Халық құрметіне бөленген азамат
Дәрігер бойға дендеген ауруды сылып тастау үшін қаншама тер төгіп, ұйқысыз түндер өткізеді. Медицина саласын таңдаған дәрігер үшін, ең бірінші, жұмысына деген ұқыптылық болуы қажет. Түрлі аурулармен келген науқастармен психологиялық түрде де жұмыс жасау қажет. Шыдамдылық пен сыпайылықты да қатар алып жүру керек. Науқас толығымен ем қабылдамайынша, тыным таппайтын жандардың еңбегі жоғары мақтауға лайықты. Медицина сан салаға бөлінгенімен, травматологияның орны бір бөлек. Әрі олардың «Жарақат немесе сынықты емдемейміз, біз ең бірінші адамды емдейміз»,- деген өзіндік ұстанымдары бар. Дәрігер ешқашан оқып-тоқыдым деп айтпайды. Сондықтан да олар өмір бойы ізденіс үстінде жүреді. Білімін жетілдіріп, біліктілігін арттырады. Рас, бас ауырып, балтыр сыздай қалса, ем іздеп, ақ халатты абзал жандардың алдарына барып, ем шарасын алып, ақыл-кеңесіне құлақ түруге тура келеді. Дәрігер қастерлі мамандық. Бұл мамандық иелерінің жауапкершілігі де мол, атқаратын жұмыстары да көп. Травматолог-дәрігер, «Халық құрметі» медалінің иегері Қанат Махсұтұлы бұл салада еңбек еткелі талай жетістіктерге жетіп, лайықты марапатын алып келеді.
![]()
Туманов Қанат 1977 жылдың 16 тамыз күні Жетісай қаласында дүниеге келген. Орта мектепті туған жерінде жақсыға бітіріп, жас түлек арман жетегімен Жетісай Медицина колледжіне оқуға түсіп, аталмыш оқу орнын қызыл дипломға бітіріп шықты. Білімге құштар жас одан кейін Оңтүстік Қазақстан облысындағы Мемлекеттік медицина академиясына оқуға түсіп, оны 2002 жылы ойдағыдай аяқтап, 2003 жылы интернатурадан өтті. Қанат Махсұтұлы травматолог-ортопед маманы. Білікті маман 2013 жылдан бастап Қызылорда қалалық «Денсаулық» ЖШС ауруханасында травматолог-ортопед болып 3 жыл жұмыс істеді. Кейіннен Шымкент қалалық медициналық көмек көрсету ауруханасы травматологиясының шұғыл медициналық көмек көрсету бөлімшесінде 11 жыл қызмет атқарды. Қазақстан бойынша Оңтүстік, Батыс өңірлік «Рациофарм» ЖШС директоры қызметін абыроймен атқарды. Ал 2019 жылы №1 Шымкент қалалық ауруханасының медициналық қызмет көрсету сапасын бақылау жөніндегі орынбасары болып тағайындалды. 2020 жылы Шымкент қаласының №3 қалалық ауруханасының Бас дәрігері болып тағайындалды. Кейін №2 қалалық аурухананың Бас дәрігері етіп ауыстырылды. 2021 жылы қыркүйек айында Шымкент қаласының №1 емханасының бас дәрігері болып сайланды. Қазіргі таңда Түркістан облысы жедел-жәрдем станциясының Бас дәрігері болып қызмет атқарып отыр.
Қай кәсіптің болмасын, өз қызығы, өз қиындығы болатыны сөзсіз. Қанат Махсұтұлын әріптестері өте озық технологиялармен ота жасауды жолға қойған маман ретінде құрметтейді. Қазір барлық заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген, мүмкіндіктер өте мол. Дәрігерге ең қажеттісі, біріншіден, жақсы маман болу. Екіншіден, науқасқа қандай жәрдем керек екенін әрдайым білуі тиіс. Үшіншіден, шаршамаса, шыдамдылық танытса, одан мықты маман шығады.
![]()
– Әрбір медициналық мекеменің сапалы медициналық көмек көрсетудегі негізгі күші ол – заманауи материалдық-техникалық база мен білікті медициналық кадр. Қаншалықты мықты құрал-жабдықтар болғанымен, мамансыз жұмыс алға баспайды. Біздің ұжым беделді мамандармен бай. Жас мамандарға шыдамдылық танытып, өз еңбегін сүйіп істеуін жиі айтудан шаршамаймын. Қазір көбісінің жастарға көңілі толмай жатады. Жастарды қатты сөгу дұрыс емес, себебі біз де жас болдық, аға ұрпақтың ақыл-кеңесін тыңдай жүріп, пістік, алға қадам бастық. Олардың «Әп, бәрекелді!» деген бір ауыз сөзіне мерейіміз өсіп, өзіміздің жұмысымызды одан сайын жақсы жасауға тырыстық. Бұл ретте айтарым, алдымен оларға біздер мықты тәлімгер бола алуымыз керек. Сонда ғана біз ойлағандай жақсы мамандар жасақталады, шыңдалады. Өмір – өзеннің ағысы сияқты өтпелі, бір өткен кез қайтып келмейді. Сондықтан қазіргі келіп жатқан жастарға мамандығын жақсылап игеріп қана қоймай, аға мамандардың іс-тәжірибесіне үңіліп, ақыл-кеңесін тыңдап, биіктен көрініп, халқымызға, елімізге лайықты қызмет атқарса екен деймін. Мамандығым бойынша дәрігер-терапевт ретінде мен мықты тұлғалардан үйренгенім өте көп. Бүкіл болмысымен дәрігер болған адамдар менің ұстаздарым болды. Олардың бойында білім, біліктілік және үлкен адамгершілік қасиеттер ұштасқан. Осындай дәрігерлер ортасында ең нашар деген жас маман да мықты дәрігер болып шыққанына өзім куәмін. Сондықтан да көш жүре түзеледі дегім келеді. Жастық шағымызда бізді үкімет оқытты, кейін жұмысқа орналастырды.
