Мейірім тұнған жүрегі
Адамзат денсаулықтың қадірін білгелі, бірге жасап, дамып, түрленіп келе жатқан алып медицинаның бір тармағына айналған, жарқын жүз, көтеріңкі көңіл күй, риясыз күлкіге сеп болатын ол – стоматология саласы. Стоматология – бұл медицинадағы өте маңызды категория, онда сіз ауыз қуысының гигиенасын сақтауға, голливудтық күлкі жасауға, тістің төзуге қиын ауыр ауруларын емдеуге көмектеседі. Осы бір жауапкершілік, еңбекқорлық, ұқыптылық және зейінділік, дәлдік, шыдамдылық және сақтық, дұрыс шешім қабылдау қабілеті, мақсаттылық, байқағыштық, көпшілдік және ортақ тіл таба білу қасиеттерін талап ететін осы бір нәзік салада қызмет етіп келе жатқан ақ халатты абзал жандар туралы аз айтылып та, жазылып та жүрген жоқ. Десек те, денсаулықтың басты байлығы саналатын маржан тіс саласында еңбек етіп, білгені мен ойына түйгенін халықтың қызметіне арнап келе жатқан дәрігерлер туралы ұзын сонарлап жазсақ та артықтық етпейді.
«Ерінбеген еңбекке – дәулет дайын» деп айтқан екен ақын-философ Шәкәрім Құдайбердіұлы. Еңбектің қадірін білген адам өмірден нәсібін тапқан десек, әлбетте, қателігі жоқ. Адам баласы үшін қажымас қайратпен адал еңбек ету үлкен абырой. Адал еңбек жолы – өмірдің байлығы. Бұл жалғанда жеңіл жолды таңдаған адам баласы бейнеттен қашамын деп беделін кетіреді. Ал, адал еңбек етіп, бар күш-жігерін ерінбей еңбекке арнаса, зейнетін көреді. Өмір жолында еңбек етіп, қиындықпен күресе білетін абзал жандар өзінің өмірлік жолын адаспай табатыны ақиқат. Осындай адал еңбекті өмірінің негізгі тірегі етіп өзінің жеке клиникасында келген елге тіс күтімдерін, емдеу шараларын жасап, халықтың алғысы мен ыстық ықыласына бөленіп келе жатқан алтын қолды дәрігерлеріміздің бірі – Құрманғалиева Альмира Әділғожақызы.
![]()
Саналы ғұмырын медицина саласына арнаған абзал жан Альмира Әділғожанқызы бауырына Менделеевтің кестесіндегі элементтердің тең жартысын басып жатқан кенді өңір Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданы, Қалғұты ауылында дүниеге келді. Қытаймен шекаралас жатқан, қыста аязы 50 градусқа дейін түссе, жазда 50 градусқа дейін көтерілетін, тамылжыған табиғаты, аң мен құстың, дәрілік шөптер мен ағаш түрлерінің мәңгілік ордасындай еліміздің ерекше бір аймағы, Азу таудан әрі асып, Мәрмәр тауынан қиялай өтсеңіз көз жасындай мөлдіреп атақты Марқакөл менмұндалап жатқан Күршім ауданы құтты мекен. Тұмса табиғаты әншінің әніне, ақынның жырына, суретшінің картинасына сұранып тұрған сұлу өлкеде бақытты балалығын өткізген Альмираның әкесі Әділғожа химия-биология пәнінің ұстазы болған. Бірақ, спортты жақсы көргендіктен дене шынықтыру пәнінен де сабақ берген ұлағатты ұстаздан тәлім алып өсті. Ал, көңіл көктемі ерте гүлдеп, әрдайым перзенттеріне мейірбандылық көрсетіп, мейірім шуағын төгіп жүретін анасы Сәбилә мектеп-интернатта тәрбиеші болып қызмет етеді. Алты бала өсіріп, тәрбиелеген алтын құрсақты ананың, оқығанынан көкірегіне түйгені көп данагөй адам болған.
Тірлігіне береке мен бақ тұнған аядай ғана ауылда білім нәрімен сусындап өскен Альмира ауыл іргесінде мектепте білім алып, мектептің қоғамдық өмірімен қатар сабақ оқуда да алғыр-лық танытты. Асар тау әкесінен ерте айырылып, анасының мейірім нұрына шомылып өскен жас кішкентайынан еңбекке араласып, сабақтан тыс уақыттары анасының қолғанаты болып, жанынан табылатын. Тағдыр диірмені ауыр айналса да, азаматының аманатын орындауда бір иін имеген асыл ананың жарқын болашағы, жанарынан күлкі ойнаған бір реттік қуанышы, мақтанышы болу үшін сабақты жақсы оқып, әрдайым анасын қуанту үшін қам жасай білді.
