Ибраева Гүлбану

Рейтинг:

Қолы шипалы дәрігер

      Өмірге келген, тамырында тіршіліктің қаны айналып жатқан әрбір адамның алдына қойған мақсаты, қоғам үшін атқаратын қызметі, тұрмысының тірегіне айналған мамандығы мен өмірден өзі орнын алып, тұлғалық болмысын қалыптастыру бағытында атқаратын игі істері болады. Таңымыз шуағын шашып атқаннан, таңсәріден несібе күтіп, кеш батқанға дейін еңбек етіп келеміз. Өмірде адамзатқа қызмет ететін түрлі мамандықтар бар. Олардың барлығы да адамзаттың дамуы үшін, берекелі де, салауатты өмір сүруі үшін қызмет етеді. Міне, осындай мамандықтардың ішіндегі ең ұлысы дәрігер мен ұстаздық. Талай ақын отты жүрегінен жалын шашып, жыр етіп қағаз бетіне түсіріп, мейірімді жүзін суретшілер қылқаламмен қағаз бетіне түсірсе, дәрігерлердің жақсылығы мен шипалы қолы күміс көмей әншілердің саз ырғағымен ән болып сахна төрінде шарықтата шырқалды. 
      «Ақ халатын, тағдырына байлаған, өмір-теңіз толқынына мойымаған. Талай уақыт арман еткен кәсібін, Жүрегімен жақсы көрген жайсаңнан. Еңбек етіп, халық үшін тер төгіп, Жұмысынан шаршаса да жүр күліп. Себебі олар өз істерін сүйеді,олар сондай қайсар, батыл, жауынгер, Дейсің кейде жүрек жұтқан майдангер. Арқалаған ел үмітін мойнына, аман болсын жасай берсін дәрігер», - деп Еркебұлан Серімханұлы жырлағандай ардың жүгі мен аурудың өмірін, ағайынның аманатын ақ халатына ілген ғазиз жүректі жандар туралы көптеп жазсақ та артықтық етпейді. Өйткені олар өмірдің, дүйім адамзаттың басты байлығы саналатын денсаулықты сақтау жолында тынымсыз еңбек ететін, күрескер маман. 
      Біздің бүгінгі кейіпкеріміз де саналы ғұмырын денсаулықты сақтау саласына арнап келе жатқан, шалғайдағы ауылдан бастап аудан орталығындағы медициналық мекемелерге дейін көтеріліп, өмірден көрген-түйгені мен тәжірибесінен туындаған біліктілігін, тәніне шипа іздеген жандарды емдеуге, диагнозын дөп басып қоюға және емдеу шараларын жүргізуге арнап келе жатқан білікті дәрігер Ибраева Гүлбану Тоқшылыққызы. 
      Қызылорда облысы, Қармақшы аудандық емханасында елді мекендерден келген екі қабат әйелдерді қарайтын терапевт және дәрігер-эндокринолог, жоғары санатты білікті маман Гүлбану Тоқшылыққызы 1963 жылдың 8 Шілдеде Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Жосалы кентінде дүниеге келді. Жер кіндігі саналып, тарихта таңбасы қалған Қорқыттың жамбасы тиген қасиетті мекен, еркелей аққан Сырдарияның жағасына орын тепкен құтты мекенде балалығын өткізді. Әділдік пен адалдықты ту етіп ұстанған үлкен жанұяда тәрбиеленіп, өнегелі өмірдің зәмзәм бұлағынан дәм татқан дәрігердің әкесі – Сыдық Ыбырай баласы Тоқшылық Жосалыдағы «ВПО Союзгеотехника» механикалық зауытында парторг, кадр бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс жасап, 80 жасында дүниеден озған ардақты азамат. Ал, жүрегінен мейірім шуағы төгіліп тұратын, перзентінің амандығы таңдайынан түспеген анасы – Ыбырай Шәрипа Жүнісқызы аудандық туберкулезден емделу ауруханасында медбике болып еңбек етті. Тағдырдың жазуы ол да 80 жасында дүниеден озып кете барды. Руы Арғынның Алтайынан тараған үлкен әулеттің ұрпақ жалғастығын сақтап қалған Тоқшылық әкеміз бен Шәрипа анамыздан алты бала дүниеге келген. Тұңғышы Өмірбай кішкентай кезінде ауырып қайтыс болса, екіншісі Шәрбану – дәрігер-бактериолог, үшіншісі кейіпкеріміз Гүлбану, Абзал мен Азамат Саратов қаласында жоғары білім алса, Азаты Алматы қаласындағы темір жол институтын бітіріп, бүгінгі таңда өз салалары бойынша еңбек етіп келеді. 