![]()
Өз заманымызда үкіметтен көп жақсылық көрдік, үкімет бізге көп нәрсе берді. Сондықтан біздің заманның адамдары қоғамнан «не алсам» деп емес, «не берсем» деп ойлайды. Мықты деген мамандарымыз науқасқа барын беріп, аянбай көмек береді. Сол бұрынғы кездегі ұрпақ сабақтастығы бүгін де сақталғанын айтқым келеді. Медицинада бір жерден екінші жерге секіре беруге болмайды. Дәрігер боламын деген адам өзінің жасы үлкен, тәжірибелі әріптестерінен алатынын алып, үйреніп алғаны дұрыс. Медицинада материалдық жағдайды жоғары қоятындар ұзаққа бармайды. Бірінші орында адамгершілік, жанашырлық, мейірімділік қасиеттер болуы тиіс. Өміріме ризамын, мектеп қабырғасынан бері хирург болсам деп армандайтынмын. Мақсатыма жеттім. Қайтадан өмірді артқа шегеріп, «Кім болар едің?» десе, ойланбастан, қайтадан осы мамандығымды таңдайтын едім. Халық денсаулығы үшін еңбек атқарып, үлесімді тигізе алдым деп ойлаймын. Бүгінгі күні дәрігер мамандарды білім жетілдіруге Израиль, Кореяға жіберіп жатыр. Олар да білген-түйгенін тәжірибеде қолданып жүр. Әркім өз мамандығын сүйіп істегені дұрыс. Адамның өзінің медицинаға ынтасы болса, жұмыс алға басады деп ойлаймын. Жастар медицина маманы болуға ұмтылса деймін. Себебі бүгінгі күні жасыратыны жоқ, ауылдарда білімді де білікті маман тапшы. Медицинаны таңдап, сан саласының бірін оқыса деймін. Көзіміз көріп отырғандай, бүгінгі күні медицина қатты дамып жатыр. Пандемия кезінде маман жетіспейтіні анық байқалды. Әрі қарапайым халықтың сала мамандарына деген көзқарастары да өзгеріп, дәрігерге деген сенімдері де артты, - дейді білікті дәрігер.
![]()
Травматология саласының жұмысы өте қиын. Кейінгі жастар аға буын мамандарымен бірдей еңбектеніп келеді. Тіпті асып түседі десек те, артық айтпаған болар едік. «Шәкіртіңнің білімі өзіңнен асып түссін» деген сөз бар ғой қазақта. Міне, Қанат Махсұтұлының кезінде өзі үйреткен жастары бүгінгі күні өзін басып-озып, еңбектеніп жүр. Атап айтқанда, атақты Құдайбергенов Марат Әбдразақұлы, травматолог-ортопед, Ресейде оқып келіп, жеке «Сити Мед» клиникасын ашты. Әкесі Әбдразақ Құдайбергенов травматологиядан Қанат Махсұтұлын үйреткен екен, кейіннен білікті маманға өзінің баласын тапсырып, аманаттады. Білімді жас Марат Әбдразақұлы қазір РҺD доктор. Сонымен қатар Алтаев Азамат Елеусізов есімді шәкірті бар. Ол №2 қалалық аурухананың травматологиялық бөлімшесінің меңгерушісі. Осы екі ізбасарымен ылғи да мақтанады. Дәрігер үшін де шынайы бақыт осы емес пе?! Травматология бөлімінің жұмысы Қазақстан бойынша жоғары бағаланады. Бұл расында мақтанарлық мамандық.
Денсаулық сақшысы мықты маман ғана емес, күрескер жан. Қанат Махсұтұлы бір жарым ай ауыр дертіне ота жасатып, қазіргі күні өзін жақсы сезінуде. Аурудың ерте кезінен анықтап, алдын ала тексерілудің арқасында қатерлі ісіктен емделіп шықты. «Қатерлі ісік – бұл үкім емес»,- дейді дәрігер. Дертін жеңген күрескер азамат қазір жедел-жәрдем станциясын басқарып отыр. Марапаттарымен мақтанбайтын мерейлі мамандық иесі өзінің өнегелі отбасымен мақтанады. Жұбайы Қаратаева Шолпан Жақсыбекқызы екеуі 6 бала тәрбиелеп, өсіріп отыр. Жары да медицина саласында, невролог-дәрігер.
Халық құрметіне бөленген білікті дәрігерге мықты денсаулық тілеп, еңбекте абыройлы болып, бедел биігіне көтеріле беріңіз демекпіз.
![]()
![]()