Осылайша мектепті үздіктер сапында бітірген Альмира Әділғожақызы 1990 жылы Алматы қаласындағы Медициналық институтқа оқуға түседі. Кішкентайынан білімге деген құштарлығы ерекше болған жалынды жас, жоғарғы оқу орнында жүріп те өзінің бойындағы қабілеті мен білімділігін, ат басындай алтынға да айырбастамас адалдығын, сенімге, сертке деген беріктігін көрсете біліп, оқу орнының қоғамдық өмірімен белсене араласты. Қалай да өзінің таңдаған мамандығы саласының үздігі болып, тәніне шипа іздеген жандардың жанына демеу болуды алдына мақсат етіп қойған Альмира білім тереңіне бойлап, медицина деп аталатын түпсіз әлемнің пердесін түрді. Жас талғамайтын қабілет, алға сүйрейтін алғырлығының арқасында білім ордасында жүрген кейіпкеріміздің бойында бұғып жатқан білікті дәрігер болсам деген қабілетінің көзін одан да аша түсіп, өз саласының үздігі атану үшін уақытпен санаспай оқыды, білім алды, көп уақытын кітапханада өткізді. Дәрігер, медицина саласының қызметкері болу – тек қана үлкен жауапкершілікті ғана емес, ұқыптылықты, сабырлылықты, мейірімділік пен терең білім-біліктілікті талап етеді.
Барша байлықтың жиынтығы ақша немесе таудай үйілген алтын мен күміс емес немесе жүйткіген көлік пен 2 қабатты үй емес, тек қана денсаулығың ғана. Денің сау болмаса тірнектеп жинаған байлығыңның да, үлде мен бүлдеге оранып киінген киіміңнің де құны тіптен жоқ. Гиппократтың қаймағы бұзылмаған осы талабынан шығу үшін өзін аямай қамшылай білген, білім ордасының қоғамдық өміріне еркін араласа білген Альмира Әділғожақызының алғашқы еңбек жолы 1997 жылы Алматы қаласындағы Автоколонна 3097 мекемесінде медицина бөлімшесіндегі стоматологиялық кабинетте дәрігер-стоматолог болудан басталады.
![]()
Әлем бойынша қоғам алдында маңыздылығын жоймайтын екі мамандық бар. Бірі – мұғалім, екіншісі – дәрігер. Әсіресе, алтыннан қымбат адамның өмірін сақтауда білікті дәрігерлердің қызметі ауадай қажет. Соңғы жылдары әлем халқы дәрігерлердің қадірін бұрынғыдан да бетер біле түсті десек болады. Себебі, пандемия жағдайында өз ісіне берілген ақ халаттылардың көмегіне көпшілік зәру болды. Бүгінгі таңда дертіне шипа іздегендерге қол ұшын созып жүрген, антына адал дәрігердің бірі бола білген Альмира Әділғожақызы мамандығының қаншалықты халыққа аса қажеттігін білетін, қазіргі таңда білікті дәрігер, ұжымына сыйлы әріптес. Үлкен жауапкершілік пен табандылықты талап ететін бұл салаға ол өз қалауымен келген. «Дәрігер боламын, адамдарды емдеймін» деп Гиппократ антын қабылдаған азамат осы кезге дейін мамандығы бойынша ізденіс жолынан таймай келеді.
Одан кейінгі қызметін 1999-2003 жылдар аралығында Алматы қаласында Заң колледж мекемесінің медицина бөлімшесінде студенттерге стоматологиялық дәріс берумен жалғасып, 2003-2010 жылдар аралығында «Медицинский Центр Современных Технологий» ЖШС, «Халық стом» клиникасында терапевт, ортопед, ортодонт қызметттерін атқарып, 2010 жылы кәсіпкерлікке бет бұрған жоғары категориялы дәрігер-стоматолог Альмира «Курмангалиева» атты өзінің жеке стоматологиясын ашты.
Өз кәсібінің білікті маманы бола білу кез келген адамның қолынан келе бермейді. Адамның айтқаны емес, Жаратқанның жазуы келетін тіршілікте барын салса да, өз биігіне шыға алмай кеткен арман иесі қаншама. Арман мен мақсат – талапкерден шыдамдылықты, төзімділікті, әділдік пен адалдықты, тынымсыз еңбек пен ізденімпаздықты, мамандық сарынына қарай ерекше қабілет пен сүйіспеншілікті талап ететін талғамы биік тұғыр. Осы бір тұғырға көтерілу үшін уақытпен санаспай еңбектеніп, медицинаның қыр-сырын зерттеп, білімі мен түйгенін халық мүддесіне арнаған дәрігерлер қауымына қандай марапат болса да жарасады. Адам жанының арашашысы бола білетін әлемдегі бірден-бір құрметке лайық мамандықтың бірі де осы дәрігер мамандығы.