      Тағдыр желінен қорған болған әке үмітін жалғап, ана өнегесі мен ибалығын, инабаттылығы мен әдебін бойына сіңіре білген Гүлбану Тоқшылыққызы білім ордасының табалдырығын 1970 жылы Жосалы кентіндегі №250 орыс мектебінде аттап, білім нәрімен сусындайды. Мектеп партасы – әрбір шәкірт үшін жарқын болашаққа бағыт сілтер, оқушының қарым-қабілетіне қарай ұстаздарының жетекшілік етумен, армандары мен мақсаттарын бір арнаға тоғыстырып, бір салаға бет бұратын, өмірден өз орнын табуға итермелейтін киелі орда. Кішкентайынан алғыр, ширақ қимылды, ұстаз тапсырмасын екі етпей орындап, сабаққа үлкен дайындықпен келетін жас сыныптағы үздік оқушылардың бірі болды. Қандай іске де белсене кірісіп кете беретін ашықтығы, белсенділігі, зейінділігінің арқасында қатарының алды болған Гүлбану 1980 жылы мектепті тәмамдаған соң, 1980-1982 жылдар аралығында Мәскеу қаласындағы «ВПО Союзгеотехника» зауытының Жосалыдағы филиалында контролер болып жұмыс жасайды. 
      Осы жылдар арасында қосымша білім алып, өзінің білім деңгейін көтере білген Гүлбану Тоқшылыққызы Ақтөбе қаласына арманмен аттанып, емтихандардан сүрінбей өтіп, 1982 жылы қаладағы Мемлекеттік Медицина институтының «Емдеу ісі» факультетіне оқуға түседі. «Жастық шақ білім іздеу нақ дер шағың» деп, өмір болмысы мен тұрмыс бояуын айна-қатесіз қағаз бетіне өлең жолдары етіп түсіре білген ақын сөзі дәлелдеп тұрғандай, кейіпкеріміздің нағыз білімге ұмтылып, ғылымның тереңіне үңілетін шағы да осы студенттік кезі еді. Мектеп қабырғасынан еңбекшіл, ізденімпаз, ұстаз тапсырмасын қалтқысыз жауапкершілікпен орындап үйренген жас жоғарғы білім ордасында да өзі таңдаған мамандық бойынша ізденісін тоқтатпады. Білімді де, білікті маман болып шығу жолында еңбектеніп, медицина деп аталатын сан салалы үлкен әлемнің қыр-сырын меңгеруде өзін аямай қамшылай білген жас оқу орнын 1988 жылы аяқтайды. Оқып жүрген жылдары санасына түйгені мен көргенін практикадан өткізіп, қосымша темір жол ауруханасының хирургия бөлімінде төрт жыл аяжан болып жұмыс жасайды. Оқуды бітірген жас, өзінің білімін одан әрі дамыту мақсатында 1988-1989 жылдар аралығында Жамбыл қаласында жедел жәрдем ауруханасында бір жылдық интернатурадан өтеді. 
      Интернатурада жүріп, күйікті емдеу орталығы, бүйректі емдеу орталығы, инфаркті емдеу бөлімі, травмпункт, травматология бөлімі, кардиология бөлім, реанимация, гинекология, гастроэнтерология бөлімдері, пульмонология бөлімі, роддом бөлімшелерінде болып практикадан өтумен қатар, мол тәжірибе жинақтады. Осылайша, жедел жәрдем стансасында түнгі кезекшілікке тұрып, медицина әлеміне еніп кеткен Гүлбану Тоқшылыққызының алғашқы еңбек жолы 1989 жылы 25 орындық ауруханасы бар «Ақжар» совхозында бас дәрігер болумен басталды.Ол жерде біраз тәжірибе жинады: бірнеше рет әйел босандырды, ашық жарақаттарды тігіп емдеді.
