Есімі елеулі, еңбегі ерен
Әрбір адам өзін-өзі бекіту жолдарын ең алдымен саналы түрде таңдаған мамандығынан іздейді. Біздің бүгінгі сөз еткелі отырған кейіпкеріміз де болашақ мамандығын ақ халатпен байланыстыра білген жан демекпіз. Жалпы, дәрігердің қызметі өз міндетін ар-ождан үніне сай орындауын талап етеді. Дәрігер сыртқы жағынан сабырлы және сенімді болуы керек және кез келген жағдайда ішкі тыныштықты сақтауы керек. Дәрігерлер – адам жанының арашашысы.
![]()
Сыздықова Мариямгүл Төрежанқызы 1965 жылы 28 қазанда Қызылорда облысына қарасты Қазалы қаласында дүниеге келген. Көпбалалы отбасында, жеті бауырының арасында тәрбиеленген жанның әкесі Төрежан мырза мен анасы Нысангүл ханым әрбір баласына жоғарғы білім алуға мүмкіндік жасап, ел азаматтары болуға өз ықпалдарын тигізе білген жандар. Кейіпкеріміз 1972 жылы аталмыш қалада орналасқан іргелі оқу орыны №17 Ғ.Мұратбаев атындағы мектептің алғаш табалдырығын аттайды. 1980 жылы Мариямгүл ханым болашақ мамандығына таңдау жасап, сегіз жылдық білімнен кейін қазіргі Қызылорда қаласындағы медициналық колледжге оқуға қабылданады. Кейіпкеріміз қатарының үздігі атанып, 1984 жылы аталмыш училищені қызыл дипломмен тәмамдайды. Білім мен білік жолын жалғамақ ниетте Мариямгүл Төрежанқызы училищеден кейін мемлекеттік Қарағанды медициналық институтына оқуға түсіп, іргелі білім ордасын 1990 жылы абыроймен аяқтап шығады. 1991 жылы Қызылорда облыстық стоматологиялық орталықтан бір жыл интернатуралық білімін жалғастыра түседі.
Алғашқы еңбек жолын 1991-1997 жылдар аралығында Мәскеу қаласында орналасқан бүкілресейлік медицина орталығында дәрігер болып қызмет етуден бастап, іс жүзінде тәжірибесін арттыра түседі. Тұлға үшін еңбек жолында білікті әрі білімді әріптестермен қызмет ету – үлкен бақыт әрі адам баласының көбіне беріле бермейтін сәттілік десек, артық айтпағандығымыз болар. Міне, Мариямгүл ханым үшін де бұл еңбек орны жақсы әріптестер жинақталғандығымен ерекше бола білді. Кейіпкеріміздің алғашқы тәлімгері, атақты профессор Н.Т.Головкова болғандығының өзі сәттілік екендігін Мариямгүл ханым жасырмайды. Кейіпкеріміз тәлімгерінің әрбір білімін жіті түсініп, тәжірибе барысын жетік меңгергеннен болар, 1997 жылдың аяғында елімізге оралып, Қарағанды қаласында орналасқан Е.А.Букетов атындағы білім ордасына стоматолог маманы ретінде жұмысқа орналасады. Аталмыш білім ордасында 1997-2006 жылдар аралығында аянбай еңбек етіп, әріптестерімен етене жақын араласып, көптің көңілінен шыға білген мамандардың қатарынан орын алады.
![]()
2006 жылы Астана қаласында орналасқан мемлекеттік мекемеге шақырту алған кейіпкеріміз еңбек жолында өзгерістерге орын береді. Білім мен біліктің, нәтиже мен сапаның арқасында 2008-2010 жылдар аралығында аталмыш мекемеде бөлім меңгерушісі болып қызмет атқарады. 2019 жылға дейін мемлекеттік мекемеде қызмет еткен кейіпкеріміз өз кәсібін дөңгелету мақсатында жеке стоматологиялық орталық ашып, ел игілігі мақсатында қызмет атқара бастайды. «Благо-Дент» деп аталатын стоматологиялық орталықта бүгінгі таңда білікті сегіз дәрігер кейіпкерімізбен әріптес болып, жұмыс жасауда.
Әріптестеріне үлгілі басшы, отбасында аяулы жар, ардақты ана, үш немересіне ақ жаулықты әже болып отырған Мариямгүл Төрежанқызы талай жанға үлгі боларлық тұлға демекпіз. Теңіз тамшыдан құралады дегендей, еліміздің əрбір азаматшасының осындай істері бүкіл елімізге пайдасын тигізері анық. Мариямгүл Төрежанқызының өмір жолына үңіле отырып, үздік білім иесі болып қана қоймай, білімді тәжірибемен ұштастыру, ғылыми ізденіп, өз жаңалықтарын ашып жүргендігін көре аламыз. Сондай-ақ меңгерген білім, игерген дағды мен машықты өмірде қолдану мүмкіндіктерін қарастыру. Сондай маманға сұраныс та болады және ол ел экономикасын өрістетуге тың идеялар қоса алатын, нағыз өз ісінің шебері бола беретіндігінің жарқын көрінісі деп білеміз. Осы ретте, бүгінгі күннің мақтанышы, өткен күннің ерекше куәгері, Мариямгүл Төрежанқызы, басыңызға байлық, жанұяңызға амандық тілейміз.
Сіздерден төгілген шапағатты шуаққа барша қазақстандықтар бөленіп, абыройларыңыз асқақтай берсін!
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()