас мектепті де, жоғары оқу орнын да үздіктер қатарында тәмамдады. Жаңалыққа құлақ түре жүріп, медицинадағы соңғы жаңашылдықтарды өз саласына енгізуде басқаларға үлгі көрсете білді. 1964 жылы Шымкент облысының Түркістан аудандық медицина бірлестігінің бас дәрігерінің орынбасары болып тағайындалып, сол жылдары әкімшілік қызметімен қатар Түркістандағы медицина училищесінде ұстаздық қызмет атқарды. Медицина саласында оқимын деген талай жастың бағын ашып, олардың таудай талаптарын шыңдап, сапалы да білімді мамандарды дайындады. 
      Бедел биігіндегі азамат 1966-1970 жылдар аралығында Шымкент облысының Бәйдібек ауданында бас дәрігер болып жемісті еңбек етті. 1970 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтының аспирантурасына түсіп, «Состояние некоторых показателей окислительно-восстановительных процессов у больных ревматизмом» атты тақырып бойынша кандидаттық диссертациясын үздікке қорғап шықты. Жемісті еңбегі шабыттандырған ол диссертация дайындау барысында жинақталған білімін іс жүзіне асыру мақсатымен, Алматыдағы Мемлекеттік медицина институтының кафедрасына ассистент болып орналасты. 1977 жылы Республикалық клиникалық ауруханасы бас дәрігерінің емдеу істері бойынша орынбасары болып бастап, 1977-1985 жылға дейін бас дәрігер қызметін жалғастырды. 1985 жылы «Токсические поражения печени при хронической профессиональной фосфорной интоксикации» атты тақырыпқа докторлық диссертация дайындап, Ленинград тазалық-гигиеналық медициналық институтында тамаша қорғап шықты. 1985 жылдан 1994 жылға дейін Мемлекеттік медицина институтында ішкі аурулар кафедрасының меңгерушісі болды. 1988 -1992 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінде бас терапевт қызметін қоса атқарды, сондай-ақ 1992 жылдан Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінде бас гематолог болып жұмыс істеді. 1994 жылдан 2000 жылға дейін гигиена және кәсіби сырқаттар ғылыми-зерттеу институтының директоры қызметін атқарды.
      Бегалы Әйтбембетовтың бастауымен институт жаңа ұйымдастыру деңгейінде гигиена және эпидемология ғылыми орталығына айналып, ол гигиена және эпидемология ғылыми орталығының Ғылыми кеңесінің төрағасы болды. 2000 жылы Республикалық клиникалық психиатрия ауруханасының (РКПБ) бас дәрігері болып тағайындалды. Сол жылы оның тікелей ұсынысымен РКПБ негізінде психиатрия, психотерапия және наркомания ғылыми-практикалық орталығы құрылып, 2003 жылы осы орталықтың директоры болып тағайындалды.
      Ғалым, дәрігер өзі басқарған медицина мекемелерінің қызметкерлері алдында еңбегіне лайық абыройы жоғары болды. Білімді көшбасшы ретінде әріптестеріне өзінің ақыл-кеңесін беріп, әрдайым қолынан келгенше қолдап отырды. Дәрігердің 220 ғылыми еңбегі жарияланды. Екі рационизаторлық ұсыныс пен жаңалық ендірді, медицина саласында 8 монография мен оқулық жариялады. Оның тікелей жетекшілігімен дайындалған «Ішкі ағза ауруларының пропедевтикасы», «Ішкі аурулар диагностикасы», «Хронический фосфорный гепатит», «Гепатит – бауырдың қабынуы», «Іш құрылыс ауруларының күтімі» атты медицина университеттеріне арналған оқулықтар қайта-қайта басылды. Ғалымның жетекшілігімен 5 докторлық, 23 кандидаттық диссертация қорғалды. Оның ғылыми байланыстары мен жарияланымдары, білім беру орталықтарында жасаған баяндамалары АҚШ, Италия, Дания, Франция, Ресей, Латвия, Литва тәрізді шетелдерде оқылған. Профессор Бегалы Әйтбембетов Республиканың клиникалық ауруханасының бас дәрігері болды. 
