Алимбетов Расул

Рейтинг:

Өз кәсібінің аса білгірі

      Еліміздің басты байлығы адам десек, әрбіріміздің аман-саулығымызды бақылайтын ол әрине, ақ халатты абзал жандар. Күн демей, түн демей қажет кезде жанымыздан табылып жататын дәрігерлердің қоғамдағы орны ерекше. Дүниеде қаншама ардақты да құрметті мамандық болса, соның бірі осы қолдары шипалы дәрігерлер деуге болады. Адамзат денсаулығы үшін күресіп, жанына араша түсетін дәрігер мамандығы қай кезеңде де қасиетті мамандық болып саналған.
      Бұл сала аса жауапкершілікті, шыдамдылықты, өз ісіне деген сүйіспеншілікті қажет ететін ұлы мамандық. Адамдардың денсаулығын сақтау, түрлі кеселдің алдын алу, сырқаттарды мына өмірге қайта оралту үлкен бақыт емес пе?! Өз ісін жетік меңгеру, іске адал болу, адам жанына араша тұру, медицина қызметкерлерінің әуелгі міндеті. Кейіпкеріміз Расул Тұрарұлы травматология және ортопедия саласындағы бүкіл күрделі оталарды меңгерген жоғары санаттағы ортопед-травматолог. Облысқа алғаш болып жоғары технологиялық оталарды жеткізген, ірі буындарға эндопротездеу отасын өңірінде алғаш болып жеткізіп бастаған антына адал азамат. 
      Алимбетов Расул Тұрарұлы 1973 жылы 25 наурызда Қызылорда облысы, Тереңөзек ауданы, Партияның ХХІ съезді совхозында, қазіргі Сырдария ауданы, Қалжан ахун ауылында қарапайым қазақ отбасында дүниеге келген. Әкесі – Әлімбетов Тұрар 1944 жылы дүниеге келіп 1980 жылы қайтыс болады. Ауылда жүргізуші болған. Анасы – Әлімбетова Әлима 1946 жылы дүниеге келген. Бірнеше жыл бала бағбаны болып балабақшада жұмыс жасаған ақжаулықты анасы 7 құрсақ көтерген «Алтын алқа» иегері. Жолдасы дүниеден ерте қайтқандықтан бар ауыртпалық өзіне түсіп, барлығын 5 ұл, 2 қызын жалғыз өзі жеткізген. Олардан 15 немере көрген Әлима ананың еңбегі ақталып балаларының барлығы үлкен азамат болып, бір қызметтің тізгінін ұстап отыр. Балаларының қызығын көрген батыр ана 2011 жылы дүниеден өтеді. Қазіргі таңда екі баласы Нұр-Сұлтан қаласында, 1 баласы Бурабайда қызмет атқарады. Ал бір ұлы үлкен шаңырақта иелік етіп қалған.
      Кейіпкеріміздің өмір жолын одан әрі жалғастырсақ, Расул 1980 жылы В.И.Чапаев атындағы №126 орта мектеп табалдырығын аттап, оны 1990 жылы ойдағыдай аяқтап шықты. Мектеп қабырғасынан бастап жан-жақтылығымен, ұйымдастырушылық қабілетімен сыныптастары арасында көш бастап жүрді. Мектептің қоғамдық іс шарасына қалмай қатысып, ұстаздарының ғана емес, мектептің де мақтаны болды. Жас түлек арман жетегімен 1990 жылы Ақтөбе мемлекеттік медицина институтына «Емдеу ісі» факультетіне оқуға түседі. Тәжірибелі оқытушылардың тәлім-тәрбиесін алып, аталмыш оқу орнын 1996 жылы жақсыға тәмамдап шықты. Жас маман сол жылы 
      Көкшетау облыстық ауруханасында интернатурадан өтті. Ал 1997 жылы білімді маман Көкшетау облысы, Арықбалық ауданында хирург болып еңбек жолын бастайды. Жас та болса да аға мамандармен ауызбіршілікте жұмыс жасап, саласының қыры мен сырына қаныға түсті. 1997-2001 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданында хирург, хирургия бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс жасады. 2001-2010 жылдары Ақмола облысы, Бурабай аудандық ауруханасында ортопед-травматолог дәрігері болды.
      Тәжірибелі маман 2010 жылы Қызылорда қалалық ауруханасының бас дәрігері Асылбек Тоқмырзаұлы Тоғызбаевтың шақыруымен, ауруханада қызмет атқарды. 2011 жылы травматология бөлімінің меңгерушісі қызметін абыроймен атқарып, 2012 жылы алғаш рет қалалық ауруханада травматология бөлімін ашып, осы уақытқа дейін бөлім меңгерушісі қызметін абыроймен атқарып келеді.
