Жұмашева Айман

Рейтинг:

Абырой биігіндегі дәрігер

      Адамға абырой мен бедел еңбекпен келеді. Кімде-кім өзінің жүрек қалауымен таңдаған мамандығын сүйіп істесе, әрі адалынан қызмет етсе, оның еңбегін көпшілік лайықты бағалайды. Жалпы саналы адамның өмірден жаңылыспай таңдайтын дүниесінің бірі – мамандығы. Адам сол мамандығы арқылы өседі, өнеді, жан-жағына танылады, жақсы мен жаманның айырмасын біліп, жанына жақын дос-жар жинайды. Қай мамандықты алып қарасақ та, адам өмірімен тығыз байланысты екенін байқауға болады. Расында, қоғамға, адам тіршілігіне керексіз етіп жаратылған артық нәрсе жоқ. Әр қызметтің рөлі өзінше бөлек. Жазумен айналысатын қаламгер болмаса, бүкіл жаратылыс атаулы мақрұм қалып, мылқау күй кешер ме еді?! Қарапайым құрылысшы мен диханшы болмаса ше?! Сол секілді, дәрігер болмаса, бүкіл адамзаттың өмірі ауыр болар еді. 
      Денсаулық саласы сан салалы. Адам жанын түсіне білу, олардың таным-түйсігін танып, тиісті ем шарасын жасау, дәрігер үшін үлкен жұмысты және көп уақытты талап етеді. Кез келген адаммен тіл табысып кетудің өзі үлкен өнер. Түрлі мінез-құлықпен кездесіп, ауыр науқастарына дауа іздеген жандардың үміт сәулесін жағып, жаңа өмір сыйлайтын ақ халаттылардың беделі бекем, абыройы артық. 
      Қай елдің болмасын, ең алдымен, халқының денсаулығы маңызды. Сондықтан да, бәрінен бұрын, адам емдеуден артық нәрсе жоқ. Қиын да күрделі саланың маманы болу екінің бірінің қолынан келе бермейтіні белгілі. Алдымен оған үлкен жүрек пен темірдей төзім керек. Бастысы, бастаған ісін аяғына дейін жеткізіп, науқасына дем беріп, жаңа өмір бастап кетуіне шынайы ықыласымен көмектесе білуі керек. Біз әңгіме еткелі отырған Айман Владимирқызы көпжылдық тәжірибесі бар, адам жанын терең түсіне білетін психолог, өз ісінің нағыз маманы, жан-жақты білікті дәрігер. 
      Жұмашева Айман Владимирқызы Ақтөбе облысы, Алға ауданы, Бесқоспа ауылында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Әкесі Алға ауданының ауыл шаруашылығы басқармасында агроном болып қызмет етті. Өкінішке орай, асқаралы Алатау болған әкесі 2001 жылы дүниеден озды. Анасы Алға ауданында почта бөлімшесінің басшысы болып еңбек етті. Бүгінгі күні құрметті еңбек демалысына шығып, бейнетінің жемісін көріп отырған зейнеткер. Айман бала күнінен өте елгезек, алғыр да пысық болды. Бір көргенін, естігенін ұмытпайтын, көпшіл әрі бауырмал, жан-жақты ізденімпаз, оқу-білімге құштарлығымен, жаңалыққа жақындығымен қатарластары ортасында дараланып тұратын. Ол 1973-1975 жылдары Бесқоспа ауылындағы 8 жылдық орта мектебінде 1-3 сыныптарды, ал 1976-1981 жылдары Қарағаш 8 жылдық орта мектебінде 3-8 сыныптарды оқыды. Мектептің мақтанышы, ұстаздарының сүйікті шәкірті болған Айман мектептің іс-шараларынан қалмайтын. Қандай да бір шараларды ұйымдастырып, ұстаздарының жанынан шықпай, соның мәнді де мағыналы өтуіне барынша белсене атсалысатын. Шығармашылыққа жақындығы болғандықтан, ұстаздарының айтуы бойынша, қабырға газеттерін шығарып, тырнақалды жазбаларымен де ерекшеленетін. Өте қамқор, кішіпейіл, қолынан келсе, жанындағы жолдасына қолында барын бөліп беруге дайын тұратын. Осындай мінезімен сыныптастары арасында көшбасшы бола білген Айман Владимирқызы 8 жылдықты өте жақсы деген бағамен үздікке аяқтап шықты.
       Айман Владимирқызының балалық арманы ақ халат киіп, елге адал қызмет ету болатын. Сол арманның жетегімен 1981-1984 жылдары аралығында Ақтөбе медициналық колледжінде білім алып, «Медбике» бөлімшесін ойдағыдай аяқтап шықты. 1984-1987 жылдары Ақтөбе облыстық онкология ауруханасында гинекология бөлімшесінде медбике болып жұмыс істеді. Жас та болса өзінің қызығушылығының арқасында, тәжірибелі мамандардың жанында жүріп, ақыл-кеңестерін тыңдап, өзіне қажетті тәжірибе жинақтай алды. Уақытпен санасуды білмейтін, шаршап-шалдығуды елемейтін маманды ұжымы да бірден жақсы көріп кетті. Үлкенге ілтипат көрсетіп, өзінің кішілігін білдіріп, әрдайым күлімдеп, ісіне тиянақтылықпен қарап, емделушілер тарапынан да алғыс алып жүрді.