      Бегалы Әйтбембетовтің жетекшілігімен Арал өңіріндегі экологиялық жағдаяттың салдарынан бауыр ауруларының қабыну себептеріне арналған ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді. Оның ғылыми мектебінің арқасында, күріш өсіру барысында карбамат тыңайтқыштардың зияны жайлы, бауыр ауруын болжаудың және емдеудің амалдарын қарастырды. Өзінің кең ауқымды еңбек жолында қоғамдық жұмыстардан да қалыс қалған жоқ. Атап айтқанда, ол Қазақ ССР Шымкент облысы, Алғабас аудандық депутаттар Кеңесінің депутаты, Алматы қаласы Ленин ауданының депутаты, сайлау комиссиясының төрағасы болды.
      Медицина саласындағы ұйымдастырушылық және ғылыми жетістіктері үшін «Ерен еңбегі үшін» медалін омырауына жарқырата тақты. «Қазақстанның еңбегі сіңген қайраткері» құрметті атағын иеленді. «СССР денсаулық сақтау үздігі», «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін», «Қазақстан Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Өмір үшін қызмет» төсбелгілерімен марапатталды. СССР және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрліктерінің көптеген алғыс хаттары мен грамоталарын алды. 
      Айта кететін тағы бір елеулі дүние, ол өз қаражатына Қазақстанның ХІХ ғасырдағы тарихи жәдігері ретінде бағаланған ұлы атасы Сырлыбайдың кесенесін қайта жөндеуден өткізді. Оның бастауымен және Қазалы ауданының әкімшілігі мен аудан қауымдастығының қолдауымен Cырлыбай ханның 200 жылдығына арналған бірнеше шара өтті. Арал өңірі тұрғындарының денсаулығын қорғау жолындағы ерен еңбегі үшін Қазалы ауданының Құрметті азаматы, «Қазалы қаласының 150 жылдығы» медалін иеленді. 
      Парасат-пайымы келіскен, байсалды мінезді абзал азамат үлгілі отбасының отағасы. Жұбайы Әйтбембетова Камал Ақамбайқызымен өнегелі өмір сүріп, сүйікті жар, үлгілі әке бола білді. Жұбайы Камал халыққа қызмет ету саласында еңбек етті. Алматы қаласындағы «Люкс» сән ательесінің директоры қызметін атқарды. Мерейлі отбасында екеуі үш бала тәрбиелеп, өсірді. Тұңғыш қызы – Алма, медицина ғылымдарының кандитаты, Ресей академиясының профессоры, белгілі психотерапевт. Екінші қызы – Аида, экономика ғылымдарының докторы, профессор, Әл-Фараби атындағы Ұлттық университетінде қызмет жасайды. Кенже ұлы – Алмабек, дәрігер-нарколог.
      Адам өміріне араша түсетін дәрігерлік мамандықты кез келген адам таңдай бермейді. Расында, ақ халат кию үлкен жауапкершілікті қоса алу деген ұғымды білдерді. Қоғамның басты байлығы – адам. Сол адамның өміріндегі ең бағалысы, әрине, денінің саулығы. Сондықтан да науқастың жанына шипа беріп, көңіліне үлкен үміт сыйлап, оған екінші өмір сыйлаған білікті азамат қандай мақтауға да лайықты. Дәрігер болу үшін үлкен жүрек, шыдамдылық, білім мен біліктілік, сақтық, ұқыптылық, жауапкершілік, адалдық, мейірімділік қасиеттерімен адамның тәнін ғана емес, жанын да емдей алатын психолог бола білген азаматтың абырой-беделі көп алдында биік. 
      Жоғарыда айтып өткендей, адам баласының сүрген өмірінің мағынасы – оның еткен еңбегі мен ізін жалғастыратын ұрпағы. Осы тұрғыдан алғанда, халық игілігі жолында адал қызмет атқарып, саналы ғұмырын халық денсаулығына арнап, елдің алғысын алып жүрген ақ халатты мейірбан жанның ұрпақтары да әке жолын абыроймен жалғап, өз салаларында жемісті қызмет етіп келеді. Өз міндетін мінсіз атқара білген ақ халатты абзал жанның болмысы жұртының жүрегінен өшпестей орын алды.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...