Үздік хирург
Елдің басты байлығы – халықтың денсаулығы. Ақ халатына дақ түсірмей, көпшіліктің ықыласына ие болып денсаулық сақтау саласында абыройлы қызмет етіп келе жатқан білікті маман, үздік хирург Талғат Солтыбекұлы қаншама науқасты ажал аузынан аман алып қалды.
![]()
Рас басы ауырып, балтыры сыздамайтын адам жоқ. Сондайда алдымен Алладан, онан кейін ақ халаттылардан дертімізге дауа сұрайтынымыз анық. Талай жанды сырқатынан сауықтырып, ауруына ем дарытып, халық сұранысына ие болып келе жатқан мықты хирургті ел іші «алтын қолды дәрігер» деп дәріптеп, құрмет-қошеметке бөлеп, ілтипаттарын білдіріп жатады. Өз өмірін маңызды және пайдалы іске арнаған ол нағыз батыр десек, артық айтпаған болар едік. Еңбек етпей, бақытты өмір сүру мүмкін емес. Ал жаның сүйетін іс өзгелерге пайдалы болса, одан асқан пенделік бақыт жоқ та шығар. Батылдық, жан жылуы, өзгелерге жәрдем беру – барлық дәрігерлерге тән қасиет. Десек те басқаның көңілін таба білу оңай шаруа емес.
Табиғатынан ерекше қабілеттілігі мен мамандығына деген құштарлығын халық денсаулығы үшін жұмсап, күндіз-түні еңбектеніп келе жатқан білікті маман Оңтүстік Қазақстан облысы, Бәйдібек ауданы, Боралдай ауылында өнегелі отбасында дүниеге келген. Оның балалық шағы ауылдық амбулатория мен жергілікті кітапханада өтті. Өйткені оның әкесі ауылдық амбулаторияның меңгерушісі болса, анасы ауылдық кітапхананың кітапханашысы болып қызмет атқарды. Түске дейін ауылдың амбулаториясында, түстен кейін кітапханада ата-анасының жанында болып, дәрігер болсам деген арманы сол кезден қалыптасқан еді. Талғат бала күнінен оқу-білімге жақын болды. Анасының жанында ұзақты күнге текке отырмай, түрлі кітаптар алып оқитын. Оның білімге деген құштарлығы қатарластары арасында көш бастап тұратын. Саттар Ерубаев атындағы орта мектепті 1970-1980 жылдардағы түлегі мектеп мақтанышы атанып, ұстаздарының үмітін ақтай білді. Қайсыбір қоғамдық іс-шаралардан да қалыс қалмайтын. Өзін жан-жақты дамытып, ізденудің арқасында әкесінің ізін жалғап, медицина саласын таңдады. Мектеп бітірген жылы, яғни 1980-1982 жылдар аралығында Боралдай ауылында ауыл шаруашылық саласында жұмыс жасады. 1982-1984 жылдар аралығында Кеңес одағының қарулы күштер қатарында әскери борышын өтеді. Әскери қызметін абыроймен атқарып келгеннен кейін, ата-анасының разылығын алып, Қарағанды мемлекеттік медицина институтына оқуға түседі. Оқу орнын 1990 жыл «емдеу ісі» мамандығы бойынша жақсыға тәмамдайды. Ал 1990-1991 жылдары интернатураны аяқтап, хирург мамандығын алып шықты.
![]()
Шауенов Талғат Солтыбекұлы жоғары дәрежелі хирург, медицина ғылымдарының кандидаты, №1 қалалық клиникалық аурухананың хирургия қызметінің жетекшісі, Шымкент қаласының бас хирургы. 1991 жылдан осы уақытқа дейін Шымкент қалалық жедел жәрдем көрсету ауруханасында дәрігер-хирург болып жұмыс жасайды. Осы аралықта бөлім меңгерушісі, бас дәрігердің Емдеу ісі жөніндегі орынбасары, хирургиялық қызметтің жетекшісі, Шымкент қаласының бас хирургы және санитарлық авиация қызметінің бас маманы қызметтерін атқаруда. Осы жылдар аралығында қала және облыс тұрғындарына қалтқысыз хирургиялық көмек көрсетіп, 6000-ға жуық ота жасаған.
