Ақ халатты абзал азамат
Дәрігер деген кең ұғым, қастерлі мамандық. Бұл мамандық иелерінің жауапкершілігі де мол, атқаратын жұмыстары да ауқымды. Қызығы мен қуанышы қатар жүретін осынау маңызды салаға бүкіл өмірін арнайтын ақ халатты абзал жандар қаншама. «Дәрігер – эксперт, бұл жан-жақты әрі қызықты жұмыс. Жылдар бойы жинаған тәжірибемді ел игілігі жолында жұмсап келемін. Науқастармен сөйлесіп, әрдайым олардың көңіл-күйін бағамдаймын. Заман талабына орай медициналық көмек көрсетуге тырысамын. Елдің денсаулық сапасын арттыруға барынша үлесімді қосып келемін», - дейді біз әңгіме еткелі отырған кейіпкеріміз Жомарт Оразбекұлы.
Бағалай білген жандарға медицина қызметкерлерінің тұғыры таймас биік тұлға. Жалпы, медицина қызметкері болу адамға жарық сыйлау деген сөз іспетті. Сондықтан тек ісімен ғана емес жүрегімен, жылы сөзімен елді емдеп жүрген ақ халатты абзал азамат жайлы жазу парызымыз да.
![]()
Жүзінен жылылықтың нұры есіп тұратын Жомарт Оразбекұлының жақындарына, ағайын-туыстарына деген сүйіспеншілігі, достарына деген құрметі, алдына ем іздеп келген науқастарға деген ықылас-ниеті, адалдығы ерекше. Әріптестерінің арасында беделі биік. Оның жұмысына деген жоғары жауапкершілігінен, еңбекқорлығынан бүгінгі жас мамандар өнеге алып келеді. Мінезінің ерекшелігі – адамның көңіл кілтін таба біледі. Қайнардай мөлдір көңілімен, кең жүрегімен, парасаттылығымен науқастарының сүйікті дәрігері атанып келеді.
Батырханов Жомарт Оразбекұлы 1988 жылы 10 желтоқсан күні Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданында қарапайым қазақ отбасында дүниеге келген. Ата-анасынан 5 ағайынды. Ата-анасының тәлімді тәрбиесін алып есейген Жомарт атына сай жомарт жүректі, мейірімді, қамқор пейілді азамат. Ол мектеп қабырғасына 1995 жылы қабылданды. №51 М.Қаратаев атындағы мектептен 9-сыныпты ойдағыдай аяқтап шыққаннан кейін, өзінің балалық арманымен Астана қаласындағы медициналық колледжге оқуға түсіп, «Фельдшер» мамандығын алып шықты. 2004-2008 жылдары медициналық колледжде білім ала жүріп, білімін жетілдіру мақсатында түрлі медициналық оқулықтарды ізденіп жүріп оқыды. Жан-жақты ізденуінің арқасында білімге құштар азамат 2008 жылы Астана медицина университетіне оқуға түсті. 2011-2013 жылдары Қарағанды мемлекеттік университетіне ауысып барып, жоғары білімін сонда алып шықты.
Білімді маман 2015-2017 жылдары Астанаға қайта көшіп келді. Осы жылдары интернатураны Астана қаласында өтті. 2017-2019 жылдары Астана медицина университетінде «Сәулелі диагностика» бойынша резидентурадан өтті. Оқуымен қатар №2 қалалық балалар ауруханасында қызмет атқарды. Білікті маман өзінің ұжымында асқан еңбекқорлығымен, адалдығымен, шынайылығымен көзге түсіп, мақтау естіп, емделушілерден алғыс ала бастады. Жан-жақты ізденіспен жүретін, жаны жаңалыққа құмар Жомарт Батырханов рентген, КТ аппараттарында жұмыс жасауға тәжірибе жинады.
– Дамуды көздейтін адам да, мемлекет те сыннан сабақ алуға талпынады емес пе?! Әлемді жаулаған пандемия елімізде өршіген сайын, медицина ғылымын дамытуға лайықты көңіл бөлмегеніміз көріне бастады. Әлдебір зерттеусіз нақты нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес.
Компьютерлік томография маманы ретінде бүгінгі күні жүйелі жұмыс жасап келемін. Әкем үнемі балаларына: «Дүниеде үш түрлі мамандық маңызды. Біріншісі – мұғалім, білім іздемейтін адам жоқ; екіншісі – дәрігер, ауырмайтын жан жоқ; үшіншісі – аспаз, тамақ іздемейтін жаратылыс жоқ. Осылардың бірі болсаң, елге пайдаң тиеді, өзің де ұтасың», - деп ақылын айтып отыратын. Сондықтан да болар, осы жауапты салаға бала күннен қызығушылық таныттым. Қолға алған әрбір істе адал, ілім-білімге, ізденуге, кітап оқуға құштар болуды үйреткен ата-анама, еңбекте, өмірде өзіме үлгілі жол көрсетіп келе жатқан аға-мамандарға айтар алғысым шексіз, - дейді Жомарт Оразбекұлы.
![]()
Техника мен технология заманында жыл сайын емес, тіпті күн сайын өзгерістер орын алып отыратынын ескерер болсақ, бұл ретте кейіпкеріміз заманға ілесе отырып, өзінің білім-біліктілігін көтеріп отырады.
Жомарт Оразбекұлы отбасылы, жарымен бірге мерейлі отбасында 3 бала тәрбиелеп, өсіріп отыр. Жарының мамандығы журналист. Отбасымен бірге 2019 жылы Қостанай қаласына көшіп келіп, облыстық ауруханада рентген, КТ дәрігері болып жұмысын жалғастыруда.
Кейіпкеріміз саяхаттағанды қатты ұнатады. Қазіргі уақытқа дейін еліміздің барлық өңірінде болған. Отбасымен бірге шет елдерге саяхаттауға да жиі шығады. «Әу» демейтін қазақ жоқ» дегендей, ол қазақтың қара домбырасында ойнайды. Аздап өлең айтатыны да бар. Бала кезден бергі серігі кітап оқып, салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылданады. Көбінесе достарымен көп уақыт өткізгенді ұнатады.
Бүгінде талай жанның алғысын арқалап жүрген ақ халатты абзал азаматқа абырой биігінен көріне бер демекпіз. Иә, осындай нағыз білікті маман барда, ел денсаулығы да осал болмасы анық.
![]()
![]()
![]()
![]()