      Дәрігерге өмір жолы ұсынатын өз мамандығын игеру жолындағы қиындықтар, дәрігер еңбегін нағыз ерлікке ұштастырады. Атақты орыс жазушысы, ұзақ жылдар бойы өзі сырқаттанған А.П.Чехов: «Дәрігер мамандығы – ерлік. Ол жандүниенің, ниеттің тазалығын талап етеді. Кез келген адам мұндай қабілетке ие емес», - дейді. Жүйелі түрде тоқтаусыз медициналық өнерге үйренетін, өзіндегі қазірге таңдағы дәрігерге қажетті адамгершілік қасиеттерді тәрбиелейтін адам ғана дәрігер болуға қабілетті. Қабілеті мен адалдығын ұштастырып, білікті дәрігер болу жолында үнемі ізденіс үстінде жүретін Гүлбану Тоқшылыққызы осындай қасиеттерге ие маман. Дәрігерге ең басты және қажет қасиеттердің бірі болып саналатын – дәрігердің сыпайылығы, барлық әрекетін, арманын, ойын қамтитын – дәрігердің ең басты рақымшылығы, Алладан кейінгі адам жанының арашашысы болу жолындағы жанқиярлық еңбегі, адамға деген сүйіспеншілігі кейіпкеріміздің керемет емдеуші екенін көрсете білді. 
      Әрдайым алдына келген науқастың меңдеген ауруына жауапкершілікпен қарап, емдеу ісі барысында асқан тиянақтылық танытатын, дәрігерлігімен қоса аурухананың басшылық қызметін де қоса алып жүрген Гүлбану Тоқшылыққызы одан арғы қызметінде 1993 жылы Қармақшы аудандық ауруханасының жедел жәрдем дәрігері, 1994-2015 жылдарға дейін аймақтық терапевт, отбасылық дәрігер, жалпы практикалық дәрігер болып жұмыс жасады. 2012 жылы Алматы қаласында төрт айлық «Эндокринология» мамандығы курсын оқып, қазіргі таңда Қармақшы аудандық емханасында елді мекендердің жүкті әйелдерін қарайтын терапевт және дәрігер-эндокринолог болып қызмет етіп келеді.
      - «Мен оқушы кезімнен дәрігер болуды армандайтынмын. Дәрігер мамандығы үлкен жауапкершілікті талап етеді. Науқас адамға дұрыс диагноз қойып, дертіне дұрыс ем беру үшін үнемі біліктілікті арттырып отыру керек. Бірінші Алла, екінші дәрігер – адамның өміріне араша болады. Дәрігердің жасаған емінен науқас адам жазылып алғыс айтып жатса, біз үшін одан артық мәртебе, одан артық марапаттың керегі жоқ» деп, халықтың алғысын барлығынан да жоғары қойған Гүлбану Тоқшылыққызы атқарған адал еңбегі үшін түрлі марапаттарға ие болды. Атап айтар болсақ:
      - 1998 жылы аудандық орталық аурухананың еңбек кітапшасына жазылған алғыс;
      - 2007 жылы «Нұр Отан» партиясының «Алғыс хаты»;
      - 2019 жылы Профсоюз ұйымының Құрмет Грамотасы;
      - 2021 жылы Медицина күні қарсаңында Денсаулық сақтау министрі атынан облыс әкімі Гүлашара Әбдіхалықованың қолынан «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды. 
      Көңілі күпті жанның жанына демеу болып, тәніне батқан сырқатынан айықтыру жолында ұзақ жылдар еңбек етіп келе жатқан Гүлбану отбасынада сыйлы. Рамазаны Қызылорда университетінің ауылшаруашылығы бойынша магистратурасын бітіріп, «Құмкөл» мекемесінде инженер-технолог болып қызмет етсе, Серікболы Қызылорда университетінің Заң факултетін бітіріп, Қалалық ішкі істер бөлімінде жұмыс жасап жатыр. 
      Тауға да ұрып, тасқа да ұрып сау басын,
      Пенде шіркін кеш ойлайды тәубасын, 
      Дәрігерді жаратқан ғой, тәңірім!
      Адамдарға рахымы мол болғасын.
      Айнымаған адал ант пен сертінен,
      Адам үшін еңбек еткен еркімен.
      Дәрігерге құтқар дейміз бір сәтте, 
      Жылдар бойы жиған өмір дертінен – деп Баянғали Әлімжанов жырламақшы, дәрігер деген кең ұғым, қастерлі мамандық. Бұл мамандық иелерінің жауапкершілігі де мол, атқаратын жұмыстары да ауқымды. Қызығы мен шыжығы қатар жүретін осынау маңызды салаға бүкіл өмірін арнаған абзал жандар қаншама. 
      Өз мамандығының шебері, саулықтың сақшысы, кәсібі мен мамандығына деген ерекше махаббатының арқасында көптің алғысын ала білген асыл жүректі жандардың бірі Гүлбану Тоқшылыққызы. Қай адам болмасын өзінің саналы ғұмырында еліне адал қызмет еткенде ғана оның есімі ел жадында ұзаққа сақталады.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...