- «Бала күнімнен біреуге көмектесуге бүйрегім бұрып тұратын. Ер жетсем де осы ұстанымымнан таймадым. Хирург мамандығын таңдауымның себебі де сол болар. Білім алуға, білікті маман атану жолында аянбауға психологиялық тұрғыдан дайын болдым. Жалпы хирургия медицинаның ежелден келе жатқан бір саласы. Хирургия өз бастауын сонау алғашқы адам дәуірінен алады. Яғни, аң аулау жарақат алумен қатар жүрген. Сондықтан көмек көрсету, жарақаттарды, сынықтарды емдеу қажет болған. Ежелгі адамдар қан тоқтатуды білген. Ол үшін жарақатты қысуды, қысып байлауды пайдаланған. Жараға ыстық май құйған, күл сепкен. Жансыздандыру үшін арнайы дайындалған сұйықтықты пайдаланып, жарақат ішінде болатын бөгде денелерді алып тастап отырған. Осы кезеңдерде түрлі оталар жасалғаны жөнінде деректер де бар. Айта кету керек танымал болғаны ежелгі үнді хирургия мектебі еді. Олар 120-дан астап хирургиялық аспаптар қолданған. Ежелгі хирургия тарихына көз жүгіртер болсақ алғашқы атақты дәрігер Гиппократтың есімін айтпасқа болмайды. Оның айтып кеткен дәрігерлік өнердің негізгі принциптері осы күнге дейін мәнін жойған жоқ. «Дәрігер әрқашанда науқастың мүддесін өз мүддесінен жоғары қоюы тиіс. Медицинаның басты мақсаты – науқасты іс жүзінде емдеу, сондықтан бұл өнерге тек науқастың жанында ғана үйренуге болады. Тәжірибе дәрігердің шынайы мұғалімі» деген екен. Иә, қазіргі таңда ем-домға қажетті барлық құрылғылар да, дәрігерлер де жеткілікті. Ақ халаттылардың жұмыс киімі секілді пейілдері де аппақ. Барлығындағы мақсат – халық игілігі үшін қызмет ету», - дейді білікті маман.
![]()
Шауеновтер әулеті ғылымға жақын, қазіргі таңда бұл әулеттен ғылымның дамуына елеулі үлес қосып жүрген 2 ғылым докторы, 3 ғылым кандидаты шыққан. Шауеновтер әулетінен 3 дәрігер-хирург халыққа қызмет етуде. 2014 жылы облыстың үздік хирургы марапатымен мадақталған. Практикалық жұмыспен қатар ғылыми бағытта еңбек етіп, 2010 жылы хирургия саласында кандидаттық диссертация қорғап шықты. Шымкент қаласында медициналық білім беретін жоғарғы оқу орындарында Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы мен Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-түрік университетінің «Хирургия» кафедраларында жас мамандар дайындауда үздіксіз қызмет етуде. 15-тен аса ғылыми жұмыстар, 2 инновациялық патент және зияткерлік меншіктің (интеллектуальная собственность) авторы.
Білікті хирург өзінен кейін еріп келе жатқан жас мамандарға білгенін үйретуден аянып қалмайды. Әрдайым жол сілтеп, кеңес беруге даяр. Өмір болған соң денсаулыққа байланысты неше түрлі жайсыз жағдайлар, оқыс оқиғалар болуы әбден мүмкін ғой. Мұндай кездерде көмекке ұмтылады. Сырқат жанға жәрдемін тигізіп, оның сауығып кетуі үшін барынша еңбектенеді.
Талғат Солтыбекұлы мерейлі отбасында жұбайы Урила Өмірзаққызымен бірге Адема есімді қыз, Ерден есімді ұл бала өсіріп, тәрбиелеп отыр. Урила Өмірзаққызы да медицина саласында, қалалық ауруханада дәрігер-эпидемиолог қызметін атқарады.
Жауапкершілігі мол қызметте еңбек ететін кейіпкеріміз қызметіне адал, антына берік азамат. Күн мен түнді елемейтін Талғат Солтыбекұлы секілді мамандар медицина саласын айтарлықтай дамытуға күш жұмсары анық.
![]()
![]()
![]()