      Иә, «дəрігер дегеніміз арыстандай айбатты, қыздай икемді, анадай мейірімді болуы керек» деп медицинаның атасы Ибн Сина ақ халаттыларға арнап айтқан ғой. Арыстандай еш нəрседен қорықпайтын, өзінің бойын қорқыныштың баурап алуына жол бермейтін, қыздай өз ісіне байыппен, сеніммен қарайтын, анадай науқастарға мейірімін төге білетін, алтын қолды мамандардың арқалаған жүгі ауыр, міндеттері зор жауапкершілікті талап етілетінін меңзесе керек.
      - «Менің өмірлік ұстанымым – қызметіме адал болу. Медицина мамандығы зор жауапкершілікті арқалайтын мамандық иесі. Қаншама қажыр-қайрат, шыдамдылық, сабырлылық керек. Маған өзім таңдаған мамандық өте ұнайды. Адамдарға қамқор болу, сырқат жанды емдеп, дертіне шипа болу бір бақыт. Бұл бөлімге күніге жол апатына ұшыраған, пышақ кескен, түрлі дене мүшелері сынған, күйіп қалған, ит қапқан, басқа да дене жарақаттарын алған адамдар келеді. Олардың бірінің жарақаты жеңіл болса, енді бірі өмір мен өлімнің арасында жатады. Ондайда жылдам шешім қабылдап, ота жасап, өмірін арашалап қалатын кездер болады. Науқастардың сырқатын дəл анықтау үшін күні-түні сараптама бөлімі, рентген аппараты мен компьютерлік томография кабинеттері жұмыс жасап тұрады. Тиісті медициналық көмек көрсету үшін жарақат емдеу орны қажетті дəрі-дəрмек пен мақта-дəке сынды ем-шара заттарымен толық қамтылады. Қашанда ұжымым маған қолдау көрсетіп отырады. Әрбір маманның арқалаған жүгінің ауыр, атқаратын міндетінің қаншалықты қиын екенін жан-тəніммен түсінемін», - дейді дәрігер.
      Үмiтке үмiт жалғап, ғұмырдың ұзақтығын сабақтастырып, бiлiм мен мейiрiмдiлiктi ұштастыра бiлген ақ халатты абзал жандардың еңбегі үнемі жоғары бағасын алып келеді. Бұл мамандықтың қыр-сырын ортасында жүрген жан ғана түсінеді. Мамандықтың машақатын көзімен көрген жан ғана бағалайды. Кейде пендешілікке салынып «дер кезінде көмек көрсетілмеді» деп назданатынымыз жасырын емес. Десе де, біреудің сырқаты жеңіл болса, біреулер өмір үшін күресіп жатады. Осындайда өздерін сабырға шақырып, елдің тілегінен шығуға барын салып тырысатыны рас.
      Өзінің жұмысын адал, шын беріліп істеп, мейірімді жүрегімен, аялы алақанының көмегімен көптеген жанның өмірін арашалап, қиналғанға жанашыр болып, дауа беріп, көңіліне демеу болған дәрігердің ерен еңбегі лайықты бағасын да алды. Алимбетов Расул Тұрарұлы мерейлі отбасында жарымен бірге екі қыз бен екі ұл тәрбиелеп өсіріп отыр. Жары қалалық сотта судья болып қызмет атқарады. 
      Ел үшін еңселі еңбек етіп жүрген өз кәсібінің аса білгіріне мықты денсаулық тілеп, абыройлы болып, ел алғысын арқалай беріңіз демекпіз.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
1 мая 2023 06:17
Рустем

Расул Тұрарұлы халыққа жасап жатқан адал қызметіңнің сауабы мол болып, ел алғысын арқалаған абыройлы атың өсе берсін. Абзал  игілікті істеріңнің жемісін көр, ел батасын алып ғылыми, кәсіби шеберлігін артып биіктерден көріне бер.
1 мая 2023 01:41
Куралай

👍👍👍👍👍 мықты маман, кәсіби маман!

Последние комментарии

19 мая 2026 21:11
зангар
Азиз , мы кстати родственники, я внук Мыханова Санибека Акмырзаева, ты наверно его знаешь да?...
10 мая 2026 00:50
Санжар Косжанов
Вауу күшті шыққан. Үлкен естелік болатын болды....
10 мая 2026 00:27
Jazira
Менің атам бар жақсыға лайықтты. Рахмет сіздің арқаңыз өсіп өнгеніміз... ...