Жұмыс барысында ол өзін ауыз қуысының ауруларын емдеудің заманауи әдістерін жақсы білетін білікті маман ретінде көрсете білген Альмира Әділғожақызының негізгі кәсіби қасиеттері – жоғары жұмыс қабілеттілігі мен еңбекқорлығы. Ол ұқыптылықпен, сенімділікпен ерекшеленеді. Практикалық тәжірибесі бар маман ретінде әріптестеріне үнемі көмек көрсетіп, өз білімімен бөліседі. Өзінің біліктілік дағдыларын арттыруға үнемі ұмтылады, конференцияларға, семинарларға, шеберлік сыныптарына қатысады.
Араға жылдар салып, кәсібін үлкейткен Альмира Әділғожақызы 2014 жылдан қазіргі уақыт аралығында «Almeda stom» жеке клиникасының директоры қызметін абыроймен атқарып келеді.
![]()
- «Клиникада дәрігерлер стоматологияның барлық саласынан қызмет көрсетеді. Хирург, имплантолог, ортопед, терапевт, ортодонт, балалар тіс дәрігерлері жұмыс жасайды. Мамандарымыз жылына бірнеше рет өздерінін біліктілігін арттырып оқуға барып тұрады. Клиника соңғы заманауи технологиямен жабдықталған. 3 стоматологиялық кресло, соңғы модельдегі рентген аппарат «Vatek» (ОПГ, 3D, ТРГ) қызыл иек ауруларын емдейтін «Vector» аппараты, қызыл иек ауруларын тоқтатып, регенерациясын жақсартатын аутологиялық плазманы жасайтын «Plasmalifting» әдісін пайдаланамыз. «Philips ZOOM» атты, тістерді 5-10 тонға ағартатын аппаратты қолданамыз. Хирургия саласында имплантолог әртүрлі пр-во (Израиль, Корея, Швейцария) импланттарды және синуслифтинг, остеопластика оталар жасалынады. Ортопедияда күрделі протездер, импланттарды пайдалана отырып, циркон, e-max, металлокерамика, винирлер салынады. Соңғы заманауи технологияны пайдалана отырып, халқымызға қызмет көрсетеміз», - деп тіс саласындағы қызметінен хабардар етіп өткен Альмира Әділғожақызы білікті маман, табысты кәсіпкер ғана емес, отбасында аяулы жар, бақытты ана. Өмірлік жолдасы Әмірбеков Мейрамхан Сәкенұлы екеуі ұл мен қыздан өрбіген, қылығы балдан да тәтті немерелерінің қызығын көріп отырған бақытты ата-әже. Қызы Әйгерім анасының жолын қуып дәрігер-стоматолог болса, ұлы Дарын IT университетінің 4 курс студенті.
Сөзімізді түйіндесек, тіршілікте бірде-бір өсімдік тамырсыз өспейді, өркен жаймайды. Сол секілді адам баласы да ата-бабаларынан көзге көрінбейтін тамырлар арқылы жалғасқан. Осы ретте тегі мықты адамның ұрпағы болу бұл өмірде аса жауапкершілікті талап ететіні сөзсіз. Өйткені баба мен әке атына, абырой-беделіне кір келтірмеу – міндет. Алайда бұралаңы көп мынадай жалған өмірде ана сүтімен, баба тегімен, әке қанымен келген тазалықты сақтап қалу, біле-білген адамға мұның өзі үлкен ерлік. Ең бастысы, бүгінгі кейіпкеріміз Альмира Әділғожақызы да тектілігіне дақ түсірмей, халық игілігіне бөленіп келеді.
«Әр күніңіз жеңістерді құрасын,
Емделушің тек бақыттан жыласын.
Алғыс алып ондаған мын адамнан
Ең соңында болсын орның – шынар шың.
Қолың шипа, дертке дауа сөздерің
Жылу берер күлімдеген көздерің
Денсаулығың мықты болсын, дәрігер
Көп болсыншы ауру жеңген кездерің», - деп дәрігерге ізгі тілегімізді білдіреміз.
Еңбекқор әрі ізденгіш, абырой-беделі үлкен дәрігердің бақыты да, мұраты да осы болса керек. Ләйім, солай жалғаса берсін!