      Білімге құштар Айман Владимирқызы 1987-1995 жылдары аралығында Ақтөбе медициналық институтына оқуға қабылданып, «Емдеу» бөлімшесінде оқып бітірді. 1990-1994 жылдары «Крепыш» балалар санаториясында медбике болып жұмыс жасап, 1995 жылы Алға аудандық ауруханасында дәрігер-нарколог, 1998 жылы кезекші-дәрігер болып жұмыс атқарды. Алға аудандық ауруханасында 1998-2002 жылдары дәрігер-невропатолог болып жұмыс атқарып, 2002-2006 жылдары Ақтөбе облыстық наркология емханасында күндізгі стационар меңгерушісі лауазымын атқарды. 2012 жылы маскүнемдікпен ауыратындарды жасырын емдеу кабинетінің дәрігер - наркологы қызметін, 2013-2017 жылдары жергілікті дәрігер-нарколог, 2019 жылдан бастап Ақтөбе облыстық психикалық денсаулық орталығында есірткіге тәуелді науқастарды реабилитациялау бөлімшесінде бөлім меңгерушісі қызметін абыроймен атқарып келеді.
      – Денсаулық саласында қызмет ету оңай емес. Оның қай саласында болмасын, өзіндік қиындықтары болатыны сөзсіз. Дәрігер болу дегеніміз – алдыңа келген адамның жай-күйін дұрыс түсініп, оның жағдайына кіріп, барынша дұрыс ем шарасын тағайындау. Бүгінгі атқарып отырған міндетім, тіпті, екі есе қиын дер едім. Себебі өмірдің басқа арнасында жүрген адамдарды кері қарай қарапайым өмірге оралту өте қиын. Адамдардың мінез-құлқы әрқалай болады ғой. Бірінің санасына жеткізе аласың, ал екіншісі сол тәуелділіктен өзін алып шығуға күш таба алмай жанталасады. Әсіресе нәзік жандыларға оны жеңіп шығу үшін біраз күш жұмсауға тура келеді. Есірткіге деген тәуелділік адамды жеп қояды. Ондай адамдар ойынқұмар адамдар секілді, кез келген уақытта өзіне қажетті дүниесіне қол жеткізу үшін барлығына барады. Алдайды, арбайды, тіпті басқалай да іс-әрекеттерге баруы мүмкін. Алайда, оның алдын алса, өзіне-өзі жаны ашып, өмір сүруге деген құлшынысы болса, бастысы жаңа өмірге деген ынтасы болса, барлығын жеңіп шығады. Түрлі тағдырларды көргенде, әрине, жүрегіміз ауырмай қоймайды. Ет пен сүйектен жаралғаннан кейін міз бақпай отыра алмайсың. Жаның ашиды, ақыл-кеңесіңді айтасың, күйінесің, ашуланасың, қатты айтып та қаласың. Дегенмен күткен нәтиже орындалса, сол науқасыңмен бірге қуанасың, жылайсың. Қуаныштан, әрине,- дейді дәрігер.
      Адам мамандықты саналы түрде таңдайды ғой. Ақ халат кию – адам өміріне жауапты болу деген сөз. Бала кезінен арман еткен мамандығын құлшыныспен атқарып келе жатқан Айман Владимирқызы бүгінде аймағына танымал, мықты маман. Бір сөзбен айтқанда, абырой беделі жоғары жан. Өмірдегі ұстанымы – қызметке жауапкершілікпен қарау. Өзі уақытпен санаспайтын дәрігер болғандықтан, келіп-кететін, жай ғана дипломы үшін жұмыс жасап жүргендерге «Уақытыңды текке өткізбесеңші» - деп, жай ғана ескертеді. Ал шынымен құлшынысы бар жастарға қол ұшын созып, құшағын жая қарсы алып, еңбекке баулиды. Ұстаз ретінде де берері мол. Оның тәулік бойы өзінің міндетін ұмытпай, мезгілдің қай уақыт екеніне қарамастан, көмекке ұмтылып жүргенін көргенде шын тәнті болып, сүйсінесің де. «Жалқаулық пен жауапсыздық біздің салада мүлдем кешірілмейді»,- дейді әріптестеріне.
      Рас-ау, адал маманның бойы қашанда ізгілікке толы болады емес пе?! Өз жұмыс жоспарына қарамастан, барлығына жан-жақты үлгеріп жүреді. Сәт сайын жаңашылдықтарды саласына енгізуге ұмтылып, білімін толықтырып, біліктілігін арттырып отырады. Барлығына бей-жай қарамай, тиянақты, жауапты жұмыс істеуге дағдыланған Айман Владимирқызы өзінің қызметкерлерінен де соны әрдайым талап етеді. Мамандарының бәрі сайдың тасындай іріктелген. Жоғары білімді, білікті ұжымда жемісті еңбек етіп жүр. Адамның ажары бетінде емес пе? Адамдарға әдемі күлкі сыйлау, ол үшін бұлжымас қағидадай. Әрбір науқасының тәуелділіктен арылып, үйіне асығып бара жатқанын көру – дәрігер үшін үлкен бақыт.
      Еселі еңбегі еленген дәрігер өзі қызмет атқарып отырған мекеменің кәсіподақ ұйымы атынан бірнеше мәрте сый-сияпат, марапаттау қағаздарын үздіксіз алып келеді. Сонымен бірге Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы атынан мақтау қағаздарымен бірнеше мәрте марапатталды. Ал 2022 жылы медицина қызметкерлері күнінде «Жанқиярлық еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. 
      Беделі биік дәрігерге мықты денсаулық тілеп, ел алғысына бөлене беріңіз демекпіз.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...